«ДОРИАН ГРЕЙДІҢ ПОРТРЕТІ»
25.06.2020
1707
0

Күтпеген жерден сана-сезіміңе төңкеріс жасап, аласапыран күй кештіретін шығармалар болады. Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдіңпортреті» – осынау ұлы мақсатқа негізделген роман. Газетіміздің қызметкері БатырханСәрсенхан Дориан Грейдің жан дүниесіне үңіліп, философиялық ой толғайды.

 Батырхан СӘРСЕНХАН


Түсінсем бұйырмасын, Оскар Уайльд жаныма неге сонша жақын? Сонымен қатар неге сонша алыс? «Бақытты ханзада» әңгімесі әлемде ең көп оқылатын шығармалардың сапына енеді. Адам терісінде әлдебір жәндік жыбырлаған сынды төбе құйқаңды шымырлататын мейірімді ханзаданың әрбір жаратылыс иесіне жаны ашуы, жақсы көруі, сезімі басқаларға ұқсамайды. Бақыттың мәні, өмір суының мәні адамдарға жақсылық жасауда, жақсы көзқарас қалыптастырып, демеу беруде екенін түсінген ханзаданың жан толқынысы кісіні әрі-сәрі етеді.

Ал тамыры көне Грек мифологиясында жатқан «Нарцисс жайлы аңыздың жалғасына» қараңыз. Сондағы бұлақтың сөзі деп ұғыңыз: «Мен нарцистің соншалық сұлу екенін жете аңғара алмасам да ол үшін жылап отырмын. Жылайтыным, жағамда бүр жарып, суыма еңкейген кезінде, жанарының түбінен сұлулығымның ұшқыны көрінер еді…»  

«Дориан Грейдің портретін» шамамен 2015 жылы оқыдым ғой деймін. Ондағы мақсатым, «бұл классикалық шығарманы әлдеқашан тауысып тастағанмын» деп айтып жүру үшін еді. Содан ба екен, романды дұрыс түсіну мүмкін болмады. Бірақ шығарма жан дүниемнің бір түкпіріне сезім шоғын қалдырған еді.

Карантин кезінде кітап салатын долабымнан қайта көзіме оттай басылды. Жалпы, бұл адам жаратылысы дегенді қойсаңшы. Бүгінгі ой ертең қартаяды, ертеңгі қажетсіз деп тапқан ұғымдар бүрсігүні шұңғыма ойға батырады. Оскар Уайльд дегенде еске түсетіні талғампаздық, үлкен білім шоғыры. Білімі мол адам ғана алысты қиялдай алмақ, жақыннан алысты көрмек.

Әдеттегіше, оқиға желісіне аса көңіл бөлуді қаламадым. Қызығы, ішкі мағына әуендері. Жазушының жан тебіренісі, қиқарлығы, уақытқа үкім айта білуі. Бір сәтте мынадай сөйлемге кезіктім: «Мен сұлулықты санаға бағындырылған күйден ада еткім келеді». Шынында, көп дүние санаға сіңген пішім арқылы ғана жүзеге асатыны белгілі. Адамзат баласы алғашқы ірі қала деп тапқан Месопотамия қаласын «Ақбұлақ» (Түркістан облысындағы жер атауы) деп атаса да болар еді. Бірақ әлдебір кісінің шешімімен солай аталды. Солай болып қалды да.

Бір кезде сабазыңыз тағы да бөлекше тіл қатады: «Қандай қайғылы болса да ұлылықтың ғұмыры сұлулықтан әлдеқайда ұзақ». Әрине, рас айтады. Ұзақ екені рас. Бір жағынан бұл сөзді терістеуге де болады. Сұлулық деген не? Ол – табиғат, шебер жаратылыс, көркем жан, Тәңірдің сүйіп жаратқан дүниенің бәрі… Ал мұны ұлылық демеу мүмкін емес.

Осы тұста оқиға желісі шиеленісе түседі.

«– Сізге портрет ұнамай қалды ма? – деді ақыры Холлуорд, Дорианның түсініксіз үнсіздігін көңіліне алып.

– Әрине ұнайды, – деп жауап берді ол үшін лорд Генри».

Дориан портреттен неге шошиды? Қызық.

Кейде шығармадағы кейіпкерлердің психологиялық күйлері күлкі шақырады. Кейде ажырғы тілді Оскар мырза адамның санасына келмейтін әртүрлі ұғымдарды бастырмалата жөнеледі.

«Әйелдер ешқашан мінсіз болмайды. Олар – өмірдің әшекейі. Сондай-ақ әлемге айтуға тұрарлық ештеңесі болмаса да, сөйлеуді ешқашан қоймайтын тіршілік иелері, әрі мұны өте әдемі жасай білетіндер ғана».  Батыс философиясының әйелдерге деген қасаң көзқарасы, меніңше, діннен туған. Інжіл аңыздары бойынша, Адам атаның жұмақтан қуылуына бірден-бір себепкер – Хауа ана. Содан да болар, әлем елдерінде әйелдер жайлы пікірлер көбіне кереғарлық тудырады. Мұны Шопэнгауэр, Жан Жак Руссо, Вольтер философиясынан кезіктіруге болады. Жалпы, көбіне әйелінің мінезі нашар тұлғалар бүкіл әйелдерге у шашып өтіпті, әйелі жақсылар роза күлтесін ұсыныпты…

Жазушының прозасымен қатар өлеңдері де бір төбе. Көбіне окульттық көзқарастарға құрылған жырлар. Ғажайыптар аралында саяхаттап жүргендей сезім кешесіз. «Дориан Грейде» ақындар және олар жайлы көптеген соны пікірлер бар. «Ұлы ақын, шын мәніндегі ұлы ақын, тіршіліктің тамырын сезінуге құштар. Ал екінші сорттағы ақындар өмірдің тамаша білгірі болып шығады. Өлеңдері неғұрлым әлсіз болса, мәнерлері мен сырт келбеті сондай мінсіз. Егер нашар сонеттері жарыққа шыққан ақындарды оқысаңыз, келбетін көрмесеңіз де, өмірде көзтартарлық сұлу екеніне сене беріңіз. Олар сонеттеріне енгізе алмаған поэзияны өмірлеріне енгізеді. Ал ұлы ақындар өмірде жүзеге асыруға батылы жете бермейтін поэзияны қағаз бетіне төгеді».

  Енді шешуші сөзге тоқталық: Дориан Грейдің портреті – шын мәнінде, оның жаны. Ал өзі – тәнін әрбір қызыққа қарыған тәкаппар пенде. Қанша бей-берекет іске ұрынса да, тәні өз көркемдігін сақтайды. Жалпы, осы тұста «Құдайдың ашулануы да сирек құбылыс па?..» деген ой келеді. Ал суреттегі жаны ажарсызданып, солған гүлге ұқсап қалады. Неге? Себебі жан сұлулығы тәкаппарлық пен жауыздық бар жерде ешқашан құлпырмақ емес. Пенделіктің теріс желінен тән құламас, тірі жүре берер, бірақ жан солар. Жүрекке дақ түсер. «Ар мен ұят ойланбай тәнін асырап» жүрген көп (болашақ) төбешікке айналар. Жалпы, үлкен адамдарға қарағанда,  балалар сүйкімді, жасы кіші адамдар әлдеқайда көркем көрінеді. Мұның сыры тәнде де емес, жүректе. Тұмса табиғаттай дүниеге келген дене өсе келе өлшеумен, таразымен ұстамай жүрегін былғамақ. Жүрегі былғанған жанның жүзінен нұр кетпек, сүйкімі азаймақ.

Оскар Уайльд не айтқысы келді?! Келесі сөз сіздің еншіңізде.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір