Фернанду Пессоа
10.09.2020
924
0

«Как в чаше, не нужной к застолью,
Налито вино по края,
Так сам я наполнился болью,
Которой болею не я.
И только чужую заботу
Берёт моё сердце в удел.
А горечи — нет ни на йоту,
Сыграть же её — не посмел.
И, мим на несбыточной сцене,
В наряде, просветном насквозь,
Танцую я танец видений —
Дабы ничего не сбылось».
Фернанду Пессоа
(орыс тіліне аударған Г.Зельдович)

«Тостақтай, жетім бір тойдағы,
Толтыра шарап құйылған,
Бар сырқатым, жиған бойдағы,
Дерт емес маған бұйырған.
Еншілеуге жүрегім үйір көп,
Еселеп жасап жат қамын.
Ал, күйініштен – тіптен түйір жоқ,
Ойнауға оны – батпадым.
Сағым сахнадағы мим емен,
Кигенін күн жеп, көк тескен,
Аяндардың билерін билегем –
Ешбірін қабыл етпеске!»
Аударған Алаштуған

Тірісінде танылмаған португалдың тағдырлы һәм жұмбақ ақыны Фернанду Антонио Ногейра Пессоа 1888 жылдың он үшінші маусымында дүниеге келген екен. Әкесі, Хоаким де Сеабра Пессоа, ара-тұра музыка сынына қалам тартып қоятын әділет министрлігінің қарапайым ғана қызметкері болған. Әкесінің қырық үш жасында құрт ауруына шалдығып, көп ұзамай көз жұмуы, оның жылы өтпестен шиеттей інісінің шетінеуі бес жасар Фернандудың бала болмысында бір төңкеріс жасағаны анық.
Дарынды да зерек баланың «Сүйікті анашыма» атты балауса жыры алты жасқа толмастан қағаз бетіне түсіпті. Дәл сол кезде кейін бүкіл өміріне серік болған жасырын аттардың алғашқысы «Шевалье де Па» пайда болған-ды. Анасы, Мария Магдалина Пиньейр Ногейра, 1895 жылы Хуан Мигель дос Сантуш Росу есімді Португалияның Дурбандағы (Оңтүстік Африка) консулымен тұрмыс құрып, бұл отбасы шалғайдағы құрлыққа кеме басын бұрады. Дурбанда Әулие Иосиф атындағы католик гимназиясында ағылшын тілінде білім алған өреннің үлгерімі үздік болып, бес жылдық оқу бағдарламасын үш жылда еңсеріп тастайды. Мектеп қабырғасында жүргенде ағылшын әдебиетінің алыптары У.Шекспирдің, Э.Поның, П.Б.Шеллидің, Д.Китстің, Лорд Байронның шығармашылығымен танысып, өзі де ағылшын тілінде өлең жазып, прозаға да бет бұра бастайды. 1903 жылы Патшайым Виктория тағайындаған арнайы сыйлыққа «ең жақсы эссе үшін» ие болады.
Жоғары оқу орнына түсуге дайын­далу барысында Фернанду Дурбан коммер­циялық мектебін де тәмамдап үлгереді. Осы кезеңдегі туындылары түгелдей ағылшын тілінде жазылған екен. Дэвид Меррик, Ч.Р.Анон, Меркурий, Гораций Джеймс Фабер, Александр Поиск сынды жасырын аттардың тасасында тұрып, талай кесек туындыларды «The Durban High School Magazine» журналында жариялап жүріпті.
1905 жылы еліне қайтып оралған Фернанду Пессоа дипломат болуды көздейді. Дегенмен құжаттарын Лиссабон Университетіне тапсырып, филология факультетіне қабылданады. Алайда, премьер-министр Ж.Франку диктатурасына қарсы болған студенттер көтерілісінің нәтижесінде оқудан шығып қалады да әртүрлі басылымдар мен компанияларда қызмет атқарып жүреді. 1907 жылы қыркүйек айында әжесі қайтыс болып, одан мұраға қалған біршама қаражатты «Empreza Ibis» атты жекеменшік баспа үйін ашуға жұмсайды. Екі жарым жылдан соң әбден тұралаған кәсібі жабылып тынады.
1910 жылдан бастап Фернанду Пессоа португал мәдениеті мен әдебиетіне бас бұрып, ертедегі әдеби үлгілермен қатар замандастарының шығармашылығымен де танысып үлгереді. Үш тілде (португал, ағылшын, француз) бірдей өлең, эсселер жазып, аудармамен де айналысады. Әдеби зерттеулер мен әдеби сынға да көп көңіл бөледі. Әсіресе, «A Aguia» мәдениет журналында жарық көрген сын мақаласы Португалияның ғана емес, бүтін кәрі құрлықтың әдебиет әлемін дүр сілкіндіреді. Себебі, әдебиет әлемі мұндай қуатты, мұндай ерекше авторды көптен күткен болатын.
Фернанду Пессоа, Марио де Са-Карнейро, Алмада Негрейрос секілді майталмандар бастаған бір топ ақындар мен суретшілер 1915 жылы «Orpheu» журналының негізін қалап, жаңашыл жанрлар мен болмысы бөлек бағыттардың басылымы екі нөмірін ғана шығара алған екен. Үшінші саны қаражат тапшылығына байланысты шықпай қалады да… түбінде жоғалып тынады. Тек 1984 жылы сол нұсқа табылып, енді ғана даңқы дүниеге таралып үлгерген Фернанду Пессоаның көзіндей болып көпшілік оқырманға жол тартады.
Ендігі сөз өз есім-сойынан гөрі жасырын аттарына басымдық беріп, бір мезгілде бірнеше «автордың» атынан жаза алған қарымды қаламгердің таң қалдырар тұстары жайында болсын. 1966 жылы Тереза Рита Лопеш псевдоним ұғымын мойындамаған Фернанду Пессоа 18 түрлі гетерониммен жазғандығын алғаш рет айтқан болатын. Кейінгі жылдары бұл қатар толыға түсіп, 2013 жылы Жеронимо Пизарро мен Патрисио Феррари ойдан шығарылған 136 автордың (гетероним, жартылай гетероним, псевдоним) толық тізімін жариялап, даулы әңгіменің соңғы нүктесін қойғандай болды. Бұл 136 автордың баршасы да Фернанду Пессоа сынды ғажайып дарын иесінің санасының жемісі еді. Әрқайсының бөлек ғұмырбаяны, дербес мінездемесі, өз шығармашылық жолы, тіпті, кейбірінің туған һәм өлген жылдары да бар…
Қазақ әдебиетінде Алашорда алпауыт­тарының кезеңінен-ақ псевдоним қолдану қалыптасқан. Кейде бір қаламгердің бір­неше бүркеншек атпен жазғаны да мәлім. Әлихан Бөкейхан 41 псевдоним пайдаланса, Ілияс Жансүгіров 37 түрлі жасырын атты өз шығармашылығына «кіргізген». Бірақ Бейімбет Майлиндей псевдонимдер қатарын жетпіс төртке жеткізген қаламгер болмаған. Ал, гетероним ұғымы қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында мүлдем қолданылмаған. Сол себепті, мамандар болмаса, қазақ оқырманына ойдың жемісі болып табылатын гетероним де, оны тудырушы түпнұсқалық есім – ортоним де аса таныс емес.
Өз гетеронимдерімен бір қазанда біте қайнасып, кей кездері өзі де ортоним (негізгі автор) екенін ұмытып, өзінің ойлап шығарған қаламгерлерінің (гетеронимдерінің) біріне айналып кете баратын Фернанду Пессоа 1935 жылдың он үшінші қаңтарында досы Адольф Казайш Монтейруге жазған хатында бұл құбылыс турасында былай дейді: «Мен бала күнімнен ешқашан өмірде болмаған достарыммен, таныстарыммен төңірегімді толтырып, айналамда ойдан шығарылған жаһан орнатуға талпындым (шындығында, олардың расында өмірде болмағандығын, я, өзімнің бар-жоғымды өзім де білмеймін; бұл мәселеде, басқа да тұстарда, барша сұрақтарда біз қатып қалған қасаң қағидаларға сүйенбеуіміз керек). Өзім «мен» деп атаудың табиғатын түйсінгелі, маған тұлғалардың, қозғалыстың, мінездің және оқиғаның дәйім қажеттілігін жадымда ұстадым; әртекті ойдан шығарылған тұлғалар мен үшін шынайы әрі «мендік» болуы да, біз шын өмір танып жүрген дүниелердің, бәлкім теріс болуындай, заңды еді. Мұндай мен өзімді тұлға танығалы бар, маған тән бейімдіктің, мені сиқырлаған әуезін сәл ғана түрлендіріп, сиқырлау тәсілдерін бәлендей өзгертпей қалдыруы да ғұмыр бойы менімен бірге болған екен».
Фернанду Пессоа гетеронимдерінен төртеуін басқалардан бөліп қарағанымыз абзал. «Мазасыздық кітабының» авторы Бернарду Соареш (Лиссабондық, есепшінің көмекшісі), «басқа ақындарға» ұстаз болған Алберту Каэйру, оның ең негізгі шәкірттері саналатын Рикарду Рейш пен Алвару де Кампуш сынды қаламгерлердің шығармашылығы аса ауқымдылығымен, қуаттылығымен дараланып тұрады. Бернарду Соарештың өз тұлғасынан да, туындысынан да, өзімен үндестік тапқан Фернанду Пессоа оны «өзімнің жартылай гетеронимім» деп атаған. Алберту Каэйруге басқа да ондаған гетеронимдері сияқты туған, өлген күндері белгілі өмірбаян сыйласа, Рикарду Рейш пен Алвару де Кампуштың ғұмырын қимаған. Олар өз ортонимінен көп жасап, әлі күнге дейін әлемдік поэзияның асыл қазынасы санатында тұр!
Тағы бір өзі биік бір төбеге татитын гетероним – Александр Сёрч. Ол тек «ана тілінде» жазатын ағылшын ақыны. Оның шығармалары жеке жинақ болып Фернанду Пессоаның көзінің тірісінде жарық көрген. «Тұғырлы ердің тәрбиесі» еңбегінің авторы есебіндегі португал ақсүйегі Барон де Тиеве мен фәлсафалық туындылардың баршасын дүниеге әкелген философ Антониу Мора да мінезі мың құбылған шайыр Пессоаның ерекше, ешкімге ұқсамайтын гетеронимдері екендігі даусыз.
Фернанду Пессоа 1935 жылы қараша айының отызы күні кешкі алагеуімде Лиссабон ауруханаларының бірінде дүниеден озды. Ол өкінішті оқиғадан сегіз күн бұрын «Бақытты күннің шуағы» атты ең соңғы өлеңін жазған болатын. Оның соңында «35 сонет», «Ағылшын дастандары» (үш томдық) атты ағылшын тілінде жарық көрген жинақтары, «Жолдау» атты португал тіліндегі жалғыз жыр жинағы және жарияланбаған бір сандық қолжазбалары қалды. Тірісінде өзі туған елінде де аса таныла қоймаған Фернанду Пессоаның кейбір гетеронимдері сол кездердің өзінде Португалияның және Еуропаның көптеген беделді сыйлықтарын иеленген екен. Ал «Жолдау» жинағы 1922 жылы басылып шыққандығына қарамастан, тек 1934 жылы Португалияның Ұлттық Насихат Хатшылығының сыйлығына ұсынылып, бұл ақынның өз атынан жеңіп алған жалғыз жүлдесі болды.
Шығармаларының көбісі көзінің барында өзі басқарған «Афина» журналында жарияланған шайырдың негізгі еңбектері тек жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында жинақталып, зерттеліп, өз отанында да, төрткүл дүниенің түкпірлерінде де жарық көріп жатқан екен.
Португал мәдениетіне қосқан үлесі бойынша ұлы Камоэнспен ғана теңеуге болатын ақынның қалдырған мұрасында есеп жоқ. Әсіресе, кейінгі жиырма бес жылдың көлемінде оның өмірі мен шығармашылығы көп зерттелді, туындылары әлемнің ондаған тілдеріне аударылды. Фернанду Пессоа феноменін кей зерттеушілер орыс әдебиетінің «алтын ғасырының» арда өкілі Зинаида Гиппиуспен салыстырып жатады… Ұқсастық бар, ал, айырмашылығы одан он есе көп. Ақынның өмірбаянының негізінде Жозе Сарамагоның «Рикарду Рейштің өлген жылы», Антониу Табуккидың «Фернанду Пессоаның соңғы үш күні» атты романдары жазылыпты. 1996 жылы Портуда Фернанду Пессоа Университеті құрылып, кейінгі жиырма бес жылдан бері Португалияда шайыр атындағы әдеби сыйлық ең үздік туындыларға жыл сайын табысталып келеді.
Ақын ешқашан отбасын құрмаған, соңында ұрпақ та қалмады. Ғұмырында жалғыз-ақ Офелия Кейрош есімді әйелді ұнатып, ұзақ уақыт достық, сүйіспен­шілік қарым-қатынаста болыпты. Екеуі­нің жазысқан хаттары сан түрлі сезімдерге толы, бірде сүйіндіріп, бірде күйіндіретін, эпистолярлық жанрдың ең озық үлгілеріндей болып Лиссабондағы Фернанду Пессоа мұражайында сақтаулы тұр.
Ақын шығармашылығының әртүрлі кезеңдерінде, гетеронимдерінің түрлі туындыларында модернизмнің де, символизмнің де, классикалық португал поэзиясының да ең озық нұсқаларын тануға болады. «Теңіз одасы» туындысында тіптен барша ағымдар мен көркемдік үлгілері бір жерге тоғысқандай әсер қалдырады.
Фернанду Пессоа шығармашылығына өзге ғалымдардан тереңірек үңіле алған ресейлік ғалым И.Фещенко-Скворцова мынадай түйін жасаған екен: «Гетеронимия құбылысының арқасында, Пессоа өмірді оның шынайы болмысында һәм өмірдің ешкімге ұқсамайтын, мистикалық мінезге бай ақын табиғатына, оның алуан қырлы әрі терең әдеби шығармашылығына, бір мезгілде сол шығармашылығының поэтикалық, философиялық және әлеуметтік көріністеріне қатыстылығы деңгейінде қарастыра алған!»
Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір