Габриела Мистраль
31.07.2020
846
0

«Верую в сердце моё, в эту ветку душистую, –
Дышит Господь на нее и колышет в тени,
Жизнь наполняет дыханьем любви, и становятся
Благословенными дни…»
Габриела Мистраль, «Кредо»
(орыс тілінен аударған Н.Ванханен).

«Өз жүрегіме сенгем мен, аңқыған жұпар өскін бұл,
Тәңірдің өзі дем берген, саялы тұста тербелген,
Махаббат нәрі ем берген ғұмырға, бөлек кештім күн
Баталы бағы зерленген…»
Аударған Алаштуған

«Өз жүрегіне сенімін» өміріне серік етіп өткерген Габриела Мистраль (тумысынан Лусила де Мариа дель Перпетуо Сокорро Годой Алькайяга) 1889 жылы сәуір айының жетісі күні Чилидегі Анды тауының шатқалдарындағы шағын ауыл Викуньяда, осы өңірдің түпкілікті ұлт өкілі (Анды үндісі) Херонимо Годой Вийануэва мен баск қызы Петронила Алькайяга де Молинаның шаңырағында дүниеге келген. Әкесі Херонимо, Ля-Юнион елді мекеніндегі мектепте мұғалім болғанына қарамастан, «мейрамдатқан» менестрельдік (испанша-pallador, «қаңғыбас ақын» мағынасында) ғұмыр салтын ұстанып, серілік құрып, сергелдеңге түскен нағыз кезбенің өзі еді. Лусила үш жасқа толғанда, әбден ішкілікке салынып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп үйренген әкесі, үй-жай, бала-шағасын біржола тастап кете барды. Лусила, анасымен және анасынан бір туған апайы Эмелинамен (әкелері бөлек) бірге жоқшылық пен күйбең тірліктің күйзелісінде қалғандықтан, бұл байғұстардың жиі көшіп-қонуына тура келді. Ақырында, 1892 жылы бұл үйелмен Монте-Гранде қалашығына тұрақтайды. Табиғатының сұлулығы мен адамдарының мейірімділігі Лусиланың сәби жүрегін жаулап алғаны соншалық, көп жылдар өткен соң, әлемге танымал тұлғаға айналған шағында, дүниеден озғанда өзін осы қалада жерлеуді аманаттаған екен!
1900 жылы он бір жасар Лусила қыздарға арналған орта мектептен білім алу үшін туған жері Викуньяға аттанады. Бұл мектепте жүрген кезінде жазықсыз жалаға ұрынған жеткіншек қыз («ұрлық жасады» деген айыптың негізсіздігі дәлелденген!) енді мұнда оқудан бас тартады. Олар алдымен әжесінің ауылы Ля-Серенаға, кейінірек теңіз жағасында жайғасқан портты қала Кокимбоға (Компанья Бажа) қоныс аударуға мәжбүр болады. Анасы тігінші болып, апайы Эмелина мұғалім ретінде табыс тауып, жағдайлары біршама түзелгендіктен, ақындық қабілеті ерте байқалған Лусиланың шығармашылықпен айналысуына барша мүмкіндік жасалады. 1903 жылдан бастап жергілікті «Diario Radical», «Las Vos de Elqui» басылымдары жас ақынның балғын жырларын жарыса жариялайды. Жыл бойы әртүрлі жасырын аттармен жарияланып келген ақын қыз, 1904 жылы «Эль Кокимбо» газетіне «Түстер», «Жалғыздық құпиясы», «Теңіздер» атты үш өлеңін ұсынады. Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, дәл осы өлеңдерден Мистральдің нағыз ақындық жолы басталған екен.
Он бес жасынан мұғалімнің көмекшісі болып еңбекке ерте араласқан Лусила, өлеңмен қатар публицистиканы да алып жүреді. Сол кездің өзінде ағартушылық, саясат, әйелдер құқығы секілді аса өткір тақырыптарға қалам тартып, қаламгер ретінде шеберлігін шыңдай түседі. Ля-Кантера ауылында мектепте қызмет істеп жүрген он сегіз жасар Лусила, 1907 жылы Ромелио Урето есімді жас жігітке атастырылады. Екі жыл өткенде «күйеу жігіт» өз-өзіне қол салып, ақын қыздың өмірінде кезекті келеңсіз кезең басталады. Оның үстіне марқұмның қалтасынан табылған қыздың фотосуреті мен оған арналған Ромелионың хаты, жұртшылықтың желбуаз әңгімелерінің арқауына айналған еді. 1914 жылы Чилидің астанасы Сантьягода өткен әдебиет сайысында бас жүлдеге ие болған «Өлім сонеттері» осы оқиғаның негізінде дүниеген келген-ді. Алып-қашпа әңгіме, жел сөзден шаршаған Лусила тура сол сәттен бастап Габриела Мистраль болып, әлем әдебиетінің жаңа жұлдызы жанды…
Осы атты таңдауына Кәрі Құрлықтың қос ақынының есім-сойлары себеп болды. Біреуі италиялық ақсүйек ақын, драматург, жазушы һәм саяси қайраткер Габриеле д’Аннунцио болса, екіншісі француз ақыны, лексикограф, Нобель сыйлығының иегеріт (1904 ж.), «фелибриж» қозғалысының негізін қалаушы (окситан тілінде жазатын дәстүрлі прованс әдебиетінің жанашырларының қозғалысының іргетасын Жозеф Руманиль екеуі қалаған) Фредерик Мистраль еді.
Төрт жылдық біліміне қарамастан, апайы Эмелинадан сабақ алған зерек қыз көп оқып, толассыз ізденуінің арқасында 1910 жылы мұғалімдік дипломға қол жеткізеді. Оған басылымдарда үздіксіз жарияланып жатқан жырлары мен мақалалары да оң ықпалын тигізгені анық. Ла-Серена, Антофагаста, Барранкас, Лос-Анд, Пунта-Аренас сияқты елді мекендерде әртүрлі қызметтер атқарған ақын, 1918 жылы Чилидің болашақ президенті Агирре Сердамен танысады. Соның нұсқауымен Темукодағы қыздар лицейіне басшы болып барған Мистраль, жергілікті әдебиет ұйымының басшысы, он алты жасар Пабло Нерудамен танысады. Ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасынан басталған бұл таныстық достықты да, түсініспеушілікті де өткеріп, ұзақ жылдарға созылған шығармашылық бәсекелестікке ұласарын кім білген?! Күні бүгінге дейін қос кемеңгердің есімі қатар аталады.
1921 жылы Сантьягодағы ұлттық лицейдің басшысы болып жүргенінде, Чилиде жоғары білімі жоқ адамдардың ондай лауазымда болуына тыйым салатын заң қабылданып, Мексиканың білім министрі Хосе Васконселостың шақыруымен Мехикоға аттанған ақын, сол елдің мектептері мен кітапхана жүйесін реформалауды заманауи, ең озық үрдістерді пайдалана отырып іске асырған екен. Осы еңбегінің арқасында ол Чилидің ғана емес, Мексиканың да тарихында ең танымал қайраткерге айналды. Мексикаға кетерінің алдында Мистраль Америка Құрама Штаттарының ең мықты оқу ордасы саналатын Колумбия университетінің профессоры Федерико де Ониспен танысып, келесі жылы Колумбия университетінің жанындағы Испан институтының баспасынан ақынның тұңғыш жинағы «Үмітсіздік» жарық көреді. Бұл жинақтың испантілді оқырмандарға ғана емес, бүкіл әлемдегі әдебиетсүйер қауымға тез арада таралып, аса танымал кітапқа айналуы әбден заңды еді. Отанға сүйіспеншілік, адам тағдырының сан түрлі суреттері, Латын Америкасы үндістерінің ауыр жағдайы мен дүниетанымы тақырыптарынан бөлек, табиғат құбылыстары мен ішкі күйді астастыра, бір сәттік көңілдің көрінісін өмірдің өзімен, адамның болмысымен бітістіре, көркемдік өрнектерін келістіре кейіптеудің, әлемдік поэзиядағы адамның жан дүниесінің дауысын жеткізудің жаңа да дара үлгісі еді бұл жырлар. Мұндай үні бөлек, жаны жұмбақ, ойы ұшқыр жырларды, заманынан озық үрдістерді, қарымы қуатты, қалыбы тың поэзия патшайымын әлем әдебиетінде Леся Украинкадан (Украина), Марина Цветаевадан (Ресей), Элизабет Бишоптан (АҚШ) және қазақтың Фаризасынан танимыз (қай жерде болмасын дәлелдеуге дайынмын!)…
Бірінші жинағы жарық көрген Мистраль, Мексика үндістерінің қоныстарын аралап, олардың тарихына, дүниетанымына қатысты деректерді, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинақтайды. Мексикадан кейін ақын дүние жүзін алғашында саяхатшы ретінде шарлап шықса, кейіннен өз елінің елшіліктерінде әртүрлі қызметтерде Америка Құрама Штаттарында, Испанияда, Италияда, Швейцарияда болады. Дарынды дипломат, қарымды қайраткер Габриела Мистраль Ұлттар Лигасында да, ол ұйымның мұрагері Біріккен Ұлттар Ұйымында да Чилидің тұрақты өкілі лауазымында болған.
Ақынның екінші жинағы «Нәзіктік» («Ternura») 1924 жылы жарық көрді. Мұндағы ақын Мистраль басқа қырынан көрінеді. Ана бақытына ие бола алмаған әйел қайғысын, жалпы әйел затының мұң-зарын еш жасырмастан жайып салған жырлары бұл жолы да әлемдегі барша оқырмандарының «ауыздарын аштырып, көздерін жұмдырады». Суреткер ретінде де асығы алшысынан түскен кейіпкеріміз, бұл жинағында дәстүрлі испантілді поэзияның шекараларын бұзып шығып, рәмізшілдік пен фольклордың, модернизм мен романтизмнің аса сәтті симбиозын жасай алды.
Бұған дейін де, бұдан кейін де талай жерде консулдық қызметте болған ақын 1926 жылы Ұлттар Лигасының Зияткерлік қатынастар комитетіне қызметке, Парижге шақырылады. Негізгі міндеті латынамерикалық авторлардың Еуропада жариялануын іріктеу болған Мистраль, сол кезде Сайгондағы Чилидің консулы қызметінде жүрген Пабло Неруданың шығармаларын барынша насихаттап бағады. 1923 жылы Испан мәдениетінің профессоры дәрежесін иеленген ақын, екі жыл аралығында (1930-1931ж.ж.) Колумбия университетінде, Барнард колледжінде, Вассар және Милдбери колледждерінде, Пуэрто-Рико университетінде дәріс беріп, қызмет жолын Лиссабон, Рим, Мадрид, Париж, Рио-де-Жанейро қалаларындағы Чилидің консулы болып жалғастырады.
1938 жылы ақынның үшінші жинағы «Жойылу» («Tala») басылып шығады. Испания халқының азамат соғысында тартқан зардабы, жалпы соғыс пен бейбітшілік ұғымдары, сүйіспеншілік пен сатқындық, мейірім мен жауыздық, адам санасындағы болып жататын өзгерістер, жан дертінің дауасыздығы сияқты күрделі тақырыптар осынау жыр жинағының тұғырлы ұстанымдарына айналған еді. «Қос періште», «Қорлау», «Болашақ», «Мұңлы Құдай», «Ұстаным» секілді ғажап туындылары осы жинаққа енген екен. Дәл осы жинағындағы шығармалары үшін Латын Америкасы қаламгерлерінің ішінде бірінші және әлемдегі әйел қаламгерлер арасында бесінші болып, 1945 жылы Габриела Мистраль әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері атанады. «Шынайы сезімнің жыршысына» деген алтын әріптермен таңбаланған сыйлық иегерінің болмысында бір емес, екі адамның тұлғасы, кейде бірнеше адамның табиғаты бой көрсетіп жататыны жасырын емес. Ол жайында көп жазылды да. 1942 жылы Бразилияда консулдық қызметте жүргенінде орын алған оқиға, Еуропада фашистердің қолынан геноцидке ұшырап жатқан еврей ұлтының қасыретін өз қайғысындай қабылдаған достары Стефан Цвейг пен оның әйелінің өлімі, араға бір жарым жыл салып, тура сондай жағдайда он сегіз жасар жиені Хуан Мигельдің өмірмен қош айтысуы ақынның жүрегіне жік, жүйкесіне жүк салды. Олардың үшеуінің де өз-өздеріне қол салғандығы ақын қайғысын еселей түсті. Қыршын кеткен бозұланның шындығында ақынның өз перзенті болған—ын 1967 жылы жарық көрген естеліктерінде құрбысы Дорис Дана атап өткен екен. Өзі жастайынан үндістердің дүниетанымын католик дінінің құндылықтарынан жоғары қойған ақынды қоғамның қатаң кағидалары некесіз туған перзентін жасыруға мәжбүрлегені белгілі. Балалық шағынан жағымсыз кейіпкер ретінде есінде қалған католик шіркеуінің капелланы Игнасио Мунизагадан бастап, өзі қабылдауында болған Рим Папасы да ақынның жанына жақсы әсер қалдырмаған екен. «Мен Сіз үшін не істей аламын?» – деп сұраған Пападан, ақын дүниедегі ең шерменде нәсіл үндістерге көмектесуін өтінеді. Сөйтсе, Рим Папасы: «Америкада үндістер әлі де бар ма еді?» – деп таңданғанда, түңіліп кеткен Мистраль, бұл кездесуге барғанына қатты өкініш білдіріпті.
Осы аталған жағдайлардың барлығы, қала берді, ақынның адам ақылынан тысқары, Жаратушыға ғана мәлім жұмбақ табиғаты жоғарыда айтып өткен жан дүниесіндегі арпалыс пен санасындағы кереғарлыққа алып келгені анық-ты. Әкесінен ақындықты қанымен қабылдаған Габриела Мистраль мен әкесінен тірідей жетім қалған ойын баласы Лусиланың ішкі күресі, төрт жылдық білім алған үндіс қызы мен Нобель сыйлығының иегері, бірнеше оқу ордаларының профессоры, кемеңгер тұлға арасындағы арпалысқа ұласып, ақынның жан күйзелісін күрделендіре түскен еді.
Поль Валеридің сын мақаласына қатты шамданған, кезінде өзі жайлы ғайбат сөзді өршіткен Темпуко қаласының тұрғындарын кешіре алмаған ақынға, қоғамы қанша жерден «кекшіл» деп айдар тақса да, ол нағыз мейірімді, үлкен жүректі адам болды. Швед патшасы Густавтың қолынан әлемдегі ең танымал сыйлықты алып, Чилидің елді мекендерінің біразын аралағанда, Темпукоға тоқтамағандығын Пабло Неруда ақын өлгеннен кейін де сөз еткенімен, Рикардо Рейестің (Неруданың шын аты) басына күн туғанда одан бас тартпаған, қиыншылықта қол ұшын созып, барынша қорғаған төрт адамның негізгісі де осы Габриела Мистраль (П.Пикассо, П.Элюар, Л.Арагон үшеуі ақынды қолдаған) еді. Сөйткен Пабло Неруданың өзі де 1972 жылы Нобель сыйлығына қол жеткізеді.
Өзінің алғашқы жинағының кіріспесінде: «Бұл ащы кітабым үшін Құдай мені кешірсін! Өмірі мен жаны тәтті адамдар, сендер де кешіріммен қараңдар», – дейді ақын. Осы сөздері көп жайды аңғартса керек. Ақынның ең соңғы жинағы «Талқы» («Lagar») 1954 жылы жарық көрді. Өз басым бұл кітабын «қаралы кітап» деп таныдым. Себебі бұл жинақтағы жырларының баршасы дерлік Цвейгтердің, Хуан Мигельдің өлімдеріне бағышталған. Азын-аулақ басқа туындыларының өзі көрген қасіреттері мен қуғынды, адамзат баласының қатыгездігі мен сатқындығы сынды тақырыптарды сөз етеді. Тағы бір тоқталатын тұсы, ақынның төрт жинағының соңғысы ғана өз отанында жарық көрген. Чилидің мемлекеттік сыйлығына да Габриела Мистраль тек 1951 жылы ғана ие болған. Бұл жайында Ю.Чернявская «Нобель рамкасындағы әйел портреті» мақаласында: «… Кішкентай болса да өр келетін мемлекеттердің, суреткерді басқа елдер «тісіне басып» көрсін, үлкен әрі беделді астаналар тексеріп қарасын дейтін әдеті бар. Ал содан кейін, ажалы жетіп, бұл шатақ мінезді суреткердің енді ешқандай қауіп төндірмейтіні анықталған соң, оны мақтан тұтуға да болады, бейнесін ақша мен маркаға баса берсе де артық емес», – дейді. Таныс жағдай ма?!
1954 жылы Г.Мистраль соңғы рет отанында болып, Президент сарайының алдында ұлтқа үндеуін арнаған екен. Сол сәтте 200 мыңнан астам чилиліктер тапжылмай тыңдап тұрыпты. Ақын 1957 жылы қаңтар айының оны күні Нью-Йоркте ауруханада көз жұмды. Оның сырқаттары бір басына жетіп, артыларлықтай бар еді. Ол дүниеден озған соң, оның есімін әлем бойынша сансыз көшелер мен оқу орындарына, мәдениет ошақтары мен аспан денелеріне беріп жатты. Сол құрметтің бәрінен биік бір атағы бар… «Чилидің Ұлт Анасы!»
Г.Мистраль мұрасын Л.Хьюз, Ф.Алегриа, М.Арсе де Васкес, М.Бейтс, М.Адаме, А.Ортис-Варгас, Л.Хорева, С.Павон, Я.Гульберг секілді ғалымдар мен әдебиет сыншылары зерт­теген. Оның туындылары әлем халықтарының негізгі тілдерінің баршасына аударылған десек, еш қателеспейміз. Кеңес одағында Мистраль мұрасы О.Савичтің құрастыруымен ақын дүниеден өткеніне алты жыл толғанда, 1963 жылы «Лирика» деген атпен жарыққа шықты. Бұл жинаққа «Америка», «Балалық», «Бесік жырлары», «Дерт», Ғұмыр» атты бес бөлімнен тұратын ең таңдаулы өлеңдерінен бөлек, «Прозамен жазылған поэмалар» айдарымен «Аналар поэмасы», «Ең азалы ананың дастаны», «Ұстаз дұғасы», «Қарғыс атқан сөз» қатарлы эсселері топтастырылған. Кітаптың алғысөзін дайындаған да, көркем аудармасын жасаған да О.Савичтің өзі. Орыс тілінде аудармаларының көптігіне қарамастан, И.Лиснянскаяның нұсқасындағы аудармалардың бір басқа биік тұрғандығын атап өткенді жөн көрдім.
Аталмыш жинақтан тура алты жылдан кейін, Әділбек Абайділданов әкеміз Г.Мистраль мен П.Неруда өлеңдерінің көркем аудармаларын, 1969 жылы «Жазушы» баспасы шығарған «Латын Америкасының ақындары» деген жинақта жариялаған екен. Кейінгі буыннан ақын өлеңдерінің біразын ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақынды атап өткен орынды.
Ақынның отанында оның өлеңдерін білмейтін адамды кездестіруіңіз екіталай. Ю.Чернявская айтқандай: «Чилиліктер сенде Габриела бар ма?» деп сұраса, ақын суреті кескінделген 5000 песоны емес, оның кітабын айтып тұрғанын ойда ұстау керек…»
1945 жылы Нобель сыйлығының тапсыру салтанатында швед академигі Яльмар Гульберг былай деген екен: «Латын Америкасының аса бай әдебиетінің лайықты бағасын беріп тұрып, оның нағыз патшайымын, аза мен ананың ұлы жыршысына айналған «Үмітсіздіктің» туындыгерінің алдында басымызды игеніміз абзал… « Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан Алаштуған

Медленный дождь

Дождь боязлив и беспомощен,
Словно ребёнок больной,
Изнемогает, приблизившись
К почве земной.

Смолкли и ветер, и дерево,
И в безупречной тиши
Дождь, словно плач неутешенной
Нежной души.

Небо, как сердце огромное,
В горе раскрытое вновь.
Это не дождь, это медленно
Падает кровь.

Люди в домах и не чувствуют
Горькой небесной беды,
Что с высоты опускается
В виде воды.

Призвана влага разьятая
Долго и медленно течь,
Чтобы на землю дремотную,
Чуждую лечь.

Дождь… Как шакал обезумевший,
Мрак притаился в горах.
Что же земле уготовано
Нынче впотьмах?

Можно ли спать, если падает
С вечера и до утра
Эта вода, эта кровная
Смерти сестра?

Габриела Мистраль (орыс тіліне аударған И.Лиснянская).

 

Баяу жаңбыр

Сиқындай сырқат баланың,
Жаңбыр тым үркек, дәрменсіз,
Өберде жердің жамалын,
Қалар әл-демсіз.

Тынған жел, үнсіз тал, қайың,
Тыншытып түгел тастаған
Жаңбыр, ең нәзік жандайын
Мауқын баспаған.

Аспан, бір алып жүректей,
Қайғыда қайта қарманған.
Жаңбыр емес бұл, үдетпей,
Баяу тамған қан.

Адамдар сезбес үйінде
Аспанның ащы шерлерін
Биіктен судың күйінде
Ненің төнгенін.

Бөлінсе ылғал дүр кілең,
Ұзақ та баяу басқанда-ақ,
Жат жерге қалғып-мүлгіген,
Жата-жастанбақ.

Жауын… Құтырған шілбөрі,
Түнек те түнеп тауларда.
Жасақтап жерге жүр нені,
Жарық ауғанда?

Ұйықтарсың калай, төгілген
Таңға ұзақ кештен, су мына
Қарындас болып, өліммен
Қандас туды ма?!

Аударған Алаштуған

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір