БЕСІНШІ САУАЛ
30.07.2020
118
1

Адамзат баласы өзінің даму тарихында әртүрлі кезеңдерді бастан өткеріп келеді. Қанқұйлы соғыстар мен ізгіліктен ада оқиғалар да адамзат тарихына тән. «Талғам-таразы» айдарының қонағы Батырхан Сәрсенхан ұлы ойшыл Шәкәрімнің басты сауалын алға тарта отырып, ғасырлар қойнауындағы  қатігездіктерге ой жүгіртеді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының 1912 жылы «Айқап» журналында «Білімділерге бес сауал» атты мақаласы жарық көрді. Біз бүгін ақынның бесінші сауалы жайлы ой қозғауды жөн көрдік. Яғни: «Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма?»

Әлбетте, «бүгінде бар жамандық жер бетіне шықты, ақырзаман жақындады немесе бұрынғы адамдар ақиқатшыл, әулие кейіптес болған, қазіргі адамдар тым ұсақшыл, бұзылып барады» деген сөздерді жиі естейміз. Кейде өткеннің бәрі сүйкімді болып елестейтіні де жасырын емес. Ендеше, ойымыз түсінікті болуы үшін ежелгі ғасырларға назар салалық.

Түркінің «Бабырнама», «Тарихи Рашиди», «Шежірелер жинағы» аңыз, қисса, дастандарынан немесе Шыңғыс хан, Ақсақ Темір жайлы тарихнамалардан қорған болып үйілген адам бастары мен өзен болып аққан қан бейнесін кезіктіруге болады. Осы тұста көптеген Еуропалық жазбалар Түркілерді жабайы өркениет қалыптастырушылар, зұлымдық пен қатігездіктің көсемдері ретінде сомдап жатады. Тіпті әйгілі Достаевскийдің шығармаларынан бұл үрдісті байқау қиын емес.

Ал Еуропалық өркениеттің бастауы саналған әртүрлі тайпаларға көз жіберелік. Егер сіздің жүрек талмаңыз бар болса, не тым уайымшыл болсаңыз ары қарай оқуға кеңес бермес едім.

Өткен мыңжылдықта адамзат баласы кісі сенгісіз құралдар мен жан түршігерлік азаптау түрлерін ойлап тапты. Мәселен, кергішпен азаптау түрі.  Бұл қинау түрі Ежелгі Грекияда қолданылған. Адамды жатқызып, екі қолы мен екі аяғын әр тарапқа тартқан шақта, жазаланушының құлын даусы көкті тітіреткен деседі. Ал «Иуданың бесігі» әдісі ­ Ежелгі Римде пайда болып, орта ғасырда үлкен танымалдылыққа ие болған. «Иуданың бесігі» атауының өзі католиктік Еуропа тұрғындарының зәресін ұшырған. Айыпталушыны алдымен аяқ-қолын қимылдамастай етіп байлап, пирамида секілді үштік ағашқа отырғызатын болған. «Мыс бұқа» әдісі де ежелгі Грекияда ойлап табылған. Мыстан бұқа кейіптес мүсін соғылып, ішіне (қарнына) жазаланушыны жатқызған. Мұнан соң астынан біртіндеп от жағып, азапкерді ыстыққа қақтап бақиға аттандырған.

Ал көне Ассириялық әскерлер үшін адам етін жеу үйреншікті дағды іспеттес көрінген. Жаулап алған ел тұрғындарының  терісін сыпырып, бағана бұрышына шегелеген. Күнбе-күн сол орыннан қажетті етін кесіп алып, тамақтанып жүрген.

Мая тайпасы өзге жасақтарға бір ғана мақсатпен шабуылдаған. Яғни мақсат: тайпа арасынан құрбандық тауып, кеудесін арнайы істікпен жарып, соғып тұрған жүректі суырып алу, осылайша құрбандық рәсімін өткізу. Жаңа Зеландияның түпкі ата-бабалалары саналатын Маори тайпасы адам жегіштігімен даңқы шыққан. Соғысқұмар тайпа өкілдері көршілес елдерді жаулап алудан жалықпай, үнемі майдан ашып отырған. Бағындырған тайпа адамдарын өлтіріп, еттерін жейтін дағдыларынан танбаған.

Өткен мыңжылдықта мұндай қатігездік түрлері көптеп танылады. Ал жаңа ғасыр ше? Мәдениет тоғысы мен техниканың дамуы адамзат баласының ішкі потенциалын өсіре алды ма? Әлде ғимараттар зау көкке шырқаған сайын ізгілік төмен тартып бара ма?

Қараңыз, І дүниежүзілік соғыс салдарынан 10 миллион адам көз жұмып, 55 миллионға жуық адам жарақат алған. Ал ІІ дүниежүзілік соғыстан бір ғана Кеңес одағы 26,6 миллион адамын жоғалтты. Мың емес, миллион.  Сириядағы азаматтық соғыстан 370 мың адам көз жұмғаны нақтыланған. Оның 13 мыңы әйелдер болса, 21 мыңы – жас балалар…

2001 жылы 11 қыркүйектегі  АҚШ-та орын алған жан шырқырарлық  террорлық аппаттан 2977 адам көз жұмып, 24 адам із-түссіз жоғалған. Ал әлемге әйгілі Хиросима-Нагасаки оқиғасынан 246 мыңға жуық адам шығыны болғаны белгілі. XX ғасырда Қазақ халқының басынан өткен нәубет те жаңа заманның көрсеткіші бола алмақ.

Әрине, мұның бәрі де кісі қолымен жүзеге асып отырған жайттар. Немесе ежелгі үрдістердің біршама дамыған түрі. Біз өткен мен бүгінді қысқаша сараптай келе, Шәкәрім қажыға жауабымыз: адамның адамшылығы қай кезеңде де гармониялық тепе-теңдікте. Бұрын қалай болса, бүгін де солай. Бүгін қалай болса, ертең де солай болмақ. Ақ пен қара, от пен су, әлсіз бен күшті, бар мен жоқ, Фауст пен Мефистофель  күресі ешқашан бітпек емес.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.07.2020 | 23:06

Авторы кім?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір