ӘлемжәнеЕлбасы
06.07.2020
370
0

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – саяси аренада өз беделін қалыптастырған ірі тұлға. Елбасының туған күніне орай әлем көшбасшылары мен ел қайраткерлерінің сарабдал саясаткер туралы әр жылдарда айтқан пікірлерін ұсынып отырмыз.

Режеп Тайып ЕРДОҒАН, Түркия Президенті:

Нұрсұлтан Назарбаев – біздің заманымыздың ерекше тұлғасы және түркі әлемінің ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларын қолдаумен келеміз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі өте жоғары деп мақтанышпен айта аламыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас түрік халқымен қарым-қатынасты дамытуға, тұтастай түркі халықтарының бірлігіне қосқан үлесі зор.

Владимир ПУТИН, Ресей Федерациясының Президенті:

Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым «қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді?» деп ойлап тұрады.

Дональд ТРАМП, Америка Құрама Штаттарының Президенті:

Мен Президент мырзаға ЭКСПО-2017 арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жаһандық үнқатысуды ілгерілетудегі көрегендігі мен көшбасшылығы үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай нығая түсетініне үміттенемін.  

Си ЦЗИНЬПИН, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев екі елдің достығын нығайту үшін қаншама жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді.  

Ильхам ӘЛИЕВ, Әзірбайжан Республикасының Президенті:

Аймақтағы бейбітшілікке бағытталған Қазақстан басшылығының жүйелі дана саясаты көбіне қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Қазақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мемлекетке айналды. Сондықтан да аймақтық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңызы арта түсуде, ал біз бұл мемлекеттің жетістігіне әрқашан да қуаныштымыз. Мен Қазақстанның жаңа елордасын көріп, қарқынды құрылыспен салынып жатқан жаңа қаланың көркіне тәнті болдым.

 

Шыңғыс АЙТМАТОВ, Қырғыздың Халық жазушысы:

Нұрсұлтан Назарбаев – халықтың бағы.

Александр ЛУКАШЕНКО, Беларусь Республикасының Президенті:

Арамыздағы ашықтық пен сенімділікке құрылған диалогты жоғары бағалаймын. Бұл Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы достастық пен әріптестік қатынастардың нығаюына айтарлықтай ықпал етті. Елдеріміз түрлі салада көптеген болашағы жарқын жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Қазақстан – Беларусь ынтымақтастығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы интеграциялық үдерісті дамытуға жағдай туғызатын маңызды фактор болып табылады. Сіздің ауқымды әрі сан қырлы тәжірибеңіз мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың одан әрі кеңеюіне ықпал ететініне сенімдімін.

Джордж БУШ, АҚШ президенті (1989-1993):

Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан соңғы жылдары саяси және экономикалық реформаларда үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Осындай қиын жағдайда жеткен жетістіктер қажырлы еңбегіңіздің ақталғанын көрсетеді.  

Барак ОБАМА, АҚШ Президенті (2009-2017):

Нұрсұлтан Назарбаев – ядролық қауіпсіздік саласындағы әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі. Оның бастамасында Қазақстан – ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізудің керемет үлгісі бола алды.

Кофи АННАН, БҰҰ Бас хатшысы (1997-2006):

Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл мемлекетте экономикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемлекеттің үлгісіне айнала алды. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бойынша жаһандық талпыныстарға елеулі үлес қосты.

Пан Ги Мун, БҰҰ Бас хатшысы (2007-2016):

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін сіз сол елдің көшбасшысы ретінде ядролық қарудан бас тартып, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі бастаманы жүзеге асыру туралы саналы әрі көреген шешім қабылдадыңыз. Сіз БҰҰ-ның Непал мен Ирактағы бітімгершілік қызметіне де қол ұшын беріп, БҰҰ-ның арнаулы қорлары мен бағдарламаларын материалдық ресурстармен қамтамасыз еттіңіз.

Маргарет ТЭТЧЕР, Ұлыбритания Премьер-министрі (1979-1990):

Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын.

Ли Куан Ю, Сингапур Республикасының бірінші премьер-министрі (1959-1990):

Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады.  

Жак ШИРАК, Франция Республикасының Президенті (1995-2007):

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның екпінді экономикалық дамуы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі және оның қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатының нәтижесі. Аталған саясат пен дамудың арқасында Қазақстан Еуропада танымал болды.

Абдуллаһ ГҮЛ, Түркия Республикасының Президенті (2007-2014):

Менің сүйікті досым Президент Нұрсұлтан Назарбаев – Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ауқымды үлес қосып келе жатқан ірі мемлекет қайраткері. Біз Орта Азия бойынша Қазақстан астанасында Ататүрік ескерткішінің ашылуын мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, көршілес Ресеймен мемлекеттік шекарасын бекемдеді, энергетика саласын дамытуда. Бүгінгі Қазақстан – өңірлік көшбасшы. Бүкіл түркі әлемі Нұрсұлтан Назарбаевты өзінің көшбасшысы ретінде таниды және оның бауырлас түркі халықтарын біріктіру, ортақ тарихты зерттеу, мәдени байланыстарды дамыту бойынша бастамаларын жоғары бағалайды. Осыған орай мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Түркияның жоғары мемлекеттік марапатымен марапаттадым.

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын:

Даналық даңғыл жолдан бұрылмайды,

Жеңістен қуаныш туындайды.

Халықтың махаббаты Сізге қуат,

Шын сүйген жүрек әсте суынбайды.

Бәйкен ӘШІМОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

Нұрсұлтан Әбішұлының Магниткада горновой бола жүріп, оттың ортасында шынығып, шыңдалғаны белгілі. Елбасымыз сонымен бірге сан түрлі адамдардың, сан түрлі ұлттардың басы тоғысқан жерде жұмыс істеу арқылы да ерекше шынықты. Шығыс пен Батыстың дүниетанымын қатар сезініп тағы шынықты. Екі қоғам, екі жүйе оны заманның көрігіне салып тағы шынықтырды. Осының арқасында біз қазір бүкіл әлем білетін, алыс та, жақын да мойындайтын, санасатын, сыйлайтын басшыға ие болып отырмыз.

Фариза Оңғарсынова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігіне, қажыр-қайратына, білімі мен елге қызмет етуге даярлығына ешкім шүбә келтіре қоймас. Әуелі Елбасының халқына көрсеткен қызметі, сіңірген еңбегі туралы айтудың реті келіп тұр. Мен Елбасыны жөнді-жөнсіз мадақтай беруге қарсымын. Қазақтың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөзін де жоққа шығармаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсылыстарынан оқ бойы озық тұрғаны, Қазақстанның мемлекеттігін қалыптастыруға ерен еңбек еткені – шындық. Мұны мойындау керек. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаев – бір қоғамнан екінші қоғам тудырған адам. Бұл ойды мен бұрын да айтып жүрмін. Бір қоғам екінші қоғамға ауысар тұста еліне дұрыс жол нұсқап, бәсекеге қабілетті мемлекет жасауға бастады. Барша Қазақстан халқы – бір ұлт. Елбасының соңғы жылдары сөйлеген сөздерінен, жасаған баяндамаларынан осындай ойды жеткізгісі келетіндігі байқалады.

Мырзатай Жолдасбеков, ғалым:

Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етіп, осыншама құдіретті жасап беріп отырған Елбасының кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады.

Әлібек Асқаров, жазушы:

Тәуелсіздік асуларын баяндай келіп, еліміздің көшін бастаған, реформаларды табандылықпен жүргізе білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерен деп айтуымыз керек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихымыздың өте бір күрделі кезеңінде егемендігіміздің туын көтеріп, мемлекетімізді басқару ісінде кемеңгерлігін көрсете білген қайраткер. Оның сарабдал саясаты Қазақстан жұртының қол жеткізген жетістіктерінің демеушісі һәм жебеушісі болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір