Шота Руставели

«…Все равны мы перед смертью,
Всех разит её копьё,
Лучше славная кончина,
Чем позорное житьё.»
Шота Руставели
«…Өлім біздің баршамызды теңейді,
Найзасы оның тұрады ажал төндіріп,
Абыроймен қаза құшқан мерейлі,
Күн көруден арсыздыққа көндігіп.»
(Аударған Алаштуған)
Бұл кезең Күржістанның (Грузия) кемелденген, қуаты тасқан шағы еді. Үшінші Георгийдің даңқты қызы Тамара патшайым Артық ханның қаһарман қыпшақтарына (қырық бес мың атты әскер!) арқа сүйеп, ата жаулары арабтар мен парсыларға айбат шегіп, әруағы асқан ақындардан уәзір сайлаған кез де осы. Патшалық қазынасының кілтін ұстаған шайырымыз дәл осы Шота Руставели болатын. Оның қаржы уәзірі болғандығын дәлелдейтін 1190 жылы өзі қол қойған құжат та сақталған. Ол 1172 жылы Месхетияның Рустави (Тори) өңірінде дүниеге келген. Кей деректерде тегін Руствели деп те көрсетеді. Торели деген нұсқасы да ұшырасады. Кей ғалымдар Руставелидің тегінің дәл осылай болуын Рустави елді мекенімен (оның өзі бірнешеу) байланыстырса, басқа зерттеушілер Рустави майоратының бектербегі болған әкесінің мұрасы деп біледі. Бүгінгі күнге жеткен жалғыз шығармасы «Жолбарыс тонды жиһангез» дастанының кіріспесіндегі өз сөзіне сүйенсек, ақын Тамара патшайым мен оның күйеуі Давид Сосланидың тұстасы болмақ. Грекиядан Аристотель негізін қалаған фәлсафа һәм шешендік өнері академиясын тәмамдап оралған білімді де дарынды азаматты патша сарайында бөлек бір дәурен күтіп тұрғаны анық еді. Сарайда жүрген ақынды күндердің бір күнінде Тамара патшайым шақыртып, жеңіліс тапқан шаһиншаһтың тартуы — парсы тіліндегі дастанды тәржімалауды тапсырады. Бар қабілетін салып, көз майын тауысқан еңбегі ақталып, патшайым разы болады. Алайда, ақын бар сый-сияпаттан бас тартады. Мұның сыры Тамараға ғашық болған Шотаның өзіне ғана мәлім еді. Бір аңызда осы оқиғадан соң апта өткенде ақынның бассыз денесі табылғандығы айтылады. Енді бір деректер оның патшайымға өлердей ғашық бола тұра, Нина есімді аруға үйленгендігін және көп ұзамай жауапсыз махаббаттан түңілген Нинаның Рустави қорғанының мұнарасынан өзін тастап жіберіп мерт болғанын тілге тиек етеді.
Шынымен де өле-өлгенше Тамара сыйлаған алтын қауырсынды бас киіміне тағып өткен ақын мен патшайымның қарым-қатынасы жайлы аңыз өте көп екен. Соның бірінде католикос Иоанның бастапқы кезеңде ақынға қамқорлық танытып, патшайымға сезімдеріне қатысты сыбысты естіген соң, оны қудалауға ұшыратады. Әрі ақынның діни көзқарастары да отқа май құя түскені анық-ты. Қуғын көрген ақынның денесі 1216 жылы Иерусалимде Әулие Крест ғибадатханасына жерленгендігін бір топ ғалымдар 1960 жылы анықтады. Ол жайлы Синодикте (еске алу кітабы) де мәлімет бар екен және ақынның өз келбетін кескіндеген фреска монастырь қабырғасында осы күнге дейін тұр. Дінбасылар тарапынан қысастық ақын өлген соң да толастамаған. Тіпті XVIII ғасырда патриах Антоний I Шота Руставелидің дастанының 1712 жылы Вахтанг VI бастырған нұсқасаның бірнеше кітабын көпшіліктің көзінше өртеткені мәлім. Діндарлар ақын шығармашылығы қара халыққа теріс «ықпал ететіндігіне» сенімді болатын.
«…Для чего и мудрость людям,
коль не чтить её даров?
Знанья мудрых приобщают
нас к гармонии миров.»
Шота Руставели (орыс тіліндегі нұсқалар Николай Заболоцкийдің аудармаларынан алынды).
«…Тағылымдарын дәріптемекке анықтап,
адамдар үшін даналықтардан із қалып,
Дүниелердің үйлесіміне бағыттап,
ғұламалардың ілімі бастар бізді анық.»
(Аударған Алаштуған)
Бұл шумақты да әлем әдебиетіндегі құбылыс саналатын дастаннан алдық. «Жолбарыс тонды жиһангездің» алғашқы бөлімдері тұңғыш рет 1190 жылы жарық көрген. Дастанды түбегейлі зерттеген Ғ.Мүсірепов ақын бұл ұлы туындысын шамамен 1207 жылы жазып болғандығын анықтаған. Қазіргі таңда сақталған көне нұсқалардың бірі 1646 жылы Мамука Тавакарашвилидің қолымен көшірген, әртүрлі оқиғаларды бейнелейтін түрлі-түсті суреттерге бай үлгісі екен.
«…Таково людское сердце,
Ненасытное, слепое, –
Вечно чем нибудь томится,
Убегая от покоя.»
Қазақ тіліне аударғанда мынадай шумақ болды:
«… Сондай ғой адам жүрегі,
Тойымсыз, соқыр тағы да, –
Зарығып мәңгі жүреді,
Таптырмай тыным жанына.»
(Аударған Алаштуған)
Автандил мен Тариэльдің ерліктерінен, ертегіге бергісіз ғажайып оқиғаларынан бөлек, дастанда Үсейін, Үсен, Нұрадин, Шәймерден, Фатима сынды кейіпкерлерінің кесек кейіптелуі тағы бір ойды айқындай түседі. Профессор А.Хахановтың айтуынша: «Шекспирдің «Гамлетті», Гётенің «Фаустты» жазу барысында халық ауыз әдебиетін арқау еткендігіндей, Шота Руставели де аңыздар мен ескі қиссаларға сүйенгені анық. «Алайда өз елінің, я, басқа бір батыс жұртының емес, парсы мен түркінің әдебиеттерінің ықпалы басым. Араб, парсы, қыпшақ сөздері дастанға күржінің төл сөзіндей кірігіп кеткен. Дастанда кіл мұсылман елдерінің сондай сүйіспеншілікпен жырлануынан көптеген ғалымдар Руставелидің мұсылман болуы мүмкіндігін жорамалдайды. Ғабең де осы пікірді ұстанған. Алайда, неоплатонизм сарынындағы ойлары әрі жерленген жері бұл пікірлерді терістейтіндей. Дастанның көп таралған үлгілері 1500 төрттағаннан тұрса, бір үлгі 16 буындық 1637 қосжолдан құралған (Академик Броссенің нұсқасы).
Шәири сынды шығыс жырының ең күрделі түрін таңдаса да, дастанның тілі жеңіл әрі сіңімді. Метафора мен кейіптеу көлемін, мазмұн тереңдігін үлкен бір зерттеуге арқау етсе боларлық… Ерлік пен адалдықтың, достық пен махаббаттың, жанкештілік пен отанға тағзымның ескерткішіне айналған бұл ұлы дастан әлемнің жүздеген тілдеріне аударылып, әсіресе кезіндегі кеңес одағының бүкіл тілдерінде жарық көрген екен. Украин тіліне Микола Бажан (1937), поляк тіліне Ежи Загорский (1976), чуваш тіліне Юхма Мишиш, неміс тіліне Артур Лейст, орыс тіліне әр жылдары Ипполит Бартдинский, Константин Бальмонт (1933), Пантелеймон Петренко (1937), Георгий Цагарели (1937), Шалва Нуцубидзе (1937), Николай Заболоцкийлер (1937) аударған. С.Г.Иорданошвилидің ондаған жылдар бойы қолжазба күйінде жүріп, тек 1966 жылы жарық көрген жолма-жол аудармасы өте құнды нұсқа болып саналады. Француз ғалымы Мари Броссе осынау керемет туынды үшін күржі тілін (месх диалектісімен қоса) меңгеріп алған екен. Ширек ғасыр ғұмырын осы дастанды қазақ тіліне аударуға арнаған Хамза Абдуллиннің еңбегін ерлікке ғана балауға болады. Бұл кітап Ғ.Мүсіреповтің алғысөзімен 1974 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шықты.
Х.Абдуллиннің түпнұсқадағы тұтастықты, мазмұн дәлдігін сақтап қана қоймай, аудармаға үлкен білім қорымен келгені аңғарылады. Аударманың көркемдік деңгейі де тамсандырмай қоймайды. Дәл осы кітаптың алғысөзінде Ғабең: «…Шота сұлулыққа табынушы емес, сұлулықты жасаушы. Шотада Жер сыры мен Аспан тылсымын ұштастыра алатын сиқырлы күш бар,» – деген екен. Мен келісемін… Сіз ше?!
Ержан АЛАШТУҒАН