ТАЛТҮС
21.07.2020
964
1

Ұстазым Таласбек Әсемқұловтың рухына

…Таң атып келе ме, жоқ әлде кеш батып бара ма айыра алмады. Бір түсініктісі – қараңғылық қоюлана бастаған, бірақ билікті толығымен қолына алмаған апақ-сапақ кез. Екінші ұққаны – тірі сияқты.

…Бір ескі заман есінде. Көшелері шимай-шатпақ бір шаһарда көне кітаптарға толы тоқал там болатын. Бәлкім түсі ме… Бұл үстінде алба-жұлба шапаны бар, жүдеу, телміріп, терезеден сығалайды. Айғыз-айғыз алақандай әйнектен іштегі күңгірт әлем әрең көрінеді. Қараңдап біреу жүрген сияқты. Тіпті бір адам емес, бірнешеу болар. Бала жұтынып, ентелей төнеді. Осылардың бірі болғысы келетін. Оның да Кітаптар үйіне емін-еркін кіріп, содан соң қолтығына қалың, жырым-жырым дәу кітапты қыстырып алып, қала сыртына жетелейтін ескі сүрлеуге түсіп ойлана басып алыстай бергісі келетін. Бұл оның ең үлкен арманы еді. Бала жүрегін оттай қаритын ең үлкен арман болатын.

…Орнынан көтерілді. Басы мең-зең. Біреу бастан ұрған сияқты. Немесе қаны көтеріліп, бір-екі тамыры үзіліп кеткен тәрізді. Содан басының іші ұйыған қанға толып қалған сияқты. Мәңгіріп өзіне өзі келе алар емес. Ыңғайланып отырып, басын қолымен қысып, жайлап екі шекесін уқалауға кірісті. Бірте-бірте жан-жағындағы қарауытқан көлеңкелер анықтала, айшықтала бастады. Иіс сезу қабілеті оралды. Жас майса шөптің, жартылай ылғал таза топырақтың жұпары өн бойына тарай бастады. Керемет қуаттанып қалды. Таулы орманның шетінде отыр екен. Шөлдегенін түсінді.

… Ол талай мәрте шөлдеген. Бұл оған сондай таныс күй. Қалыпты күй. Теңізден жағаға ызалы, долы, қақпас толқын лақтырған үлкен балық тәрізді аңқасы кеуіп, екі көзі алайып, аузыменен талай мәрте ауа қармаған. Бұл ауа – оның бойына жат, зиян, өкпесін от болып қаритын жаман ауа. Судағыдай емес. Бұндай ауаның оны өлтіріп тастауы мүмкін. Қанша мәрте осылай қаңсып қалды. Қанша мәрте… Сондықтан ол қазір салқынқанды. Төзімді.

…Әлде мен балық па екенмін деген ой келді. Адамдарды түсіне алмай, Адамдар әлеміне сіңе алмай, міне, тағы қашты. Қашуды ол білетін. Қашу деген есінде.

Әлде мен сужүрек қорқақпын ба деп ойлады ол… Біле алмай тұр. Әйтпесе неге қашады? Әдетте ел деген қашпайды ғой. Жармасып, етсіз қарулы саусақтарымен қарманып, жанталасып, жағаласып тұрып алады. Олар әдетте қашпайды. Амалсыз кетеді. Ол шөп қармап, тал қармап, бірін-бірі жұлмалап жатқан қаптаған қалың жұртты елестетіп, аңтарылып біраз тұрды. Неге сонша өлермен? «Себебі олар тіршіліктен өңгені білмейді» деп түйді ол. Содан соң жармасады. Иә, сондықтан. Қазір олар қорқынышты емес. Өз әлемдерінде, өз тіршілігі барысында қауіпті. Ал қазір қурай тәрізді. Ешбір сезім тудырмайды. Әрине, бұныкі басқа қорқыныш. Табиғаты, құрамы мүлде басқа. Керісінше деуге болады. Бұл өзгелерден керісінше қорқады. Иә, солай. Ол бір сәтке тынып, өз бойынан, әсіресе жүрегінің маңайынан өзіне өлердей таныс, тіпті жан серігіне айналған қорқыныш сезімін іздеп көрді. Дым жоқ. Бірақ  үрей оған таныс сезім. Тағы да еске түсіре түсу керек. Түк есінде жоқ. Басын шайқады.

…Үйге қайту керек. Үйге. Бұл қай жер? Бұл жерге қалай келді? «Тоқта-тоқта, мен кіммін?» Үсті басын сипай бастады. Киімі бар. «Менің үйім қайда? Мен кіммін? Аты-жөнім кім? Жасым қаншада? Кәрімін бе, жаспын ба? Еркекпін бе, әйелмін бе? Және мен бұларды қайдан білемін? Жастың бар екенін, еркек пен әйелдің болатынын… Мен қайдан білемін???»

…Кенет өн-бойын жасын қарып, өкпе-бауыры солқ ете түскен. Зәресі зәр түбіне кетті деп осыны айт! Бұның жанында адамдар болды емес пе?! Мәссаған! Олар қайда? Ол қалт тоқтап жан-жағына бажайлай қарады? Адасып кетіп жүрмесін! Сондай жағымды, көңілді адамдар еді. Және олар жылы болатын. Жып-жылы. Ананың құрсағындай жайлы, жақсы адамдар еді.

…Басы дуылдап, көзі қарауытып кетті. Жан ұшыра орманнан әрі қарай, жазық болып көрінген жаққа қарай жүрді. Егер кеш батып кетсе, айналаны қою қараңғылық басса, далада қалатыны сөзсіз. Жүрісі қаурыт, саф ауа сарайын ашып, жанына жағып барады.

… Ол адамдар қайда қалды? Аман болса игі. Аман болса игі… Мен аман-есенмін. Мен келе жатырмын. Мен қайта оралатын шығармын…

…Оның жақындары болған. Басында барлығы жақсы еді. Бұл алаңсыз еді. Себебі… Себебі ол үшін жақын адамдардың жөні тым бөлек-тін. Онда құштарлық болатын. Онда адалдық болатын. Себебі… ол зәру өсті. Бір қарияның бауырында одағай өсті, жабайы өсті. Ал ол қария Күйші еді ғой…

Күйші болатын!

Кенет ол еңсесін тіктеді. Бұның өзі де күйші емес пе еді… Тоқта-тоқта. Онда домбырам қайда? Иә, домбыра тектес бір досы болған… Алқымына өксік тығылды.  Содан соң… қатайып алды. Бір-ақ сәтте. Өлген деген осы шығар деген. Себебі ол жақын адамдарсыз өмірді көргісі келмейтін. Оларды да, иә-иә, тіпті олардың өздерін де жат, бөтен қалыпта бұл өмірден көргісі келмейтін. Жүрегіндегі әсем гүлі семіп, қурап, қарайып кеткен еді. Тіпті Домбыраны да тастап кеткен. Сондай жақсы емес, өте жақсы емес бір кезең болды ғой. Болды ғой, айтшы?

Иә, содан соң  Олар келді. Иә-иә, олардың әрқайсысы есінде. Екеуі кішкентай да, біреуі ересек. Әйел. Олар құлпырған көктем тектес адамдар еді. Сондай жақын, сондай жылы… Әрі көңілді. Содан соң ақылды. Олар жақсы адамдар болатын. «Оралуға тура келеді» деп күбірледі.

…Сол күбірлеген күйі жүрісін жылдамдатты. Небір шөптердің иісі араласып, ауаның өзі адамға қорек болатын жағдайға жеткен тәрізді. Жүрісі жылдамдаған сайын өкпе-бауырына дендей еніп, жан сарайына шипа беріп, асқазанын толтырып жатқандай. Енді ол өзінің осы күйін қызықтап, жүрісін ширатқанмен, қалаға жету мақсатын санасынан шеттетіп жібергендей. Бір сағаттай жүрген соң, жол тәрізді айдалған ұзын сонар жыраның жиегіне отыра кетті. Қайда бара жатыр? «Одан да демалып, есіме түсірейінші. Не болып еді?» Қабағын шытып, қос шекесін уқалады. «Мен кіммін?» Кенет есімі ойына оралды. Есімі ойына оралған сәтте қолына оратылып, домбыра пайда болған. Ұстаз бәрін бір-ақ сәтте ұқты. Миығынан жымиды. Домалақ, нұрлы қара жүзінде лап етіп ғарыштық мейірім тұтанды. Малдас құрып еді, соны күтіп тұрғандай, домбырадан сағыныш әуені құйыла жөнелді…

Мадина ОМАРОВА

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 21.07.2020 | 15:17

ох, Мәдина

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір