ГАРСИА ЛОРКА
24.08.2020
892
5

«…Адамзатқа ән – ортақ, ортақ – өлең,
Жердің жүзін бізге ортақ орта көрем.
– Шетелдік ең сүйікті шайырыңыз?
Ол сұраққа ойланбай:
– Лорка! – дер ем.

 Аңыз қылған жастай-ақ төңірегі,
Қандай ғажап басталған өмір еді!
Бала Лорка қозыдай сүйкімді еді-ау,
Дана Лорка қозыдай қоңыр еді.

 Пиренейлік Ақан ол, жаны сері,
Сол-тын және испанның Әлішері.
Отызыншы жылдағы Отанының
Ең алғашқы, ең биік табысы еді…

 Пиренейге Лоркадан келген кейін,
Ұлы ақын жоқ,
Мен неге шерленбейін?!
Сұлу ақын білетін испан тілін –
Гауһар сырын білетін зергердейін.»
Жұматай, «Гарсиа Лорка» патетикалық балладасынан («Ләйла» жинағы, 1981 жыл).

 Жұматай ағамның жүрегін жасқа толтырып жоқтаған шайыры кім еді?! Бүгінгі баян сол жайында…
Толық есімі – Федерико дель Саградо Корасон де Хесус Гарсиа Лорка. Елге Гарсиа Лорка есім-сойымен танылды. 1898 жылдың маусым айының бесі күні Испанияның түстігіндегі Гранада аймағындағы Фуэнте-Вакерос атты шағын шаһарда дүниеге келген. Жеті жасында көрші орналасқан Вальдеррубио ауылына, ал 1909 жылы Гранаданың іргесіндегі Уэрта-де-Сан-Висентке қоныс аударады. Мұның бәрін тәптіштей теріп отырғанымның себебі, қазір бұл үш елді мекендегі үш үй де мемлекеттік маңызы бар, ақын атындағы мұражайларға айналған.

Жаратқан бір басына өнер атаулыны үйіп-төгіп бере салған Гарсиа Лорка ақын ғана емес, заманының үздік музыканты, танымал драматургы, авангард бағытын ұстанған ұлы суретшісі де еді. Қант саудасынан дәулетін еселеген кәсіпкер Федерико Гарсиа Родригес пен қарапайым мұғалім Висента Лорка Ромераның ерке ұлы мектеп қабырғасында орташа ғана оқып, еш өнерімен ерекшеленбесе де, 1915 жылы Гранада Университетіне түсіп, заң мен әдебиет, композиция мен өнер тарихы бойынша терең білім алғаны анық.

Он бір жасынан бастап консерватория қабырғасында фортепиано сыныбында сабақ алған ол музыкаға сонша әуес болып өсті. Ұстазы Антонио Сегура Меза одан ұлы музыкант шығатынына аса сенімді еді. Алайда ұстазы өмірден озған соң, 1916 жылы Испанияны аралап, туған жердің қасиетін сезінген Лорка «Табиғатты түйсіну» атты алғашқы және жалғыз прозалық шығармасын жазып шықты. Әдетте прозаиктардың көпшілігі поэзиядан бастайтын болса, ол қара сөзден бастады. Тек осы әңгімесінен кейін ғана өлеңдері лек-легімен туындап жатты. Он сегіз жастағы Лорканы Испания арқалы ақын деп таныды!

1919 жылы ел астанасы Мадридке көшіп келген ақын, сол кездегі ең танымал суретшілер Сальвадор Далимен, Луис Бунюэльмен танысты, драматургияның майталмандары Эдуардо Маркиномен және Мадридтің «Хой Эслава» театрының директоры Грегорио Мартинес Сьеррамен достық қарым-қатынас орнатты. Осы достарының көмегімен 1920 жылы «Көбелектің дұғасы» атты тұңғыш пьесасын сахналап шыққан екен. Келесі жылы алғашқы жыр жинағы «Өлеңдер кітабы» жарық көреді. Табиғат, дін, сан түрлі сезімдер мен жалғыздық тақырыптарын қамтыған бұл кітабы ақынға асқан бір табыс әкелмесе де, оны ең танымал ақынға айналдырып үлгерді.

Жеті жыл талмай еңбектенген Лор­ка 1927 жылы аты жер жарған ақын ға­на емес, Пиреней түбегінің ең сүйікті сурет­ші­сіне айналды. Барселонаның Далмау галереясында оның бейнелеу өнеріндегі туындыларының тұрақты көрмесі жұмыс жасай бастады.Андалузияның дәстүрлі ауыз әдебиетінің ықпалы оның лирикасынан да, графикасынан да байқалып тұратын. Тіпті кубизм бағытындағы туындыларының өзінен фольклорлық сарындағы суреттер бой көрсетіп жатады.

1928 жылы жарық көрген «Сыған ро­ман­серосы» жыр жинағы Лорканы бүкіл испантілді әлемге танымал етті. Кейінірек жарыққа шыққан пьесалары «Бес жыл өткен соң» (1930 ж.), «Бойжеткен, Донья Росита немесе Гүлдердің тілі» (1935 ж.), «Бернарда Альбаның үйі» (1936 ж.) оның даңқын барша жер жүзіне жеткізді. Әйел бақытын, әділетсіздік атаулыны, жан күйзелістері мен жалғыздықтың ауырлығын жырлаған ақын, аталған туындыларында үлкен дүниеден үйлесім іздеуге, түсініксіз тірліктен түсіністік таппаққа ұмтылғанға ұқсайды… Бірақ…

Бірнеше жыл елінен безіп, Нью-Йоркті паналаған ақын 1931 жылы Испанияға олжалы оралады. Бір жыр жинағы мен екі драматургиялық туынды жазып үлгерген Лорка «La Barraca» театрының директоры болып тағайындалып, осынау өнер ұжымымен бүкіл түбекті аралап шығады. Өзі «Балаган» атаған бұл театрдың ерекшелігі – мұнда  жұлдыздар деген ұғым жоқ еді. Кешегі басты рөлді сомдаған актёр бүгін декоратор болып жүрсе, ешкім таң қалмайтын. Кез келген ұжым мүшесі өз қалауындағы пьесаны қоюды қолға алып жатса, барша театр тобы соған қолдау көрсетіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар» еді.

1936 жылы басқа да (үш жүз) испан интеллектуалдарымен бірге Халықтық май­данды қолдап, үндеуге қол қойған ақын өзі туған өңірге сапарлайды. Мексикаға саяхаттамақ ниетін кері шегеріп қойған Лор­ка, социализм мен жалпы ұлттық тең­дік идеясын насихаттап жүрген Лорка, Франконың фашистік бағыттағы билігіне ашық қарсылық танытқан Лорка өзінің Гранадаға сапарының қандай тәуекел мен тосын жайттарға итермелейтінін де түсінді. Дегенмен осынау саяси тұрақсыздық пен толқу тұсында отандастарымен бірге болып, Ел Рухын көтергісі келді!

Монархист Хосе Кальво Сотело өлтірілген соң, жүйкесі тозып, ашу-ызаға булығып тұрған Гранаданы басқаруға ешкім де ниет білдірмеді. Тек Гарсиа Лорканың туысқаны Мануэль Фернандес-Монтисинос келісімін берген еді. Бір аптадан соң ол да оққа ұшты. Ал 1936 жылдың тамыз айының 18-і  күні ақын Луис Росалестің үйінде Федерико Гарсиа Лорка тұтқындалды. Сол күні қала шекарасынан екі шақырым қашықтықта азаттық үшін күресіп жүрген бірнеше арда азаматтармен бірге атылды! Таң қаларлық бір жайт бар осы тұста… сол кезде де, кейінгі зерттеулер барысында да ақынның денесі табылмаған! Гранаданы ғана емес, бүкіл Испанияны ақтарып-төңкерген зерттеушілер Гарсиа Лорка жерленген жерді таба алмады.

Бейіті де белгісіз шайырдың «Ай, Кармела» әні (әнін де, мәтінін де Гарсиа Лорка жазған) Испаниядағы азамат соғысы барысында Франконың фашистік билігіне қарсы күрескендердің әнұранына айналды. Бұл әнді тіпті Совет  Одағынан республикашылдарға көмекке барған азаматтар да жатқа айтатын. Ал ақын туындыларына Франко билігі құлағанға дейін тыйым салынған еді.

Ақын жайлы бүгінгі таңға дейін қанша кітап жазылды, қанша деректі һәм көркем фильмдер түсірілді, әлем бойынша оған қанша ақын арнау жазды… есебі жоқ! Оның атымен ондаған мемлекеттердің жүздеген елді мекендері мен көшелері аталды. Оның бейнесі бірнеше елдің ақшаларында таңбаланды. Испантілді бірнеше дәулеттің ең жоғарғы әдеби сыйлықтары Гарсиа Лорканың атында. Айта берсең, таусылмайтын тауарих!

Көзінің тірісінде он кітабын  шығарып үлгерген Лорканың көз жұмғанына сексен төрт жыл өтсе де, орта есеппен төрткүл дүниенің төрт бұрышында жыл сайын құры­ғанда екі кітабы жарық көреді екен! Мұндай бақытқа ие болған  басқа ақынды білмейді екенмін. Оның туындылары жүзден аса тілге аударылды. Орыс тілінің өзіне М.Цветаева, Ю.Мориц, И.Бродский бастаған он бір ақын аударма жасаған екен. Ол туралы жазылған зерттеу жұмыстарын түгендеудің өзі үлкен дүние. Орыс тілінде ең тұшымды зерттеу жасап, Лорка өлеңдерін аударған Н.Малиновская екені даусыз. Өзім де сол саңлақтың мәліметтеріне көп сүйендім. Ал қазақта Лорканың ең мықты жанкүйері һәм білгірі болған жан Жұматай Жақыпбаев екенін анық айта аламыз!

Тағдырынан тартқан тақсыретіне бүкіл адамзатты кінәлап, кектеніп жүретін  кембағал пенделер болады. Өмірге өкпелі сондай бейшараның бірі Йен Гибсон атты миғұла немістің «Шпигель» басылымы арқылы Гарсиа Лорканың гомосексуалист болғандығы жайлы пікірін жариялап, әлемді таң қалдырғандай болды. Есі түзу ел сенбеді! Тіпті Куба басшылығы Гибсонның басына бәйгі белгіледі! Кейінгі жылдардың зерттеулері де бұл пікірдің еш негізсіз екендігін, таза популистік пиғылдан туындаған қадам болғандығын дәлелдеп берді. Бұл қаңқу, ғайбаттан ақиық ақынның бағасы бір  мысқалға кеміген жоқ… Атақ-даңқы арта түсті! Федерико Гарсиа Лорканың өз сөзімен айтсақ: «Ең қайғылы қуаныш – ақын болу. Басқасы маңызды емес. Тіпті өлім де!»  Мен келісемін… Сіз ше?!

                                           Ержан АЛАШТУҒАН

Газелла о воспоминании

Останься хоть тенью милой,
но память любви помилуй —
черешневый трепет нежный
в январской ночи кромешной.

Со смертью во сне бредовом
живу под одним я кровом.
И слёзы вьюнком медвяным
на гипсовом сердце вянут.

Глаза мои бродят сами,
глаза мои стали псами.
Всю ночь они бродят садом,
меж ягод, налитых ядом.

Дохнет ли ветрами стужа —
тюльпаном качнётся ужас,
а сумерки зимней рани
темнее больной герани.

И мёртвые ждут рассвета,
за дверью ночного бреда.
И дым пеленает белый
долину немого тела.

Под аркою нашей встречи
горят поминально свечи.
Развейся же тенью милой,
но память о ней помилуй.
(орыс тіліне аударған Анатолий Гелескул)

Естелік жайлы ғазал

Көңіл хошын таба алар көлеңке боп қалсаң да,
махаббаттың мирасын сала көрме сарсаңға –
құрсауында қап қойған қап-қараңғы түнінің
қаңтардағы нәп-нәзік қарашие дірілін.

Ажалменен алысып сан сандырақ түсімде
ғұмыр кешіп жатырмын бір  шаңырақ ішінде.
Көздің жасы хош иіс шырмауықша төгіліп,
гипс жүрек жұтқанда семіп тынар көміліп.

Көздерімнің өздері сенделгенде қаңғырып,
жабырқаулы жанарлар иттей болды әңгүдік.
Түні бойы бақ кезіп сандалғанда ну барлап,
заһар тұнған жидектер арасында уланбақ.

Қара желдің өтінде өліп түсер ызғар ма –
үрей көміп шайқалар, қиыларда қызғалдақ.
алагеуім сәтінде қошқыл тартар қыс таңы
қазтамақтың гүліндей дертке іліккен тұстағы.

Таңды күтер өлілер, ықыласы ырқында
сандырақтың түндегі есігінің сыртында.
Ақ түтінге ораған, құндағына бөлеген
жазираға жол тауып сол меңіреу денеден.

Доғал баған астында біз кездескен бұрынғы
жанып жатыр көп шырақ еске салып ғұмырды.
Көлеңкедей көрікті арқа-жарқа аттай бер,
тек ол жайлы жып-жылы естелікті сақтай гөр!

                                      Аударған Алаштуған

ПІКІРЛЕР5
Аноним 31.08.2020 | 23:30

Ержан Алаштуғанның oсы таныстырымынан кейін Гарсиа Лорканың қазақ оқырмандары мен жанкүйерлері көбейері анық!

Аноним 01.09.2020 | 17:29

Газет бетінде «Әлем әдебиеті» тақырыбынан оқу курсы ашылғандай, келесі тақырыпты күтіп отырамыз.

Аноним 01.09.2020 | 22:52

Бәрекелді, жаңалық деп осыны айт, күтіп жүретінмін, әлем әдебиетін берсе, мына ғаламторды пайдаланып, шетінен, кертіп, осындай ең үздіктерін, деп. Ержанды көргем жоқ, бірақ жап жас балларымыздай бала болуы керек. Бәр жақсы, осылай жалғастыра беріңдер. Тек мына аудармаңды тағы бір қара, жетпей жатқан тұстарын жеткізерсің. Жариялауға асықпа, жас кезде бәрімізі де солай болдық, джарыққа шығып кетуін қалаушы ек, шіркін… Бұл — жастық, оның лапылдаған оты, бұл өте дұрыс, солай болуы керек! Тек орыс Толик сияқылды қысқа жолмен, қысқа нұсқа етіп аударшы, керемет өлең, қазақ тілі нің оған қуаты жетеді. Мәселен меңіреу боп мүлгіген дала денесін ақ түтін құндағына бөледі,(жөргегіне орады) осы екнеуінің біреуін алу керек шығар… дегенмен, аударма , өлең бар..! Сәлеммен Баян Бекет апаң.

Аноним 02.09.2020 | 23:53

Черешня — қара шие ме?

Аноним 02.09.2020 | 23:56

Түпнұсқаның тым болмаса, бір шумағын көрсетші.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір