ЕРІК-ЖІГЕРІМІЗ  МҰҚАЛМАСЫН
22.07.2020
583
0

Халықтың басына ауыр індет туды. Мұндай сын-сағат бұрын да болған. Оның бәрін халқымыз сабырмен, ынтымақпен, жігермен жеңген. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары билікке қатаң талаптар қойып отыр. Әттеген-ай дейтіндей іс көп болса да, жұмыла көтерген жүк  жеңіл екенін ұмытпайық.  Бұл індет тек бізге емес, бүкіл әлемді шарпып отыр. Осындай ауыр кезеңде жұрттың қиналған шағынан пайда тапқысы келетіндер де көбейді. Дәрі-дәрмек пен азық-түлікті орынсыз қымбаттатқандарды ешуақытта  кешіруге болмайды. Бұл не сұмдық?! Бұл қазақтығымызға, адамдығымызға жат. Ондайларды тауып, аямай жазалау керек. Бүкіл әлем алдында мемлекетімізді масқара қылатын кез келген әрекетке тосқауыл қоймасақ, елдігіміз қайсы? Президент те олармен күресті күшейтуге тапсырма берді, алды ұсталып жатыр. Ел өміріне қиянат жасағанды Тәңір де кешірмейді!

⠀Әуезов театры карантин кезінде өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Өзге өнер ошақтары да барын салып, халықтың мәдени сұранысын қанағаттандыруға талпынып жатыр. Мұндай қиын шақта мәдениет өз міндетін дұрыс атқаруға тиіс деп ойлаймын. Өйткені  бұл – уақытша қиындық. Тіршілік өз арнасынан ауытқымайды. Біз қалай да халықтың рухани серпілуін ойлауға міндеттіміз.

⠀Мен үш ай бойы үйден шыққам жоқ. Бітіретін шаруа, сырттағы жұмыс жетерлік. Сонда да тәртіпке бағынып жатырмын. Отбасыма, жақыныма, өз денсаулығыма жауапкершілікпен қараймын. Өйткені тәртіп болмаса, карантин қағидаларын өзіміз орындамасақ, бұл індетті жеңу қиын.

⠀Президент барша жұртшылыққа жауапкершілікті жүктеді. Бірімізді біріміз сынап-мінемей, ұлтты сақтауды, елді қорғауды бірігіп ойлайық. Санымыз аз халықпыз. Тоқаев мырза «Әр қазақ – менің де жалғызым» деген сөзді бекер айтқан жоқ. Әр отбасының амандығын тілеймін! Ел екенімізді тәртібімізбен, ынтымағымызбен көрсетейік! Ерік-жігеріміз мұқалмасын.

Есмұқан ОБАЕВ,

Қазақстанның Халық артисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір