Аға
19.07.2020
814
0

Өмір жолыңда маңызды бетбұрыс, санаңда ұлы төңкеріс жасайтын, қолынан келсе жақсылығын аямайтын ақжүрек адамдар болады. Сондай қадірлімнің бірі – кісілігімен баурап алатын, кесек мінезімен тәнті ететін, ақыл-парасаты өзгеден биік ағамды сол шақта дүйім ел танитын. Әйтсе де, жақын баруға бата алмай, сырттай құрмет тұттық. Кездесудің сәті 2007 жылдың көктемінде түсті, шешіліп әңгіме-дүкен құрып едік.

Қазақ тарихы мен өнері туралы мағыналы сұхбаттың соңында бес жыл бұрын дирижерлік өнерге қызығып, оқығым келгенін, бірақ… түрлі себеппен аяқсыз қалғанын айтқанымда «отызға келмей не өкініш, күш-қайратың бойыңда, есіл жастықты бос өткізбей өнер мен тіл үйрен, білім ал» деп түйіндеген. Осы сөз өмірімдегі дирижерлік өнер деген жаңа бағыттың бағдары болды. Жолыққан сәт оқудың жағдайын сұрап, ақылын айтып, көмегін де берді. Ағалық қамқорлық пен жауаптылық дегеннің не екенін анық сезіне бастадым.  

Кейін бірнеше музыкалық жоба жұмысымен жиі жолыға бастадық. Кабинетке кірген бойда кофе-шәй алдырып, бір сағатсыз шықпайтын болдық. Тарих пен әдебиет, өнер мен мәдениет, қай сала болсын шешен сөйлеп, терең толғайды. Сол бір сағат уақытта университетте алмаған дәрісті тыңдап, терең тыныстап, сарайың кеңіп, көкірегіңе сәуле құйылып, еңсең тік, қадамың нық, жігерленіп шығар едік. Музыкалық редактор жұмысын атқарып, біршама жобаға атсалысқаныма қуанамын. Ағаның бастамасымен «Қазақстанның музыкалық мұралары», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні», «Мәңгілік сарын (қазақ күйлері: домбыра)», «Мәңгілік сарын (кобыз, сыбызғы және басқа да көне саз аспаптары)» антологиялары, «Сержан Шәкірат: дәулескерлік дәстүр», «Әзидолла Есқалиев: дәулескерлік дәстүр», «Дәулетбек Сәдуақасұлы», «Махамбет», ал жыршылық дәстүрді жаңғыртқан «Ұлт азаттық жырлары», «Ер Тарғын» т.б бірнеше CD және DVD жинақтары жарық көрді. Мұндай жауапты жұмыстың ұлт руханиятындағы маңызы, әлем мәдениетіндегі орны туралы терең толғап, санаңа енді өшпестей сыналап сіңіріп, бүкіл халықтың ғасырлар сүзгісінен өткен жауһар құндылықтарының болашағы саған тіреліп тұрғандай ғажап жеткізе білді. Арасында жеңіл әзілмен, уытты сарказммен тұздықтап қоюды да ұмытпайды. Тұтас институт жасайтын күрделі жобаларға жүрексініп тұрғанда, өзі бас болып бірінші бастайтын көсем, рухыңды жанып, жігеріңді қайрайтын  тәуекелшіл қасиеті де көзге түсетін.

Ағаға кәсіби музыканттың өзі байқай бермейтін дәстүрлі музыканың нәзік тінін анық ажырататын қабілет мен қасына жастарды жинап, оларды басты идеяға иландыра білетін ерекшелік тән. Барлық жобаның жаңашылдығы назардан түспейтін, бұл көзқарас, әсіресе, «Махамбет» жинағында ерек байқалады. Күйдің барлығын жырмен кезек ұсына отырып, әрбір күйді түпнұсқа орындауда қалдырып, қосымша заманауи эффектті молынан қосып, сол заманның суретін көз алдыңа шебер әкелу керектігін көрсетті. Тұлпардың кісінегені, желдің уілі, қамыстың сыбдыры, ат тұяғының дыбысы, Жайықтың ағысы, аттандаған адам дауысы.. Күй аяқтала бере танымал актердің оқыған жыры сені сол атмосферадан көпке дейін босатпайды. Бұл тәрізді қисынды һәм ұтымды әдіс бұрын-соңды қазақ музыка мәдениетінде болған емес.

Режиссерлік жұмысын «Абайды сағыну», «Астана-Арқау», «Река звука», Тараз қаласындағы Керей мен Жәнібек монументінің салтанатты ашылуы, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған концерттерді дайындау барысында көрдім. Бағдарлама тізімін жіті бақылап, жаңа музыканың басым болуына, сөйте тұра ұмытылып кеткен сирек пьесаларға да көңіл бөлінеді, қазақ көне саз аспаптарының симфония оркестрімен синтезін көрсету жұмысын ұсынған. Қобызбен Ықыластың «Жезкиігін» сарнатып, жаңа тембр мен дыбыс палитрасын түзуіміз, оның тыңдарманға ғаламат әсер еткеніне талай куә болдық.

«Астана-Арқау» түркі музыка фестиваліне байланысты ұзақ толғауға болар еді. Соның бірнешеуін тарқатсам, жылда бір өнерпаздың өнер көрсетуіне болмайды, екінші өнерпазды іздеп табу, оның репертуарын саралау, қай жанрға жүйріктігін анықтау, кейде тапсырыспен жаңа шығарманы тез жаттауға қабілет-қарымын ескеретін. Қазақ әуенін айтуға тура келген жағдайлар көп болды. Тағы бір айта кетер жайт мынау: фестиваль барысында сырттан келген өнерпаздың бүкіл репертуарын сарқып жазып алу еді. Келешекте «Түркі музыкасы антологиясы» жобасына әзірлік қатар жүріп жататын. Қанша жыл бойы үздіксіз өткен фестиваль, оған қатысқан қаншама өнерпаз, олардың сағаттап айтқан жыры мен әні, не тартқан күйі мен сазы… жүздеген сағаттық жазбаны құнды асыл қазына етіп сақтай білді.

Түрлі деңгейдегі талай концерттің өтуіне сәтіне қарай дирижер, кейде музыка редакторы болып үлес қосып жүрсем де, ерекше есте қалған Абайдың 175 жылдығына арналған «Абайдан аманат» эссе-концерті. Ұлы жыр мен ғажайып жыр астасқан осынау кештің әрбір деталінен бастап құралатын алып көріністің драматургиясы, режиссерлік көркем шешімі, музыкалық биік талғамы мен парасат-пайымы парыққа түскен туынды болды. Жан-тәнімен беріле, бар күш-қайратын сарқа, жанын аямай салған осындай ерекше жоба бұрын болған-болмағаны есімде жоқ. Бөлек қарыммен, өзгеше құлшыныспен, білек сыбана кіріскен. Кешке келген үш мың адамның, соңынан теледидар мен интернет арқылы миллиондардың назарына ұсынылған бұл гигант жоба Ғалым Доскен ағамыздың бүгінге дейін жиған тәлім-тәжірибесі, жаңа шығармашылық белесі деп ұқтым. Әрбір номерге тыңғылықты дайындық, жаңа оркестровка, тың ой мен өзгеше сценарий, ерекше орындау, оған сәйкесінше дайындалған жұп-жұмыр видеоконтент, кәсіби жарық беру, бөлек режиссура… барлығына тиянақты мән берді. Міне кәсібилік, міне өнерге деген адалдық! Бұл бөлек әңгіменің еншісі, алдағы уақытта кеңірек баян етермін.

Сол кештің дайындық барысында көрген көрініс жадыма жақсы сақталды, ол жаңа шығармашылық әлемге беттеп, кәсіби кемелдене түскен, тынысы бөлек тұлғаның анық бейнесі еді!   

Мүсілім ӘМЗЕ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік академиялық симфония оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір