Рубен Дарио
02.07.2020
908
0

«…Когда же станет дальше бесполезным
тяжелый путь по жизни крутизне –
любить зажжённую любовью бездну,
сгореть самим в горящем в нас огне!»
Рубен Дарио,
«Мен сүйемін, сен сүйесің…»
(орыс тіліне аударған И.Тынянова)

«…Тұрлаусыз боп тұрса енді кібіртіктеп
күйбеңге,
қилы ғұмыр, қиын жол келешекті
келте ғып –
махаббаттан тұтанған
тұңғиықты сүйгенде
өзіміздің отқа біз кетеміз-ау өртеніп!»
Аударған Алаштуған

Үш жасында хат танып, он үш жасында еліндегі ең танымал ақынға айналып, он төрт жасында жалынды журналист ретінде бүкіл құрлықты аузына қаратқан ақтангердің өзі еді ол… Феликс Рубен Гарсиа Сармьенто! Жалпы жаһан танитын Хорхе Луис Борхес, Карлос Фуэнтос, Варгас Льоса, Габриэль Гарсиа Маркес, Хулио Кортасар сынды сайыпқырандардың пір тұтқан, ұлықтаған ұлы ұстазы – Рубен Дарио. Ол Латын Америкасының Абайы іспетті! Ақын 1867 жылы қаңтардың он сегізі күні Никарагуаның Метапа қаласында (қазір ақынның атымен Сьюдад-Дарио аталады) дүниеге келген. Әкесі Мануэль Гарсиа атты саудагер болатын. Анасы – Роза Сармьенто, әкесінің жақын туысы еді. Сол себепті шіркеу де екеуінің үйленуіне қарсы болып, біраз әуре-сарсаңға түсіп, тек 1866 жылы бас қоса алды. Осы инцесттен туған тұңғыш перзент Рубен Дарио бала күнінен ғұмырдың ащы дәмін сезініп үлгерді. Әкесі бар табысын ішкілік пен жезөкшелерге жұмсағанымен қоймай, өз отбасына қырғидай тиетін. Анасы әбден қажып, төркініне қашып кеткенде Рубенге аяғы ауыр екен. Әкесі ұлын екі жасқа таяған шағында көріп, анасымен татуласты. Келесі жылы анасы Кандида Роза есімді қыз туып, көп ұзамай ол сәбилері шетінеп кетті. Ішкілікке салынған отағасы елеген де жоқ. Кішкентай Рубенді жетектеген анасы туысқан атасы, полковник Ф.Р.Мадрехильді паналады. Сөйтіп, ақын балалық шағын Леон қаласында, қандас ата-әжесінің тәрбиесінде өткізді. Атасына бауыр басқан ұл анасын да, тегі гондурастық өгей әкесін де мойындамай кетті. Атасы дүние салғанда, қаржы тапшылығынан қиналған әжесі Рубенді тігіншіге шәкірт етпек болады. Ақырында балаға жаны ашып, Иезуиттер орденіне оқуға жібереді.
Алты жасынан өлеңге таласы барын анық байқатқан ұлан он екі жасында «Бір тамшы жас» деген элегиясын Ривас қалалық газетіне бастырады. Леоннан шығатын «El Ensayo» әдеби журналы да бала ақынды жиі жариялайтын болды. Осы кезеңде ақынға Х.Соррильяның, Г.Н. де Арсе, Вентура де ла Вега мен В.Гюгоның ықпалы күшті еді. Дегенмен он төрт жасында жазған жырларынан өз қолтаңбасы қалыптасқан ақынды көреміз. 1881 жылы жарияланған «Иезуит» атты өлеңі ақынның Рим католик шіркеуімен ашық айқасқа шыққандығын айғақтайды. Сол аралықта эквадорлық жазушы, публицист Хуан Монтальвоны журналистикада ұстаз тұтуы да оның саяси көзқарастарын қалыптастырған еді. Тұңғыш кітабы «Өлеңдер мен проза тіліндегі мақалаларды» он төрт жасында жазып болған жас пері көзі тірісінде бұл жинақты шығара алмады. Көз жұмғанына елу жыл толғанда ғана осынау кітабы басылып шыққан екен…
1881 жылы Манагуаға көшіп келіп, елдің қоғамдық өміріне білек сыбана кіріседі. Оның талантына тәнті болған ел басшылығы Еуропаға оқуға жібермек болғанда, Конгресс Гранадада оқытуды жөн көреді. Өзінің де енді үйрене бастаған ортасынан кеткісі жоқ еді. «El Ferrocaril», «El Porvenier de Nicaragua» сияқты ірі басылымдарда қызметте жүріп, он бір жасар Эмелина Розарио Мурильо есімді жас қызға ғашық болып, он төрт жасар вундеркинд «үйленем» деп қиғылықты салады. Ақырында, ел ағаларының шешімімен 1882 жылы он бес жасар Дарио Коринтодан Сальвадорға жол тартқан кемеге мінген-ді. Әлемге танылудың алғашқы қадамдары да осы Сальвадор сапарынан басталған еді…
«Тишина ночи, болезненная тишина,
Ноктюрн… Но, почему душа без сна,
дрожит?
И пульс крови ей в такт жужжит,
Гроза грохочет далеко в мозгу.
Бессонница! Спать не хочу и не могу,
Вот стану думать и мечтать:
Я механизма божеского часть,
Что движется к заветному чертогу.»
Рубен Дарио, «Ноктюрн»
(орыс тіліне аударған О.Шаховская)

«Түнгі тыныштық, тыныштық
ауыр күй кешер,
Ұйқысыз жанда, не діріл?
Сырын түн білмек…
Лүпілі қанның сол әуеземенен үйлесер,
Күркірі күннің ми түкпірінде күмбірлеп.
Ұйықтай алмаймын! Ұйқы жоқ,
оған шыдаймын,
Ойлаймын енді, бойлаймын тағы арманға:
Бір бөлшегімін құрылғысында Құдайдың,
Сәнді сарайға сайлап сара жол салғанда.
Аударған Алаштуған

Бұл – балаң жігіт шағында, сол Сальвадорда жазылған өлең. Сонда жүріп ардагер ақын Хоакин Мендеспен, ел президенті Рафаэль Сальдивармен танысады. Ол жас ақынды өз қамқорлығына алып, француз поэзиясының білгірі, әдебиет абызы Ф.Гавидиаға табыстайды. Соның тәлімгерлігімен александриялық өлең өлшемін испантілді поэзияға қолданды. Кейін бұл үлгі модернизм атаулының мөріне айналды. Танымал тұлғаға айналып, Симон Боливардың жүз жылдығына арнаған поэмасы керемет жетістік болса да, обыр дертін жұқтырып алған ақын ұзақ жатып қалды да, қаражаттан қысылды. 1883 жылы қазан айында еліне кетіп қалды.
1886 жылы Дарио Чилиге көшті. 1988 жылы осында «Асыл тас» («Azul») кітабын шығарды. Эдуардо Пуарье, Эдуардо де ла Барраның қамқорлығымен Сантьягоның бас басылымы «La Epoca» газетіне орнықты. Пуарьемен бірге романтикалық-лирикалық «Эмелина» романын жазып шықты. П.Бальмаседа (Чили президентінің ұлы, ақын), М.Р.Мендосамен дос болды. Достары демеп, «Дінсіздің дұғалары» («Abrojos») жинағын шығарды. Сол жылы еліне оралып, «Асыл тасты» прозамен және бірнеше поэмамен толықтырып, қайта шығарды. Кітабы бірден ықыласпен қабылданбаса да, испан әдеби сыншысы, эссеші Х.Валера бұл туралы екі хат жариялады. Бірінде Дарионы «Галлицизм» (француз әдебиетінің ықпалы) үшін сынаса, екінші хатта ақындық қуатын, тіл байлығын, жаңашылдығын жер-көкке сыйғызбай мақтаған екен. Осы хаттар көптеген мемелекеттерде басылып, Рубен Дарионы тау тұлғаға, ақиық ақынға айналдырды.
«La Nacion» бастаған таралымы толағай басылымдар жиырма жастағы кемеңгерге таласа бастады. Ол көп кідірмей Лимаға кетіп, Р.Пальмамен танысты. Бірақ мұнда да аялдамастан еліне қайта оралып, «La Union» газетінің Бас редакторы болды. Гондурастық ірі қайраткер А.Контерастың қызымен азаматтық некеге тұрды. Тойдың ертеңіне елде төңкеріс болып, генерал К.Эсета заңды президент Ф.Менендасты биліктен тайдырды. Дарионы өз қасына қанша шақырғанымен, ақын әйелін қалдырып, Гватемалаға көшіп кетті. Сол кезде екі ел соғыс жағдайында болатын. «Қара тарих» атты көлемді мақала жариялап, Эсетоның опасыздығын әшкерелеген ақынның азаматтық абыройы аспандай түсті. Мұнда да ең ірі басылымдарды басқарып, кітаптарын жарыққа шығарды. Әйелі мен баласы жанына келіп, жаны жай тапқан сәтте, газеттің қаржыландыруы тоқтатылып, тағы да қиын күндерді бастан кешті. Тағы да көшу… Бұл жолы Коста-Риканың астанасы Сан-Хосе!

Обреченность
(Рене Пересу)
«Вы счастливы, деревья», – говорю я
в укоризне,
Всем камням безучастным
я завидую разом,
Нет сознания горше чем сознание жизни,
непосильнее ноши, чем осмысленный
разум.
Быть не ведая истин, а вокруг –
бездорожье,
тени дней уходящих и грядущих забот…
Поутру не проснуться мы боимся
до дрожи
и страдаем от жизни, от сомненья и от
нерешенных загадок:
как с неведомой силой
виноградною кистью плоть
нас манит вдали,
где склоняются ветви над унылой
могилой,
и куда мы уходим… И откуда пришли?!»
Рубен Дарио (орыс тіліне аударған
Н. Ваханен)

Қазақша нұсқасы былай болды:

Жазмыш
(Рене Переске)
«Сендерде, – деп, – бар бақыт»,
ағаштарды сөктім де,
Бейқам тастың бәріне
қызғанышпен қарағам,
Ұғынудан ғұмырды ащы ұғым да
жоқ мүлде,
асқан ауыр жүк болмас,
шын сарабдал санадан.
Ақиқатты танымай тұрған шақта –
жоқ тұрлау,
көлеңкелі кетер күн, күйбеңі көп
келешек…
Таңда оянбай қалудан қорқу, үрку,
отты ұрлау
сорлатады ғұмырда, күмәндарда жоқ
есеп,
шешілмеген жұмбақтар: бейне
күшпен сиқырлы,
жүзім шоғы елестеп, нәпсі үйірсе,
қайранбыз,
бұта көмген қабірде қайғылы аса
күй тұрды…
сонда бара жатырмыз…
Келіп едік қайдан біз?!»
Аударған Алаштуған

Гватемалаға, содан Никарагуаға жеткенде тосыннан өзінің Америка құрлығының ашылуына 400 жыл толуына орай Мадридке баратын делегация құрамына енгенін естіп, қатты қуанды. Еуропаның өзін көруден бұрын, қарымды қаламгерлерімен танысуды аңсаған еді ақын. Жолай Гаванаға, Нью-Йоркке соғып өтті. Х.Марти, Х.Кассаль, А.Вальдивия, Р.Кэймен танысты. Еуропада Г.Н.де Арсе, Х.Саррилья, С.Руэда, Э.Басан, А.Сава, Э.Каррильо, Х.Валерамен достасып үлгерді. Өзі қатты қадірлейтін П.Верленмен таныстығы мүлде кері әсер қалдырды. Сегіз рет кездескенде бір рет сау келмеген Верлен, ауызына келген бәдігін сапырумен болды. Енді бұл «достықта» мән қалмаған-ды… Сапарда жүріп (2.01.1893ж.) әйелінің қайтыс болғанын естіген ақын елге жетуге асықты. Сол жылы күзде Э.Р.Мурильоға үйленуге мәжбүр болды. Қыздың туыстары үйленбесіне қоймады. Досы, Колумбия президенті М.А.Каро Дарионы Буэнос-Айрестегі құрметті консул қызметіне тағайындап, 1893 жылдың тамызында Аргентинаға да жетті. Ғажайып қаладан керемет әсерленген ақын шығармашылықпен армансыз айналысты. Бір ғана өкінішті тұсы, екінші ұлы қырқынан шыққан бетте шетінеп кетті. Қарт әжесі лас қайшымен кіндігін қиып, инфекция түскен ағза ұзаққа бармады. Осы қаралы күндерде ақын өзінің терісінің түсіне, тегінің төмендігіне, ақсүйектерге тән тәрбиесінің жоқтығына бола «бекзадалардан» қанша қорлық көргендігін ойлаумен болды. Ашуланды. Түңілді. Түрлі бұзық ойларға бой алдыра жаздады. Ақырында ақылға келіп, бүтіндей шығармашылыққа кірісіп кетті. Осы кезеңде жазғандары Верленнің «ең әуелі – әуезділік» ұстанымымен толық үндестік тапқан. Жалпы, Рубен Дарио алдымен ақындық сөз саптаудың екпін-тыныс мәселелеріне, өлеңнің әуезділігіне, лексикалық мазмұн тазалығына асқан талғампаздықпен қарап, мүлде жаңа поэзияны әкелді. Парнастықтар мен рәмізшілдердің алуан түрлі үлгілерін игеріп, бай сөздік қорымен, өлшем кеңдігімен, ой ұшқырлығымен әлемнің төрттен бірі болып табылатын испантілді оқырмандарды естен тандырды. Ол бүкіл роман тілдік тобындағы халықтар үшін модернизмнің негізін қалаушы болды. Оған мистицизм, ирреалдық, көбіне санадан тысқары тұратын тақырыптар тән еді. Еуропа поэзиясының ең озық үлгілерін Латын Америкасы әдебиетіндегі бояулармен байланыстыра білген Дарио жүздеген буынға жетер жауһар жырлар қалдырып, адамзат баласы білмеген бағыт қалыптастырды. 1920-1930 ж.ж. «рубендаризм» атты тың, бүгінге дейін бағасын жоғалтпаған бағыт бекіді. Х.Р.Хименес, Мачадо, А.Нерво, Х.А.Сильва, Л.Лугонес, С.Руэда, Д.Каньедо… Аталған алыптардың барлығы өз елінің мақтан тұтар майталмандары, ақиық ақындары. Бірақ бәрі де Рубен Дарионың ізбасарлары… Оның соңында «Асыл тас», «Күзгі поэма», «Түрленулер», «Лирика», «Жырлар. Жылдар», т.т. әлем тілдерінде миллиондаған таралыммен шыққан мұрасы қалды. Әсіресе, «Аргентинаға арнау» (1910 ж.), «Дінсіздің дұғалары» (1896 ж.), «Қаңғыбас өлең» (1907 ж.) кітаптары жастық жалынмен жыр тұғырынан таза ауытқыта жаздаған әрлеуге толы «жаңашылдықтардың» тас-талқанын шығарып, бүгінгі біз білетін модернизм классикасының негізін қалады. Осы кезеңде ғажап ақынның қырық қыры түгел құбылып, теңдессіз поэзиясы испантілді аудиторияның жаңа тілдік нормаларын, жаңа әдеби қағидаларын бекітіп берді. Пабло Неруда: «Рубен Дариосыз біз өзіміздің ана тілімізде бұлай сөйлемес едік», – дейді. 1912 жылдың ақпан айының алтысы күні алпауыт ақынның жүрегі тоқтады. Аңыраған халықта есеп жоқ еді. Латын Америкасы дәл бұлай ешкімді жоқтамаған болар. Дауылпаздың денесін балалық шағы өткен Леон қаласына жерлеп, ескерткіш орнатты. Ақынның отанында Ұлттық театр да, Ұлттық кітапхана да оның атымен аталады. Латын Америкасы бойынша оның есімін иеленген нысандарда есеп жоқ.
Ақын мұрасын ең терең зерттеген үш зерттеуші бар… А.Торрес-Риосеко («Модернизм: Рубен Дарио»), Д.Царик («Рубен Дарио и модернизм»), В.Андреев («Латын Америкасы модернизмінің поэзиясы»). Сол Виктор Андреев Рубен Дарио негізін қалаған модернизм жайында: «Бұл Латын Америкасы әдебиетінің жастық шағы, оның ең алғашқы, алғаусыз, тап-таза махаббаты», – деген екен. Мен келісемін… Сіз ше?!

Ержан АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір