Имадеддин НАСИМИ
24.09.2020
1047
0

«Чтоб этот мир понять, им восхититься надо,
Чтоб свет любви познать, страдать в темнице надо,
И если ты султан, а хочешь видеть бога,
С престолом и венцом тебе проститься надо!»
Имадеддин Насими, Рубайлар (орыс тіліне аударған С.Северцев).

«Мына дүниені түсіну сыры, тәнті боп оған тұрғанда,
Махаббат нұрын тұшыну сыры, азапты кешу зынданда,
Ал егер өзің екенсің сұлтан, Тәңірді таныр болса ынтаң,
Тақ пенен тәжді тәрк етіп бірдей, қоштасып, тәуба қыл, қамдан!»
Аударған Алаштуған

Қазаққа қандас ұлық ұлыстардың бірі Әзір­байжан әдебиетінің қос қыраны — Ни­зами Гәнжауи мен Имадеддин Насими­дің қайсына таңдау тоқтатарымызды біл­мей, біршама ойға омалғанымыз рас. Не­міс­­тің ұлы ақыны Генрих Гейненің өзі: «Гер­манияның өзінің ұлы ақындары да бар-ау, бірақ Низамимен салыстыруға кел­мей­ді», – деп лайықты бағасын берген ақын­ды емес, Дербент билеушісі Сейфаддин Мұзаффар сыйға тартқан қыпшақ қызы Әппақты күңдіктен азат етіп, оған үйленіп, ғұмыры келте болған ғашығын мәңгілік музасына айналдырған ақынды емес, екі ерен мәдениеттің (Иран, Әзірбайжан) май­тал­манын емес, Низамиден екі жүз жиырма сегіз жыл кейін туған Имадеддин Насимиге ниетіміздің неге ауғандығын тарқатып айт­сақ, жөн болар.
Ертеректе Академик И.Ю.Крачковский: «Ұдайы Жахан-Пахлаванмен және Қызыл-Арысланмен (1186 – 1191) жауласып, атабек­терді һәм барша түркілік дүниені жек көрген Ширван-Шах Бірінші Ахситан (1160 – 1191), Гәнжаға ат шаптырып, ақынға жаушы жібе­ріп, өз құрметіне жаңа дастан жазуға тапсырыс береді. Хатта Ахситан ақынға өз ойын ашық айтады: «Біздер асыл текті патшалармыз, берген уәделерімізге берікпіз, әрдайым сөзі­мізде тұрамыз және тексіз түркілер — Мах­мұт пен Қызыл-Арыслан сұлтандардың саған қылған қысастығын жасамаймыз. Сондықтан, сен бізге «түркілерге тән дөрекі» сөздерді емес, біздің бекзада болмысымыз бен асыл тегімізге лайық сөз маржанын арнағайсың».
Бірінші Ахситан сөзінің саяси астарына қарамастан, кімді болмасын шамырқандырар мына сөздер, ақынның намысына тиіп, ашуын шақырды», – деген екен.
Бұған Низами Гәнжауи былайша жауап қайтарыпты:
«Жайсаң жүрегің һәм сені жеңімпаз етер күллі бақ
Кеңесшің болып кемеңгер,
жаныңда сенің жүр, бірақ,
Тәңірдің түссе рахымы,
бізден де болсын бір кеңес,
Таңғы намаздай тап-таза екі ауыз
сөзге түр құлақ.

Патшаның талай тым астам,
аяғын көктен келтіріп,
Бастарын жұтқан бұ жалған,
жіберген жоқ па өлтіріп?!
Аңғарар бәрін шахсың ғой,
өз ісін білер бірегей,
Қолыңнан келсе, сен де енді,
алғыр да асқақ бол, түрік!»

Низами Гәнжауи, «Бірінші Ахситан шахқа» (аударған Алаштуған).
Осындай жауһар жыр жазып, әлемдік әде­биеттен орынын ойып тұрып алған алпауытқа аялдамай, Имадеддин Насимиге назар ау­даруы­мыздың алғашқы себебі — Низами Гәнжауи мұрасының кең насихатталып, бізге дейін де ол туралы көп айтылғандығы. Екінші себеп — Низами Гәнжауи туындылары түгелдей дерлік түркі тілінде емес, ескі парсы тілінде (түркі тілінің қоспасымен) жазылған (парсы тілді Аттар Нишапури поэзиясына бұрын қалам тартқанбыз!). Ал үшінші және басты себеп — Имадеддин Насимидің ғажап ғұмыры мен тарпаң тағдыры! Ендігі баян сол турасында…
Имадеддин Насимидің шынайы есім-сойы Сейд Әли Имадеддин болатын. Ол 1369 жылы Әзірбайжанның Шемаха қаласында дүниеге келген. Ақынның туған жері ре­тінде Түркияның Диярбақыры, Ирактың Бағдаты, Иранның Тебризі, Сирияның Халебі аталатын дереккөздер де кездеседі. Дегенмен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің жарлығымен 2019 жыл Имадеддин Насимидің 650 жылдығына орай «Насими жылы» болып жарияланып, осы жылы көп игі істер атқарылып, ақын ғұмырбаяны мен шығармашылығына қатысты сансыз сұрақтардың жауаптары табылды.
Әзірбайжандық зерттеуші Салман Мумтаз Шемахадағы Шахандан қорымы ақынның өзі де ақын болған туған бауырының атымен аталғандығын анықтаған. Немістің түрколог ғалымы Герхард Дёрфер де Насимидің туған жері Анатолия, Иран, я, Қорасан емес, нақты Әзірбайжан екендігін өз зерттеулерінде дәлелдеп берген.
Ширваншахтардың астанасы болған Шемаханың тумасы Сейд Әли Имадеддин математика, медицина, астрономия, дүние­таным мен философия ғылымдарын жақсы игеріп, заманының ең мықты ғалымдарынан оқып, керемет білім алып шыққан екен. Әсіресе, шығыстың және көне гректің философтарын құныға оқып, исламды, христиан дінін әбден зерттеген. Ол өз дәуірі­нің аса ірі ғалымдарының бірі болған. Ислам­ның ғұламалары арасында талас тудыратын сұрақтардың төрелігін айтып, өз еңбектерін әзірбайжан тілінде ғана емес, араб һәм парсы тілдерінде де жазған. Қалдырған жиырма төрт мың жол мұрасының он бес мың жолы – әзірбайжан тілінде жазған жырлары. Негізінен, рубай, қасида, ғазал, тұйық секілді өлең үлгілеріне бейім болған.

Мына рубайға назар аударалық:
«Я – вечность, ей нет и не будет конца,
Я – чудо творенья и сила Творца,
Я – кравчий, наполнивший чашу познанья,
Я – свет, что пронзит все людские сердца!»
(орыс тіліне аударған С.Северцев)
Қазақша аудармасы төмендегідей болды:
«Мен – мәңгілік едім, соңы жоқ,
шегі енді болмас, білемін,
Мен – жаратылыстың ғажабы,
Тәңірдің құдірет нұры едім,
Мен – шарапбегімін шахтардың,
толтырған ілім тостағын,
Мен – жарық сәулемін, жаулаған адамның барша жүрегін!»
(Аударған Алаштуған)

Осы төрттағанда жазғанындай, ол со­пылық жолды ұстанған. Ұстазы Наимиден алған ілімдері оның ұстанымдарын жырла­рында анық аңғартады. Алғашқы кездері жырларына Хусейни және Сеййид деген жасырын аттармен қол қойып жүрген ақын, Иранның X ғасырдағы сопы ақыны Гусейн Халладж Мансурдың мұраларымен танысып, оның: «Мен – Құдаймын!» деген сөздеріне зер салып, әр жанның жаратушыны өз жүре­гінен, өз ішкі дүниесінен іздеуі керек екендігін түсіндіреді.
«Насими Ислам дініне қарсы болған» деген кеңестік кезеңдегі теріс түсініктердің тіпті де дұрыс еместігін кейінгі жылдардағы зерттеу жұмыстары дәлелдеді. Рас, Насими – хуруфизм ағымын ұстанған сопы. Ол за­мандарда бұл ағым бүкіл Таяу Шығысқа, араб әлеміне, Орта Азияға кеңінен тарап кеткен сопылық жолы болды. Оның үстіне, Әмір Темір мұрагерлерінің Әзірбайжанда исламды насихаттай жүріп, жергілікті халыққа жасап жатқан зорлық-зомбылығы ақынның төңірегіне осы хуруфизмді ұстанатын ақындар мен ғалымдардың, өнер адамдары мен бекзадалардың топтасуына алып келген еді. Насими «меджлис-ул-улема» (ғалымдар қоғамы), «муганнилер» (өнер адамдары қоғамы) сияқты ұйымдардың негізін қалап, ең дарынды замандастарының басын біріктірген. Алайда ұстазы Наимидің өлім жазасына кесілуінен кейін Ширваннан кетіп, Бағдатқа, Басраға, Халеб пен Түрік жерлеріне сапарлаған. Бағдатқа келген соң, мұндағы дінбасылармен келісе алмаған ақын зынданға қамалады. Абақты азабын біршама сезініп, зорға азаттыққа қол жеткізген шайыр­дың Халебке кетуден басқа амалы қалмайды.
Өз шығармаларында ақын Руми, Сағди, Ибн Сина, Аттар Нишапури есімдеріне тоқталып, оларды ұстаз тұтатындығын жасырмайды. Әсіресе, Низами Гәнжауи мен Аттар Нишапуридің ақын шығармашылығына ықпал еткендігі байқалып тұрады.
Он бес мың жол диваннан тұратын Насими туындылары Әзірбайжан әдеби тілі­нің түп бастауы болып саналады, әрі олай болуы заңды да. Ол өзіне дейінгі лирикалық өлеңдерді тек парсы тілінде жазу дәстүрінің тас-талқанын шығарып, түркі тілдеріндегі алғашқы ғазалдар мен қасидалардың туындыгері болды. Оның жырларында сезімнің сан иірімдері ақи­қатты тануға ұмтылыспен астасып жата­ды. Адам жанының тұңғиықтығы мен санасының шексіз мүмкіндіктерін де шай­ыр туындыларында терең толғаған. Оның ерлік пен өжеттікті, әлеуметтік тең­сіздікпен күресті жырлаған жойқын дүниелерінен Махамбетке тән өрліктің рухын көреміз. Көп шығармаларынан Ал­ланың арда жолын тануға талпынған Тұр­мағамбетпен үндестікті аңғарамыз. Жалпы, Насими шығармашылығынан оның әділетсіздікке жаны қас, ақиқат пен адамның тұлғалық еркіндігіне құрмет, билеушілердің қысастықтары мен діндегі фанатизмге қарсылық білдірген шын баһадүр бейнесін байқадық. «Толық адам», «бүтін болмыс» түсініктері тұрғысынан Хакім Абаймен пайымдастық та бой көрсетіп, Алаштың Алпауытының Шығыстың шайырларының шаһқар шығармаларымен жақсы таныс болғандығын тағы бір дәлелдеп тұр.
Насимидің өз қолжазбалары һәм Мирза­хан Ибн-Мелик Шейх Буняд Салбани, Ху­сейн-али бин Сафарали, Мир Хасибуллах Бухари сынды кейінгі көшірмешілердің қолымен жазылған нұсқалар толықтай Стам­бұл, Баку, Халеб, Матенадаран (Армения), Бұхара мұрағаттарында сақтаулы тұр.
Насимидің өз шаһарларын мекендеген шағында, Халеб халқы шайырдың жырларын ауыздан-ауызға таратып, оның есімі ер­кін­дік рәмізіне, рухтың тірі бейнесіне ай­на­лып үлгереді. Бағдаттағы жағдай мұнда да қайталанады. Ақынның өлеңі үшін тұтқындалған бір пақырдың жыр авторын атамай, нақақтан күйіп бара жатқанын естіген ол, қазылардың алдына өзі барып, бейшараны босаттырады. Мұнда да не билік басындағы мықтылармен, не ықпалы күшті болып тұрған дінбасылармен тіл табыса алма­ған ақын тағы да тұтқындалады. Оның өлім жазасына кесіліп, азаппен өлтірілгендігі турасында аңыз көп. Шындыққа ең жақыны, Аюбидтер әулетінен шыққан Мысыр Сұлтаны Муайедтің үкімімен Имадеддин Насимидің терісі тірідей сыпырылып Халебтің базар алаңындағы бағанаға байланып тұрғандығы. Кемеңгерге күйе жаққан жалақорлар дегеніне жетіп, әлем әдебиетінің тағы бір жарық жұл­дызы осылай сөнген. Ақын солай азап шегіп, ажал құшқан…
ЮНЕСКО шешімімен халықаралық дең­гейде ақын мерейтойы екі рет 1971 жылы (600 жылдығы) және 2019 жылы (650 жылдығы) аталып өтіп, Париж, Брюссель, Стамбұл сияқты алып шаһарларда үлкен ғылыми конференциялар ұйымдастырылып, былтыр Бакуде «Насими: Поэзия, Өнер, Руханият» атты ғажап фестиваль да болды. Мәскеуде өткен жиында Саадат Шихиева, Михаэль Хесс, Паша Керимов қатарлы зерттеушілер керемет баяндамалар жасаған еді.
Негізінен, Насими шығармашылығын терең зерттеген ғалымдар Джаһангир Гахра­ма­нов, Мирза Ибрагимов пен итальяндық ориенталист Аслессио Бомбачи екен (ақын туындыларындағы хуруфизм көріністерін зерттеу тарапынан).
Оның туындылары ондаған тілдерге аударылған. Орыс ақындары К.Симонов, С.Северцев пен Н.Гребневтің нұсқалары аса сәтті шыққан. Қазақ тілінде Қ.Құны­пия­ұлының аудармасымен жарық көрген екен. Ақынның атында аудан, көшелер, оқу орындары, институттар, кемелер де бар. Есі­мін бір планетаға да беріпті! Әлемнің түк­пір-түкпірінде ескерткіштері орнатылған. Оның ғұмыры жайлы фильмдер түсіріліп, опера және балет те қойылған. Жырларына жазылған әндердің саны жоқ…
Бүгінгі баянды Имадеддин Насимидің өз өлеңімен аяқтағым келді:
«Жөн жолды Батыс пен біледі Шығысың,
Ақиқат дегенің – Жалғыз Хақ дұрысы.
Ақиқат аңғармай, танымай Тәңірді
Жүргендер, анығы, шайтанның ұлысы!»

Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір