Аттар Нишапури
24.07.2020
991
1

«Тот мир, где мы живём,
Лишь сумрачный кабак.
Но светом знанья в нём
Рассеять можно мрак.»
Аттар (орыс тіліне аударған
Н.Гребнев)

«Мына жалғанның бүгін қалыбы
Шарапханадай, қараңғы жұтқан.
Түнекті түріп білім жарығы,
Құтқара алады надан қылықтан.»
Аударған Алаштуған

Шейх Фарид-ад-дин Мохаммед бен Ибрахим Аттардың, кең тараған, дүниеге мәлім есімі «дәріханашы» (парсы тілінде) деген мағынаға ие… қарапайым ғана Аттар еді. Шын есімі Абу Хамид Мухаммад ибн Абу Бакр Ибрахим (бір дерек көзінде Са’ад ибн Йусуф деп көрсетеді) екенін екінің бірі білмесі анық. Хафиз бен Руми ұстаз тұтқан тұғыры биік тұлға 1119 жылы қазіргі Иран жеріндегі Нишапурда дүниеге келген. Дәрілік өсімдіктер мен емдік тауарлардың саудасынан үлкен дәулет жиған ірі саудагердің баласы, жастайынан орасан зор байлыққа, кірісі мол кәсіпке ие болып қалғандығына қарамастан, дүниені тәрк етіп, дәруіш боларын, «Махмуд ибн Адам Санаи, Джалаладдин Руми сияқты марғасқалармен бірге парсының сопылық поэзиясы үштағанының бір қырына» (Иран ақыны және әдебиет сыншысы Абу Аль-Маджидтің бағалауы) айналарын заманында кім білген?! Ғұмырының басым бөлігін сопылық ғибадатханада өткізген шайырдың жиһан кезуі Меккеге қажылық қыла барған сапарынан басталған еді. Аттар ақын Шам, Мысыр, Құддыс, Бағдат секілді мүмін мүсілімге мәлім шәріптерді ғана емес, көргені көп көнекөзі, айтары анық ақылманы бар ауыл, аймақты түгел аралағанға ұқсайды. «Әулиелердің ғұмырбаяны» атты керемет кітабы сол сапарларының нәтижесі болса керек-ті.
Данышпандық пен тақуалықтың тізгінін тең ұстаған ақынның поэзиясынан бөлек, прозалық һәм фәлсафалық еңбектерінің құндылығы жайлы аз айтылмаған. Кемеңгер Руми: «Мәңгілік махаббатты іздеген Аттар жеті шаһарды шарлап еді. Біз бір көшені ғана кесіп өте алдық», – дегенде, Аттардың «Құстардың сұхбаты» («Мантик Ат-Тайыр») кітабында аталатын, аңыздағы құс патшасы Самұрықты іздеп жеті жазықты түгел кезген қанаттылардың сапарын меңзеген. Аттарға дейін де философиялық һәм сопылық әдебиеттерде Құдайға құлшылыққа құлшынған, ұлылыққа ұмтылған құстар қосынын адам жанының көрінісі ретінде суреттеудің мысалдары баршылық (Ибн Сина, Ғазали). Дегенмен Аттардың көркемдік кестесі де, толғау тереңдігі де туындыларымен танысқан жанды тәнті етпей қоймайды. Ақынның Селжүк мемлекетінің дәурені дүр дәуірінде, кейінірек мұңғыл шапқыншылығы кезеңінде өмір сүргенін, «Мұхтарнама», «Құсраунама» еңбектерінің кіріспелеріндегі сілтемелерін ескере келе, оның анық сүннит тақуасы болғандығына көз жетті. Бұл жайлы Эдвард Г.Браун: «Руи, Санаи секілді Аттар да сүннит сопылық дәстүрінің өкілдерінен екендігін олардың шығармашылығындағы алғашқы әділ халифалар Әбу Бәкір мен Омар ибн әл-Хаттабты дәріптеулерден байқауға болады», – дейді. Қорасан жерінде 1501 жылы Сефевилер әулетінің билікке қол жеткізуінен кейін ғана шииттік ағымның мемлекеттік дін дәрежесіне көтерілгенін ескерер болсақ, шайырдың ғұмырының соңындағы жазған дүниелерінің кейбірінің дін қайраткерлерінің ықпалымен түзетулерге душар болғанын түсінеміз.
Аттар еңбектерінен сопылық жолдың қалыптасу кезеңін, рухани құндылығын, ішкі тазалық пен жанның иесіне о дүниеде қайтатынын, бұл дүниенің «бес күн жалғандығын» танимыз. Аристотельден бастау алатын дәстүрлі ғылымға сын көзбен қараған шайырдың өз шындығы, дүниетанымдағы ешкімге ұқсамайтын өз деңгейі бар. Қарапайым заттар мен күнделікті тұрмыстың өзінен фәлсафа түзе алатын һас шебердің шығармаларынан, кесек кейіпкерлерінен тарих ғылымына тән дәлдікті таппауыңыз мүмкін. Алайда сопылық іліміне тән агиология (дінтанудың әулиелікті зерттейтін тармағы) мен феноменогия (сана құрылымы мен тұлғалық ерекшелікті тану тармағы) үшін нағыз қазынаның көзі Аттар туындыларында тұнып тұр.
Жалпы, Шығыс фольклорының, араб пен парсы ауыз әдебиетінің ең үздік үлгілерін жинақтап, оларды өз шығармашылығында ұтымды қолданып, тың дүниедей түрлендіре білген ақынға, Әлішер Науаи мен Джалаладдин Руми ұлы ұстазы ретінде ұлықтап, туындыларында тілге тиек еткенге дейін өзінің туған шаһары Нишапурдан тысқары жерлерде танылу жазбағанға ұқсайды. Өз замандастарынан Аттардай алпауыттың барын Туси ғана атап өтіпті. Мұның да өзіндік себептері бар. Құдайдың құдіретінен өзге ештеңеге бас имеген ақынның билікке жақпағаны, өзі көп сынаған, тіптен арлы адамдардың санатына қоспаған сарай ақындары тарапынан ғайбатталғаны бұл пікірімізді қуаттай түспек.
Санаи туындыларына ой тұжырымын қысқа қайыру тән болса, оның бір ғасыр кейін жасаған ізбасары Аттардан кең көсіле кейіптеуді, сабырлы да сақа суреткерлікті көреміз. Керемет әдебиеттанушы ғалым Хельмут Ритцер, Аттар Нишапури туындыларының мистикасын, ақындық шеберлігін талдаған «Жан мұхиты» атты таңғажайып зерттеу жұмысында жарты жаһанды билеп тұрған патшаның дәргей, дәрежесінен дүние кезген дәруіштің бағы мен сорын, болмысын, жолын биік қойған ғұламаның ғұмырындағы бар шығармашылығын үш түрлі кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезеңде кемеңгерлік кемеліне жеткен шебер әңгімешінің баяндарын байқаймыз. «Құстардың сұхбаты», «Патша мен алты ұлының баяны», «Мусибатнама», «Шер кітабі», «Илаһинама» сияқты ғажайып шығармалар осы кезеңде дүниеге келген болуы керек. Келесі кезеңде дүниауи деңгейден діни ділмарлыққа көшіп, кей-кейде тақуалықтан, тәубешілдіктен фанатизмге дейін ұласып кететін ұзақ толғамдар үстемдік құрады. Адам ақылынан тысқары амалдар мен құбылыстардың шарықтау шегінде «Уштурнама» кейіпкері-қуыршақшының қиял жетегінде өз-өзіне қол тұрғаны соның айғағы. Ертеректегі зерттеушілер үшінші кезеңде Аттардың «нағыз шиитке айналып, Әзірет Әлінің өмірі мен өнегесін суреттеген сопы» деп таныса, Ритцер бұл тұжырымдардың мүлдем шындықтан шалғай кеткендігін дәлелдеп берген екен. Оған сүйенсек, бұл шығармашылық кезеңде шайырымыз дін мен дүниені танудың шыңына шыққан данышпан әрі Алланың асқан нығметі ақындықтың арыны бөлек ардагері. Ал шииттік сарындағы жырлардың авторы төрт ғасыр кейін ғұмыр кешкен Аттардың аттасы болып шыққан…
Жүз он төрт кітаптан тұратын мұра қалдырған Аттардың шығармаларынан мазмұнның молдығы мен көркемдік кеңдігін, кейіпкерлердің алуандығын, жан дүниесінің сан сипаты мен парасатын көреміз. Ғашық еткен діні бөлек аруға бола діннен шыққан адасқақ та, құдайымен «қырқысып» құса болған құнсыз да, пайымнан жұрдай патша да, «Су иесі Сүлеймен» де, «мыңмен жалғыз алысқан» шерлі де, аңыраған адам да, азынаған аң-құс та, қаңыраған қала да, құлазыған дала да дарыны дархан дананың кейіпкерлеріне айналып, бір-біріне ұқсамайтын ой түйіп, бітімі бірегей бейнеленіп, басқаша баяндала береді. Абай айтар «толық адам» Аттар ақында «бүтін болмыс» күйінде шартарапты шарқ ұрып шындық іздеуден бастап, абсолюттік ақиқатты анықтау барысында өз жанының жиегі жоқ мұхитының тұңғиықтарынан адам тілімен жеткізіп болмас Аллаға бастар жолдың жарығын табады.
Қылуетте қырық күн жатып жанын тазартқан тақуаның кейбір тұстарда кейіпкер кейпінде пірадарлық пен сопылықтың сүрлеуінен мүлде алшақ жатқан өлшемдерден бой көрсетіп, талғамы таңсық, тағдыры тайғақ тұлғаларды, тұрлауы жоқ жалғанның жүз құбылған, қыруар қырларын құштарлана, құмарта жырлағанының өзінен өмірлік өнеге болар өре биіктігін танып, білуге болады. «Әулиелердің ғұмырбаяны», «Құстардың сұхбаты», «Құстардың пайымы», «Құпиялар кітабы», «Шер кітабы», «Илаһинама» сынды тұғырлы һәм танымал туындыларын айтпағанда, қарымды қаламгердің «Ұлық Диуанды» құрайтын ондаған поэмалары мен жүздеген лирикалық өлеңдері мәлім. Кеңестік дәуірде одақтың ешбір тіліне оның өлеңдері аударылмады десе де болады. Тек Шығыс поэзиясының шын жанашыры, ғажап ақын әрі аудармашы Наум Гребневтің арқасында ғана біршама шығармалары орыс тілінде «Истины» атты жинаққа топтастырылып, бір рет жарық көрген («Наука», Ленинград, 1968 ж.). Бар туындыларында биліктің әділетсіз әрекеттерін, қоғамдағы теңсіздікті сынағанына қарамастан, кеңестік идеологияның «қырағы көзі» қалт жібермей, діни діңгегі берік, дүниетанымы басқа сопының жырларын жариялатпақ түгілі, атын ататпауы әбден заңды еді. Түркі тілдеріндегі тұңғыш нұсқаны Әлішер Науаи ескі түркі тіліне «Құстардың сұхбатын» аудару арқылы жасап, түркі әлемінің ақындарына сопылық поэзияның ең үздік үлгісін тарту еткені сөзсіз.
Алпауыт Аттардың ғажайып ғұмыры мен мол мұрасын өзі кезінде «болашақта ең ұлы ақын болады» деп баға берген Румиден бастап, бертіндегі ғалымдар мен ақындар Сильвестр де Саси, В.Бобровников, Хельмут Ритцер, Эдвард Г.Браун, Брокгауз бен Ефрон («Үлкен энциклопедиялық сөздік», 1904 ж.), Н.Османов, М.Рейснер, М.Умедов, А.Мухаммедходжаев, Жан Рыпка, И.Брагинский, Мостафа Борзуи, Мирсаид Берке, Н.Гребневтер зерттеген екен. Ақынның туған жылының түрлі дерек көздерінде әртүрлі аталғаны (1119 ж., 1145 ж., 1146 ж.) болмаса, өлімінің себебі мен мезгіліне келгенде, барша зерттеушілер бір ауыздан 1221 жылы Шыңғыс қағанның үшінші ұлы Төленің Нишапурды басып алуы барысында болған қантөгісте қаза болғандығын атайды. Туған жері Нишапурдағы шайырдың мазарын XIV ғасырда әділдігімен аты шыққан қазы Яхья ибн Са’ад салдырған. Бірақ уақыттың тегеурініне қыш кірпіштер төзбей, тозып тынған. XVI ғасырда Темір әулетінің билігі тұсында Әлішер Науаи өзінің уәзірлік өкілетін пайдаланып, ақын мазарын жаңадан көтертеді. XX ғасырда мазарды қалпына келтіру жұмыстары екі қайтара жүргізілген (1940 ж. Реза шахтың тұсында; екінші мәрте 1962 ж.) екен.
Жыл сайын сәуір айының он төрті ақынның отанында ресми түрде Аттар Күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күні бүкіл Иран халқы ақынның жауһар жырларына сусындап, мазарына зиярат етеді екен. Ақынға деген мемлекеттік қамқорлықтың озық үлгісі осы болса керек. Баянымызды Аттардың өз сөзімен түйіндесек:
«Бар ғаламды жырларыма түсіргем,
Жаһанды жан нұрларына түсіргем.
Оның Мен боп тасынуын түсінгем,
Жауһар сынды жасырыну үшін мен…
Кім біледі, қазынасы дүниенің
табылар ма ішімнен?!»
Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

«Әлдебір шаһар әміршілердің қайбірін
Күткенде, көз қып көрсетті түгел байлығын.

Әшекейлердің ең қымбаттарын тағынып,
Әрбірі құрмет қылумен болды сабылып.

Ал, байғұстардың зынданда жатқан, қолдағы
Кісеннен басқа көрсетер түгі болмады.

Үкімі жетіп, қиылған бастар табылып,
Зарығып зардан, жүректер жатқан жарылып.
Сорын қайнатып, шауып тастаған қолдармен
Әрледі, зындан қараңғы қапас болғанмен.

Қарсы алды қала ертегі күймен шахты елеп,
Шах болса, бәрін байыппен байқап, бақты ерек.

Үдетіп үрей, қылса да зындан көпті алаң,
Алдына соның қаһарлы шах кеп тоқтаған.

Разы көңілмен тұтқынды түгел алдырды,
Таратып алтын,кешірмек сөзін қалдырды.

Тіл қатты уәзір: «Алдияр, мұнда кідірдің
Кенеттен неге? Құпиясы не мұныңның?

Қала да көркем, дүрия, жібекпен зерленген,
Қаласаң сендік, бүтін байлық та сен көрген;
Табан астында маржандай шаһар жатты анық,
Хош иісі аңқып, сан түрлі жұпар ақтарып.

Әшекейлерге сәл ғана назар салып ең,
Көркейтер көңіл көркемдік көрмей бәрінен.

Неліктен ғана патшаның ұлық жанары
Қол, аяқ, бастың қан жуған кейпін қалады?

Мәні не аяудың тұтқынды алдырып қамақтан,
Қараудың сонша қол тұқылына қан аққан?

Қалдырмақ бұл жер жанға ізгі қандай із, белгі?
Жұмбағын шешіп, жауабын айтсаң бізге енді».

Шах айтты сонда: «Әшекейлердің бәрі асыл,
Көңілін аулап, қуантар ойын баласын.

Әр тұрғын мақтау естімек ниет, құмардан,
Көрсетіп өзін, байлығын түгел шығарған.

Жасырар шаһар жарқын жақтарын құттың бар,
Шын сыйды маған жасай алды тек тұтқындар:
Денелерінен бастар да сонау бөлінді,
Дәл осы жерден салғандығымнан жолымды.

Бұйрықтарыма бағынар мұнда ел күні үшін,
Сол себепті мен тежедім аттың жүрісін.

Анау тобырдың бағы да бүтін, рахат бар
Тірліктерінде, тұла бойлары тәкаппар.

Зындандағылар шаттық, бақытты білместен,
Шахтың қаһары азабы болып күн кешкен.

Бастарын шауып, қолдарын кесер, құсадан
Құтылу да жоқ, қайнаған соры тұсаған.

Мақсатсыз күтер, қорқыныш толас табар ма?
Зынданнан шығар, шөркеге басын саларда.

Бұл қапас маған бұйырған миуа бақтайын,
Сәт сайын сорлап, адал қызметке дап-дайын…»

Жиналсаң жолға, бұйрықты күткін аттанар,
Абақтыларға бас сұқпай қалай шах қалар?!

Аударған Алаштуған

ПІКІРЛЕР1
Аноним 26.07.2020 | 09:49

Автор Аттардың түркі текті ақын екенін атамаған. Жоғары оқу орындарында Аттар қазір түркі поэзиясының ертедегі өкілдерінің бірі ретінде оқытылады. Жалаладдин Руми де.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір