Халыққа ризамын – мың рақмет!
15.05.2020
682
0

«Бірлік бар жерде тірлік бар»

Біздер, «Мың өліп, мың тірілген қазақ­пыз…». Кешегі адам айтқысыз қиян-кескі азап пен тозақты, аты өшкір соғысты көрген халқымыз жеңістің 75 жылдығы алдында, 1 мамырдан 2 мамырға қараған күні көрші Өзбекстанның Сырдария облысына қарасты «Сардоба» су қоймасы (2017 жылы іске қосылған, сыйым­ды­лығы 922 млн. шаршы метр) табиғи апаттан, тоқтаусыз жауған тау жаңбыры мен күшті дауылдың салдарынан қабырғасы сөгілді.
Орасан көлемдегі тоған суы Өзбекс­танның үш бірдей ауданының елдімекендері мен егістік жерлерін жайпап өтіп, біздің Мақ­­тарал ауданындағы «Достық» кана­лы­ның оңтүстік бөлігіндегі бес бірдей елді­мекен мен ауыл-аймақты, 7639 гектар егістік жерлерді топан су (кейбір жерлерде судың биіктігі 2 метрге дейін жетті) 4-5 сағаттың ішінде басып қалды. Тұрғындар өз бастарын, шал-кемпір, бала-шағасын, қолына ілік­кен құжаттарын алғаны бар, ала алмай қалғаны бар, улап-шулап Мырзакентке, Атакентке, біршамасы Келес, Сарыағаш аудандарына жан сауғалап, қашуға мәжбүр болды. Ол кездегі тосыннан келген алапатты бүгінде еске алудың өзі жан түршіктіреді, ешкімнің басына салмасын. Адам баласына күтпеген жерден, тосыннан келген су апатына қайсар да, төзімді халқымыз ерекше шыдамдылық таныта білгенінің арқасында, Құдайға мың шүкір деп айтайық, адам шығынынан аман қалдық. «Бас аман болса, жан аман» дегендей, жігерлі, сабырлы халқымыз темірдей берік мінез таныта білді. Ел болып, көп болып жұмылып, бүкіл қазақстандықтар қарап жатпастан баспанасыз, күйсіз-жайсыз, түктен-түксіз қалған мақтаралдық бауырларына қол ұштарын созып, заттай азық-түлікпен, киім-кешекпен, көрпе-төсекпен, қаржылай да көмектерін беруде, беріп те жатыр. Халқымыздың кең пейіліне, атымтай жомарттығына шексіз ризашылығымызды ел болып білдіреміз. Халқымыздың: «Досым деп бірге жүресің, ісің бір түскенде білерсің» дегеніндей, осындай кездейсоқ келген су апатынан зардап шеккен жандарға көпшілік бір үйдің баласындай қолдағы барын аямады. Дәл осы жағдай жұртымыздың ынтымақ-бірлігін, мызғымас болаттай беріктігін іс жүзінде дәлелдеп, көрсете білді. Аталарына мың рақмет!
Әділ сөз, әділ іс, әділ қарым-қатынас әрқашан да шамшырақтай биіктерде жарқырап жанып тұрады. «Апат айтып келмейді» дегендей, көрші туыс өзбек ағайындардың да тосыннан келген су тасқынынан қаншама халқы, елі, жері зардап шекті. Олар да аса үлкен қиыншылыққа тап келіп, орасан шығынға ұшырады.
Өзбекстан Президенті Ш.М.Мирзиеев бастаған үкімет басшылары өздерінің әбестіктен жіберген айыптарын мемлекет дәрежесінде мойындап, халқымыздан, мақтаралдық ағайындардан арнайы кешірім сұрады. Бүгінде қарап отырмастан, қолдарынан келген көмектерін беруде. Екі ел билігі де іргелес отырған екі елдің достығына ешқандай сызат түспеуіне, су апатынан келген зардаптарды бірігіп жоюға, бұрынғы қалпына келтіруге барынша атсалысуда. Күні кеше Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Арипов пен Қазақстанның Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған үкімет басшылары Мақтарал ауданына келіп, зардап шеккен ауылдар мен елдімекендерді, егістік жерлерін аралап шығып, апат салдарынан бұзылып, құлаған үйлерді, мекен-жайларды, арықтар мен атыздарды, коллекторларды қайта қалпына келтіруге екі жақты бірлесіп жұмыс жүргізуге уағдаласып, бір келісімге келді. Мырзакент кентінде бес жүз толық инфрақұрылымды орта көлемдегі үйлер салу басталып, алғашқы іргетасын екі елдің үкімет басшылары құйды. Су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан шағын аудан ұзына бойы үш көшеден тұрады. 2-3 айда толық салынып бітпек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған күндерден бастап-ақ мақтаралдық бауырларын далада қалдырмайтынын айтқан. Президенттің халықпен бірге екеніне кешегі Арыс қаласындағы жарылыста да, Қордайдағы тосын жағдайда да, енді міне, су тасқынынан зардап шеккен 32-34 мың халықтың басына ауыр қайғы-қасірет түскенде де көзіміз жетті. «Бір де бір отбасы, бір де бір қасіретке ду­шар болған азаматымыз қолдаусыз, қамқорсыз, көмексіз қалмайды», – деді ол. Қазір әр адамға 100 мың теңгеден көмек берілуде. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азық-түліктердің, киім-кешектер мен көрпе-төсектердің, қаржылай көмектердің есебі жоқ. Тұрғын үйлердің, мекен-жайлардың, егістік жерлердегі, мал-мүліктердің кеткен шығындарын түгелдей арнайы комиссия мүшелері анықтап, бар шығын үкімет тарапынан өтелетін болды. Бүгінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған су тасқынынан зардап шеккен елдімекендер мен егістік жерлерді шұғыл түрде қалпына келтіру бойынша комиссия құрылып, күндіз-түні тынымсыз жұмыстар жүргізілуде.
Құдай қаласа, бұл қиын­шы­лықтарды да артта қалдырып, халқымыздың басына түскен ауыртпашы­лықтарды бірлесіп жеңерміз.
Мақтаралдықтардың басына осындай күтпеген ауыр қайғы-қасірет түскенде қол ұшын беріп, қолдау жасаған барша бауырларымызға шексіз ризашылығымызды білдіріп, рақметімізді айтамыз! Осындай бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің көк туы әрқашан да биікте желбіреп, халқымыз жасап-жайнап, көркейіп, өркендеп өсе берсін!

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
ақын-жазушы, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір