ХАЙП ҚУҒАННЫҢ ХАКІМДЕ НЕСІ БАР?
17.09.2020
1299
0

Сұлтан ЫБЫРАЙ, абайтанушы ғалым

Бұл даудың басы қайдан шықты?» десеңіз, Абай хақында теріс ұғым қалыптастыруға бейіл мақаласы туралы Зәуре Батаева ханым stan.kz сайтына берген «Абай шығармалары Әлихан Бөкейхановтікі болуы мүмкін» атты сұқбатында былай деген:

«Мақаланы жазуға түрткі болған себеп көп, соның бірі – ақынға қатысты әлеуметтік желілерде жиі орын алатын пікірталаcтар. Былтыр жазда Фейсбуктегі кезекті бір сөзталас кезінде бір топ жас: «Абай патша үкіметіне қарсы шығудың орнына қазақтарды орынсыз сынады» деген пікірді алға тартты. Жастармен дауласа біраз пікір қалдырып, аяғында Абай жайлы эссе жазуға бел будым. Яғни, мақаланы жазуға кіріскенде менің мақсатым – ақын Абайды сынаушылардан қорғау еді».

Бір сөзбен қорытындылағанда, Батаеваның пікірінше, «Абайдың жұмбағы» деген ол – Әлиханның Абайды «қолдан жасауы». Өйткені ақын жайында архив деректері жоқтың қасы, тіпті қара сөз тұрмақ өлеңдерін де Әлихан жазып беруі мүмкін екен. Оған себеп – «Әлихан орысша өлең жазды» деген деректер бар көрінеді. «Яғни бұл екі адамның бір адам болғанын растай алатын деректер баршылық», – дейді ол.

Батаева ханымның мақсаты «ақын Абайды сынаушылардан қорғау» бола тұрып, сол әлеуметтік желідегі «сынаушыларға» өзі неге қосылып кеткені түсініксіз.

Сонымен әлеуметтік желідегі «сынау­шылар» кімдер? Жоғарыда айтылғандай, «Абай патша үкіметіне қарсы шығудың орнына қазақтарды орынсыз сынады» ма?

Бір тәмсілден бастайық, біреу түйеден сұрапты: «Ау, түйе, осы сенің мойның неге қисық?» – деп. Сонда түйе күле қарап: «Жарқыным-ау, дұрыстап қарасаңшы маған, тұла бойымда түзу жер бар ма?» – деген екен. Жемқорлық жайлаған елдің руханиятының, экономикасының, қай саласын алсақ та ақсап тұрғаны белгілі. Абайтану да кемшіліктен ада емес. Ең басты көңіл қынжылтатыны – Абай туындыларының дұрыс аудармасының жоқтығы. Ағылшынды қоя тұрып, «өзіміздің» орысшаға да дұрыс қотара алмадық, оның әртүрлі себептері бар. Абайды аударудың қиындығы жайында Герольд Бельгердің «Как Митрофан Сильченко переводил Абая» деген мақаласын оқысақ, түсінікті болады.

«Абайды аударуға сол Абайдың деңге­йіндей адам керек немесе орыстар Пушкиннің өзін әлі аударып, жетілдіріп, кемелдендіріп келеді, жаңа аудармаларын жасай беру керек» деген көзқарастар да бар. Қара сөздер Совет үкіметі тұсында орысшаға аударылғанда, аударушылардың идеологиялық шеңберден шыға алмағандығы көрініп тұрады. Мысалы, ондай олқылықтарды С.Санбаев, Ә.Қодар, Р.Сейсенбаев аудармаларынан байқаймыз. Ал Абайдың еңбектерінің ішіндегі ең үлкені, маңыздысы отыз сегізінші қара сөз – «Тасдиқты» басқа тілге аудармақ түгілі, қазақшасын әлі игеріп, түсіне қойғамыз жоқ.

Жалпы, Абайды түсінудің кілті сол Әуезов айтқан үш бастауда жатыр: орыс-батыс әдебиеті, қазақ халық ауыз әдебиеті, араб-парсы, шағатай тілдерін меңгеріп, әдебиетімен сусындау. Бұлардан хабары жоқ адам А.Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген еңбегінде жазғандай, Абай туындыларын «Мың ара оқыса да түсіне алмайды», «Оған Абай кінәлі емес».

Сол шикі аудармаларды оқыған, қазақ әдебиетін түпнұсқада оқымаған, өз тілін білмейтін, араб-парсыдан мүлдем хабары жоқ орыс тілді қазақтардың Абайды сынағанына біраз болған. Негізгі ой «Абай қазақты жаманшылыққа программалап қойды, қазаққа тіл тигізді. Ресей империясының қазаққа жүргізіп отырған саясатын сынамады» дегенге саяды. Біз тілге тиек етіп отырған мақала осы көзқарастардың ықпалымен жазылғанын автордың өзі мойындап отыр.

Ақын жайында архив деректері неге жоқ? Абайдың шығармаларының түпнұсқалары қайда? Біз бабаларымыз ұлыс-империя құрған көне түрік заманындағы тасқа қашалған бітік жазуларды әдеби жәдігерлердің түпнұсқа-оригиналдары деп қабылдаймыз, ал бабаларымыз ұлыс құруға емес, жан сақтауға көшкен орта ғасыр, Қазақ хандығы кезінен XX ғасырдың басына дейінгі «зар заман» ақындарының қайсысының шығармасы бізге түпнұсқада жетті? Әлде бізде архив сақтау мәдениеті ежелден қалыптасып па еді? Асан қайғы, Бұқар жырау толғауларының түпнұсқасы жоқ деп, тендессіз жәдігерлерді қазақтың ауыз әдебиетінің тарихынан алып тастап, жоққа шығарсақ, не болады? Онда біз қазақ әдебиетінің тарихын XX ғасырдың басындағы түпнұсқасы бар қазақ совет әдебиетінен бастауымыз керек пе? Өйткені Алаш кезеңіндегі негізгі түпнұсқаларды өртеп құртып жібергені белгілі емес пе? Мысалы, Шәкәрімнің шығармасын өртеп жатқан адам бір суретін ұрлап қалтасына салып, сурет содан сақталғаны тарихи факті ғой. Абайдан бері өмір сүрген зар заман ақыны Нарманбет жырлары да кейін ел аузынан жазылып алынған. Онда Махамбеттің, Қабылиса мен Сүйінбай жырларының да түпнұсқасын іздеуге тура келеді. Жазуымыз көне түрік, арабша қадым, арабша төте, латынша, кирилше әліпбилерге көшіп, енді қайта латыншаға ауыспақшы, яғни рухани дүниемізді таңбалау бірнеше рет ауысты. Түпнұсқа сақтамақ түгілі жан сақтаудың өзі қиын заман еді ғой. Қалмақпен үш жүз жыл соғысып жүріп, одан орысқа тағы 260 жыл бодан болған халықтан қандай архив сұрамақшысыз? Қазақтың архиві – халық ауыз әдебиеті есте сақтау арқылы ұрпақтан ұрпаққа ауыспады ма? Тіпті осы заманғы аудио, видео архивіміздің де халі мүшкіл екенін, көп нәрсе жоғалып кеткенін, сақталудың климаттық нормалары орындалмайтынын да айтып өтейін. Абайдың ұрпағы түгелге дерлік жер аударылған. Жазғандарын тыққан, жоғалтқан, мысалы, Тұрағұл мен Жебірейіл Шымкентте жер аударылып жүріп қайтыс болған. Шәкәрімнің де құз жартасқа тыққан кітаптары табылмады. Сол мұраға ие болып отырғандардың өздерін өлтіріп тастаса, «оның қолжазбалары қайда кетті?» деп сұраудың өзі әбестік емес пе? Қайта Мүрсейіт, Ахат, Тұрағұл жазбаларының көшірмесі сақталғанына Құдайға мың шүкіршілік деуіміз керек емес пе?

Мақала авторы Абай мен Ибрагим екі бөлек дейді. Баласының атын Ибрагим қойса, ол Құнанбайдың діндарлығы. Қазақтың арасында Ибрагим жоқ па еді? Ыбырай мен Ыбырақымдар жеткілікті. Мәшһүр Жүсіп Абайды Ыбырай деген: «Ыбырай марқұмлардың сөзі бір тез, сол тезге өзін кім салса сол түзеледі».

Ал Абайдың «орыс достары» делінетін Леонтьев, Гросс, Михаэлис неге Абай жайында жазбады, неге ақын деп мойындамады? Бірінші, Абай өлеңді 40 жасқа дейін ақын Көкбайдың атынан жазғаны жалпақ жұртқа белгілі. Екінші, бұл «орыс достар» Леонтьев, Гросс айдауда, істі болып жүрген, үнемі тексерісте болған адамдар. Мысалы, Михаэлис Өскеменде қайтыс болған, сонда жерленген, тіпті туған жерлеріне де қайтпаған. Өздері айдауда жүрген адамдарға «Абай жайлы неге жазбадың?» деу қисынсыздау шығар. Жазса да тәркіленген болуы мүмкін.

«Абайдың орысшылдығы» жөнінде айтылғанда жиырма бесінші қара сөз мысалға алынады, «Ресей отаршылдығын сынамады» деген пікірдің қате екені осы сөзге мұқият зер салған адамға түсінікті болады.

«Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркітанырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер «Дәр әл-Харб», мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек». (Жиырма бесінші қара сөз).

Осы арада Абай «Дәр әл Харбты» неге қыстырды, ол қандай мағына білдіреді?

Сөзімізге дәйекті жапон ғалымы Уяма Томохиконың, «Қазіргі заманғы империяларды салыстыру» жинағынан табамыз: «Дәр әл-Харб (соғыс жері) – исламға қайшы келетін және шариғат заңы қолданылмайтын жер. Исламның Ханафи мазғабы бойынша, әлем Дәр әл-Ислам (ислам жері) және Дәр әл-Харб болып бөлінеді. Дәр-әл-Харбтағы мұсылмандар, әдетте, кәпір билеушілерге қарсы соғыс жариялау керек немесе Дәр-әл Исламға қоныс аудару керек». (Хоккайдо университеті, 2018ж. Төртінші тарау,109 бет).

…«Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын?» (25-қара сөз).

Хакім бұл айтылғандарды неге «жаман сөз», «Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан» деп сипаттайды? Өйткені «Басқа шаш, ауызға мұрт қою» шоқынғандықтың белгісі болатын, яғни қазақтың баласы оқыса да, шоқынып кететін болса, одан не қайыр. Абаймен сөз жарыстырған миссионер Сергийдің шоқындыру жайындағы естелігі:

«…Другой миссионер Сергий (Петров), который в 1893 г. описывает случай крещения молодого казаха Акына Джанталасова, жившего в Убинской станице на Иртыше. «Любопытно, – пишет миссионер, – все желающие креститься начинают с того, что отращивают себе волосы, желая походить на русского. Так сделал и Акын Джанталасов. Родичи заметили эту ересь и насильно обрили ему голову: четыре человека держали его, а торгующий в Убинском татарин брил голову» (С.Е.Андриенко, История Преображенского стана Киргизской Духовной миссии).

Абай Ресей отаршылдығын басқаша қалай сынай алар еді?

Абайдың жәдидшілдігі жөнінде: Жәдидшілдікті насихаттаған Исмайыл Ғаспарәлінің «Тержиман» газеті 1883 жылдан бастап орысша, қырым татары тілдерінде шығып тұрған және бүкіл Ресей империясындағы түріктерге тарайтын. Абайдың ұстазы Қамареддин хазірет – Шаһабуддин Маржанидің шәкірті.

З.Батаева ханым америкалық журналист, саяхатшы, жазушы 1891 жылы Нью-Йоркте жарық көрген «Siberia and the Exile system» (Сібір және Қуғын-сүргіндік жүйе) кітабының авторы Дж.Кеннанның еңбегіндегі Абай жайында айтылған «learned» деген сөзді «көзі ашық» деп аударған екен. Оксфорд сөздігі былай дейді: «learned» – «connected with or for people who have a lot of knowledge; showing and expressing deep knowledge», яғни «көп білімі бар адамға байланысты айтылады, терең білім көрсету». «Көзі ашық» деп тілімізде молланың алдын көрген, қара таныған адамдардың бәрін дерлік айта берген. «Learned» бұл арада «оқымысты» дегенді білдірсе керек. Осыдан-ақ мақала авторының мақсаты Абайды тұқырту екенін байқауға болады.

Батаева ханым жоғарыда аталған Кеннанның кітабында Абайдың Леонтьевтен «индукция мен дедукция» жайлы сұрағанын айтпай кеткен. Кітаптан үзінді: «Бірінші кездескенімде ол менен индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты өзіне түсіндіруді сұрағанда таңданғанымнан талып қала жаздадым. Кейін әңгімелесе келе білдім, ол ағылшын философтарының және жоғарыда мен айтқан авторлардың шығармаларын оқып, зерттеп жүр екен. Дрэпердің «Еуропаның ақыл-ойының даму тарихы» кітабының төңірегінде екі кеш бойы әңгімелестім. Сонда оның оқығандарының бәрін түсінетініне көзімді жеткіздім, – деп жауап береді Леонтьев».

Индукция мен дедукцияға келсек, «Тасдиқта» (Отыз сегізінші қара сөз) жалпыдан жалқыға келу, Жаратушының сипатынан толық адамның қасиетін шығару дедукциямен жасалған. Тек, Абайдың қолданғаны – ислам философиясының терминдері.

Мақала авторы осы жоғарыда аталған кітаптың 184-бетіндегі Ibragim Konobai басқа адам дейді. Ол кезде Семейде 15 мыңдай ғана адам тұрған, оның үштен бірі татар, үштен бірі орыс, үшінші бөлігі қазақтар болған. Бес мың қазақтың ішінде екі Ибрагим Құнанбай болуы неғайбыл.
Балаларының, Шәкәрімнің, Әрхамның, Көкбайдың естеліктерінде іздеген адамға көп дүние бар. Әуезовтің Абай жайындағы монографиясы да көп мәлімет береді.
Абай шығармалары Әлихан Бөкейхандікі болуы мүмкін деген долбарды жоққа шығаратын тағы бір дәлел: ұлт көсемінің ерекше принципшілдігінде де жатыр. Оған мысалдар көп: Әлихан Бөкейханның атақты түрколог Радловты жақтырмағаны, түрмеден қашуға мүмкіндігі болып тұрып қашпауы, Қазақстанға бір келгенінде «елде артыңыздан бір ұрпақ қалсын» дегенге көнбеуі т.б. сияқтылар. Біз қалай Әлихан мен Ахметті өтірікші қыламыз, Мұқтарға да сенбей, Абайды болған жоқ дейміз? Абай мен Әлихан Семейдегі статистикалық комитеттің мүшесі болған. Бірақ кездескен деген дерек жоқ.
Автор бұл тақырыпты Абайды жоққа шығармай-ақ көтерсе болатын еді. Арзан сенсация іздеу мен хайп бүгінгі күннің сәні. Әйтсе де, хайп қуғанның хакімде несі бар десеңші?.. Әрине, хакім болмысын тануда әлі де көптеген проблемалар бар, сондай-ақ осының бәрін еңсеретін абайтану орталықтары, зерттеу институттары тағы бар. Бірақ олар да бүкіл елімізде әр салада қалыптасқан үрдіс сияқты жобалар жасап, гранттар алып, сонымен аздаған кітаптар шығарып, соны қанағат тұтып қоятынға ұқсайды.
Төменде ойымызға қосымша ретінде XX ғасыр басындағы қазақ және Ресей империясының тарихын зерттеуші жапон ғалымы Томохико Уяманың Зәуре Батаеваның мақаласына байланысты фейсбук әлеуметтік желісінде жариялаған пікірін беріп отырмыз. Жапон ғалымы орысша да, қазақша да біледі. Өзінің ескертуі бойынша Батыс әлемінде Абай жайында теріс пікір қалыптаспас үшін ойын ағылшынша білдірген. Біз Томохико Уяманың пікірін ағылшын тілінен аударып бергенді жөн көрдік.

Томохико УЯМА:

Батаева өзі оқымаған кітаптарға сенбейді

Қол қойылмаған қолжазбалар мен ауызша айтылған туындылардың жазбашасының авторлығын анықтау әрқашан қиын және басқа да қазіргі авторлардың кейбір шығармаларының ой желісі Абайдың шығармаларымен араласып кетсе таңқаларлық болмас еді. Бірақ оның шығармаларын, қара сөздері мен басқа да туындыларын советтік жүйенің ойдан шығарғаны деп айтуға негіз жоқ. Қара сөздерде айтылған мотивтер мен идеялар оның 1909 жылы шыққан өлеңдеріндегі дәлелдерге сәйкес келеді. Қазақтардың жалқаулығы пен надандығы туралы ойлар кеңестік дәуірдегі емес, патшалық дәуірдегі қазақ зиялыларына тән болды.
Әлихан Бөкейханов Абайдың атынан өлеңдер мен қара сөздер жазды деу – өте оғаш идея. Бөкейхановтың көптеген еңбектері оның өте орасан білімі мен өткір аналитикалық ақылын куәландырады, бірақ жазған еңбектері оның лирик ақын ретіндегі талантын да, исламдағы эрудициясын да, діни философияға деген қызығушылығын да көрсетпейді, ал бұлар Абай шығармаларында айқын білініп тұрады.
Өкінішке қарай, Батаеваның мақаласы мұқияттылықтан алыс. Біріншіден, ол негізгі маңызды фактілерді білмейді. Мен олардың кейбіреулерін ғана келтіремін.
– Ол бірқатар мұрағат құжаттарында кездесетін «Волостной управитель» Ибрагим Құнанбаевтың барын білмейтін сияқты. Ибрагим (Ибраһим) есімі қазақ фонетикасына сәйкес келмейді деп болжай отырып, Батаева бұл нақты адамның аты емес деп болжайды, бірақ сол кездегі қазақ тілі «тазартылмаған» еді, көптеген сөздер мен атаулар басқа мұсылман түркі тілдеріндегідей жазылды.
– Ол Абайдың алғашқы кітабын 1909 жылы Санкт-Петербургте И.Бораганскийдің баспадан шығарғанын растау мүмкін емес деп айтады, өйткені Орталық академиялық кітапхананың сайтында басылымның мәліметтері бар титулдық парақ кітаптың екі электронды нұсқасында жоқ. Бірақ басқа кітапханаларда, соның ішінде Санкт-Петербургтегі орыс ұлттық кітапханасында да бұл кітап бар. Қ.Мұхамедхановтың Бораганский туралы кітабында титул парағының фотокөшірмесі келтірілген.
– Батаева: «Абайдың орыс жер аударылғандарымен кездескендігіне олардың хаттарында Абай жайында табылмағандықтан ешқандай дәлел жоқ», – деп жазады. Бірақ біз Лобановский салған Абайдың портреті туралы, Михаэлистің ескерткішіндегі Абайға егжей-тегжейлі сілтемені және Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты туралы білеміз. Батаева олардың түпнұсқа екендігіне дауласуға құқылы, бірақ ол үшін ол оларды тексеруі керек.
– Ол Мұхтар Әуезов Абай туралы 1933 жылға дейін жазбаған дейді, бірақ оның Абай туралы бірнеше шығармалары бар, олар 1918 жылы «Екеу» деген бүркеншік атпен шыққан, Тұрағұл Кұнанбаев пен Әуезовтікі деп саналған немесе Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтікі. Тағы да ол бұл анықтамамен дауласуы мүмкін, бірақ алдымен оларды оқып шығуы керек.
– Ол «Сұлтан Газинді» «Дала Уәлаятының» газетіне үлес қосушылардың бірі Бөкейхановтың бүркеншік аты деп санайды. Бірақ Сұлтан Газин Дала генерал-губернаторының кеңсесінде қазақ тіліне аудармашы болып жұмыс істеген Дінмұхамед Сұлтанғазин еді.
Батаеваның зерттеуіндегі ең жағымсыз тұсы – оның араб графикасында қазақшаны оқымауы (ол араб жазуының транскрипциясы үшін басқа адамға алғыс білдіреді). Оның дәлелдерінің көпшілігі Абайдың алғашқы кітабы мен Мүрсейіт қолжазбалары жалған деген болжамға негізделеді, бірақ ол өзі оқымаған кітап пен қолжазбаның шынайылығына қалай дау туғызуы мүмкін? Ол мағыналы текстологиялық және лингвистикалық талдау жүргізбей, стилистикалық талдауға тырысқаны ыңғайсыз. ХХ ғасырдың үш онжылдығында қазақ тілінің орфографиясы мен лексикасы тез өзгерді, осы кезеңнің қолжазбаларының түпнұсқалығын тексеру үшін лингвистикалық талдаудың маңызы зор. Бұрын мен 1911 жылы жазылған және қазақ жерінің тәуелсіздігіне шақырған құжатта кейінгі кезеңдердің орфографиясы мен сөздік қорын қолданғандықтан оның жалған болып көрінетінін байқадым. Мен Мүрсейіттің қолжазбаларын мұқият зерттеген жоқпын, бірақ әлі күнге дейін ешқандай күмәнді белгіні таба алмадым.
Абай мен Жамбылды ұқсату дұрыс емес. Абайдың жазған еңбектері Совет өкіметін қуанта алмады. Қазақ совет насихаттаушылары Абайды қайта түсіндіруге көп күш жұмсады және оның антифеодалдық, исламға қарсы және толығымен ресейшілдік бейнесін жасады. Өкінішке қарай, бұл бұрмаланған бейне белгілі бір дәрежеде жұмсартылғанына қарамастан, әлі де сақталуда. Абай жазуларының маңызды, бірақ елеусіз қалған жағы – олардың діни сипаты. Алаш зиялыларының да, советтік насихатшылардың да күрделі ислам терминологиясын қолдана отырып, діни философияға енген мәтіндерді жасауға ешқандай негізі болмады. (Және мүмкін шамасы да келмеді).

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір