ҰЛЫ ЕРЛІКТІ ҰЛЫҚТАЙЫҚ
09.05.2020
646
0

Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 75 жыл толып отыр. Тарихта мәңгіге таңбаланып қалған қанды жылдарда сол кездегі КСРО халықтары – сан ұлттың өкілдері бірге тізе қосып аянбай күресу арқылы ержүректіліктерін паш етті. Бұл жеңіс ынтымақ пен достықтың арқасында келді. Халықтар достығы – бейбіт күннің кепілі. Бүгінде Тәуелсіз Қазақ елінде сан ұлттың өкілдері тыныштық құшағында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны – баға жетпес байлығымыз. Бұл – бейбіт күннің жеңісі.

Соғыс… Осы сөзді естігенде кім болса да денесі түршігіп, жүрегіне қорқыныш ұялайды. Әркімнің сезімін түртіп, көңілін жабырқататындай бұл сөздің не құдіреті бар? Соғыс деген не өзі? Соғыс – күйретуші күш. Тіршілік атаулыны жалмап жұтатын қасірет. Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толса да, сол бір қиын кезең халық санасынан өшер емес, өшпейді де! «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, соғысқа қатысқан әр жауынгер – Қазақстан халқына бейбітшілік пен тыныштық, береке мен бақыт сыйлаған ардақты жандар. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген аталарымыз бен апаларымызды, сол жылдары соғыстың суығына тоңып, ыстығына күйіп, қиындығына төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, әр ісімен жеңіс күнін жақындатқан тыл еңбеккерлерін мақтан тұтамыз. Адамзатқа алапат қасірет әкелген осынау зобалаңды кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс.

Аспанды айғыздаған оқтардан құтқарып, құстарға еркіндігін қайтарған, кең дала мен көшелерді қызыл қаннан тазартып, көк майса мен сан алуан гүлді жайқалтқан, зеңбіректің үрейлі дыбысын сәбидің таза күлкісіне алмастырған, күллі әлемге бейбітшілік сыйлаған жеңісте әр адамның үлесі бар. Сол ерліктің, жеңістің жалғасқан ғұмыры – біз болсақ, ерлікті ескіртпейтін де – біз. Иә, біз майдандағы батырларды, тылдағы еңбекшілерді, қантөгіске жаны ауырған ақын-жазушыларды ерекше атаймыз. Меніңше, сол соғыстың зардабын тартқан әрбір адам бізге үлгі болуы керек сияқты. Яғни, бұл жеңісті тоғызыншы мамыр күні ғана емес, кез келген сәтте қадір тұтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – парызымыз!

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жастарға арнаған бір сөзінде: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген еді. Бұл сөздер әр жастың бойына отансүйгіштік қасиетті ұялатпай қоймайды. Патриотизм деген не? Осы сөздің мағынасына терең үңіліп көрейікші… Әрине, ол ең бірінші кезекте халқына, отбасы мен туып өскен ортасына, еліне, жеріне, табиғатына деген құрметтен бастау алатын болса, өз ұлтын, жерін сүйіп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Қазақстандық патриотизмнің нағыз айнасы осындай парасатты ойдан бастау алады. Оған дәлел Елбасымыздың «Қазақстандық патриотизм» мәселесін ұдайы көтеріп отыруы. Қоғамда ел мерейін өсіруде патриоттық тәрбиенің орны ерекше. Ұлттық рухтың биік екенін көрсетер бірден-бір жайт әскери тәрбие, ұлтын, халқын шексіз сүйетін, оған адал қызмет етіп, азамат тәрбиелеу талай уақыттың жеңісі екенін ұмытпаған абзал. Осы орайда, Елбасы жолдауларының бірінде өскелең ұрпаққа патриоттық рухта тәрбие беру үшін әскери клубтар ашуды тапсырған болатын. Бұл тапсырма бойынша былтыр қыркүйек айында қаламыздың әр ауданында 1 сыныптан «Жас сарбаз» сыныптары ашылды. Жетісу ауданында мұндай сынып Мағжан Жұмабаев атындағы мектепте ашылды. Аталған сыныптың біздің мектепте ашылып, жас сарбаздардың тәрбиеленіп жатқаны біз үшін үлкен абырой және мақтаныш. Бүгінде әскери машықпен қатар елін, жерін сүйетін ұлттық патриотизм рухында 25 жас сарбаз тәрбие алуда. Олар – ертеңгі әскери маман. Олай болса, әскери машықты ғана меңгермей, жан-жақты болуы аса қажет. Әскери машық – әр жас сарбаздың басты қаруы. Осындай жас өрендерді тәрбиелеп жатқан ұстаздары – қатардағы жауыргер Орынбасар Бауыржанның еңбегі ерекше. Сарбаздардың мектептегі жан-жақтылығын қалыптастырудың дұрыс ұйымдастырылуы мектеп басшысы Сандуғаш Балтабайқызының шеберлігі мен қажырлы еңбегінің арқасы. Әрине, патриоттық рухта тәрбиеленіп жатқан жас сарбаздар бүгінде оқу озаты, мектеп мақтанышы. Олар бар ынта-жігерімен әскери машықпен қатар, спорт, би, ән дәрістерін меңгеруде. Ең бастысы, әр сарбаз өзін патриотпын деп сезіне отырып, әрбір ісімен ұстаздары мен ата-аналарын қуантып жүр. Осындай игі істерімен бабалар аманат еткен ерлік істерді ұлықтап, соны жалғағандарын ұлы мәртебе санайды.

Көгімізде әрқашан күн сөнбесін десек, татулық пен достық туын әрдайым биіктен желбіретуіміз қажет. Бұл – Қазақ елінде өмір сүріп жатқан түсі бөлек, тілегі бір сан ұлт өкілдерінің ортақ парызы.

 

Сәуле НҮРКЕЕВА,

Алматы қ, М.Жұмабаев атындағы

№137 жалпы білім беретін мектептің

қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір