АБУ-ЛЬ-АЛЯ ӘЛ-МААРИ
05.09.2020
771
0

«О, племя писателей! Мир обольщает ваш слух
Напевом соблазнов, подобным жужжанию мух.

 Кто ваши поэты, как не обитатели мглы —
Рыскучие волки, чья пища хвалы и хулы.

 Они вредоносней захватчиков,сеющих страх,
Как жадные крысы, они вороваты в стихах.

 Ну что же,примите мои восхваленья как дань:
В них каждое слово похоже на резкую брань.

 Цветущие годы утратил я в вашем кругу,
И дней моей старости с вами делить не могу.

 Уже я простился с невежеством ранним моим,
И хватит мне петь племена ар-рабаб и тамим.»
Абу-ль-Аля әл-Маарри, «Лузумийят», қырқыншы жыр (орыс тіліне аударған А.Тарковский)

 

 «Уа, жазушылардың тайпасы! Құлақтарыңды қызығы
Дүниенің арбар, ындынның үні, боп шыбын ызыңы. 

Тұрғындары ғой түнектің,ақындар шыққан сендерден –
Мақтан мен ғайбат – азығы, қасқырдай қорбан сенделген.

 Басқыншылардан да зиянкес, таратқан үрей, жүр бәрі
Егеуқұйрықша жымқырып,  ұрлыққа бейім жырлары.

 Қайтейін, құрмет көріңдер мақтауларымды өздерің,
Балағат сынды өткір тым онда айтқан әрбір сөздерім.

 Орталарыңда жоғалттым жылдарды гүлдей ең құтты,
Ал қарттығымды сендермен бөлісе алмаймын мен тіпті.

 Қоштасып болғам мен албырт,  түйсіксіз жастық шағыммен,
Жырламан енді ар-рабаб һәм тамим қауымдарын мен!»
                                                                  Аударған Алаштуған

 Жоғарыдағы жолдарды жазған арабтың асқақ ақыны, ұлы ойшылы Абу-ль-Аля әл-Маарри 979 жылдың қыркүйек айының жиырма сегізі күні (хижра бойынша 369 жылдың раби айының үшінші жұлдызында) Сирияның теріскейіндегі Маарат ан-Нуман атты шағын шахарда дүниеге келген екен. Танух тайпасының Бану Сүлеймен руынан шыққан қазының ұлының азан шақырып қойған аты Ахмад болатын. Алайда ұл балаға кунья (лақап ат) беретін жергілікті дәстүрмен ұландарының болашағынан үлкен үміт күткен ата-анасы Абу-ль-Аля («Биіктіктің атасы») атап кетіпті. Өзі терең білім иесі, даңқты дінтанушы болған әкесі әл-Маарриді білімге ерте бейімдеген. Үш жасында хат таныған және жыр, аңыз атаулыны мықтап тұрып жадысына тоқи берген баласының ұлы ғалым болатынына қамқор әкенің еш күмәні болмаған.

983 жылы Сирияда шешек індеті тарап, бар әулеттен ешкім ауырмай, төрт жасар Ахмад қана дертке шалдығады. Ауыр сырқаттың салдарынан жас бала қос жанарынан бірдей айырылып, биіктерден үмітті еткен болашағы бұлдырай бастады. Ол замандарда кедейлер соқыр перзенттерін қарилар мектебіне тапсырып, дәулетті адамдар зағип ұрпағын ғылым мен өнерге икемдейтін дәстүр бар еді. Сондықтан кішкентай Ахмадтың еш алаңсыз оқуын жалғастыруына барша жағдай жасалды. Оның үстіне қыздарының да білімділігімен аты шыққан Бану Сүлеймен руының ең танымал тұлғасының ұлының кемдігі келешегіне кедергі келтірмейтіндігіне сенім күшті еді.

Он бір жасынан жыр құрап,  суырып-салма ақындығымен аты таныла бастаған жас періні көрмекке Алеппо мен Шамнан талай тарландар келеді. Сынақтардан сүрінбей өткен бозбала он беске толар — толмастан мұсылман әлемінің ең үлкен қалалары, өнер мен білімнің басты ордалары саналатын Шам мен Бағдатқа, Алеппо мен Басраға жол тартады. Антиохия мен Латакияға, тіпті, басқа құрлықтағы Триполиге де сапарлағанда іздегені білім болатын. Арабтың атақты ғалымы Ибн Сад сынды ғұламадан,  жыр алыбы Абу-т-Таййиба әл-Мутанаббидай ақыннан тәлім алған әл-Маарриды Латакия­дағы христиан ғибадатханасында грек монахтары көне философия мен ежелгі әдебиет үлгілерімен таныстырады. Химс шахарында филология мен заң негіздерін игерген ол әкесінің дүниеден озғанын естіп, қатты қайғырады. Сол кезде «риса» түрінде жазған жоқтау жыры «Шақпақтың ұшқыны» (Бейрут,1884 ж., Бұлақ, 1908 ж., Каир,1926ж.) жинағына енген.

Патшалар мен уәзірлерге, қолбасылар мен шынжыр балақ, шұбар төс шонжарларға «мадхи»(мадақ жырын) арнап, уайымсыз күн кешетін өлеңшілердің өлермен күйінен жиіркенген ақын басынан байырғы бағы тайған Бағдатқа барады. Бұл кездерде баяғы апайтөс Аббасид халифалардың, жақсы жырдың бір жолына мың динар бере салатын «Атымтай жомарт» Бармакид әулетінен шыққан уәзірлердің дәурені кетіп, халифат ішінде ғана емес, барша мұсылман әлемінде қырық пышақ қырғындар жүріп жатқан еді.

Тоғызыншы ғасырда негізін әл-Мамун халифа қалаған «Ғылым сарайын» Ибн Джинни, Ибн Фарис сияқты ғұламалар, әл-Хамадани, ат-Танухи, ат-Таухиди секілді даңқты жазушылар мекендеп, бекзада Тахир әл-Мусауи мен оның  ақын ұлдары әр-Ради, әл-Муртадалар апта сайын мәжілістер, сайыстар өткізіп, жыр жүйріктерін таңдаған аламандарда жиырмадан енді асқан әл-Маарриге тең келетін ақын болмапты.Дәл сол Тахир әл-Мусауи қайтыс болғанда, көңіл айта барған ақынды ақсүйектердің бірі:«Қайда барасың, соқыр ит?» – деп қағытады. Сонда әл-Маарри:«Итке лайық жетпіс атауын білмеген бейшараның өзі нағыз төбет!» – депті. Марқұмның ақын ұлдарына өлең жолдарымен көңіл айтқан әл-Маарриды сол сәтте ғана таныған қос бекзада шайырды төрге шығарып, құрметке бөлеген екен.

Сарай ақындарының «қамқоршы­ларын» мадақтап, тапсырыспен «жыр жазып» жүрген заманында әл-Маарри сынды көзі көрмесе де көкірек көзі ашық, өмірлік өткір ұстанымы бар, мінезді ақынның қалыпқа сыймауы заңдылық болса керек. Әлдебір алаяқтардың аяр амалдарының нәтижесінде  әкеден қалған мол дәулеттен айырылып, күніге бір жапырақ нанды талғажау етер, барға қана­ғат қылар жанның жаулары да аз болмаған сияқты. Бақталастары билік тізгінін ұстаған дөкейлер мен дінба­сыларға ақынның үстінен жазылған домалақ арыздарды қарша боратып, соңына шам алып түседі.«Қайырымды қаланың» қайырсыз билігінің шатағы көп шабармандары шайырды таяққа жығып, қаладан қуып тыныпты. Бағдатпен қимай қоштасып, Мааррадағы достарына жолдаған хатында ақын былай дейді:«Тағдырым менің Бағдатта қалуыма мүмкіндік берер деген үмітім бар еді, бірақ ол жазған, менімен азуының арасына кемірілген сүйек қыстырған қаншықтай, бір тостақ іріген сүтті іркіп қалар опасыз күңдей, өлердей сілесі қатқан есегін бермей аянған ашкөз құлдай, ұрлап алған бір тал құрмаға қарап қоқиланған қарғадай қатыгез болды. Қажылыққа барғандардың сайтанға лақтырар Ақабтың тасынан Бағдатта ғы ғылым мен өнердің көптігіне, пальма ағашының алқаптарына бай Йемамда пальма бұтағын жұлып алудан Бағдатта білімге қол жеткізудің әлдеқайда оңайлығына менің көзім анық жетті… Алайда сауыншы үшін сәттіліктің желіні суалып, салт аттының астындағы аты үркіп, жауын күткен жанды бұлт алдап… мен азға қанағат тұтудың абзалдығын ұғындым. Қоштасар сәтте қалалардың ішіндегі қасиеттісі Бағдатқа, оның ең таңдаулы тұрғындарына һәм дархан жазира дарияларының ең тәттісі — Тигрға лайықты құрметтерін көрсетелік!»

1010 жылы әл-Маарри жүрегінен мәң­гілік мекен тапқан Бағдатпен қош айтысып, туған жеріне қарай бет түзеді. Керуенге ілесіп, ұзақ жолда келе жат­қанында алыстағы Мааррада қарт анасы көз жұмған екен. Еліне жеткен соң ақынның өз сөзімен айтқанда:«Үш абақтыға — тән, соқырлық және жалғыз­дыққа» қамалады.Еркін ойдың еркесі, жауһар жырдың зергері, зердесі терең, өресі биік данышпан алпыстан астам ауқымды еңбек жазғанымен, біздің зама­ны­мызға дейін санаулы ғана дүн­иелері жеткен. «Періштелер жайлы жолдау»,«Рахым патшалығы жайлы жолдау» сынды прозалық туындыларының өзін ұйқасқа құрып, бір бірімен мазмұн сабақтастығымен біте қайнасып жатқан екі жүз жиырма жеті дербес өлеңдерден тұратын «Лузумийят» («Міндетті еместің міндеттілігі») кітабында ішкі ұйқас пен көркемдік кестелерінің алуан түрлі ғажайып үлгілерін танытады.

Дінді аса терең білген шайырдың шығармаларында ар мен иман, парасат пен ізгілік, мейірім мен қанағатшылдық тақыптары асқан шеберлікпен талқылана­ды. Дінтанудың білгірі саналған әл-Маарри Алланың ұлықтығын, иманның күшін зор махаббетпен жырлағанмен, фанатизмге бой алдырмаған. Құранның сүрелерінің мәтіндерін өлеңмен өрнектеген ақынның кей жырларынан о дүниенің барлығына, діннің қуаттылығына күмәнмен қарау байқалады. Шамасы, бұл күдіктердің туын­дауына сол кезеңдегі билік тізгінін ұста­ғандардың дінді саяси құралға айналдырып, дінбасылардың солардың сойылын соғуы себеп болған.

Қазіргі заманда біздер білетін «қасида», «васф»,«зухдийят» секілді өлең түрлерін түрлендіріп, дүниеге бұрын соңды болмаған жаңа үлгілерді алып келген алпауыт ақын көзінің тірісінде-ақ Андалусия мен Ассам арасындағы барша мұсылман әдебиетінің бой түзер темірқазығына айналып үлгерген еді. Шайыр мекендеген шағын ғана шахардан өнер мен ғылымға таласы бар талапкерлердің, ақынға құрмет көрсетуді ниет еткен қошаметшіл қонақтардың қарасы үзілмейтін. Дәріс беріп, тапқан табысының жартысын жағдайы жоқ жандарға бөліп бере­тін сақиға сансыз сыйлықтың ке­регі де жоқ еді. Алланың жаратқан жән­ді­гін жәбірлеуді, табиғи туындыға нұқсан кел­тіру­ді күнәнің ауыры көретін керемет жан бұл дүниеден ет пен балықты татып алмастан өте шығыпты. 1058 жылы мамырдың жиырмасы күні Абу-ль-Аля әл-Маарри өзінің туған үйінде көз жұмды. Он ғасыр бойы оның шығармашылық мұрасы араб, я, мұсылман әлемі үшін ғана емес, дүние жүзілік әдеби қауымдастық үшін баға жетпес құндылық болып келеді. Ақын туындылары адамзат мәдениетінің алтын қорына лайықты байлық ретінде танылып, жүзден астам тілдерге аударылған. Алайда, қазақ оқырманына аса таныс еместігі қынжылтады…

2013 жылы «жиһадшылар» ақын ескерткішінің басын шауып тастаған екен… Көрсоқырлыққа не дерсіз?!

Оның ғұмыры мен шығармашылығын көз майын тауыса зерттеп, туындыларын орыс тіліне аударған Б.Шидфар:«Маарралық соқыр жайында оның шығармашылығын түсініп, түсіндірмекке ниеттенген орта ғасырлық биографтар да, біздермен замандас авторлар да араб елдерінде де, барша әлемде де көп жазды. Дегенмен, Абу-ль-Аляның жырлары мен прозасының мазмұн тереңдігі соншалық, туындыларын сан түрлі сараптап, тарқатуға болады, әр дәуірдің оқырманы жаңаша түсінуі бек мүмкін, себебі, олардағы пайым-парасат атаулы мәңгілік, әрі қашан болмасын ғұмырдың мәніне ой оздырған адамның жанына жақын болмақ!».
Мен келісемін… Сіз ше?!

 

О, род людской, разросшийся сорняк,
Из мрака ты не вырвешься никак.

В камнях колодцы человек долбил,
Но из краницы мудрости не пил.

 Для сильных слабые  – убойный скот,
Меч без разбору головы сечёт.

 Сосед теснит соседа своего,
А глупость утесняет ум его.

 Добро зачахло, стало тучным зло
На это вам глядеть не тяжело?

 Вы в гору шли но только до поры,
Сейчас вы в пропасть катитесь с горы.

 И всё разнузданнее денег власть,
И нет узды на пагубную страсть.

 О, человек, ничтожен ты и слаб,
Ты плоти алчущей презренный раб.
Абу-ль-Аля әл-Маарри, «Лузумийят», жүз жиырма бесінші жыр (орыс тіліне аударған Н.Горская)

 

 О, адамзат нәсілі, қаулап өскен арамшөп,
Құрсауынан түнектің құтыларлық шараң жоқ.

 Талай құдық адамдар тас қопарып істеген,
Шүмегінен ақылдың, сірә, қанып ішпеген.

 Күштілерге әлсіздер бейне сойыс малдайын,
Басты қылыш қиярда анықтамас мән-жайын.

 Көршілері қысқанда көрші отырған жақынын,
Ақымақтық оның да ығыстырар ақылын.

 Семіп қалған жақсылық, семіруде зұлымдық –
Бейжай қарау сендерге жүк емес пе ғұмырлық?

 Шыңға шықпақ болдыңдар  – құбылғанша күн бірақ,
Қазір кері кеттіңдер шыңырауға құлдырап.

 Бас бермейді, ақшаның билігінде күш барлық,
Жүгенсіз жүр құрдымға құлататын құштарлық.

 О,адам,сен әлсізсің һәм бейбақсың қор болған,
Сен – құлқынның құлысың, маңдайына сор қонған.
Аударған Алаштуған

 Ержан  АЛАШТУҒАН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір