СӨЗТАНУ ӘЛЕМІНДЕГІСЫНШЫ МҰРАТЫ
12.06.2020
1435
1

(Әдебиетші, ғалым, сыншы Б.Ыбырайымның кәсіби сын төңірегіндегі ойлары)

Автордың өмір шындығын бейнелеудегі шеберлігі

Ғалым, сыншы, қаламгер Бекен Ыбы­рай­ым «Сөзтану әлемінде» (Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ: «Ұлағат» баспасы, 2016.-448 бет) атты жинағындағы «Сын – айып­тау емес, байыптау» деген мә­селе төң­і­регінде: «…Нағыз сын ынтықтыра­тын, қанаттандыратын, асқақтататын көр­кем­дік шындықты – шығармадағы объек­тивті эмоциялық-эстетикалық қуат­тар­ды, шын сұлулықты таныту үшін, әлеу­мет­тік әділеттілікті орнықтыру үшін, олқы­лық­тар­дан арылу үшін қажет десек, ешкімге де жаңалық емес», – деді (Қазақ әдебиеті, 2012,14 қыркүйек.301 -302 бб.). Сөзді өнер деп ұққан қаламгердің өзіне де, өзгеге де сын көзімен қарауы – табиғи заңдылық. Ал мұндай талап жоқ жерде таланттың танылуы екіталай. Өзгенің кемшілігін көре біліп, өзінің көркемдік эстетикалық талғамын тәрбиелей білген, содан сабақ алған ав­тор ғана шығармашылық шеберліктің шыңы­на биіктеуге, өзінің өресі мен өрісінің өсуі­не мүмкіндік жасай алады. Белгілі ға­лым, сыншы Бекен Ыбырайымның сын ма­­қалалары мен зерттеулеріндегі көр­кем­­­дік-эстетикалық талғамы, әдебиет әле­­мін­дегі ерекше танымы мен қатаң та­лап­­шылдығы, сыншылық сарапшылдығы бізге осындай ой салады. Нағыз ғалымға тән аналитикалық ойлауға бейімділігі мен әде­биеттану ғылымының үш саласынан (әдебиет тарихы, теориясы, сыны) да жан-жақты қаруланған зерттеушінің шығар­ма­ның көркемдік әлемін терең танып, тал­дай білуі – шынында да кәсіби сыншы шеберлігінің куәсі.

Өзіңе өзің сыншы бола алмасаң,

Не керек қиялыңды құр алдаған, –

деген сүйікті ақыны Қасым Аманжоловтың жыр жолдары өзінің өмірлік ұстанымы екенді­гін екі сөзінің бірінде ескертіп отыра­тыны да жайдан-жай еместігі белгілі.

Табиғатынан өз ісіне деген адалдық пен тазалықты, талғам мен танымды өнерде де, өмірде де ұстаным еткен Б.Ыбырайымның шығармашылық ерекшелігі – өзіне де, өзгеге де қатал талап қоя білуінде болса керек. Оған туындысын, еңбегін оқуға берген кез-келген шәкірттен бастап, үлкен­ді-кішілі әріптестерінің өзі де ұстараның үстінде отырғандай сезінетініне күмәнім жоқ. Өйткені ғалым-сыншының сіздің бет-жүзіңізге де, шен-шекпеніңізге де қарамай, қолжазбаңызды қызыл қаламмен қып-қызыл етіп, шимайлап қайтаратыны шүбәсіз. Орынсыз қолданылған сөз, ол­ақ құрылған сөйлем көрсе, «сайтаны» қозып кететін сыншы сөзді тани білмейтін­дер­мен жаны қас. Әдебиеттің құралы – тілді танып, түсінбей, көркемдікті эстети­ка­лық, философиялық, суреткерлік сезімталдық­пен түйсінбей, сөз өнерінде өріс кеңейтудің мүмкін еместігін Бекен Ыбырайым өзінің барлық еңбектерінде жүйелі түрде жазып келеді. Білікті маман өзі оқыған туындыдан, ең бірінші, автордың өмір шындығын бей­нелеу шеберлігін, сөз тану сипатын ек­шей келе, «оның оқырманға әсері қан­дай?» деген мәселелерді іздейді. Өзі зерт­теп отырған кезеңдегі көркемдік құ­бы­лыс­­тарды, әдеби, рухани кеңістіктегі жетістіктер мен кемшіліктерді тек көр­кем­дік талғам арқылы таразылауды да бас­ты мұрат тұтқан сыншы ғалым ең әуелі, оқыр­мандардың көркемдік-эстетикалық талға­мын тәрбиелеуді көксейді.

Б.Ыбырайымның жетпісінші жылдар­дағы сын мақалалары мен «Көркемдік көк­­жиегі» атты мақалалар жинағында (1981) да көркемдік- эстетикалық талғам мен таным тұрғысынан таразылау талабы айқын көрінді. «Таным диалектикасы және образ шындығы», «Көркем шығарма және концепция», «Тұлға. Тәсіл. Түйін», «Тақырып пен шешім» деген төрт тараудағы күрделі мәселелер өткен ғасырдағы сөз өнерінің өрісі мен өресін танытады. Тал­дау нысанына алған шығармалар мен автор­лардың кәсіби шеберліктері, туын­дыларындағы кемшіліктер мен жетістіктер жөнінде ашық айтылған, достық ниеттегі лебіздер – бүгін де бағалы, ойлы, қажетті пікірлер. Жалпы, сөз өнеріне, көркемдік әлем­ге, сыни талдаудағы талғам мен таным­ға қатысты толғамдары – қашанда қажет талап­тар.

Балалар прозасына қажет басты дүние – интеллектуалдылық

Б.Ыбырайымның белсенділігі сексе­нін­ші жылдары жиі жарық көріп тұратын сын мақалалар жинағы – «Жас қаламгерлер сериясымен» шыққан «Сөзстан» және «Жастар жастар туралы» айдарымен таныл­ған «Беталыс» деген жинақтардың барлық кітаптарында жарық көрген мақалалары ар­қылы да танылғанын атап көрсетуге бо­ла­ды деп ойлаймыз. Айталық, 1983 жылы жарияланған «Сөзстандағы» (А: Жалын, 264 бет) «Ендігі асу…» деген ма­қаласы қашаннан бері ұлтымыздың ұр­пақ тәрбиесін ұмытпай, үнемі назар салып отыратын балалар әдебиеті, оның ішінде проза саласындағы жетістіктерге көңілі толып, кемшіліктерін көңілге қа­рамай, ашық айтуымен ерекшеленеді. Сол кезеңде осы салада сөз бастаған жас қаламгерлердің таланты мен табыстарын тап басып, сын мұратының қанаттандыру ұстанымын ұлықтаған әдебиетші әуелден-ақ талапшыл. Тұңғыш туындысынан, алғашқы сөйлемдерінен-ақ талантты жас­тар­ды жазбай тани білетін сыншылық қа­сиет­ті сол жылдары-ақ дәлелдегендей. Мақала нысанына алынған Сайлаубай Жұбатыров, Молдахмет Қаназов, Мәди Айымбетов, Қабыш Жәркенов, т.б. сынды қаламгерлердің сол тұстағы балалар проза­сына өзіндік өрнектері мен ойларын, кейіп­керлерін ала келгендігін кәсіби сыншыға тән көркемдік талғам таразысы арқылы танып, шығармаларындағы шуақты ойлар мен шұрайлы тілді нәзік сезімталдықпен барлай білуі – сөз жоқ, биік талғам куәсі. Бүгінде қазақ әдебиетіндегі балалар прозасының белді буындары атанған бұл қаламгерлерді қанаттандыратын қолдау, қошеметтеу құп аларлықтай. Мәселен, «…Бір қуаныштысы соңғы жылдар бала­лар прозасына жаңа толқынның, жас толқын­ның нық басып келгенін көрсетті. Қалай дегенмен де, олар бүгінгі балалар өмірін жақсы біледі, психологиясына да қанық. Шеті­нен дерлік сауатты, ой айтып, мәселе көтере біледі. Ендігі асу – шеберлік асуы. Қаламдастарымызды сол асудың биігінен көрсек дейміз» (177 бет), – деген тұсаукесер сынды тұспал өмірде орындалып, олардың дені қазіргі қазақ балалар әдебиетіндегі бата берер ақсақалдар алдында жүргені ақиқат.

Өткен ғасырда айтылса да, өзектілігін жо­ғалт­паған, балалар прозасына тән кем­шілік­­терді қазіргі қаламгерлерге құлаққағыс ете кетудің де айыбы жоқ шығар. Мәселен, «…Шеберлік дегеннен шығады, аталған авторлардың қай-қайсысы да оқиға өр­біту, сюжет құруды біледі. Дегенмен тілге салақ қарау, асығыстық та шеберлік бел­гісі емес екенін баса айтамыз. Балалар проза­сында интеллектуалдық айрықша қажет деуіміздің бір себебі – балғындар кітап­та жазылған сөйлемді, сөзді тура мағы­насында түсінеді де, ойы да соған орай қалыптаса береді. Ендеше, олардың ой-өрісін, талап-талғам деңгейін мейлінше ескеру керек-ақ. «Жастар тіл білмейді» деп айтуға ауыз бармайды, керісінше, олар сөз сырына көп үңіліп, өздерінше құбылтуға, түрлентіп қолдануға талпынады. Сосын, тіл білу дегеніңіз, түптеп келгенде, мыңдаған сөздердің жиынтығын жатқа білу ғана емес, ең алдымен сөздердің бір-біріне сәулесін де, көлеңкесін де түсіретінін, нәрі мен әрін, нәзік нақышы мен биязы бояуын терең түйсініп, ойыңды мөлдіретіп жеткізе білу ғой. Жазушы үшін ең бастысы – «өзінің рухын таныта білу, ал тіл материалын пай­далану мен игеру болса, жаттығудың жемісі», – деген сол жылдардағы жас сын­шының ойлары бүгін де бағалы (177-бет).

Және бұл мақала осыдан қырық жыл­дан аса уақыт бұрын жазылған, сон­дық­тан ондағы ой-пікірлер, мысал объек­тіле­рі өз мезгілімен өлшенетіні заңды. Дегенмен ондағы өзекті ойлар бүгін де кө­кей­кесті екендігін ұмытпайық. Өйткені неғұр­лым қысқа жазамыз деп сөз құнарын құл­дыра­тып, «бала тіліне бейімдейміз» деп, шала­ғайлық жасап жүргендерге бұл сын қажет-ақ.

Сондай-ақ қазіргі технология мен ақ­параттар ағынынан бас ала алмайтын «білімді, вундеркинд» балаларды бей­не­­лейтін «интеллектуалы жоғары жазу­шылардың» шығармаларындағы терми­ноло­гия мен фразеологияның күрделілігі мен көптігі бала түгілі ересектердің тү­сінуіне үлкен күш түсіретінін де жасыра алмаймыз. Сын жанрында ұзақ уақыт бойы табанды еңбек еткен сыншы балалар әдебиетіндегі осындай олқы тұстарды ұзақ жылдар бойы зерделей келе, кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтындағы ғылыми жұмыстарына тақырып етіп, жалғастыруы да өз кәсібіне адал жанның тазалығын, жанкештілігін дәлелдесе керек-ті.

Сондықтан да болар, оның ғылыми тал­даулары, аналитикалық ойлары мен сыншылдық, суреткерлік талғам мен танымнан таратқан толғамдарының өзіндік өзгешелігі, бөлек бедері, дербес дидары бар. Сөзтану әлеміндегі сырлы да сұлу сөз өнеріне қойылар талаптар, өткен мен жаңа ғасыр белесіндегі сыншылдық ойлар мен әдеби процестегі парасатты пікірлер, бай тәжірибеден туындаған тағылымдар оқырманға әдемі ой салары анық. Өйткені оқырман тәу етер таланттарымыздың өмірді өрнектеуде, сөз өнерін еншілегендегі ең басты ұстанымы да сыншы сөз еткен осы көркемдік талғам тұрғысынан, көркемдік-эстетикалық талап өресінен шығып жатса, өзі қолданып отырған әрбір сөзге, қолданған құралы – тілге асқан жауапкершілікпен қарап, шеберлік куәсі – зергерлікті игерсе, қазақтың әдебиеті, сөз өнері, сөзтануы керемет көктеп, рухани кеңістігін кеңейтері де сөзсіз емес пе?

Қай салада жүрсе де (әдебиетте, сында, ғылымда, педагогикада), сөз өнеріне үлкен өре мен өлермендік махаббатпен, өлшеусіз жауапкершілікпен келу керектігін кредо еткен Б.Ыбырайымның қай мақала, зерттеу, оқулық, қарапайым тіршіліктегі әңгіме-дүкен кезіндегі сөзіне назар аударсаңыз да, осы бағыт, осы ұстаным, осы талап пен талғам алдыңыздан шығады да тұрады. Оған әдебиетші ғалымның әр жылдары жарық көрген зерттеу кітаптары мен жүздеген сын мақалалары – даусыз дәлел. Оның барлығын бұл арада талдап жату мүмкін емес. Бір ғана жинақ туралы айта кетейік.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайымның «Сөз­тану әлемінде» (Алматы: Абай атын­дағы ҚазҰПУ: «Ұлағат» баспасы, 2016.-448 бет) атты қазақ әдебиетінің әр кезең­де­рін­дегі көркемдік ахуалын арқау еткен сын, зерттеу мақалаларының жинағын да оқырман қауым кезінде жақсы қабыл­да­ған болатын. Кеңестік кезеңнің, 1970-1990 жылдар аралығындағы әдеби процесс, қазақ прозасындағы ерекше көр­кем­дік құбылыс болған шығармалар, білімі мен суреткерлік шеберліктері биік интеллектуалды, талантты, тегеурінді топтың сол тұстағы табыстары жөніндегі толғақты ойлары топтастырылған жинақты бүгін оқысаңыз да, көңіліңіз толары хақ. Себебі ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтіп, өресін биіктеткен, көрнекті қаламгерлерді танытқан негізгі туындыларын таңдап ала отырып, олардың қазақ прозасына әкелген жаңалықтарын, көркемдік-сти­ль­дік ерекшеліктерін өз тұрғысынан айқындаған. Осы ретте М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, І.Жансүгіровтің «Күйші» поэмасы, С.Мұратбековтің «Жусан иісі», Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» сияқты повестері – әлем әдебиетінің үздік үлгілері екендігін, өкінішке қарай, бұл шығармалардағы шырқау шеберлік, эстетикалық-эмоционалдық қуат әлі тиісті деңгейде айтылып, ашылмағанына қынжылыс білдіреді.

«Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті» деген мақаласында «Абай жолының» эпи­калық ауқымына, роман, повесть, пьесала­рын­дағы кесек тұлғалар галереясына, ғажап дарынның ересен қуатының айғағындай қиыннан қияға асатын қыруар шеберлік мысалдарына тоқтала келіп, әлемдік деңгейдегі классиктермен сабақтастыра салыстырып, олардан өзгешелеп тұрған ерекшеліктерін екшеуге, өзіндік мәнерін, ойлау, сезіну сипаттарын саралап, көр­кем­­дік құндылықтарын айқындайтын айыр­машылықтарын 5 тармақ бойынша топтастырып, талдаудағы ойлары да тың. «…Дарынның ең қуатты қаруы – байыптап асқақтататын (осмысленно возвышающий) психологизм деп бағалағанымыз әділ», – дейді. Зерттеуші Әуезовтің мұндай психологизмінде рухани-эстетикалық түлеу, жан дүниенің жарқ етіп сәулелену, нұрлану процесі жүйелене келе, дүниені тану мен қабылдау қасиеті ретінде стильдік сананы айқындайтынына назар аударады.

Психологизмді тек қана қасаң ғылыми категория ретінде қарамай, шығарманың көркемдік әлемін, рухани қуаты мен қа­сиет­терін, суреткер сиқырының сипатын қарапайым оқырман, кәсіби сыншы, білікті ғалым ретінде түсініп, тіл мен сөздің құдіреті тұрғысынан талдайды (70 бет).

«Тағдырын сөзіне айналдырған» де­ген мақала да М.Әуезовтің суреткерлік ше­бер­лі­гінің сырын бүгінгі уақыт контексінде қайта бір ой елегінен өткізу, жаңаша қарау, көркемдік шеберлік, сын тұрғысынан таразылау қажеттігін айрықша атап көр­се­теді. Б.Ыбырайым жазушының үздік туындысында байқалар олқы тұстарын анықтап айту арқылы сол заманның зілі мен зобалаңын танытуды жөн санайды. Нақты дәлел, мысалдар арқылы суреткер шығармашылығын жеке-дара, оқшау, тұйық құбылыс секілді қазақ әдебиетінің ғана контексінде қарау оның тұлғасын толық, объективті таныта алмайтынын айта келіп, оның қарасөз әлеміндегі көркемдік құбылыс ретінде танытқан қаламгерлік құдіретін әлемдік классика деңгейінде зерттеп, зерделеу, бағалау қажеттілігі турасындағы ойлары да назар аударарлық.

Жинақтың «Портреттер» деген бө­лімін­де С. Омаров, М.Иманжанов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Б.Соқпақбаев, Қ.Мұхамеджанов, С.Жүнісов, М.Мағауин, М.Ысқақбай, О.Бөкей, Т.Нұрмағамбетов сынды қалам­гер­лердің көркемдік әлемі жөнінде әңгі­мелеген. Олардың қарым-қабілеті, кәсіби шеберліктері көркем мәтіндерді талдау арқылы айқындалады.

Көркем шығарманы талдаудың негізі – көркемдік талғам

«Пікірлер» деген топтамада әдебиет­тің әртүрлі мәселелері, қазіргі қазақ проза­сы­ның бағыт-бағдары, кәсіби сынның көрінісі, талап пен талғам, сыршылдық пен сыншылық сынды тақырыптар төңірегіндегі өзекті мәселелер сөз болады. Қазіргі қа­зақ әдебиетіндегі көптеген келеңсіз құбы-­лыстарды, олқы тұстарды да орынды сынай­ды. Мәселен, жинақтағы: «Көкірек көзімен өлшенетін көркемдік әлем» деген сұхбатқа берген жауабында көркем шығарманы түсіну мен талдаудың ең алдымен, көркемдік талғамға қатыстылығын, көркемдік талғамның көркемдік танымға, өмірлік, эмоциялық тәжірибеге тікелей сабақтастығын, бұл мәселенің қаншалықты күрделі екендігін нақты мысалдармен дәлелдей келе: «… Жасыратыны жоқ, мерзімді басылымдарда немесе түрлі деңгейдегі зерттеулерде, оның ішінде кандидаттық, докторлық дис­сертацияларда көркем шығармалар өзінің әділ бағасын алмайды. Немесе ортақол туындылар мен жасық дүниелер ретті-ретсіз мақталып жатады. Сонымен бірге, әдебиет тарихына қатысты еңбектерде, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда, хрестоматияларда шығармалар дұрыс іріктеліп, объективті бағаланбайды. Бұған мысал бізде де, шетелдерде де қыруар. Мәселен, кешегі кеңес кезеңінде асыра мақ­талған талай шығармалар бүгінде оқыл­майды. Оған кім кінәлі? Автор ма, ғалым ба, қоғам ба?

Әңгіме кінәліні табуда емес. Әңгіме – көркемдік талғамда.

…Әдебиетшінің қате пікірі оқырманның әде­би талғамына нұқсан келтіреді. Көр­кем шығарманы оқырманның бәрі өз көзқарасымен бағалай бермейді. …Жоғары оқу орындары мен мектептерге арналған оқулықтарда кеңестік жүйе саясатының әсерімен енген шығармалардың оқытылып жүргенін айтып, қайта қарап, екшеу туралы мерзімді басылымдарда бірнеше рет мақала жазып едім. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отыр… Көркемдік талғам төмен болған сайын рухани отар­лануға бейім тұрамыз. Көркемдік талғам­ның бұзылуына себеп көп… Дәл қазір неге көркем шығарма оқылмай жатыр?..» – деген сауал тастай отырып, оның себеп-салдары туралы ой өрбітеді (77-бет).

Қазіргі кезде де көркемдік талғамның төмен болуы салдарынан әлеуметтік әділет­сіздікке, рухани құлдырауға түсіп жатқанымызды, сөз өнерінің қасиеті мен құдіретін түсінбей, тек терминдермен сөйлейтін ғылыми-теориялық талдаулар­дың көркемдікпен «үш қайнаса, сорпасы қосылмай» сықиып қалатынын, әдеби тілдің нәзік нақышын танып сезінудің орнына әлемдік әдебиеттанудағы барлық бағыттарға келсін-келмесін байлап беруді бағасы артық құндылық санайтындарды сынайды.

Бекен Ыбырайымның бүгінгі ұлт зия­лылары мен көзі қарақты оқырмандарды да қатты ойландырып жүрген рухани кеңістігі­міздегі кемшіліктерді дер кезінде көтеріп, ортақ істе белсенділік танытып жүргендігі көңіл қуантады. Қара басының қамы үшін емес, ұлт мұқтажы үшін үлес қосып жүрген жанның «Сөзтану әлеміндегі» өзіндік сөзі мен өресі биік ойлары, жүйелі сыни көзқарастары мен аналитикалық талдаулары қазақ сыны үшін мол олжа дер едік.

Кәсіби сынның көзден біржола бұл-бұл ұшып кетпеуіне лайықты үлес қосып жүрген ғалым сыншының баспасөздегі бағалы ой-пікірлері топталып, бір кітапқа жинақталып, жүйелі берілгесін бе, «сын жанры жоғалмапты, оның жоқтаушылары баршылық екен»,– деген ой түйіндедік.

Ендеше аталған көлемді жинақ қазіргі қазақ руханиятындағы әдеби процесті, оның саналуан ахуалын аңғартатын күрделі де жүйелі ойларымен қымбат.

Жалпы Бекен Ыбырайымның зерт­теу­лерінде ғылыми-теориялық талдаумен шектелуден гөрі танымдық-аналитикалық сараптау, көркемдік-эстетикалық бағалау, көркемдік талғам тұрғысынан талдау басым және соған бейім, ең бастысы – соны ғылыми, әдеби ұстаным ретінде бас­ты мұрат тұтады. Кей ғалымдардың шы­ғар­маның көркемдік әлемін биік эстетикалық талғаммен айқындай алмай, сюжетін мазмұндап беруді малдануы қарын ашыратынын, оның себебі терең көркемдік танымның қалыптаспағанынан екенін әрқашан ескертіп, дүмбілез дүниелерден, бүгінгі диссертациялардағы жалған ұғымдардан сақтану қажеттігіне назар аударады. Талданатын шығарманың көркемдік әлемін түсінбеу әдебиетші мен сыншының кәсіби біліктілігінің төмендігін көрсетсе керек.

Жинақта автор талғам саралығы мен сыншылық сарапшылдығы бар әдебиетте ғана өсу мүмкіндігі молаятынын нақты мысалдар арқылы талдай отырып, өзінің көзқарасын, кәсіби пікірін қайта сүзгіден өткізіп, жинақтап, жүйелеп, түйіндеп айтуды парыз көреді.

Өзі зерттеп отырған кезеңдердегі әде­биет әлемінде өріс алған санқилы шы­ғар­машылық ізденістер, көркемдік тұр­паты тосын да күрделі, алуан сырлы туындылардағы түрлік, стильдік, жанр­лық жаңалықтарға, ұлттық әдебиеттану ғылымына еніп жатқан жаңа категориялар­ға, сөз өнеріндегі өзгешеліктер мен тың өр­нек­терге ғалым ретінде де, сыншы ретінде де кәсіби деңгейде назар аударды.

Сөз өнерінде өз өрнегін тапқан ғалым

Бекен Ыбырайымның ой өресі мен эс­тетикалық талғампаздығын, нағыз ғалымға тән ғылыми біліктілігін толық дәлелдейтін докторлық монографиясы – «Сырлы әлем», «Сөзтану әлемінде», «Қазақ лирикасы», «ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы», «Қасым Аманжолов», «Академик Серік Қирабаев», т.б. зерттеулері мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде құрылған «Авторлық ауызша әдебиет» ғылыми орталығындағы қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет арнайы зерттеліп, жинақталып, жарияланған авторлық ауызша әдебиет өкілдерінің «Ақындар аманаты» сериясымен басылым көрген 50 томдық жинақтары, оқулықтары – сөз жоқ, қазақ әдебиеті мен тарихына қосылған қомақты үлес.

Бұл еңбектер жазушы, ғалым, сын­шы­ның қандай эстетикалық күрделі қ­ұбылыс­тар­ды да ғылыми категориялар мен көр­кемдік талаптар тұрғысынан жіліктеп бере алатындығын көрсетті.

Көркем сынға жаны ашып, адалынан сөйлеп, ақтарылып сыр айтар жанашыр сыншы осы жанрда жылдар бойы жанкеш­тілік­пен еңбек етіп, біреуге жағып, біреуге жақпай жүрсе де, өзінің көркемдік талғам мен таным төрінен түспей, турасын айтудан бас тартқан емес. Әділін айтып, әдебиеттің көркемдік көкжиегін көркейтуге, рухани кеңістігін кеңейтуге үлкен үлес қосты. Ол жылдар тегін кетпеді, талғамы өсті, білімі байыды, тәжірибесі молықты, сынай, тал­дай жүріп, өзі қаламгерлікке қадам басты, кемшілік пен жетістіктің ара жігін ажырата білді. Әдебиет әлемінің қыр-сырын таны­ды, танып қана қоймай, әдебиеттану ғылымының кәсіби білікті маманына ай­нал­ды. Филология ғылымдарының док­торы атанып, профессорлық атаққа ие болды. Алайда атаққа алданып, абыройсыз қалудан ада тынымсыз ізденімпаз ғалым шығармашылық азапты өзінің күнделікті дағдысына айналдырып, ізденуден танған емес. Көркемдік талғам мен танымды тек классикалық шығармаларды таңдап, талғап оқу мен зерттеу арқылы зердеге құйған зерттеуші – өзі де бүгінде сөз зергері.

 Өзіне өнеге тұтқан тұлғасы Л.Н.Толс­той, А.П.Чеховтің туындыларын қай­та­лап оқудан жалықпайтын, әрбір шығар­ма­сындағы көркемдік әлемді талдап, тану­дан танбайтын табанды да тынымсыз ғалым әдебиетті, сөз өнерінің тамырын басып барлауды айнымас қағидасы ет­кен. Сөз сиқырын асқан алғырлықпен, сезімталдықпен сезініп оқып, көркем шығарманың нәрін, нақышын нәзік түйсініп, жоғары талғаммен талдау арқылы өз өрнегін тапты.

Әдеби сынның деңгейін, жанрлық ерекшеліктерін, руханияттағы құбылыста­рын өзіне тән табиғи көркемдік қабылдау қасиетімен талғап, талдай білетін маманның өзіне қояр сыны мен талабының нәтижесінде биік эстетикалық талғамға қол жеткізді.

Талғампаз да талантты ғалымның тағы бір ерекшелігі – әрбір сөзге мән беріп, оның дұрыс қолданылуын қадағалауы. Әдебиеттің басты құралы – тілдің мүкіс­тігін мүлдем қабылдай алмайтын ол шығар­маның көркемдік құндылығын арттырып, шырайын енгізетін шұрайлы сөздің сауатты қолданылуына да аса сергек қарайды.

Тегінде, әдебиеттегі інжу-маржанды, өмір шындығын, көркем туындыдағы күр­меуі қиын күрделі өнер шындығына айналдыра білген рухани құбылыстарды қалт жібермей таныту – әділ сынның ауыр жүгі. Міне, осындай мылтықсыз майданда жүріп, өзінің біліктілігі мен мәдениетті ой сараптауларымен ерекшеленген зерттеуші табиғаты Белинскийдің «Сыншы таланты – сирек талант» дегенін еске түсіреді.

Жалпы, жоғарыда аталған жинақтар­дағы мақалаларды оқып отырып, қазіргі қа­зақ әдебиеті мен кәсіби сынының кө­кейкесті мәселелері, әдеби процесс, жеке шығармашылық тұлғалар, олардың таңдаулы туындылары туралы жоғары талғамды сыни көзқарастармен, қай кезеңнің оқырманына да ой салатын тақы­рып­тармен кездестік. Әсіресе, аты аталған көрнекті суреткерлердің шығармашылық ерекшеліктерін екшеп талдауы, оларды ғылыми еңбектерге тән таза теориялық түсініктермен, әдеби категориялармен ғана тірестіріп-сірестіріп қоймай мәтіннің мәні мен маңызын сезінген нәзік сыншылық сезімталдықпен, сөз өнерінің сыры мен қырын танитын байыптылықпен таразы­лап, таныта алуы кәсіби сыншы мен зер­делі зерттеушінің біліктілігін байқатады. Бұлайша талдау қарапайым сияқты көрін­генмен, шығарманың табиғатын, көркемдік әлемнің әлеуетін, күрделілігін жете әрі нәзік сезінген жазушы, сыншы, көреген әде­биетші ретінде танытатын бірден бір бағалы биіктік, төте жол екендігін ескер­геніміз жөн.

Насихатқа әуесі жоқ, үнемі іштей ізде­ністе жүретін, адал тірлігімен, қарапайым мінезімен жеке жүріп жазуды меже тұта­тын ол кісінің қасындағыларын күлкіге қа­рық қылып, әзілімен әдемі әңгіменің тие­гін ақтаратын жақсы мінездері де елге жұғымды.

Талғампаз прозашы, талантты сыншы, әдебиетші ғалымның бір адамның бойы­нан табылар сыншылық сергектік пен жазушылық сезімталдықтың табиғи тұтасуы – қаламгер танымының тереңдігі деп есептейміз.

Ол үшін әрбір кәсіби сыншы, әдебиетші, ғалым, қаламгер Б.Ыбырайым секілді ғұ­мыр бойы оқу, іздену, үйрену, шеберлік ұш­тау, жетілдіру, өзін-өзі дамытуды күн тәртібіне қоя білуі қажет-ақ. Біз қаламгерге, сыншыға, ғалым әдебиетшіге қыранның қайтпас қанат қағысын, дарияның тынбас ағысын тілер едік.

Гүлзия ПІРӘЛІ,

филология ғылымдарының докторы,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі»
ҒМОның бас ғылыми қызметкері

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.06.2020 | 17:49

Бекен ағаның бар болмысын ашып берген жақсы мақала екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір