«ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫ»
05.09.2020
701
0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Халыққа жолдауын жариялады. Бүкіл әлемді шарпыған індеттің халықаралық түзілісті, экономика мен саясатты, өркениеттер аралық  қарым-қатынасты жаңа бағытқа бұрғанын айтқан Мемлекет басшысы елді сын-қатерлерден сақтаудың заманауи жоспарларын ортаға салды.

Жолдаудың ең өзекті тұстарын және ел зиялыларының пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:
МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын Білім күнінде мағлұмдады. Бұл – күрделі кезеңде жарияланып отырған күрделі де кемел жолдау.

Президент болып сайланғаннан кейінгі тұңғыш сапарын түркілердің текті төрі Түркістанға жасаған еді. Әз Наурыздың жиырма үші күні. Зиялы қауымның алдында негізгі ұстанымдарын алғаш айтқан. Олар: сабақтастық, әділеттілік, ілгерілеу. Жаңа Жолдау сол ұстанымдарының дәлеліндей дәйекті.

Әлемнің жаңа  болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта реформалауға тың серпін беру керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып, жұмыс істеуіміз керек. Қазіргі өзгермелі әлемде шешім қабылдаудың баяулығы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Міне, жаңа Жолдауды оқып отырсаңыз, осындай-осындай тұжырымдардан, нақтылы міндеттер мен айқын мақсаттардан, анық қаржы-қаражаттық цифрлар мен нақ-нақ тапсырмалардан тұратындығына көз жеткізіп, көңіл суарасыз.

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі, жаңа жағдайдағы экономикалық дамудың ерекшеліктері, аумақтық дамудың айрықшылықтары, азаматтардың әлеуметтік ахуалын ажарландыру, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі жетілдіру, табиғат-анаға деген перзенттік парызға барынша мән беру, азаматтардың мүддесін әділеттілікпен қорғаудағы мемлекеттік міндет, барлық реформалардың негізгі іргетасы ретінде цифрландыруды дамыту, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне белсене қатысуына қол жеткізу, ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру. Осылардың бәрі де орасан жауапкершілікпен талданған. Таразыланған. Және жоғары жауапкершілікпен жүйелеу керектігі міндеттелген.

Әрине, тұтас ұлт сапасын арттыру, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру, ұлтты жаңартып, елді жаңғырту жөніндегі жолдар Жолдаудың мәнін арттырып, маңызын күшейте түскен. «Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын», –дейді Президентіміз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қанатты қағидаттарын келтіреді. Сөйтіп, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағына терең білім, ерінбес еңбек, кәсіби дағды, темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік және қоғам дамуының маңызды шарты – әділеттілік керектігін екшейді. Қорытындысында қазақты адал, ұқыпты, тиянақты ұлт ретінде көргіміз келетінін ерекшелейді. «Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу», –дейді ойын дәйектеп. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгетініне, жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшырататынына, ал боссөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейтініне баса назар аударып, айналайын Абайдың айтқан қағидасымен қорытады.

 


Жолдау жауапкершілікті жоғарылата түсуді талап етеді. «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесін берік орнықтыруды көздейді.

«2021 жылы 700 мың азамат пәтер сатып алу үшін зейнетақы жинағын пайдалана алады».

«Мемлекеттік аппараттағыларды қысқарту керек. Биыл оларды 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқарту қажет».


 

Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ, ақын:
«ЕСТИТІН» БИЛІК ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

 

Қазір біздің еліміз ғана емес, барша әлем бұрын-соңды болмаған күрделі кезеңді бастан кешіп отыр.  Жаһанды жайлаған  қатерлі пандемия індеті  бұрынғы қалыпты өмір ырғағын бұзып, елдің қоғамдық-экономикалық және  әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына үлкен зардабын тигізуде. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы еліміз үшін сынақ болып саналатын  осындай алмағайып шақта бүгінгі күн сұранысын дөп басқан, мемлекеттік деңгейде атқарылатын іс-шаралардың жоспарын  нақтылы белгілеп берген маңызды құжат  деуге болады.  Мұнда экономиканы жақсарту мен саяси реформа жасау мәселелеріне дейінгі барлық өзекті тақырып қамтылған. Жолдауда әсіресе елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға тың серпін беру, бұл үшін Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар етіп ұстану қажеттігі баса айтылды.  Халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау үшін Президент бұрыннан айтып келе жатқан «еститін» билік керек деген ұстанымын бұл ретте азаматтардың өзекті тақырыптарды онлайн-петиция арқылы көтеруіне мүмкіндік беру, жер-жерде өтетін мәслихат отырыстарын онлайн көрсету қажеттігін айту арқылы жаңаша дамытып отыр. Ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлайтын тәртіпке көшу, сөз жоқ, саяси реформалардың жалғасын табатынына, еліміздегі демократиялық үдерістердің нық беки түсетініне дәлел бола алады.

Жолдауда жердің шетелдіктерге сатылмайтыны шегелеп айтылды. Бұл халқымызды көптен толғандырып жүрген   тағдыршешті  мәселе болатын.    Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеру, білім-ғылымға, зерттеу жұмыстарына мол қаржы бөлу, бұқаралық спортқа, балалар спортын дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, жасыл экономикаға баса назар аудару сияқты әлеуметтік салада белгіленіп отырған  жоспарлардың бәрі халық көңілінен шығары сөзсіз. Ендігі мәселе – осы игі бастамалардың жүзеге асуына көп болып атсалысу.

 

Бауыржан ЖАҚЫП,
Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын:
ЖОЛДАУ ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕРГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына Жолдауын ерекше зейін қойып тыңдадым. Пандемия жағдайында бүкіл әлемдегі ең дамыған елдердің өзі дүрбелеңге түсті. Оны көзіміз көріп отыр. «Апат айтып келмейді» деген тәмсіл бар. Соңғы кездері бұрын-соңды болмаған қиындықтарды бастан кештік. Бүкіл жаһанды жайлаған пандемия кезінде еліміз жаңа қиындықтарға дайын болуы керек. Осы орайда Президент Жолдауы аса қажет еді. Әрі еліміздің бүкіл жүйесі жаңа қиындықтарды дер кезінде шешіп, өркениет көшіндегі өз үлесін алуы керек! Осы реттен келгенде алда атқарылатын істерді нақты жоспарлаудың маңызы зор. Табыс пен міндеттердің әділ бөлінуі; жеке кәсіпкерліктің жетекші рөл атқаруы; әділ бәсекелестік, кәсіпкерліктің жаңа буынына нарықтардың ашық болуы; өнімділіктің өсімі, экономиканың күрделілігі мен технологиялық тиімділігінің артуы; адами капиталды дамыту, білім берудің жаңа түріне инвестиция салу; жасыл экономиканы пайдалану, қоршаған ортаны қорғау; мемлекеттің негізі бар шешімдерді қабылдауы және сол үшін қоғам алдындағы жауапкершілік алуы сияқты жаңа экономикалық бағыттың негізгі 7 қағидасын айқындап берді. Осының ішіндегі – адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылатындығы мені ерекше қуантты. Өйткені біздің қоғамның негізгі қозғаушы күші де, елімізді алға сүйрейтін де – талантты жеке адамдар. Мәселен, 1000 жас ғалымға гранттар беру, қазақ ғылымының дамуына айрықша көңіл бөлу туралы Президент ойлары ғылыми салада еңбек етіп жүрген жандардың көкейінен шығады деген ойдамын. Қазіргі жағдайға байланысты қашықтан оқуға арналған онлайн платформаны шұғыл түрде әзірлеу туралы тапсырмасы да кезек күттірмейтін іс. «2021 жылы 700 мың азамат пәтер сатып алу үшін зейнетақы жинағын пайдалана алады», – деген Президент пәрмені де көңіл қуантады. Ал «пандемия, кем дегенде, екі жылға созылады», – деген сөзінің өзі ойландырады, елімізді бірлікке,  ынтымаққа шақырған ойлары құптарлық. Президент Қ.К.Тоқаев қашанда ұлы Абай бабамыздан қалған асыл мұра ел идеологиясының асыл түпқазығы екендігіне баса назар аударып келеді. Биыл туғанына 175 жыл толып отырған дана ойшылымыз Абайдың айтқан жолымен жүрсек, біздің қазақ халқы бар қиындықты жеңіп,бар кедергіден аттап өтетіндігіне тағы да маңыз берді. Абай айтқан бес асыл істі жанына жалау еткен әр қазақ баласы, бес нәрседен қашық болуы керектігін осы Жолдауда да Мемлекет Басшысы қайыра еске салды. Ендеше, сол мақсат үдесінен көріне білейік, ағайын!


«Үкімет жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауы тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекет қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалады».


 

Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
ЛАТИФУНДИСТЕРМЕН КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУ КЕРЕК

Жаратқанның адамзатқа жасаған кезек­ті сынағы ма, әлде, «жұмыр жер 7 миллиардтан астам тұрғынды асы­рай алмайтын болды» деген «қитұр­қы­лықпен» қолдан жасалған зобалаң ба, әйтеуір пандемия әлемді сарсаңға салды. Жер-дүниені шырмауықтай шырмап алды. Әлеуметтік әлсіреуді, экономикалық тұралауды айтпағанда, адам шығыны – дерт құрбандары да аз емес. Әрине, бұл кесапат біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Барша жұрттың үйде бұғып отырып қалғаны да шындық.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы негізінен, «осынау зауалдан қалай ел еңсесін тіктей аламыз?» деген сауалға жауап беруге арналды. Нақты да жүйелі реформалар белгіленіп, әр саланың жауапты адамдарына кезек күттірмей ат­қарылатын міндеттерді орындауға көмек берілетіні баса айтылды.

Жолдауда көтерілген мәселелердің бірқатарына тоқталсам, ең алдымен мемлекеттік басқаруды реформалау дер кезінде қолға алынар шара деп білемін. Жергілікті әкімдіктерден бастап, министрліктерге дейін саны көп, сапасы аз шенеуніктерді барынша қысқартып, қалғандарының «ләппайларын» азайтып, іскерліктерін дамыту, халыққа адал қызмет көрсетілу жүйелі түрде іске асса, ел дамуына зор қарқын бермек.

 Екіншіден, экономикалық реформаларды іске асыру – бүкіл мемлекет байлығын тиімді пайдаланып, халық әл-ауқатын арттырудың негізгі кепілі. Жері кедей болса да, елі бай Жапония секілді елдер өнер-білімнің арқасында басқадан аз алып, көп экспорттауды жолға қойған. Күрделі электроникалық өнімдерді айтпағанда, бір-екі жуылғанда оңып, апта ішінде тозып үлгеретін шетелден тасымалданатын шұлықтарға дейін өзімізден өндіре алмайтынымыздың себебі  түсініксіз-ақ. Президент тілге тиек еткен сырттан импорттауды азайтып, ішкі өнімді бәсекеге лайық етіп шығару – уақыт талабы.

Төртіншіден, жер-анамыздың қадір-қасиетіне әлі жетпей жүргеніміз де ақиқат. Президент бұл Жолдауында жердің шетелдіктерге сатылмайтынын қадап тұрып айтты. Осы мәселе жұртшылықтың сары уайымына айналғаны қашан.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы өз ішіміздегі байшыкеш, бишікеш латифундистердің «түбі керек болар» деп, жерді жүз гектарлап жекешелеп алып, оның игілігін өзі де көрмей, өзгеге де көрсетпей отырғаны туралы бұрын да ескерткен. Бұл проблеманы да үзілді-кесілді шешіп, екі сиыры, он қойына жайылымдық жер таппай немесе азғана бақша-бауын өсіре алмай отырған ауыл тұрғындарын қуантқанын да ерекше айтқым келеді.

Орта және шағын бизнес – бүгінгі ілгерілеудің, жұмыссыздықты азайтудың, әртүрлі өнімдерді молайтудың төте жолы. Олардың кең қанат жаюына кедергі келтіріп жүрген делдалдар, монополистер туралы да Жолдауда  өте орынды сөз қозғалды.

Иә, бұл Жолдауда басқа да түйткілді мәселелердің түйінін тарқатудың жолы нұсқалып, шешуші пәрмен берілді. Тек қана жұмыла кірісер істе сәттілік тілейміз!


«Басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табады. «Бәйтерек»  және «ҚазАгро» холдингтері бірігіп, штат саны 50 пайызға қысқарады».


 

 

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, ҚР халық артисі, ҚР театр қайраткерлері одағының Төрағасы.
РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ЕКПІНІ СЕЗІЛЕДІ…

Президент Қ.К.Тоқаевтың бұл жолғы жолдауы қызу тал­қы­ға түсіп, оң көзқарасқа ие болуда, тіпті жолдаудың «ре­во­лю­циялық екпіні сезіледі» деп те бекер ай­тылып жатқан жоқ. Оның жөні де бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы сарабдал саясаткер ретінде оң өзгерістерге сабырмен, тиянақты, жүйелі түрде бара бастағаны байқалады. Елімізде орын алып, қасаңданып кеткен жүйені бір мезетте өзгерту – қоғамдағы кейбір үйреншікті топтарға тосын көрініп, катаклизмге апаруы кәдік. Мұны Президент жақсы түсінеді. Сондықтан да  саналы түрде, ол өзгерістерге бір­те-бірте бару керектігін ұққан адамға астармен айтып отыр. Айтылған һәм алдыға қойылып отырған мақсат-тапсырмалар осыны мегзейді. Ешкімге жасырын емес, қоғамымызда қордаланған мәселелер мен кикілжіңдерді халық жақсы біледі, (шыны керек, әбден титықтаған, шаршаған) және осындай батыл қадамдарды күткелі қашан?! Әрине біздер бұл қадамдардың тезірек болғанын қалаймыз, бірақ «батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демекші, сылып тастай салатын оңай жара емес. Әдіс керек, «емін дәл тауып емдейтін» білік пен төзім де қажет!

Экономикамыздағы жалған «жетістіктер», квазимем­ле­кет­­тік жөнді-жөнсіз құрылымдар, қажеті кем әртүрлі қорлар, саны қыруар, сапасы құрдым, алайда кеңселеріне сыймай шаш етектен шоғырланған шенеуніктер, әдіра қалған ауыл проблемалары, сыбайластық қандарына сіңіп кеткен хұқық (қорғау деген сөз тілге келмейді) органдары, елден де, жер-анадан да, Алладан да алыс жүрген әкімдер, ұлт руханиятын діңкелеткен министрлер… көзді ашып қарайтын, жасырып-жадағайлатпайтын жағдайлар… дерттер! Өмір болған соң, қоғам болған соң, аракідік айғай шығып, полиция, прокурор мен соттар сыбайласып сатылып, жазықсызға нақақ жала жабылып, әділетсіздіктен көз ашпай қалған қазақ, кімнен ақыл, қайдан араша сұраудың әдірісін білмей, әбігерге түскен қазақ, мал жаяр жайылымы мен атадан қалған жерінің үсті түгіл асты сатылып, ауызы мен егінін суғарар суынан айрылған қазақ қамкөңіл боп, ертеңі ештіктен үміті үзілердей күйде еді… Бұл Жолдау үміт отын жаққандай. Бұл Жолдауда мен тізген аурудың аты аталды! Оны енді жасырсақ – өлеріміз нұсқаланды! Жойқын бұлқыныссыз, скальпельсіз ауыртпай емдейтін емі табылғандай! Адамды емдеу мен қоғамды емдеу екіұдай емес, анамнезі мен симптомы бірдей! Тек сол дәрі мен тәсілді ауру адам мен дертті қоғам дер кезінде және тиімді, тиянақты, дұрыс қабылдауымыз керек! Іске сәт, Қазақ елі! Ем болсын! Дертімізді жеңейік! Тоқаевқа сенейік, ерейік!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір