ТЫШҚАН ТЫРАҒАЙЛАТТЫ
22.05.2020
901
0

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Әлімсақтан айтылып келе жатқан – «Мысыққа ойын керек, тышқанға өлім керек» деген мақал бар. Сол мақал бізді биыл қақалтып-шашалтты. Жыл басы – Тышқан өзімен бірге «коронавирус» деген дертін ерте келді де, күллі әлем халқын бір тырағайлатты. Бұрынғы мақалдың мәні уақытша өзгерді. Енді «Тышқанға ойын керек…» болып жатыр. Жасты да, кәріні де, оны-мұныны қойып, тіпті, шылтия шіреніп, ешқашан ешкімнен де, ештеңеден де жасқануды білмейтін билік иелері мен шенеуніктерді де үйді-үйлеріне қуып тығып, тығылмақ ойнатып қойды. Тышекеңнің биылғы төл перзенті – коронавирустың өзі жер бетін шарла-а-а-п, адамзат атаулыға зәрін шашумен жүр. Осы атың өшкір пәле Қазақстанға келмей-ақ қоюы мүмкін бе еді, бәрі де кеңетекті­гімізден болды. Әнеки, жақсылап қымтанып алған Тәжікстан мен Түр­кіменстанға ол әлі жолай алған да жоқ.

Ай мен Күннің аманында өреленген атша маталып, түрмеге түскендей тінтінек­теніп отырғандарды неше алуан ой мазалайтыны даусыз ғой. Осы желкесінен қиылғыр індет біздің елге қалай кіріп кетті екен деп, өзін-өзі сұрақпен сабалап жатқандар да жетерлік. Соларға жауап іздеп, Тышекеңмен (қанша айтқанмен жолы үлкен – Жылбасы ғой, Тышқанды осылай атайық) «тілдескендердің» айтқандарына сенер болсақ, шетелдерге сүйіктілерімен дем алуға барып-қайтқан әр саладағы шенеуніктер оны өздерімен «ерте» келген дейді. Сенесің! Сенбеске дерек-дәйектер мойын бұрғызбайды.
Тамырына балта шабылғыр бұл індет билік басындағыларды естерінен тандыра сандырақтатып жіберді. Індет Нұр-Сұлтан мен Алматыға сүмеңдей кеп басын сұққан алғашқы күндері билік шетелдермен әуе, теміржол қатынастарын вирус итше бұратылып, елімізден шығып кеткенше, ауыздықтадық деп дабырлатты. «Шет мемлекеттерде жүрген бес мың қазақстандық сол елдерде сайрандай тұрсын. Ешкімді республика өңірінен сыртқа шығармаймыз, әрі ешкімді ішке кіргізбейміз» деп жұдырық түйді. Содан үш-төрт күн өтпей жатып қаңғыған ауруы барлармен «құдандалы» болған 442 адамды құйрықтарына бір-бір салып, алдында өздері сол елден жабыстырып әкелген «жетпегірлерінен» сілкініп қайтуға шетелге ұшырып жіберді. Вирус бүрістіргендермен «сыбайластардың» сексен жетісін өз еліміздегі ауруханаларға мәпелеп апарып жайғастырды. Бағанағы бес мың жерлесіміздің жетпіс бесін мемлекеттік негізде, қалғандарының қайтқысы келгендерін кіндік қаны шапшыған жерге мүсіркей қабылдады. Тағы аз күн араға салып вирустың би билеп жүрген қаласы – Лондоннан 94 адамды Петропавлға көктен әкеп, топ еткіздік. Мінеки, байқап отырған шығарсыз, «ешкімді шеттен кіргізбейміз, ешкімді шетке шығармаймыз» деп кіжіне түйген жұдырықтың шамасы ештеңеге жетпей қалды.


Содан кейін Ақорда мен Алматының тұрғындарын облыстармен араластығын тоқтатуға шешім қабылданды. Тумай туа шөккір індет жұқтырғандар саны көбейген сайын шырылдата қабылдаған шешімнің де күрмеуі ағытыла бастады. Бұзық дерт өлімші ғып сабап, ішіңе кіріп алады, «үйден аттап басып шықпаңдар» деген тиым-тәртіп те титықтай бастады. Өндіріс, өнеркәсіп орындары, көптеген кіші кәсіпкерліктер жұмыстарына қайта кірісті. Сөйтіп Тышекең халықты тырағайлатуын үдете түсуде. Теледидаршылар «бұл жұқпалы жұқсыз жұғушегіне әлі жеткен жоқ» деп, «көрегендік» жасап үлгерді. Бұл «пайымның» арғы жағында «тартар сазайларың» әлі алда деген «үркіту» жатыр.
Бір қызығы тырапайлап тырағай асқырды бойларына нәресте біткендей қабылдап, сәбиінше жетелеп жүргендер – 20-29 жастағы жігіт-желеңдер мен қыз-келіншектер екен. «Сүйіктілерімен бірге шетелде демалып қайтқандар» демекші, екеуі бірігіп бір денеге айналып кеткендей бал жаласқандардың қимастарын тәрк етіп, өздері тұра қашқан еркексымақтары да осы жастағылар.
Тышекеңнің ініне қайта тығылғыр бұл індет біреулерге сор болғанымен, келесі біреулерге «бақ» дарытты. Жұртшылықтың үйден шығу, көшеге шыға қалса, екі адамнан артық бас қосып жүру, дауыс көтеру құқықтары шектелген алғашқы күндері үкімет төріндегілер мен қаржы басындағылар америкалық мың доллар құнын (өмірде америкаға табынып өтеміз-ау) 380 теңгеден 450 теңгеге секіртіп жіберіп, шаш етектен пайданың астында қалды. Халықта қарсыласар қауқар болмады. Осыны арқа тұтып, сауда саласындағылар азық-түлік, жеміс-жидек, көкөніс, басқа да сатылымдағы тауарлар құнын екі есеге бір-ақ ытқытты. Мұны қолдарымен жасаған биік баспалдақтағылар, депутатсымақтар «бағаны өсіруге ешқандай негіз жоқ» деп, халықты уатқылары келді. Яғни, «Жау жағадан алғанда – бөрі етектен аладының» кері келді. Бәрін де көздерімен көріп, қолдарымен ұстап отырған көпшілік қамқоршысымақтарға алғыстың қарама-қарсы атауын оқша жаудырды.
Азаматтық құқықты шектейтін «карантин» деген жамылғы полицейлердің кең «пішілген» арандарын кебірсітпеуге кепіл болды. Өз құқықтарын асыра пайдаланып, «тәртіпті тәлкекке салдың» деп ананы да, мынаны да тұсаулап, айыппұл төлеуге мәжбүрледі. Төлей алмағандарын абақтыға тоғытты. Тесік қалталы бейшараларға жарым-жартылай ғана төлеуге «жеңілдік» жасады. Сол «жеңілдікпен» түскен тиындар көмекейлеріне құйылды. Осы тұста «полицейлерге ойын керек…» мақалы салтанат құрды.
«Естімеген елде көп» деп жатушы еді бұрынғылар. Қайсыбір дөкейлеріміз Алатау баурайынан үңгірлеп, үй жасатып, өлімнен қашқан Қорқыт атамызша вирустан қашып барып жеркепеге тығылды. Олары Тышқанның інімен көршілессек, сол ертіп келген дертпен Тышекең арқылы сыбайласып, аман қалармыз деген айла-шарғылары болса керек.
Жұртшылық жанымен қасым болып, ауыз, мұрынға «тұмылдырық» киіп, аяққа шәркей байлап әуреге түсіп жатса, теледидаршылар «Қазақстанға кризис келе жатыр» деп жеңдерін түре байбалам салды. Байбалам сала жүріп қайсыбір билік басындағылардың әйелдері күні бүгінге дейін төрт миллиард доллардан астам ақша жинағанын жандары қалмай жарнамалады.
Ал телеәріптестеріміз сылаң етіп, сылқ етіп, бұлаң етіп, былқ етіп, әлемдік экономикалық дағдарыс жайын көңірсітіп алып, араға екі-үш күн салып, сайлауға дайындық мәселесін бықсытты. Сонда оған шашылатын қаржы қайдан бұрқ ете қалар екен деген ой ішіңді індеттен де жаман бүрістіреді.
Тышекеңнің жетектей келген жолы қиылғыр дерті міне, өстіп сандырақтатуын тоқтатар емес. Шетелдермен келім-кетімді уақытша үзе тұрып, Қытайға Нұр-Сұлтаннан арнайы ұшақ жіберіп, гуманитарлық көмек алдырғанымыз – қай сасқанымыз? Бұл елдің вирустың құжынаған ортасы екенін естіп, көріп отырмыз ғой. Әкелінген гуманитарлық көмектен вирустың буы бұрқырап жүрмес пе екен деп те тітіркенесің.
Тітіркенетін себебің, халық «қалай аман қалсақ екен?» деп жанын сауғалап жүрсе, кейбір «білімі асқан», «ізденімпаз көкезулер» бүйректан сирақ шығарып, қазақтың арғы тегінде осы атыжаман ауру бұрын болған, болмағанын тексеріп, өзінше ұлтқа жаны ашығансып тантырады. Ей, айналайын-ау, жақсылығыңды көргісі келмей, мүлт кеткен тұсың болса, жаһаннамға жар салғысы келіп жүрген дұшпанкөздер ондайды баяғыда-ақ бетіне салық қып салар еді ғой. Қазақтың өткен тарихынан ондайдың бетін ары қылсын…
…Не болса да биылғы «Тышқан» есіктен кіре бүрістіріп, бүкіл адамзаттың екі аяғын бір етікке тықты. Хайуанаттың есті де ең ірілерінің бірі – пілдің піл басымен тышқаннан неге қорқатынына өрем жетпей, мишығымды шұқылаушы едім. Енді көзім жетіп, Піл байқұстың сезімпаздығына тәнті болдым. Титықтатуын таяуда тия қойғысы жоқ бұл Тышекең теледидаршылар пышпыратқанындай Қазақстанға енді Кризис деген көксоққанын кіргізіп жіберіп, қарапайым, жұртшылықты тышқаншылатып жібермесе екен деп тілейік Жаратқан иемізден!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір