Дәурен ТІЛЕУХАН: АДАЛДЫҚҚА АРҚА СҮЙЕП КЕЛЕМ МЕН
11.08.2020
955
0

Тағдыр

Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп…
                                                Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

 

Ұғам сосын… Ақын болу дегенің –
Бал татыған бақытсыздық екен ғой…
                                                                Әділ БОТПАНОВ

 

Мекерлікте мың сан амал жатса да,

Мен Өлеңді қиғаным жоқ басқаға…

Көкірекке көктен түскен аппақ Нұр –

Жалынамын, жарты жолда тастама!

 

Шаршағанда миым қатқан мың ойдан,

Мән таба алмай мына өмірден мұңайғам…

Қандай бақты тіле дейсің, сен, енді,

Түн мен мұңға теліп қойған Құдайдан?!

 

Таңғажайып ертегідей ерке күн

аяқталды…

Таппай жүрек дерті емін.

Барлығының баянсызын білдірген –

Тағдырымның ең ежелгі серті – Өлім!

 

Нұрмен қуып қараңғыны көнерген,

«Мен өлмеймін!» десем,

маған сенер ме ең?!

Амалшыдан аулақ жүріп сол үшін –

Адалдыққа арқа сүйеп келем мен!

Ғасырларға естілсін деп ізгі үнім,

Жылтыр сөзден үмітімді үзді Мұң…

Баянсызда басқа қонған жалғыз бақ –

Қош келіпсің балдай БАҚЫТСЫЗДЫҒЫМ!

* * *

(Жүрегімді жаулаған бір қыз бар-тын)

Жатақхана…

Жарықшам…

Мұңлы ызғар…

Түн…

Байызы жоқ бозамық бұлттарымның,

Жабығынан сығалап жұлдыздар тұр.

 

Жұлдыздар тұр,

Дейтіндей: «қайда гүлің?..»

Шырақ етіп жартыкеш Ай жарығын —

Сарсаң ойға салынып қалдым енді,

Мұңын мұңдап қайдағы-жайдағының…

Майда самал сырымды алып қашып,

Талдырмаш бойжеткенге болып ғашық—

Көңілдер көктем әнін қатар шырқап,

Көшеде тұрдық талай қол ұстасып…

 

Жүруші ек жамандаған елді ескермей,

Болар ма барлық уақыт сол кештердей?..

Көрігі – көңіліммен үйлескендей,

Сезімі – сеніміммен селбескендей?

 

Жүрегін жарып шығып бар наласы –

Жылар, сосын жымияр,

Таң қаласың…

Қоштасу – қимастықтың ең ауыры,

Кездесу – сағыныштың жан-дауасы…

 

Ләззат тауып сол жайлы әр уайымнан,

Тата бергің келеді-ай балдай удан.

Жадау көңіл жадырап қалсын енді:

«Сүйейінші, жарығым, маңдайыңнан!..»

Алғашқы қар. Ақырғы кездесу

иә, солай…

«Ең бақытты жанмын», – деп ең.

Ақыры, жан жуылмай жаңбырменен –

Бәрібір арылмадың сағыныштан,

Бәрібір бағынбайды Тағдыр деген…

Ішінен мың сұлудың ұнап ең Сен!..

Бұл күн де бұлдыр тартып тынады ертең.

Танымай өтсең қазір жарар еді-ау,

Алдыңнан абайсызда шыға келсем.

Жанымды жылытпайды солмас үміт,

Жалғыз-ақ жүрегім бар –

Ол да суық…

Ешкімге айтпай кетсем, қандай жақсы ед,

Ешқайда апармайтын жолға шығып!..

Дауа тілеп жазылмас жан жарама,

Мен, бәлкім, ұмытармын сонда ғана…

Есер жел елесімді еске салса

Сен сонда жолға қара,

Қарға қара!

Сәттерді алып-ұшқан – алмастырар,

«Әттеңді» сағынышқа жалғастырар,

Ақырғы кездесудің куәгері

Түркістанға қар жауды –

Алғашқы қар!..

Өзекті өртегенде өмір – үстем,

Көңілім қалған кезде көп жүрістен:

«Есіл дүние ешқашан кірлетпеген

Ақ қардай бола алсам ғой» –

 Деймін іштен…

Амал не, көнбегенмен Тағдыр әсте,

Түседі ауық-ауық жаңбыр еске.

…Не дейін, сен де аман бол, қайран ару,

Қоштасқан Қарашада, қарлы кеште!..

 

* * *

…Ерке күннің елесіндей естегі –

Көркем бейнең көз алдымнан өшпеді…

Жүрегімді Жалғыздықта жоғалттым

Аяулым-ай, кеш мені!

Кірпігіңнен кірбің көріп күрсіндім,

Жанарыңда жатқаны ғой бір сырдың.

Екеумізге ендігі өмір – өкініш

екендігін білсін кім?!

Сені іздесем – мекеніңде Мұң жүрер,

Мені іздесең – тұнжыраған Түнді көр!..

Екеумізге ендігі өмір – өлмелі

екендігін кім білер?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір