Сенсең де осы, сенбесең де осы
02.05.2020
1276
1

«Қазақтың жауы – қазақ» деген сұрықсыз ұран еріксіз есіме түсіп отыр. Себебін айтайын, қазақ тілінің жауы –  орысқұл қазақтар деп жүрсек, мүлдем олай емес екен. Мыңдаған жылдық даму тарихы бар ұлы Түркі тілінің тамырына балта шабуды үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін «әлдекімдер» қолға алған сыңайлы. Бұл қиянатты көркем әдебиет тілінен, әсіресе бүгінгі жас прозашылардың тілінен көргенімді түңіліп жағамды ұстадым. Сосын, жас прозашылардың шығармаларына жасалған азды-кем талдаулардың нәтижесіне қарап, мынадай ой қорыттым.

  1. Жастар, алдыңғы буын өкілдерінің шығармаларын оқып, өздеріне

«іргетас» қалауға құлықсыз.

  1. «Іргетассыз», түп-тамырымен сабақтастығы жоқ «идея» тудырмақшы.

Бұндай жаңашылдыққа құмар болу жастық максимализның да әсері болар. «Аштым деген жаңалығың – әбден ұмыт болған ескі дүниені қайта жаңғырту» деген де сөз бар. Жаңалық ашу үшін – өткенді жатқа білуің тиіс. Қаламгерге керекті «іргетас» – Тіл.  

Нұрислам Әбділ деген азамат әлеуметтік желіде жарияланған бір шығарма туралы мынадай пікір білдіріпті:

«1. Көркем тіл іздеп қажет емес. Себебі бүгінгі күнде көркем тілмен ешкім тілдеспейді.

2. Оброз іздеп қажет емес. Бұл шығармадағы өзіне қол жұмсамақшы болған кейіпкер жиынтық бейне. Оның жасы, жынысы жоқ. Ол қоғамдық ортақ оброз. Ол сіз, тіпті мен болуым да мүмкін… » депті.

Тіл хақында біраз әңгіме көтердік. Ал образға келсек, даулы мәселе көп. Қандайда шығарманың түйіні, басты тірегі адам тағдыры емес пе? Ал жиынтық образ дегеніміз – көркемдік образ.

«Жол мұраты –  жету, қыз мұраты – кету» болса, жазушы мұраты – сендіру. Анау жылы бір құрдасым қатты науқастанып, біраз уақыт төсек тартып, жатып қалды. Қол тигенде көңілін сұрап, барып жүрдім. Ол уақыттың тым созылып, өтпейтіндігін айтып назаланды. Менің қолымнан не келеді, көңілін аулап бірдеңе айтқан боламын. Ары қарай «бәрі, бір Алланның қолында ғой» деген шарасыз халде жаутаңдаймын. Содан бір жолы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қолтықтай бардым. Ол, теңкиген кітапты көріп: 

–  Мынауың не? – деді. 

–  Саған әкелдім. Осы кітапты аударып шыққан күні құлан-таза айығып

кетесің!..

–  Бұндай семіз кітап түгілі бір кәзитті толық оқып көргем жоқ. Онанда  

менің көзім тіріде басыма отырып, құран аударсайшы, –  деп келеке етті.  

Ұзын сөздің қысқасы әлгі құрдасым, романның жартысына жеткенде дертінен құлан-таза айықты. Менің қуанышымда шек жоқ. Бірақ, екі-күннің бірінде қоңырау шалып, Абай жарықтық анандай болған екен ғой, мынандай болған екен ғой деп әбден мазамды алатынды шығарды.

–  Әй, құрдас! Абай атамыздың қандай адам болғанын бір Алла ғана біледі.  Бұл, жазушының қиялынан шыққан көркем образ, –  деп білгенімді айтып едім, анау бұлқан-талқан болды.

–  Сен де оттайды екенсің! Жазушының қиялы, көркем образ? Мұхтар Әуезов  жазып отыр ғой, тайға басқандай қып. Бұл сонда Абай емес пе?

Ары қарай дауласуға сөз шығын екенін сезіп, телефонды өшіре салдым. Менің айтайын дегенім: өмірде болмаған нәрсені болғаннан да артық етіп, демек, қиялды шындай қылып жеткізе білу де жазушының бір шеберлігі. Оқырман сенің жазған «өтірігіңе» қалтықсыз илануы тиіс. 

Ал егер Нұрислам айтқандай «оброздың» қажеті болмаса, менің сол досым жаңағыдай күйге түсер ме еді?

Енді «Оның жасы, жынысы жоқ. Ол қоғамдық ортақ оброз»  дегеніміз не болды? Жасы болмаса – сайтан шығар? Жынысы болмаса –  медицинада  сирек кездесетін гермофродит деген дерт түрі бар. Еркек пен әйелдің жыныс мүшелері қатар дамыған ауытқу. Мүмкін соны меңзеді ме? Ал Нұрекеңнің «Ол сіз, тіпті мен де болуым мүмкін…» дегеніне  айтарым: «Елді мазаламай, ендеше сондай «қоғамдық оброз» өзің бола берсеңші, қарағым!»…

Бұл жолғы қолға ілінген дүние – Дәулетжан Махмұттың «Сенбеймін» деген шағын әңгімесі болды. «Ойды ой қозғайды» демекші, тағы біреудің пікірі кеп қалды. Оның айтуынша, әңгімені қалай жазу керектігін айтуға ешкімнің моральдік құқы жоқ екен. Жазушы қалай жазса да өзі біледі-мыс. Осы орайда бір мысал ұсынайын. Дәулетжанға: «Айналайын, маған етік тігіп берші!» деп жалынсам, ол менің патша көңілімді қимай, біз бен жіпті өмірі ұстамаса да етік тігуге кірісті делік. Ақырында, Дәукең екі етікті де сол аяққа қаратып тігіп тастағаны белгілі болады. Мен іштей ренжісем де рахметімді айтып,  алып кетем… Егер оған етік тігуді ешкім үйретпесе, ол ғұмырының соңына дейін сол аяққа қаратып, етігін тігіп жүре берер ме еді?.. Мораль: әр кәсіптің өз қыр-сыры бар. Жазушылық та кәсіп. Ең құрығанда жазу техникасын меңгерген абзал. Ал, сонан соң, қалай құлпыртып жазамын десе де, қаламгердің өз еркі.

Тағы бір күдік күмілжітеді. «Осы «жүгірмектер», бәрін біле тұрып, әдемі әңгімені әдейі жазғылары келмейтін сияқты ма, қалай?»…

Дәулетжан Махмұт «Сенбеймін» әңгімесінің баяндау желісіне бірінші жақты таңдапты. Шығарманың ұзын-ырғасында екі таныс кездеседі. Біріншісі –   көпірдің жақтауынан секіріп өлгісі келген адамға ұқсайды. Екіншісі де жетіскен кісі емес екен. Оны да бір үрей дендеп алыпты. Көзі ілінсе бітті өзге дүниеге тап болып, түсі ме, өңі ме белгісіз бір сұмдық хал кешетін жан. Бастапқыда ананы айтып, мынаны айтып ақыры екіншісі өзінің тап болған жағдайын тәптіштеп, жырлап береді. Әңгіменің әсерлілігі соншалықты – баяндаушы адам: «Тілім байланып, тамағыма су толып жұтына алмай қалыппын, аспанға қарадым, жарты ай төбемізде қадалып тұр…» деумен хикаяны аяқтайды.

Обалы нешік, екіншісі яғни Жалғастың басынан кешіргені расында селт еткізердей дүние екен. Іргелес әлемге түсінде де, өңінде де сапар шегу туралы небір әңгіме мен фильмдер жеткілікті. Бұны аса бір жаңалық деп айта алмаймыз. Мәселе – жаңалық ашуда емес, бар нәрсені жаңа қырынан көрсете білуде. Осы орайда, Дәулетжан Махмұт оқырман жүрегінің нәзік қылын дір еткізе алды деп санаймын. Автор аталған әңгімесінде «Махаббат қана әлемді құтқара алады» деген аса гуманды ұранды қайта жалаулатқандай болды. Идея қаншалықты ескі болғанымен, соншалықты өзекті!

Әлгіндегі етік тігу туралы мысалға қайта оралайық. Проза жанрының жазу техникасында әртүрлі баяндау тәсілдері бар. Бірінші жақтан баяндаудың үшінші жаққа қарағанда ауқымы тарлау, баяндаушы бар жағдаятты емін-еркін көсіліп айта алмайды. Ол әңгімені өзінің көргені мен естігені аясында ғана баяндай алады. Ал үшінші жақтың ұтымдылығы – мұндай шектеу жоқ. Тағы бір ескеретін нәрсе – авторлық баяндау мен үшінші жақты ажырата білу.

Әңгіменің діңгегі – Жалғастың түсі. Егер автор үшінші жақты қалағанда, Жалғастың жағы талғанша езуін көпіртпей, ана баяндаушы Сәулеттің де аузына су толып қақалмас еді. Тіпті, Нұргүл, Бақытгүл, Мұрат, Асқар деген керексіз есімдерді айтпағанда Сәулет деген баяндаушының да заты бес тиынға айналар еді. Сосынғысы, логикасыз жалғаса беретін, ұзын-сонар, ештеңені ашпайтын мәнсіз диалогтар…    

Ал енді әңгіменің желісімен біраз желіп көрелік:  «Астымда машиналар ерсілі-қарсылы өтіп жатты, құлағыма ешбір дыбыс естілер емес» деп басталған сөйлемнің аяғына жеткенше, оқырман көз алдына талтайған бұттың арасынан машиналар өтіп жатқандай, ассоциация қалыптасып үлгірді ме деп шошып кеттім.

«Құлағым шыңылдап бітіп, көзім көлегейленіп қалғандай.  

Көздің кілегейленуі мүмкін, ал өзінен-өзі «көлегейленіп» кетуі неғайбыл сияқты.

«  – Тау,  күз, зәулім үйлер, өзендей ағылған машина шырақтары тізіп қойған меруерттей жылтылдайды, күннің кешкі шапағы, осы көрініс ұнайды маған… Айды қарашы, – деп маған бір, таудан асып қылтип тұрған жарты айға бір қарады. Жаурап қалған денем жылымаса да басымды изедім».

Нұрислам Әбділ дұрыс айтады: «…бүгінгі күнде көркем тілмен ешкім тілдеспейді». Төңірегіне қанша тамсанып, жүрегі езіліп тұрса да, сау адамның тура осылай пафоспен сөйлеуге дәті бара қоймас…

«Екеуміз қазақфильмнің қақпасынан кіріп бара жатқанда анадайдан тұлғасы таныс, түрі таныс емес, шашын қобырата бұйралатқан, үстіне грек аңызындағы кейпкерлердің киімін киініп, өз кейіпкерлеріне ыңғайлап боянған  қыз келе жатты».

«Тұлғасы таныс, түрі таныс емес». Қып-қызыл жаңылтпаш! Ал тауып көр. «…өз кейіпкерлеріне ыңғайлап боянған» Оның қалай ыңғайын келтіріп боянғанын айтпай-ақ қойса болар еді. Себебі, грек аңызындағы кейпкерлердің киімін кигені де жетіп тұрған секілді.

«…жолдың екі жағын ұзын өскен қарағайлар мен қайыңдар көмкерген, жолға төгілген қайыңның жапырақтарын кешіп барамыз». Табиғатты суреттеу үшін көркемдікті көре алуың керек. Қиялыңмен сурет салып, соны сөзбен мөлдіретіп қағазға түсір. Оқырманың оқып отырғанда әр «деміңнен» эстетикалық ләззат алу тиіс. Мынадай ала-бөтен сұрақтарды туындатпауға тырысқан жөн. Қарағай мен қайың неге ұзын өседі? Жолға жапырақтарды кешу үшін кім төгіп кетті? 

Сосын текстің өн бойында «Үнсіздік» деген бір пауза кес-кестей береді. Оның рөлін қаламгердің өзі білер. «Жалғастың басбармағымен саусақ ұштарын шұқылап санап келе жатқаны байқалады» деген детальде қайталанады. Егер Жалғас көзін қайшылап, танауын тыржыңдатса, жүйкесінде ақауы бар шығар деп болжар едік. Ал мына деталь өз рөлін толық аша алмады.

«– Иә, біз сияқты, жастары біздің жастар сияқты киінген, қарттары сол біздің қариялар сияқты, қыздары да осы жер бетінде өмір сүріп жатқан қыздар секілді, бірақ олар басқа әлемде жүр. Кейде мен сол жаққа кіріп кеткенде, жәйлап соларды бақылаймын, соңдарынан білдіртпей ілесіп жүрем. Олар көшеде, бақшаларда, мейрамханада, кей кездері біздің ауылда жүргенін көрем, бәрі таныс жерлер.  Сөйтіп жүргенде көзге түсіп қаламын. Олар маған қарап, басқа жақтан келгенімді бірден байқайды. Көбінде олардың көзіне түсіп қалмауға тырысамын, біреуі мені көріп қояды, бәрі аңди бастайды, осы кезде қиындық басталады. Ол жақтан шығып кетуге тура келеді, олай істемесең, сол жақта қалып қоясың. Аналар жібермейді ғой…» деп Жалғас о дүниеге барғанын баяндайды. Егер осы суретті үшінші жақтан келтірсе, мына баланың былдырындай шатпақ әңгіме шықпас па еді. Автор ойындағысын жеткізу үшін Жалғасты зорлап сөйлетумен келеді. Тіпті оның айтқысы келмеген жайттерін де айтқызды. Түн баласы таяса, зәре-құты қалмай қорқып жүрген бейбақты, былай деп мүлдем қорлайды:

«– Қалай шығып кетесің? – дедім… Жалғас қарқылдап күліп:

– Айтпаймын… Ауыр қиындықпен зорға шығамын».

Бұл сірә, Жалғастың логикасына зақым келгенін көрсететін реакция… Оның дәлелі: «… Түнде ұйқыдан қалдым, сенесің бе?! Үш күн болды ұйықтамадым, көзім ілініп кетсе, сол жаққа өтіп кетем бе деп қорқамын, қайтпай қалуым да мүмкін ғой. Алдын-ала сезем, ол жаққа өтіп кететінім белгілі болады, басында қызық көріп дайындалатын едім, қазір үрей үстінде жүрем».

Жоғарыда айтқандай автордың айтпақ ойы салмақты, өте өзекті, қазіргі таңдағы қазына жетпес қымбат та қат дүние.

«– Сәулет, сен махаббат бар екеніне сенесің бе?

 – Бұрындары шүбәсіз сенетін едім, қазір ойланам…

 – Ол жақтағы адамдар махаббатқа, адамгершілікке, мейірімге қатты мұқтаж екенін білдім. Үш күн қатарынан сол жақта жүрдім ғой, қазір ойланып отырмын. Өткен түні өтіп кеттім тағы, бәрі басқаша болды, өте ауыр жағдай…. Жердің бәрін құм басқан, бір ұрттам су таппайсың, ағаштардың бәрі қураған. Шөп-қурай дегенді көрмейсің. Адамдар жербауырлап қалған, менің жан-жағымнан анталап, жербауырлап келе жатқан адамдарды көрдім. Түрлері адам айтқысыз…».

Әңгіме осылай басталып, әңгіме ішіндегі әңгіме ретінде жалғасын тауып кеткенде – көрші әлемдегі тіршілік иелерін құтқарушы қаһарман дүниеге келіп, бір керемет фентезиге тап болар ма едік… Осындай әдемі, жалғасы түгесілмейтін сюжетті жасанды диалогтарға тығып, қор еткеніңді, Дәулетжан, оқырманың кешірмейді. Құй сен, құй сенбе! 

 Заһар СҰРМЕРГЕН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 05.05.2020 | 14:14

«Оброз» емес, «образ» шығар…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір