ТАРИХҚА СЕНГЕН ЕМЕСПІН
11.06.2020
1144
0

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті

Сауалнама қонағы – ақын Айжан ТӘБАРАКҚЫЗЫ

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адамгершлігі

– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

– Тәуекелшіл болу

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Жалқы ұғымда –өзіңе адалдығың. Жалпы ұғымда – елдің тыныштығы.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Жасөспірім кезде бұл сауал қойылса, Меңтай дер едім. Қазір өлеңімнің кейіпкері шығар…

– Ең басты кемшілігіңіз не?

– Өзімді алдап кеткен адамдарға тағы бір сеніп көргім келетіні…

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Деректі фильмдер көрем.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Бір рет адам боп өмір сүргеніме ризамын, екінші рет сөзсіз басқа жаратылыс болу керек. Бірақ нақты не екенін білмеймін…

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Мен өмір сүретін елімді таңдап келген адаммын.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Ойланбаппын. Өзімдегі бар қабілеттерді пайдаланып алсам да жеткілікті еді. Қайда-аа оған…

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Сезім мәселесінде…

– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

– Жарығы қыстыгүні үш сағат қана берілетін, жазда тезек теріп қиялдап жүретін аядай ғана ауылдағы кішкентай қыздың күндердің бір күнінде «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Пруст сауалнамасына» жауап беріп отыруы шығар.

– Егер өнертапқыш болсаңыз, нені ойлап табар едіңіз?

–Өзімді жұбататын робот шығар.

– Неден жиіркенесіз?

 – Сатқындықтан.

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– Тарихқа сенген емеспін.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

 – «Ең жаман деген адамның да бір жақсылығы бар…»

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Болады. Қаншалықты жиі екенін Есілден сұрау керек…

Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

– Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ еткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Мейірімділік пен адалдық.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Менің замандастарым!

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Артықшылығы – заманауи. Кемшілігі демейін, бірақ кейде кіл эксперимент емес жүректі қозғайтын дүние оқығым келеді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір