Ержан Алаштуған. Перси Биши Шелли
23.07.2020
1589
0

Лорд – Канцлерге

(1817 жыл)

 «…То, что чувствую я, невозможно дробить,

Никого не хочу я обидеть;

Ненавижу в тебе, что не можешь любить, –

Как могу я тебя ненавидеть?»

Перси Биши Шелли, «Сыншыға» (орыс тіліне аударған К. Бальмонт).

 

«…Сезімімді бөліп, жөні жоқ қиюдың,

Ешкімді ренжітпен текке мен;

Жек көремін сенде жоқтығын сүюдің, –

Қалайша мен сені жек көрем?»

Орда бұзар жасында теңіздің терең құшағына кете барған бұл бейбақ ағыл­шын­ның біртуар ақыны Перси Биши Шелли болатын. Аса дәулетті байырғы баронеттердің әулетінде 1792 жылдың тамыз айының сегізінде дүниеге келген тұңғыш перзенттің болашақ әлем әде­биетінің алып тұлғасы боларын Англия мен туған жері Хоршем
(Суссекс граф­тығы) түгілі, ата-анасы Тимоти Шелли мен Элизабет Питфолд та болжай алмас еді. Соңынан ерген бес балаға мінез-құлқы мүлдем ұқсамайтын зерек ұланды Итон мектебіне тапсырыпты. Мектеп қабырғасында оқушылармен де, тәлім­гермен де қақтығысып жүріп өскен ол, бастауыш сыныптардан Анна Редклиф пен Мэтью Льюистің романдарымен сусын­дайды. 1810 жылы Оксфорд уни­верси­тетіне қабылданбастан-ақ «Застроцци» һәм «Сент-Ирвин» атты екі романды жазған екен. Алғашқы кезде сайқымазақ өлеңдерге әуестеніп жүрген ақын, көп ұзамай, Платон, Еврипид, Лукреций еңбектерін ақтарып, Кондорсе, Франклиндармен, Локк пен Юмның фәлсафалық еңбектерімен танысады. «Саяси әділдік» идеясын ұстанған Шелли, Томас Хогг атты досымен бірге «Атеи­зм­нің қажеттілігі» деген кітапша шығарып, өздері таратады. Университет басшылығына біреулер жеткізіп, 1811 жылдың наурыз айының 25-де екеуі де оқу ордасының қабырғасынан қуылады. Атастырылған қалыңдығы(әрі туыс қарындасы, ақсүйектері тән некелесу) Гарриет Гровпен үйлену туралы әңгіме осы жерде тәмам болады. Әкесі үйге орал­уына тыйым салып, жылына 200 фунт төлем тағайындайды. 19 жасар бозжігіт өз бетімен өмір сүре бастайды.

Кейінгі үш жылын қоғамдық-саяси ізденістерге арнайды. «Идея үшін қуғын­далды» деген аты бар ақын, өзін әлсізге-қорған, шындық пен еркіндік жолында­ғы күрескер сезіне бастайды.Қа­­рын­­­дас­тарының құрбысы Гарриет Уэстбрук­пен бас қосып, ата-анасының наразылығына ұшырайды. Себебі, Гарриет ірі шарапхана ұстайтын пайыз­гер­дің (ростовщик) қызы болатын. Әкесі жұпты тең көрмей, дәрежеден бас тартуды бұйырды.

Ирландияға кеткен ақын католиктер­дің теңдігі жайлы, басқа да саяси бояуы қалың кітапшаларды жазып, ел ішінде таратып жүрді. Сол жақта Годвинмен танысып, «Маб Патшайым» атты тұңғыш көлемді туындысын жазды. Ол кезеңде әлі ақын ретінде қалыптаса қоймаған Шеллиді, тіпті ірі лэкист-ақындар Водсворт, Саути, Кольдридждер еш қызық­тыр­мады. Дегенмен, ересек ақынның шығармашылығынан аталмыш аға буын өкілдерінің ықпалын анық аңғаруға болады.

Тұңғыш қызы туған соң, Гарриетпен ажырасып, Годвиннің он жеті жасар қызы Мэриді елдің қарсылығына қара­май а­лып кетеді. Елді «еркін махаббат» идеясы үрейлендіреді. Бірінші әйелінің адалдығынан күмәнданған ақын, Мэримен Швейцарияға кетеді. Екі ел арасында төрт жыл жүрген олар сол кезеңде Бай­рон­мен танысады. 1815 жылы ірі поэтикалық туындысы «Аласторды», екі жылдан соң ең үлкен поэмасы «Лаон мен Цитканы» дүниеге әкелген. Ли Хант, Китстер осы туындыларын аса жоғары бағалаған. Әбден піскен ақын саяси еңбектерге ауысып, «Реформаларға философиялық көзқарас» трактатын түгесті.

1815 жылы әкесі толық дәрежесін алып, ұлына жылына мың фунт жіберіп тұратын болды. 1816 жылы бірінші әйелі Гарриет өзіне өзі қол салып, Шелли саясат­тан біржола кетті. Қайын атасы арыз­данып, Лорд-Канцлер Элдон мұның үстінен іс қозғады. Бірінші некеден туған екі баласы Ианте мен Чарльзді Элдонның үкімімен ақыннан тартып алып, мүлде бөтен адамдарға беріп жіберген екен. «Маб Патшайым» поэмасының сілте­месінде некенің міндетті болуын және христиан дінінің қалыпты қағидаларын сынға алғаны осы жағдайға алып келген еді. Сол кезде Шелли бар жоғы 19 жаста еді.

1818 жылы ол отбасымен Италияға көшіп кетті. Рескин, Россетти, Морристармен осы кезде танысып керемет туындыларды жазды. «Ченчи», «Азат Прометей» сияқты дүниелері Лондонда басылып, ол таныла бастады.

1822 жылдың шілде айының бірінде Э. Уильямс, жас теңізші үшеуі Байрон­ның шақыруымен Специядан Пизаға сапар шекті. Қайтар жолда қатты дауыл көтеріліп, «Ариэль» шхунасы теңізге батып кетті. Уильямс пен Шеллидің денелері бір аптадан соң табылған. Ақын­ның күлі Римдегі протестанттар қорымына қойылған екен.

Ақын мұрасын ең көп зерттеген профессор Э. Доуден, Е. Аничков,
М. Ненарокова, Ян Пробштейн қатарлы ғалымдар. Британ романтизмінің белді өкілі болған Шеллидің «Мен» сыңайы өте жоғары деңгейде тұр. Оған сана еркіндігі, ішкі үйлесім, параллелизм, метафоралар мен фигуралардың аса кең қолданысы тән. К. Бальмонттың айтуынша, егер А.Пушкин Байронды емес, Шеллиді  оқып, аударған болса, әдебиет­тегі деңгейлер мүлде басқаша болар еді. Орыс поэзиясының көрнекті өкілдері В.Рогов, С.Маршак, В.Левик,
А.Ларин, А.Големба, Р.Дубровкин, В.Лунин,  С.Се­менов, В.Топоров,
А.Кочетков, Д.Се­ре­бряный, Б. Пастернактар ақын шы­ғар­маларын аударғаны мәлім. Алайда, үш томдық шығармаларын толықтай аударған
К. Бальмонттың еңбегі ерен. Осы сәттен бастап тек қана орыстың поэзиясы ғана емес, күллі әлем әдебиетінде үлкен өзгерістер орын алды. Романтизм «рәміз­шілдікке» кірігіп, мүлде жаңа қырынан көрінген өлеңнің үздік үлгілері туындады.

Миллиондаған таралымдарымен оның кітаптары сан алуан тілдерде бар әлемге тараған. Өз отанында ғана жалпы таралымы бес миллион данадан асып жығылады. Поэзияда «Маб Патшайым» (1813 ж.), «Аластор» (1815 ж.), «Лаон мен Цитка» («Исламның төңкерісі»,1817 ж.), «Батыс желге мадақ» (1819,1820 ж. ж.), «Атластық сиқыршы әйел» (1820 ж.), «Адонаис» (1821 ж.), «Эпипсихидион» (1821 ж.), «Бозторғай» (1820 ж.), «Өмір салтанаты» (1822 ж., аяқталмаған), прозада «Застроцци» (1810 ж.), «Сент-Ир­вин»(1811 ж.), драматургияда «Ченчи»(1819 ,1820 ж.ж.), «Азат Прометей» (1819,1820 ж.ж.),

«Эллада» (1821ж.), сатирада «Анархия маскарады» (1819ж.), «Питер Белл 3» (1820ж .), «Эдип Патша, яки, үш аяқты Зұлмат» (1820 ж.), публицистикада «Атеизм қажеттілігі» (1811 ж.), «Поэзияны қорғау» (1822,1840 ж.ж.) сияқты еңбектері жарық көрген.

Ақынның есімі бірнеше елді мекендер мен көшелерге, Меркурийдегі кратерге берілген. Альфред Клинт 1819 жы­лы Шеллидің портретін майлы бояумен салған болса, ақын көз жұмған соң Л. Э. Фурнсер «Шеллиді өртеу» атты керемет картинаны өмірге әкелген. Тағы бір қызық мәлімет, Шеллидің әйелі Мэри атақты «Франкенштейн» трило­гия­сының авторы.

Шелли бір сөзінде: «Поэзия әлемдегі ең үздік Һәм ең керемет дүниелерге мәң­гілік өмір сыйлайды», – десе, енді басқа бір сәтте: «Ақындар әлемнің мойындал­ма­ған үйлестірушілері», – деп түйін­дей­ді… Мен келісемін… Сіз ше?!

Уа, Аждаһа! Атажұрттан алған қарғыс-дертті зар,

Жер құртының жексұрыны, сойың – Жылан Жүзбасты,

Жәдігөйдің бәдігі өзің! Сатқын да сен сертбұзар,

Қылдың қызмет Ібіліске, ірің етіп ізгі асты.

 

Қарғыс атқан! Сот-сатымсақ, бәрі өтірік, тұманды,

Табиғатты төңкерсең де қайтпай қорбан қалпыңнан,

Алдап,арбап жиған алтын үйіндісі күмәнді,

Боздар, бейне, күн күркірі, алғанда Ажал алқымнан!

 

Кешіксе егер жан үйірер Періштесі Тәңірдің,

Тағдырыңның тауқыметі шақырса алар мазаңды,

Сонда ғана сәтін салар орындалар әмірдің,–

Ал, егер де зауал көрмей, алмай жүрсең жазаңды,–

 

Таспа тілсін, рухыңды осып әке зары дыраудай,

Көріңде өкір, қыз үміті табытыңды төңкеріп,

Кисең кебін қорғасыннан, лайық басқа қыраудай,

Түбіңе де қарғыс жетер, өз күліңе көмкеріп.

 

ҚАРҒЫС… Әке сезімі үшін,өзің қорлап,таптаған,

Үміттер мен жылдар үшін, пейілі арда пәк гүлден,

Жан жылуы, мұң-зар үшін, оймен кірпік қақпаған,

Бұйырмаған болмысыңа, болған саған жат мүлдем;

 

Сәбилердің сүйінішті күлкісі үшін сүйкімді,

Ошағымның жарқылындай жолаушыға түнекте,

Қараңғыны қиған сәуле сусып, кешті күй түрлі,

Аймалаған жан жарығы қымбат еді жүрекке;

 

Былдырлаған пәк тілі үшін періштенің, сөз-кесте

Зерлеуге әке ниетті еді, қалыбынан сырғымай

Аса дегдар даналықтың. Жоқ бізге енді кездеспек.

Сөз киесін былғайсың-ау! Неткен қорлық?!  Сұмдық-ай!

 

Балалардың өсіп, өнген сәтін сезу бағы үшін,

Саф жылдардың гүлі толық ашылмаған кезіндей,

Қуаныш пен көз жасының бір байлауда бары шын,

Қамығулар һәм ең ащы қасіреттің көзіндей,–

 

Әрсіз, сүргін күндер үшін, жаныңды жеп жалданған,

Төзген бөгде тасбеттердің езгісіне соншама,–

Ей,бейбақтар, көрсоқырлар қараңғыда қарманған,

Жетімдерден сорлысыңдар, әкелерің болса да!

 

Кілең жалған сөздер үшін, бейкүнә жан айтқанда

Гүл біткеннің жапырағын заһар көміп тұратын,

Ырымдардай, шөлге салған сүрлеулерден қайтқанда,

Бар ғұмырын кісен табы, түнек улап тынатын,–

 

Тозағыңның қорлығы үшін, салтанатын ілкіден

Үрей, қылмыс, әумесерлік, құштарлық пен сор құрған,

Жалған үшін түртсін түлен, тұзақ құрып құм түмен,

Билігіңді тұрғызған ең, зор қылған ең сол құмнан,–

 

Қаскөйлік пен нәпсің үшін, қос әулекі әуелгі,

Алтын мен жат көз жасына ынтықтырған ындынға,

Аяр,әккі қулық үшін, дәйім саған тәуелді,

Тоят таппас күндеріңдей құлдыратар құрдымға,–

 

Жын-ойнақтың ордасы үшін, сонда дайын көр де бар,

Сонда сайқал күлкің тірі, қастық құрған қасынан,

Қолтырауыннан жұмсақ едің-жалған жасың сорғалар –

Өзге ақылды өткізерде диірменнің тасынан, –

 

Мәңгі орнаған жаулық үшін, мәжбүрлеген, жылдарға,

Әкені әке болдырмауға, сүйіп тұрып, сорлаған,

Зұлым қолдар табиғатты тұлдыр етіп тынғанда –

Үмітсіздік азабынан-өзіңнен де, оңбаған!

 

Үмітсіздік азабы, иә! Шыңғырмасқа шарам жоқ:

«Уа, менің перзенттерім, менікі емес және енді!

Менің қаным бойларында бұлқынсын өз қарам боп,

Жандары тек, сіңіреді-ау, Зұлмат, сенің бәлеңді!»

 

Қарғыс атқыр, құлсың тексіз, ал, мен кексіз адаммын,

Жер тозағын жұмақ етсең, қуатымен қос қолдың,

Бар қарғысым саған айтқан қабіріңе барар күн

Арашалар азабынан батам болар. Қош болғын!

                                         Аударған Алаштуған

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір