«Мен кетемін сен  білмейтін жерлерге…»
23.06.2020
1412
0

Өзінің бүкіл өмірін туған еліне, оның әдебиетіне арнап еңбек еткен ұла­ғатты ұстаз, жазушы, ғалым, артына өлмейтін, өшпейтін мұра, ғылыми зерттеулер, құнды шығармалар қалдырған, қазақ әдебиетінің қабырғалы қайраткері Рымғали Нұрғали тірі болса, биылғы жылы сексен жасқа толар еді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің, Ұлттық кітапханамыз бен Жазушылар одағының астаналық бөлімшесінің ұйтқы болуымен «Қазақ руханиятының ардакүреңі» атты тағылымды, шарапатты, руханиятымызға қызмет ететін игілікті шара – ғылыми академиялық сұхбат өткізілгелі жатқаны жөнінде мен Жазушылар одағының интернеттегі сайтынан хабардар болдым. Ізінше сол сайттан жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовта­нушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай інімнің: «Жігіттер, Болат аға курстасы, жас кезінен көзі жұмылғанға дейін бірге бол­ған қиыспайтын жан досы. Сөзді алдымен Бөкең бастасын. Өзге ше­шен­­дер содан кейін сөйлесе де бе­делі түсіп қалмайды», – деген ұсыны­сын қоса оқыдым. «Рымғали – академик, үлкен ғалым, жазушы. Сондықтан әңгімені ректор бастап, Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек жалғап, содан кейін досы маған, өзгелерге кезек тиіп жатса, осының өзі орынды болар еді-ау деп ойлаймын», – деген қысқаша пікірімді жазып жібердім. Тұрсын інімнің шын пейілімен айтқан сөздері көңілдегі көп тарихты қайта тірілтіп, көп ойлардың тұнығын шайқап жіберді. Жас кезде басталған шынайы достық ешқандай кіреуке, сызат түс­пей, өмір бойы жалғасар болса, мұның өзін тағдырдың шапағатты, та­тымды сыйы дегеніміз жөн болар. Қа­зір айналам жалаңаштанып қалған­мен, менің де өмірде ұзақ уақыт кездеспесек сағынысатын, көңілге медеу, дәтке қуат тұтатын жақын достарым болды ғой. Олар курстастарым – Рымғали Нұрғалиев, Қоғабай Сәрсекеев, Мәткерім Әкімжанов, Есенбай Дүйсенбаев, отбасыларымызбен мидай араласып кеткен Қалдарбек Найманбаев, Шәрібек Есмырзаев, Бақытжан Мо­мыш­ұлы сияқты азаматтар еді. Мен мектепті Жамбыл облысының Шу ауданында бітірдім. Рымғали Семей өңі­рінен келді. Университетке түскен соң екеуміз бірінші курста танысып, табы­сып, «арадан қыл өтпейтіндей» достарға айналдық. Кейінгі ұзақ жылдарда да көңілде­рімізге ешқандай қылау түскен емес. Рымғали арқылы мен сол кезде университетте бізден бір курс ілгері, бір курс кейін дегендей, жалпы алғанда қатарлас оқыған Мұхтар Мағауин, Сұлтан Оразалин, Төлек Тілеуханов сияқты жерлестері­мен де танысып, олармен де ара­мыз­да көңіл жақын­дығы орнаған еді.

Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Әңгімеге арқау болған достық

Екінші курста оқып жүріп қыстың күні суық тиіп ауырып, бірнеше күн белімнен тұра алмай, емтиханға бара алмай, жатақханада жатып қалдым. Қараған дәрігерлер «құяң» деп тауып, Қызылорда облысындағы саз балшықпен, сумен емдейтін Жаңақорған шипажайына барып емделуім қажет деген қорытынды жасады. Университеттің кәсіподақ комитеті айтылған жолдаманы алып берді. Сөйтіп, оқу жылы аяқталысымен емделуге кеттім. Шипажайда айға жетпейтін уақыт болып, Алматыға қайтқанымда Рымғалидан хат келіп тұр екен. «Осы жолы қатты түйсінгенім: қайда бармайын, не істеп жүрмейін, бүйрегімнің бір бүйірінде өзіңнің ғана орныңның бар екендігі. Оны сірә шалғайлық та, уақыт та суыта алмас-ау, – деп бастап, – Бәрін таста да, билет алып, Семейге тартсаңшы. Шығарыңда телеграмма бер, вокзалдан тосып аламын. Демалыстың ендігі қалған күндерін ауылда, Қайнарда бірге өткізейік. Таңға дейін ұйықтамай жатып, талай-талай әңгіме соғар едік», – деп аяқтапты…

Осы жерде айта кетуіме болады енді, жас жігіттің санаторийде басынан өткерген жай­лары, махаббат, адалдық, тазалық сияқты сезімдердің өмірде бар екендігі және оларды кірлетіп алмай, таза сақтау қажеттігі жөнінде әңгіме жазсам деген ой маған сол уақытта кел­ген еді. Ол әңгіме кейінірек «Желсіз түнде жарық ай» деген атпен жазылып, көпшіліктен жақсы баға алды. «Шығарманың шыншыл, сыршыл, шынайы болып шығуы үшін оны қандай үлгіде жазғаным жөн?» дегенді көп ойланып, ақыры өмірдегі өзіңнің барлық сырыңды қапысыз ақтарып айта алатын шы­найы досқа жазылған хат түріндегі үлгіні таң­дағанмын. Әңгімеде Рымғалидың атын Рысбек деп алдым және жазу барысында өне бойы онымен сырласып отырғандай хал кештім…

Үшінші курстан соң мен Қарағанды об­лыс­тық газетіне, Рымғали өзінің Семейіне прак­тикаға кеттік. Қарағанды облыстық газетінде өмірден небәрі жиырма үш жасында ерте өткен, бірақ әдебиетімізде өлмейтін, өшпейтін із қалдырған Саттар Ерубаев отызыншы жыл­дардың ортасында сол газетке редактордың орын­басары болып барған уақыттан бері іс­­теп келе жатқан Қали Садықов, Кәртай Ер­мек­баев дейтін аға журналистер бар екен. Мен мектепте жүргенде Саттардың «Менің құр­дас­тарым» атты аяқталмай қалған романын оқып, ғажайып әсерге бөленгенмін. Кітап кейіпкерлері Рахмет пен Лизаның арасындағы шынайы, таза махаббат маған мәдениетті, білімді жастар арасындағы махаббаттың эталонындай болып көрінген. Практикадан алған әсерлерімді Рымғалиға әңгімелеп, айтқан едім. Содан соң төртінші курстан кейінгі практикамызды бірге өткізейік деп шешіп, келесі жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне енді екеуміз бірге барғанбыз.           

Бұлттан шыққан айдай жарқ еткен шәкәрім поэзиясы

Сол уақытта, практикада жүргенімізде бір кішкене оқиға болды. Бір жолы редакцияға түскен хаттардың ішінен Рымғали бірнеше өлеңді маған көрсетті. «Бұларды жазған, жіберген кім екенін білесің бе? – деп сұрады. Сонан соң: – Бұл баяғы Шәкәрімді атқан оңбағанның нақ өзі», – деді. Сөйтсек, ол адам Қарағанды облы­сында тұрады екен. (Қазір атын атамайақ қояйын, ұрпақтары бар шығар). Кесек денелі, түсі суық, көзі қызарып, ішіп жүретін кісі деп естігенбіз. Өлеңдері нашар. Екеуміз ақылдасып, өлеңдерінің газетке жариялауға жарамайтынын айтып: «Нағыз ақын деп, мә­се­лен, Шәкәрімді, ғажап өлеңдер деп оның «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған өлеңде­рін айтуға болады. Шәкәрім сияқты, басқа да шын ақындардан үйреніп, талпынып жаза берсеңіз, түбінде газетке жариялауға жарап қалатын өлең тудыра алуыңыз да мүмкін» деген сыңайда өзімізше келістіріп, жүйкесіне тие, кекесінге толы жауап жазып жібергенбіз, астына қолымызды қойғанбыз. Кешікпей редактордың атына біздің «сыбағамызды» берген, «маған халық жауының өзін, өлеңдерін үлгі етіпті, редакцияда өзіңіз қандай қызметкерлерді ұстап отырсыз?» – деген, доңайбат көрсеткен хат келді. «Өлеңдерінің деңгейіне қарай жа­зыл­ған жауап еді», – дедік біз. Содан біраз уақыт бұрын Кеңес Одағының Бас прокуроры жұрттан түскен өтініштерді қарап, 1958 жылы Шәкәрімді ақтаған болатын, сонан кейін 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәкәрімнің бір топ өлеңі жарық көрген. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңі үлгісімен жазылған жастық туралы таңғы шықтай мөлдіреген жауһар жыры, басқа да өлеңдері поэзия әлемінде бұлттан шыққан айдай болып, жарқ етіп, жұртшылықты таң қалдырған. Бірақ артынан әлдекімдердің Мәс­кеуге дейін қуалай қайта арыздануымен шығармалары шықпай, есімі қайтадан жабыл­ған күйі қала берген-ді.

«Сөзді білу бар, сан құбылта ойнатып, қолдану машығы бар»

Практика кезінде, әділетін айту керек, облыстық газетте бұрыннан істеп келе жат­қан журналистер Рымғали екеумізге іш­тарта, жылы қабақ танытып, ілтипатпен қа­рап жүрді. Редакцияда болған бір әңгімеде солардың бірі: «Бір ғажап нәрсе – мәселен, біз бір жерге барып құрылысшымен, шахтермен, өндіріс озатымен сөйлесе қалсақ, олар тақұл-тұқыл еңбектегі көрсеткіштерін, өздері жайлы қысқа-қысқа деректерді ғана айтумен шектеледі, ал мына біздің екі жігітіміз барса, шешіле сөйлеп, махаббаты, достары жайлы, тіпті іштегі қырындыларына дейін түгел ақтарып, айтып салады», – дегені, оған сол жердегі бір әріптесінің: «Мүмкін, мұ­ның шешімі – сіз бен бұл жігіттердің өз кейіп­керлеріне сұрақ қойып, сөйлете білу шеберліктерінде жатқан шығар», – деп жауап бергені, артынан, сыртқа шыққанымызда Рымғалидың: «Кейде кейіпкеріңнің орыс болғаны да дұрыс, өйткені ол сенің жазғаныңды бәрібір оқымайды, түсінбейді ғой», – деп жымиғаны есімде қалыпты. Біздер қазақ тілі­нің талбесігі – ауылда туып, бала кезінен қазақ тілінің қаймағына қанып өскен қайсыбір журналистердің дайындаған материалдарының тіл жұтаңдығына қайран қалатынбыз. Осы жөнінде пікірлескенімізде Рымғали: «Шындап келгенде бұған таңданатын да ештеңе жоқ, сөзді білу бар, сонымен бірге жазған кезде оны өз қажетіңе жаратып, сан құбылта ойнатып, қолдану машығы және бар. Байқауымша, аудандық, облыстық газетте істейтін көп әріп­тес ағайындар осы мәселелер төңірегінде ойланбайды, толғанбайды, ізденбейді, қарадүрсін хабар, мақала, корреспонденция жазуды меңгеріп, соны місе тұтып, жүре береді. Олардың тілдерінде жаттандылық басым. Салғырттық, жалқаулық, ой керенаулығы меңдеп алған. Олардың білетін сөздерінің көпшілігі жазғанда еш уақытта қаламының ұшына ілікпейтін пассив сөздер», – деген еді.

«Бас мақала – майлы жілік»

Ол жылдарда облыстық газетте басмақала дейтін болатын. Көлемі шағын, мәшіңкеге басылған үш-үш жарым беттей ғана. Маусымдық жұмыстарға, басқа да жағдайларға байланыс­ты аз ғана көрсеткіштер мен фактілерді жи­нап алып, жалпы жағдайды баяндайды, алда­ғы кезеңге міндеттер қояды. Болғаны сол. Қала­ма­қысы тәп-тәуір, студенттердің екі айлық сти­пендиясына жетеғабыл. Басмақаланы өне бойы бөлім меңгерушілері, кейде жауапты хат­шы мен редактордың орынбасары жазатын. Ал­дындағы жылғы практикамда мен басмақала жазбағанмын, ешкім маған «жаза ғой» деп ұсыныс айтпаған, өзім де сұрамағанмын. Бұл жолғы бір лездеме жиналыс – «летучкада» басмақала жайы сөз болып қалды. Рымғали қолын көтерді. Күлімсіреп, орнынан тұрды.

– Басмақала – майлы жілік, – деп ортаға әзіл тастады. – Сол жілікті қалай пісіріп, да- йындау керектігі жөніндегі осында айтылған ойларға, пікірлерге мен де қосыламын. Сонымен бірге айтпағым – практика кезінде біз­дер газеттегі барлық жанрларда материалдар жазуға тиіспіз. Сондықтан Болат екеумізге де басмақала жазуға мүмкіндік берілсе. Майлы жіліктен біздер де дәм татайық, – деп сөзін қай­тадан әзілмен аяқтады. Жауапты хатшы Мақсұт Халиоллин әрдайым бізге іш тартып, жазғандарымызды нөмірге тездетіп салып, қам­қорлық жасап жүретін еді, ұсынысты бір­ден қолдады. Сөйтіп ондай мүмкіндік бізге де туған еді.

Студенттік жылдарда уақытымыздың көбі кітапханада өтетін, немесе абонементпен үйге берілетін кітаптарды, орыстың, әлемнің өзге елдерінің классик жазушыларының шығар­ма­ларын жаздырып алып, қолымыздан тастамай ұстап жүріп оқитынбыз. Жалпы, менің кітап оқу жылдамдығым баяулау, ал Рымғали кітапты тез оқитын. Жұртпен қарым-қатынаста да басынан сөз асырмайтын, ойындағысын қолма-қол шапшаң айтып тастайтын. Абайдың «Онегиннің сипаты» деген өлеңіндегі «от жалындай жауапкер құрбыменен» деген сөздері сол жылдардағы Рымғалидың келбетіне келетін. Көпшіліктің басы қосылған жерде, жиналыстарда сөзден тосылмайтын. Ал маған: «Сен қашанда ортаға шықпауға тырысасың, өзгелер жақсы білмейтін нәрселерін де жамырай айтып жатқанда, сен ойыңдағы біліп тұрған нәрселеріңді де айта бермейсің, ішіңде бүгіп, үндемей қаласың, өте шыдамдысың», – дейтін еді.

Қанаттас өлкелерге қатар аттанған жылдар

Практикамыз аяқталып, Алматыға қайтарда Рымғали екеуміз дүкеннен, буфеттен сусындар, тіскебасар бірдемелер әкеліп, редакцияда қазақы дәстүрмен шағын ғана «жолаяқ» жасадық. Өзімізбен екі-үш ай әріптес болған азаматтар ыстық ықыластарын, жылы сөздерін аяған жоқ. «Қаламдарың мұқалмасын! Талаптарыңа нұр жаусын! Мақсаттарыңа жетіңдер! Қазақ журналистикасының келешегі, ертеңі сендерсіңдер!» деген сияқты мақтау-мадақтаулар айтылып жатты. Бізді жақын інілеріндей жақсы көріп кеткен газеттің жауапты хатшысы Мақсұт Халиоллин: «Ертең кешке біздің отбасымызда болып, дастарханымыздан, жеңгелеріңнің қолынан дәм татып аттаныңдар», – деп, ыстық ықыласпен үйіне қонаққа шақырды. Сөйтіп, практикамызды сәтті аяқтап, Қарағандыдан Алматымызға қанаттанып қайта оралғанбыз.

 Рымғали екеуміздің одан кейінгі өмірдегі жол-сапарымыз біразға дейін қатар жалғасты. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп жастардың сол кездегі сүйікті газеті «Лениншіл жаста» қызметті бірге атқардық. Оқуды бітіріп, диплом қолға тиген соң облыстарға тілші болып барып, өмірді біле түсейік деген ниетпен Рымғали сол уақыттағы орталығы Целиноград қаласы болып табылатын Тың өлкесіне, мен қанаттас жатқан Қарағанды облысына «Лениншіл жастың» меншікті тілшілері болып қатар аттандық.

Біздер, шамасы, сол кезде газеттің жап-жас, аяқ-қолы жеңіл, елгезек, тіл алғыш, тапсырманы тиянақты, тез орындайтын тілшілері болсақ керек. Редакторымыз – қазақ журналистикасының көк бөрісі Шерхан Мұртаза. Жылына бір рет тілшілерді жинап алып, жиналыс өткізеді. Ол жиналыста тілшілер өздерінің атқарып жүрген жұмыстары жөнінде есеп береді. Бөлім бастықтары газет тапсырмасы бойынша істелмей қалған істерді, дер кезінде, уақытында немесе біржола жазылмай қалған дүниелерді айтады. Шерағаң өте әділ, бірақ қызметкерлерге талап қойғыш қатал редактор. Газеттің облыстардағы тілшілері де іріктеп, таңдап алынған, сайдың тасындай дерлік азаматтар. Сондай жиналыстың біреуі есімде. Оңтүстік облыстардан – Мұхтар Шаханов, Целиноградтан – Рымғали, Қарағандыдан – мен, Семейден – Рысхан Мусин, басқа облыстардан да барлық өзге тілшілер тегіс жиналған. Рымғали екеуміздің есебіміз біркелкі дұрыс өтті. Кезек Мұхтарға келді. Ол кезде Мұхтардың өлеңдері жастар арасына жақсы таралып, талантты ақын ретінде жұртқа танылып қалған кезі. Бөлімдерден тапсырмалар көп берілетін болса керек, орындалмай қалатындары да аз емес. Содан Мұхтар кішкене кібіртіктеп:

– Шәке, осы жаз болып, күн ысыса болды, бойым біртүрлі дел-сал болып, ұйқым келгендей, шаршағандай күйге түсетінім болады кейде, – деп ақталғысы келгендей әңгіме бастап еді, Шәкең:

– Әй, Мұхтар, аю екеш аю да жылына бір рет ұйқысынан оянады. Сенің де ұйқыдан оянатын кезің болды ғой енді, – деді оған сілеусін көзін қадап.

Тілшілердің ішіндегі жасы үлкендеуі, тәжірибелісі, мықтыларының бірі Семейдегі Рысхан Мусин болатын. Оның да редакция тапсырмаларын қолма-қол, шұғыл орындамаған кездері, газеттегі «Үлгілі үйдің ұл-қызы ұялтпайды», «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сыңайдағы, нөмірден нөмірге жалғасып жататын әртүрлі моральдық тақырыптардағы дискуссияларға үн қосатын, арнаулы нөмірлерге немесе алдын-ала жоспарланып қойған басқа да материалдарды уақытында бермей, кешіктіретіні, облыс өміріндегі жаңалықтарды жіті бақылап, жедел хабарлап отырмайтыны сияқты жайлар сөз болды.

– Кейде бір шаршаған, қартайған, марғау тартқан, көзінің алдында анадай жерде тышқан жүгіріп бара жатса соған да ұмтылмайтын жалқау мысықтар болатын еді, соңғы кездері сен сондай мысыққа ұқсап барасың, – деп Шерағаң енді Рысханға шұқшиды. Бұларды айтып отырғаным – Шерхан ағамыз ол уақытта бойындағы барлық күш-қайратын, қабілет-қарымын редакция жұмысына аямай жұмсайтын еді де, өзгелерден де соны талап ететін. «Лениншіл жас» газеті ол жылдарда жұрттың бәрі өздері жаздырып алып оқитын, таралымы ең көп газет болған еді.

14 ғылым докторының ұстазы

Рымғали екеуміздің одан кейінгі жол-сапарымыз екі айрылды. Мен қызметімді «Лениншіл жаста» жалғастыра бердім де, Рымғали ғылым жолын қуалауға бел байлап, университеттің аспирантурасына түсті. Аз-ақ жылдың ішінде ол ғылым кандидаты, ғылым докторы атақтарына ие болып, Жазушылар Одағында жыл қорытындысы бойынша жасаған баяндамаларымен, әдеби-сын еңбектерімен қазақ әдебиетінің елеулі, көрнекті тұлғаларының біріне айналды. Қазақ ұлттық университетінде сабақ беріп, ұлтымыздың мүддесі үшін жанып-күйетін жас әдебиетшілер мен тілшілердің, ақындар мен жазушылардың талай легін тәрбиеледі. «Қазақ энциклопедиясы» басылымының бас редакторы, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі ретінде атқарған еңбектері өз алдына бір төбе.

Рымғалидың ұлттық құндылықтарымызға – әдебиеттану мен театртануға үлес қосып жазған, жілік майы толымды, салиқалы еңбектері жоғары бағаланып, мемлекеттік сыйлыққа ие болғанда ол қуанышын да бірге тойлап, марқайған едік. «Тура биде туған жоқ» дегендей, әдеби шығармаларға пікір айтқанда ол қашанда әділі мен шындығын ғана айтып, тіліп түсетін. Оның от ауыз, орақ тілінен талайлар-ақ сескеніп, ығып жүретін. Бірақ ол ешкімді де орынсыз күстаналауға, кім болса да, тіпті өзінің достарының да жазған дүниелерін көңіліне шын ұнамаса, мақтап, мадақтауға бармайтын. Роман жазған бір досымыздың өз шығармасын мақтап, бір ауыз сөз айтпады деп оған көпке дейін өкпелеп жүргенін де білетін едім. Жастықтың жалыны әрдайым көңілімізге қуат бітіріп, жоғары мақсаттарға ұмтылдырып, жарқын келешекке шақырғандай болып тұратын. Досы, жерлесі Мұхтар Мағауин осындай көңіл-күйдің әсерімен өзінің баспадан шыққан жаңа кітабын Рымғалиға: «Хемге жет, болмаса мүрдем кет!» деген қолтаңбамен сыйлағаны есімде. «Хем» деп отырғаны қалам ұстаған қауымның сол кездегі, қазірдегі де пір тұтатын, атақты америкалық жазушысы Хемингуэй ғой. Осы бір кішкене мысалдың өзінен де әдебиет деген киелі өлкеге бет алған алпысыншы-жетпісінші жылдардағы біздің буынның алға қойған мақсаттары мен көңіл межелерінің қаншалықты биік болғандығы аңғарылып тұрғандай.

Үйдегі кітапханамда Рымғалидың 1991 жылы «Жазушы» баспасынан «Арқау» деген атпен шыққан, әр кітабы отыз баспа табақтан асатын екі томдық, көлемді шығармалар жинағы бар. Оның бірінші томына: «Ширек ғасырлық ғұмырда достық, адалдық көңілдерінен айнымаған Болат пен Хабибаға – ақ ниет, игі тілектермен, Рымғали», – деп жазып, қолын қойып берген еді. Оның бұл екі томдық шығармалар жинағына Қазақстан республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» атты ірі-ірі монографиялары тұтастай енген. Атап айтарлық нәрсе – Рымғалидың Алаш арыстарына, әдебиет тануға, әдебиет тарихына, әдебиет сынына арналған, қазақ драматургиясының трагедия, комедия, драма сынды жанрларын түбегейлі зерттеп жазған, жалпы оның қаламынан туған кез-келген еңбегінің көркем шығармадай қызықты оқылатыны. Сонымен бірге оның 14 ғылым докторын, 42 ғылым кандидатын дайындаған тамаша ұстаз болғанын айта кетудің де артықтығы жоқ. Осы жерде аға буын өкілі, талантты, белгілі жазушымыз Т.Әбдікұлының: «Қазақта, Құдайға шүкір, атақты ғалым аз емес. Бірақ, солардың ішінде, қазақ руханиятынан өзіндік ерекше орын алатын, парасаты биік ғалымның бірі емес, бірегейі – Рымғали Нұрғалиев», – деген сөздері де еске түседі.

Дубайға сапар. Өзекті өртейтін өкініш…

2010 жылдың басында қазіргі жұбайым Әсия екеуміз Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, оншақты күн демалып қайтуды ойладық. Туристік компаниялардың бірінен күніне екі рет – таңертең және түсте тамақ беретін, кешкі асты өзің қалаған кафе, рестораннан ішуге болатын жап-жақсы қонақ үйлердің біріне жолдама алдық. Кешкісін Рымғалимен телефон арқылы сөйлескенде осыны айттым.

– Әй, сендердің бұларың не? Шет елге баратын болсаңдар бізге де айтыңдар дегенім қайда? Жолдама әлі бар ма екен? Бар болса, таңертең барып біз де алайық. Ол жаққа бірге барайық, – деді. Оның алдында Рымғалидың қайта-қайта ауырыңқырап жүргенін білетіндіктен:

– Денсаулық жағы қалай? Дұрыс па? – деп сұрадым.

– Оған алаңдама. Қазір өзімді қай кездегіден де жақсы сезінемін, – деді ол. Ертеңіне жұбайы Хадиша екеуі менің жұмысыма келді. Бірге барып, жолдама алдық. Бұл сапар екеуміздің бірге болған соңғы сапарымыз екенін білген жоқпыз. Дубайда Рымғали соншалықты көтеріңкі көңіл күйде жүрді. Бір рет теңізге барғанымызда құлаштап алысқа жүзіп кетті. «Бұл жерлер – пайғамбарымыздың табаны тиген жерлер ғой. Келгеніміз жақсы болды. Қарашы, қандай тамаша, ғажап қала!» – деді сүйінішін жасырмай. Расында да. Таңғаласың. Энциклопедияны ашып қалсаң, Біріккен Араб Әмірліктерінің тәуелсіздік алып, мемлекет болып құрылғаны 1971 жылдың аяғы, тарихи қысқа мерзім, кеше ғана. Теңіз жағасы демесең, жері түгелімен шөл, суырған құм. Халқы да көп емес. Тарихына үңілсең, өне бойы Оман сұлтандығының құрамында болып келіп, он тоғызыншы ғасырда ағылшындардың қоластына көшкен. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1976 жылғы санақ бойынша қаласы мен даласын қосқанда халқының барлық саны алты жүз мыңның сәл ғана үстінде екен. Біздің қазақтың рулары сияқты туыстық қатынастары сақталып, жеті әмірлікке бөлініп, құм арасында көшіп-қонып күнелткен ел. Содан бері керемет өркендеген. Бүгінгі таңдағы халқының саны тоғыз миллионнан асып кеткен. Соның 15 пайызы ғана ел мен жер иесі, ежелгі тұрғындар – арабтар, олардың толық азаматтық құқықтары бар, ал қалған 85 пайызы көршілес Пәкстан, Индия, Бангладеш сияқты өзге елдерден уақытша жұмыс іздеп келген иммигранттар, олардың азаматтық құқықтары жоқ және ондай құқықтар оларға берілмейді де. Дубай, Абу-Даби, Чарджа сияқты тұрғындарының саны екі миллионның ар жақ-бер жағындағы қалалары көк тіреген, тұрмысқа жайлы зәулім үйлерімен, өркендеген өндіріс ошақтарымен, жасыл желек жамылған көшелерімен (әр ағашты өсіруге, күтіп-баптауға жылына мыңдаған доллар жұмсайды екен), әлемдегі ең биік үй, ең шапшаң трамвай, құрлықты қойып, теңіз үстіне салынған сұлу кварталдар, қала ортасындағы елу градус ыстықтың өзінде шаңғы мен коньки теуіп демалатын орын сияқты жетістіктерімен, экономикалық күш-қуатымен әлемді өзіне қаратқан, осы заманның ертегісі сияқты ел. Тілін, жерін, ұлттық құндылықтарын қызғыштай қорғайтын заңдары бар. Қай жағынан алсаң да тәжірибесін зерттейтін, үлгі алуға болатын-ақ мемлекет.

Саяхатымыз аяқталып, біздің бөлмеде бас қосып, «енді ертең жолға шығамыз» дегенді айтып, тарасқанбыз. Таңертең Хадиша бізді ерте оятып, қатты абыржыған үнмен Рымғалидың аяқ асты ауырып қалғанын айтты. Дәрігер шақырттық. Консулдыққа хабарластық. Досымызды ауруханаға апардық. Біз тіл білмейміз ғой, консулдықтың қызметкерлері дәрігерлермен сөйлесті. Жағдайды айтты. Олар: «Ауырған адамды бірер күнге алып қаламыз. Ұшаққа алған билеттері бүгін кешке болса, жолдастары қайта берсін. Бұйыртса, бұл кісі жұбайымен ертең, не арғы күні арттарынан ұшып барады», – деді. «Аға, сіздер жолдан қалмаңыздар, мұнда біз бармыз ғой, Хадиша жеңгемізді жалғызсыратпаспыз, ағамыз ауруханадан шығысымен ұшаққа өзіміз шығарып саламыз», – деді консулдық қызметкерлері.

Бұйыртпады… Өкініш өзекті өртейді… Амал не?.. Дәрігерлердің: «Ертең, не арғы күні-ақ арттарынан ұшып барады» деген сөзіне сеніп, малданып қалған өкінішіміз енді өмір бойы естен кетер ме? Астанаға келе сала Рымғалидың университеттегі шәкірті, сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхамбетке хабар бердім. Хадишамен, консулдық адамдарымен үздіксіз байланыста болдық… Жүректі тіліп өтіп, аяздай қарыған қаралы хабарды, «сүйегі Алматыдағы қазақ драма театрынан шығарылып, сонда қойылатын болды» дегенді ести сала ұшақпен ұшып жеттік…

Кішкентай бала кезінен Семей полиго­нын­дағы азап пен тозақ сияқты атом бомбалары жарылыстарының зардабын шегіп, өмір мен тұрмыстың да небір күрделі сынақтарынан сыр бермей өткен асыл азаматтың ыстық та асау жүрегі жетпіс жастың табалдырығында тоқтап тынды. Бірақ артында ұлтымызға қызмет ете беретін, өлмейтін шығармалары мен әдеби еңбектері қалды. Ұлдары мен қыздары қалды. Оның ендігі ғұмыры солармен жалғаса бермек.

Кейінірек, біраз уақыт өткен соң Рымғали түсіме енді. Екеуміз бір жерде кездескен екенбіз деймін. Рымғалидың өңі жақсы. Үстінде өзіне жарасатын су жаңа әдемі костюмі бар. Жүзінен ешқандай реніштің табы білінбейді. Мен оны көргеніме қуандым, бірақ сөйлесіп үлгермедім. Ол маған күлімсіреп қарады да: «Мен кетемін сен білмейтін жерлерге, бола берші, жүре берші сен жерде» деген сөздерді айтып, көзден лезде ғайып болды. Бұл бір аян бергендей түс, менімен қоштасқаны екен-ау деп ойлаймын осы күні.

Одан бері де, міне, он жылдан аса уақыт өтіпті…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір