ЖЕТІСУ ЖАРТАС СУРЕТТЕРІ
31.07.2020
7830
4

Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің баба­ла­ры­мыз­дың өз заманындағы ең озық, ең үздік тех­нологиялық жаңалықтарға тікелей қа­тысы бар екенін айғақтайды. Бұл жә­дігерлер Ұлы даланың жаһандық та­рих­тағы орнына тың көзқараспен қарауға мүм­кіндік береді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан.

 Барлап қарасақ, бабаларымыз еншіге қалдырған ұлан-байтақ даламыз – тірі галерея. Басқасын айтпай-ақ қоялық, Жетісу жеріне тән Іле өзенінің аңғары мен Жоңғар Алатауының құз-қияларындағы, тіпті ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген Тамғалы шатқалындағы тастарда 5000-нан астам сурет бар. Олар біздің жыл санауымыздан бұрынғы ХІV – ХVІІІ ғасырдың ортасы мен ХІХ – ХХ жүзжылдық арасындағы халықтық таным мен пайымынан сыр шертуде. Егер біз осы тастардағы суретті тереңдей зерделейтін болсақ, салиқалы өнердің салмақты заңдылығына кездесеміз.

 Символдарға толы суреттер

Айталық, ондағы бейнелердің бәрі пикетаж техникасында, кейбірінің темір аспаптың немесе таспен ойып салынғанын байқаймыз. Тастағы суреттер галереясын арғы ата-бабаларымыз орта қола, кеш қола, өтпелі дәуір (ертедегі сақ), ертедегі темір дәуірі (сақ пен үйсін), орта ғасыр (ертедегі түрік) және жаңа заман (жоңғар және қазақ) сияқты әртүрлі тарихи дәуірде жасаған. Тамғалыдағы тастағы суреттердің көне және ең әсерлі сериясын құрайтын, орта қола дәуірдің петроглифтары эстетикалық және мәдени құндылықтарға бай. Сол кездегі тастағы бейнелеу өнерінің шеберлерін солярий құдіреті («күнбастылар»), «маскарадшылар», шоқпар ұстаушылар, қасқыр маскасындағы садақшылар, қару ұстаған жауынгерлер, мал мен адамды құрбандыққа шалу көріністері, эротикалық көріністер, жас босанған әйелдер, арбалар, түрлі белгілер, символдар, сондай-ақ бұқаларды, қабандарды, аттарды, түйелерді, бұғыларды бірнеше рет бейнелеу сияқты ойларының кеңдігі ерекшеленіп тұрады.

Тастағы суреттердің ғылыми-танымдық негіздері де жеткілікті. Ұқыптап қарайтын болсақ, одан ежелгі палеолит дәуірінде ордос адамдары молынан аулап алатын жалғыз тұяқты шудалы бизон, терістіктің дәу бұғысы амаонот, сирендерия аталатын теңіз сиырынан басқа, динозавр, пілге ұқсайтын апатазаур, бауырымен жорғалап ұша алатын бтуазр, бөкенге ұқсайтын гадзаурлардан басқа да түр-тұлғасы беймәлім хайуандар көптеп кездеседі. Тіпті, халықтық көркемөнермен қатысты жартас суреттеріндегі шеберлік, қарапайым сызылған адам тұрқы және ұзын көйлек киген әйелдер бейнесі, тасқа бедерленген ру-тайпалардың таңбасы, адам, жылқы, сиыр, бұғы, керуен, ағаш, өсімдік, құстардың суреттері үлкен шеберлік пен табандылықтың және жоғары деңгейдегі талғампаздығын көрсетеді.

Ежелгі Жетісуды әр кезеңде мекендеген бағзы жұрттың тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімінен хабар беретін мұралар жиынтығы Алматы қаласынан 170 шақырым солтүстік-батыста, Мәтібұлақ селолық округіне қарасты Қарабастау ауылы маңында орналасқан. Жұрт оны бүгінде «Таңбалы тас» деген атаумен қабылдайды. Жалпы ауданы 3800 гектарды алып жатқан аумақ бейне бір ашық аспан астындағы алып көрме іспетті. Мұнда әртүрлі дәуірге тән жүзден астам ескерткіш бар. Олар қола дәуірінен бастап біздің заманымызға дейінгі ғасырларды және кейінгі жыл санауымызды қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және құлшылық ғимараттары. Олардың бәрі бірігіп, бірнеше мың жыл бойы осы жерді мекендеген ертедегі және кейінгі кездегі халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен құрайды. Мұндағы негізгі жәдігер – жақпар тастар бетіндегі үш мыңға жуық петроглиф. Жартасқа қашап салынған сансыз суреттер галереясы негізінен қола дәуіріне тән.

Күнге табынудың құпиясы

  Бүгінгі  бейнелеу өнерінің бастауы болып табылатын  тасқа салынған  суреттердің басым көпшілігінің адамдар мен жануарлардың қозғалыстағы бедерлі  бейнелері құрайды.  Мәселен, тастағы «Күн басты» мен «Ай басты» шекілген суретте екеуін айнала он екі адам қоршап, билеп жүр. Неше мың жылдар өтсе де, композиция анадайдан көзге анық көрінеді. Күнге табынушылардың саны дәл 12 болуы тегін болмаса керек. Жылдың 12 айдан тұратынын, адамның жасы 12 жыл сайын бір мүшелге толып отыратынын Ұлы Далада ғұмыр кешкендер баяғыдан-ақ топшылаған-ау деген ойға жетелейді. Жазба дерек көздеріне сүйенсек, қозғалыстағы аң бейнелері қола, сақ кезеңдеріндегі халықтың тұрмысымен жеке тайпалардың арасындағы қақтығыстардың болып тұрғанын дәлелдейді. Сол сияқты бұғы, қабан, таутеке, бұқа, құлан бейнелері, топталып аң аулау сәті, жылқыны жүгендеп міну, ту ұстаған салт атты, екі дөңгелекті арба жегілген түйе сияқты көріністер өте ертеде бедерленген. Кейінгі түркі дәуірінде жаңартылған кескіндер де кездеседі. Әр суретте белгілі бір мазмұн бар. Отандық ғалымдардың пікірінше, мұндағы суреттерде қазақ өнер тарихының, философиясының бастауы жатыр.

 Бір қызығы, жартас бетіндегі суреттер арқылы халқымыздың ғылыми-танымдық деңгейінде, саналық тереңдігінде пайымдауға, математикалық есептеудің ең үлкен тәсілдерін аңғаруға болады. Тіпті, сол тұстағы ата-бабаларымыз жартас бетіндегі жалғыз ағаш бейнесін ғарыштың әмбебап моделінің баламасы ретінде көрсетеді. Сол жалғыз сызбаның аясына уақыт, орта, ғұмыр кеңістігін сиғыза білген. Ал кейбір жартас суреттеріне төрт, жеті сәуленің бейнесін түсірген. Осы арқылы жыл, ай, күн, маусымның бейнесі айшықталған.

Киелі орындар тізіміне енбеген нысандардың бірі Қарадала өңірін ендей жатқан Дардамты ауылының оңтүстігінде 5 шақырым қашықтықтағы Қазанбұлақ шатқалындағы қола, сақ түркі кезеңдерінің қоныстары маңындағы жартастарда салынған суреттер. Аталған нысан қола, сақ, түркі кезеңдерінің қоныстары маңында бағзы заманда кіші-гірім рулық ғибадатхана ретінде  оқшауланған зиарат ету қызметін атқарған.

          Онда негізінен мағынасы, тартымдылығымен ерекшеленетін сақ тайпаларының шаруашылығымен тікелей қатысы бар бұғының басқа аумақта кездеспейтін бірегей суреті үйсін, түркі, кезеңдері мен орта ғасырларға жататын  түйенің, ақын бейнеленген тау ешкі, жылқы мен құлжаның және қозғалыстағы  адамның бейнелері салынған. Олардың мән-мағынасы мен мазмұны Жамбыл ауданындағы Қарабастау тауындағы «Таңбалы», Құлжабасы тауындағы, Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес тауындағы палеомәдени сакральды орындар саналатын жартастағы суреттерден кем түспейді. Су­реттер шағын жартас тақталарының Оңтүстiк және Оңтүстiк-батыс беткейлерiне қашап салынған. Жалпы саны 100-ге жуық. Олар негiзiнен тасты қашау әдiсiмен салынған. Суреттердiң арасында адамдардың және жануарлардың бейнелерi кездеседi. Көп бейнелi үлкен композициялар жоқ, ешкi және арқар аулау көpiнicтepiнде көруге болады. Жыртқыш аңдардың шөп қоректi жануарларға шабуыл жасағаны суреттелетiн сюжеттер де бар. Петроглифтердiң көпшiлiгiнде бұғылар, бұқалар, ат мінген адамдар, түйелер, текелер арқарлар көптеп бей­неленген.

Бұл суреттер биiк жартастардың бетiне салынған.  Қазiргi кезде белгілі бiр петроглифтiң пайда болған уақытын дәл анықтауға мүмкiндiк жоқ.  Алайда тарихшылардың мәліметтеріне сәйкес онда біздің жыл санауымыздан  шамамен 2-3 мың жыл бұрынғы қола, сақ кезеңдерінің  тасқа қашап салған суреттері деген болжам жасадық. Суреттер негiзiнен судың, желдiң ауа температурасының эрозиялық әрекетiне берiк ұсақ кристаллды тастардың жылтыр тегiс бетiне сызып бейнеленген. Мұндағы тастағы суреттер қашау  және сызу арқылы салынған, сондай-ақ, осы тәсiлдер үйлестiре қолданылғандары да бар. Оларда жануардың басы мен дене тұрқы қашалып, құйрық-жалы, аяқтары өткip құралмен сызып келтiрiлген.

Ешкіөлмеске бардың ба?

 Ескелді ауданы, Ешкіөлмес тау жотасындағы жартас беттері, шың басы мен шатқалдарда тас бетіндегі бейнелер сақталып, қола дәуірі мен ортағасырдағы осы өңірді мекендеген тайпалар өмірінен сыр беріп тұр. Көне суреттер 24 шатқалдан табылып, олардың саны 10 мыңның үстінде екені анықталды. 1886 жылы маусымда Көксу стансасы мен Жалғызағаш ауылының Д.Кашкаров және М.Хмылев есімді казактары Жетісу әскери губернаторына: «Жалғызағаш ауылы маңындағы Теректі сайынан өтіп келе жатып, біз жазуы бар алпысқа жуық тас көрдік», – деп хабарлайды. Содан бастап-ақ, патша өкіметі Көксу өзені тілгілеген аңғарды зерттеуді бастап кетеді. Қазіргі Көксу ауданының Теректі ауылының шығыс жағындағы биік беткейдегі петроглифтер сол кезден-ақ археолог ғалымдардың назарына ілігеді. Алайда әртүрлі себеппен әлемдік мәдени мұра қорына кіргізілмей қала береді. Ешкіөлмес тауындағы таңбалардың басым бөлігін арқар, таутеке, бұғы секілді жануарлар құрайды. Арасында адам сұлбасы, діни рәсім өткізгендер, садақ атқан, шоқпар көтеріп, ту ұстағандар кездеседі. Одан бөлек, нұр бейнелі беймәлім жаратылыстар да бар. Қасқыр, ит, түлкі секілді жыртқыштар да табылады іздегенге.

Жалпы Ешкіөлмес петроглифтері ерте кезден-ақ зерттеліп келеді. Көксу аңғарының көне дәуірін ашу мен зерттеу XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ басталған. Мұнда Ешкіөлмес пен Шыбынды тауының шығыс жағын бойлай Жалғызағаш ауылы мен Көксу стансасы арқылы Іле өлкесін Семей өңірімен жалғастыратын бас пошта күрежолы өткен. Мұнда Қапал және Гаврилов стансасынан (қазіргі Талдықорған қаласы) шығып Іле өзеніне, одан Верныйға апаратын жол түскен. Бұл жолмен Шоқан Уәлиханов, Петр Семенов-Тянь-Шанский, Василий Радлов, Николай Северцов, Иван Мушкетов сынды көптеген зерттеуші жүріп өтіп, ғылыми жаңалықтар ашты. Кеңес одағы тұсында қазақстандық ғалымдар Ешкіөлмес петроглифтерінің сыры ашуға талпынды. Атап айтқанда, археологтар Е.Агеева, К.Қарабаспақова және А.Марьяшев бастаған зерттеу жұмыстарын А.Рогожинский, А.Горячев,  Карл Байпақов жалғастырады. Сөйтіп, күллі әлем Ешкіөлмес петроглифтері жайлы дерекке қанығып, қазақ даласының асыл құндылығына тамсанды.

Ұлы далада тұнған сыр

 Қола, сақ, түркі кезеңдерінің зираттарында басында антропоморфты ескерткіш ретінде қойылатын жазуы бар, граниттен қашалып жасалған тақталар Жетісу Алатауының аласа және орта биік таулы бөліктер Суықтөбе, Шөлдіадыр, Матай тауларының етегінде жиі кездеседі. Оларда  жазудан басқа садақ, семсер, қорамсақтың суреті бар. Көксу ауданындағы қола, сақ кезеңінен бастау алатын ежелгі табиғи ғибадатхана қызметін атқарған жартастағы суреттер үш деңгейлі тау аралық Орта Көксу, Молалы, Ақтекше ойыстарымен оларды қоршап жатқан Шаған (2552м), Лабасы (1562м), Ешкіөлмес (1054м), Қарашоқы (1398м), Шөлдіадыр (1126м), тауларында шоғырланған. Алакөл өңірінің Ынталы, Ақши, Бескөл, Үшарал, Қарабұлақ және Лепсі ауылдарындағы балбалтастарда бейнеленген адам мүсінінің аңшылықпен немесе белгілі бір кәсіппен айналысқаны қашалынып жасалған. Олар – балбал тастар, сандық тастар, қошқар тастар, муфлон аталатын мүйіздері шеңберіне оратылған жануарлар: ірі таутеке, тауешкілер. Сондай-ақ, ірі жануарлар ит пен аң аулау формасында тау етегіндегі жалпақ тастарға қашалып жасалады. Қарабұлақ және Ынталы тауларындағы петроглифтер IV-III және VIII-IX ғасырларда жасалған деген болжам бар. Алакөл өңіріндегі тауларында көне петроглифтер аса көлемде жақпар тасқа салынған суретте мүйіздері бұратылған таутекелеремен маралдардың ит тектілердің бір көрінісі мифтік сарындағы композиция деп бағалаймыз.

Әсіресе, ежелгі суретшілердің шебер жасағаны арқардың немесе қошқардың басы, мүйізі. Ол зергерлік істер (жүзікте, білезікте, мойын алқада, шолпыда) жиі кездеседі. Бұл ежелгі дәстүр қазақ заманына жетіп, «Қошқар мүйіз» қазақ өнерінің ұлттық түріне айналды. Айталық, Есік қаласынан табылған жас жігіттің бас киімі (телпек) арқар мүйізді алтыннан жасалған. Сондай-ақ, таутеке бейнесі де, бөкеннің, еліктің басы, олардың жаудіреген көзі түрлі тұрмыстық бұйымда ыңғайына қарай қолданылған. Сонымен қатар, арыстанның сыртқы келбетін сипаттау арқылы оның мінезін, дағдылы көріністермен көрсете білген. Тіпті, арыстанды аң патшасы ретінде сипаттаумен қатар, оның құлағын салпитып төмен түсіріп немесе шүнтитіп жоғары көтеріп қою арқылы әзілге де айналдырған. Тағы бір айта кетерлігі, жыртқыш аңдар өмірін бейнелеуде ежелгі шеберлердің көбірек ой бөлгені – бөрі бейнесі. Оған көңіл бөлу екі түрлі тарихи жағдайға байланысты болса керек. Бірі, бөрінің шаруаға көп зиян келтіретіндігі болса, екіншіден, оны киелі күштің бейнесі ретінде таныған. Бұл екі түрлі таным бөрі бейнесінің әр алуан түрде бейнеленуін келтіріп шығарған. Оның алтыннан, қоладан құйылған бас мүсіні, құлағы, табаны, тырнақтары «ат-әбзелдерде» жиі ұшырасады. Қысқасы, сол кезде сурет өнерінде «Аң бейнелеу әдібінің» терең дамығанын аңғарамыз. Алайда кейінгі уақытта аң бейнелеу әдібі көмескіленіп, тек олардың нобайын ғана көрсететін жаңа бір нышан – ою-өрнек түрінде айшықтау жақсы дамыған.

Демек, жартас бетіндегі суреттердің мазмұны бірден-бірге байып, оқиғасы кемелденіп отырған. Бұған әуелі ертедегі сызбалар мен кейінгі сызбалардағы айырмашылық дәлел бола алады. Мысалы, алғашқы сызбаларда жалғыз адам немесе аң, тағы басқа да зат бейнеленсе, кейін келе жыртқыш аңдармен болған күрес, табындағы малды қорғау жолындағы батырлықтар анық көрсетіледі. Көшпенділер осы арқылы өздерінің эстетикалық өресін әйгілеп отырды. Бірақ бұл туралы ғалымдар: «Үйсін дәуірінде, ежелгі сақ көшпенділері заманында биік өредегі скифтік стиль немесе жабайы жануарлар стилі сынды өнер түрлері кейінгі кезде құлдырап жоғалуға бет алған» деген тұжырымына келіспеске шараң жоқ. Бірақ сол кездегі бабаларымыздың парасаты бізге сурет өнерінің құпиясын басқа елден іздемей-ақ, өзімізден қарастырудың керектігін сыналап тұрғандай сезіледі. Бірақ осы сапарға ат басын бұрып, із шалғандардың қатары аз болып тұрғаны қынжылтады. Десе де, жартас бетіндегі ежелгі стиль біртіндеп құлдырағанымен қазақ халқының сурет өнерін өзіндік өзгешелігімен тарихқа таңбалап кетті. Сонымен қатар, жануарлар дүниесінің бейнесін схемаға айналдыратын қолданбалы өнер жарыққа шықты. Қазақстанның оңтүстік шығысын мекен еткен сан алуан тайпалардың бейнелеу машығы осылайша жетіле келе қазіргі Жетісу қазақтарының тұрмыстық бұйымдарға, әшекей заттарға айшықталатын ою-өрнектер үлгісінде бізге жетті. Уақыт өте келе түркі тайпалары түгелге дерлік қабылдаған ислам дінінің танымы жергілікті бейнелеу өнеріне өзіндік ықпалын тигізбей қоймады. Сонау сақ заманынан жеткен адам-құдай бейнесін салу үрдісі мүлде өшті. Аңдардың суретін салу әдібі де көмескілене беріп, алдыңғы қатарға схема-өрнектермен қатар, шеберлікпен айшықталған араб жазулары шықты. Әшекейлі суретте – ыдыстарға, киімдерге, үй жиһаздарына кестеленіп салынды.

Қажет Андас

Бүгінге дейін бұзылмай, қирамай жеткен петроглифтерді келешекке жеткізу, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру – Отанын сүйетін, туған жері мен елінің тарихын құрметтейтін әрбір азаматтың басты міндеті. Сондықтан да Ешкіөлмес тастағы таңбаларын сақтау, қорғау алдыңғы орында тұруы тиіс. Өйткені барлық заман мен ғасырларды қамтыған суреттердің ішінде ерте темір дәуірінің, қола дәуірінің, сақ заманының белгілері бар. Ғылымда «аң стилі» деп аталатын сақтар дәуірінен жеткен мәдени мұраның құндылықтары петроглифтер арасынан табылады. Бір сөзбен айтқанда, қазақ даласындағы өркениеттің іздері – осы бейнелерде жатыр. Сырын тауып, жігін ашқанға тастағы таңба  құпиясын ашады.

Қажет АНДАС, өлкетанушы

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 31.07.2020 | 15:59

Қажет, жарайсың! Жақсы мақала жазыпсың!

Аноним 18.10.2021 | 09:48

Рахмет 😘

Аноним 25.10.2021 | 18:24

Эссе

Аноним 08.11.2023 | 18:59

Рахмет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір