ӨЗ ЖҮРЕГІМІЗГЕ ҮҢІЛСЕК…
12.06.2020
1151
0

Көркем шығарманың, кітап оқудың адам жанын азықтандырар құдіреті орасан екені кімкімге де аян. «Талғамтаразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» ақын Қарлығаш Әубәкірова француз жазушысы Виктор Гюгоның шығармалары арқылы ізгілік пен мейірімнің парқын пайымдап, Абай, Шәкәрім туындыларындағы ақыл мен жүрек хақында ой таразылайды.

Қарлығаш Әубәкір,

филология ғылымдарының PhD докторы


Кітап оқысам да, кино көрсем де әуел­гі шарт «Осы істеп отырған дүнием ру­хыма азық болар ма?» деген сауалмен сыналады. Әдебиет – қатайған жүректі жібітіп, қарайған көз жанарын жасқа малып, ерік-жігеріңді сілкіп, рухыңды оятпаса, ақылыңа ақыл, сабырыңа сабыр, мінезіңе мінез қоспаса, ой-танымыңды кеңейтпесе әдебиет пе өзі?.. Түрлі кейіптегі әдеби бейненің тағдырынан мейірім-махаббатын көріп, тамсанып, жан тазалығын көріп өз хәл-жапсарыңа үңілмесең, онда уақыттың зая кеткені деп білемін. Түбі кез-келген көркем шығарма өз жаныңа үңілдіріп, өзіңе талдау жасайтындай қозғау салуы керек. Бұл тұрғыда, әлем әдебиеті де, қазақ әдебиеті де ғаламатқа толы. Америка, еуропа, шығыс және төл әде­биетімізде оқыған кезде жүре­гіңді елжіретіп, жаныңды жадырататын, жігеріңді қайрап, махаббатымен тәнті ететін тағдырлар жетерік. Әдебиеттің арқасында қиялды ерттеп мініп, жеті қат көктің үстіне, жеті қат жердің астына, ғаламшардың небір ғаламатына да саяхат­тап, тамашалап келеміз. Әде­биет­те уақыт шекарасы жоқ. Қала­саң өткенге, қаласаң бола­шақ­қа бара аласың. Осы бір еркіндік жанның сырын тануға мүмкіндік беретін ғажап па деймін?! Әр деміңді сөзбен суреттеп, көз алдыңа әкелген жазушы сөз арқылы дүние-тірліктен қатайып кеткен жүре­гің­ді тазалап, тірілтіп отырады. Осындай әдебиетке қалай ғана құрмет қылмайсың?!

Бұл ретте жүрекке әсер берген сүйікті жазушымның бірі, француз әдебиетінің әлемдік деңгейдегі өкілі – Виктор Гюго. Оның «Аласталғандар», «Күліп тұрған адам», «Париж құдай ана­сы шіркеуі», «Бейшаралар» т.б шығармалары өмір пәлса­пасын дәл жеткізген ғажап туындылар.

В. Гюго

Бір тілім нанға бола 20 жыл абақтыға тоғытылып, тар қапасқа түскен Жан Вальжан мырзаның жан жарасы… Абақтыдан шыққан соң, енді менде ар да жоқ деп, Құдай үйі саналатын шіркеуде ұрлық жасауы; ұрлықпен ұсталып қалып, қарт діндардың сақшылардан құтқарып қалуы; мейірбан діндардың құтқарғанынан бөлек тағы бір күміс шамсалғышты бергені және ең соңында осы бір іс-әрекеті арқылы түңілген көңілге жарық сыйлап, қатайған жүрекке әділет дәнегін себуі, бір ғана күміс ыдыстың пәрменімен (шындығында махаббат пен мейірімге толы жүрек сырымен) қаншама тағдырдың қайтадан мейірім жолына оралуы адамды ойландырмай қоймайды. Хакім Абайдың «Дүние ойдан шығады» дегеніндей, ой салар дүние ойыңа азық, ақылыңа қуат болса, мұндай жақсылықпен қайтіп қана бөліспей тұра аласың?! Бір ауыз сөз бен әрекет кейде бүкіл қоғамның ізгілікке бетбұруына әсер ете алады екен. Мұны, Гюго өзінің шығармалары арқылы дәлелдеді. Демек, ғұлама-ойшылдардың «Әлемді түзегің келсе, әуелі өзіңді түзе» дегені рас болғаны ғой?! Мұндайда ойшыл Шәкәрімнің:

Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен күрес өлгенше!» –

деген өлең жолдары амалсыз есіңе түседі. Есіңе түседі де ой салады!

«Мен барлық шіркеудің уағыздарынан бас тартамын; Мен барлық жандарға дұға бағыштауды талап етемін; Мен Құдайға сенемін», – деп жан тапсырған Гюгоның жазушылығы ма, адамшылығы ма, жоқ әлде адамшылықпен астасып кеткен жазушы жүрегі ме, әйтеуір, кез-келген шығармасын оқып, жылайсың, шыдайсың, рухани тазарып отырасың! Сол үшін де сүйемін!

Гюгоның «Күліп тұрған адам» шы­ғар­масында ызғары өңменіңнен өтетін күздің қара суығында жағалауда қалған жас баланың әлдебір дыбысты естіп, сонадайдан көрінген жерде жатқан адам­ның сұлбасын көруі, сол жерде өлген әйелдің құшағында жылауға шамасы жетпей қыңқылдаған сәбидің үні; сәбиді құшағына қысқан жас баланың мейірімі көзге жас үйірмесе, мұндай оқырманның көзі көз емес, жүрегі жүрек емес. Тап-таза жүректен шыққан мейірім мен махаббатты сездіре білген Гюго қандай жазушы? Соқыр көзді жылататын шеберлігі қандай?! Суыған жүректі тірілтетін жа­лыны қандай?! Есепшіл ақылды есеп­сіз сезімге бас идірген шеберлігіне тән­ті боласың!.. Қара суық ызғарда дір­дектеген, тоңғаннан нық қадам басу­ға шамасы келмесе де тәлтіректеп, құшағына сәбиді қысып алып, бейне бір сол сәбиді құшағына алған сәтте жүрегі мейірімнен қуат алғандай нық жүрген Гуинплер сырт қарағанда күліп тұрған адам іспетті. Ал жан-дүниесіне үңілсеңіз, сөзбен жеткізе алмас қасіретті тағдыр азабын арқалаған жас баланың жаралы жанын көресіз! Қатігез қоғам езуін тіліп, сайқымазақ адам кейпін жасау үшін балаларды саудаға салған, ол аз болғандай, беттегі таңбалары оларды мәңгі күлегеш бейнеге айналдырған Гуинплен сырттай күліп, іштей жыласа да, жүрегі таза қалпында жантәсілім етеді. Ол жүрегін сақтап қалды. Ерлігі де сол. Шығарманың әу басында мейіріміне сүйсініп, махаббатына тамсанып, сабыр-төзіміне қайран қалған оқырман, соңғы нүктеге тақаған сәтте бұл жігіттің ар жолы қанша қиын болса да, соншалық таза болғанына, шынайылығына риза көңілмен оқуын аяқтайды. Әдебиет деген осы! Адамды адамдық жолында тәрбиелейді. Жүрекке нұсқаулық береді. Егер, адам баласының рухани анатомиясындағы рух пен нәпсіні ақ пен қара деген аналогиялық негізге салып, жақсылық пен жамандықтың өзегі ретінде қарар болсақ, әдебиет рухтың азығы болуы тиіс! Субъективті пікір. Нәпсінің азығы күнделікті өмірде жеткілікті. Керісінше, нәпсінің қалауы қандай болатынын әшкерелеу және оны жеңу жолдарын көрсету, сол арқылы рухыңның дамуына, Абайша айтсақ, толық адам ретінде кемелдену жолына түсу қашанда өзекті болмақ. «Дүние қуып, атақ-мансапқа жеткен адамның жүрегі бақытқа кенеле ме, жоқ жүрек қалауын танып, сол мақсат-мұрат жолында адал қызмет етіп, адамдық жолында жүрген жанның жүрегі жан тапсырар уақытта алаңсыз лүпілін тоқтата ма?» деген сауал қай қырынан қараса да бір жауаппен тұжырымдалатын секілді. Олай болса, әркім өзін және өзінің мін­детін дәл тауып, жүрек қалауын орындағанға не жетсін дейміз, мұндайда!

                 «Бейшаралар» мен «Париж құдай анасының шіркеуі» сынды шығармалар да дәл осы адамның адамдығы рухани жан сұлулығымен өлшенеді деген оймен астасып отырады. Үйдегі өз балаларына бір түйір ас таппай қиналып келген балықшының әйелімен барып, көрші үйде аштан өлген әйелдің жанында қарыны ашып жылаған екі баланы бауырына басуы ақылға сыя ма? Ақылға салса, ақыл: «Өз балаңның өзегі талып, жылаған үнін естіп отырып, өзгенің баласын қайтпексің?» – дер еді. Бірақ, жүрекке салса, жүрек бейшара: «Тірі тұрып, көрші үйдегі мәйіттің жанында шырылдап қалған екі баланы тастағаннан көңілің тыныш таба ма, жүрегің алаңсыз бола ма, арың көтере ме, ақылың аса ма?..» – дейді. Қайран жүрек… айналып келіп, өзіміздің дана Абайды қайыра еске аламыз! Өзінің 17-қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек таласқа түскенде осы үшеуінің басшысы жүрек деген қорытынды шығарады. «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы», – деген хакімнің сөзіне иланамыз?! Үнсіз ғана бас изеп, төмен қараймыз! Төмен қараған күйі өз жүрегімізге үңілсек, хакім Абайдың һәм данагөй Гюгоның да еңбегі зая кетпегені!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір