БҰЛАР БІЗ ЕМЕСПІЗ!..

Ермек Қаныкейұлы
(Әңгіме)
«Балаларымды қарға-құзғынға шоқыта алмаймын!..»
Апақ-сапақ. Халық «креслода» шіреніп жатқан еді, бір кезде қызметтік телефон безілдеп қоя берді. Дәу де болса «тексергіш» кемпірлер шығар деп ойлап, оны біраз шырылдатып барып алса, келіншегі екен.
– Не боп қалды?.. Сосын?.. Есік жабық дейсің бе?.. Сонда қалай?.. Біреу жүргені несі?.. Қан дейді?!.. Қайдағы қан!.. Жә, жаным, ентікпей, асықпай, рет-ретімен айтшы?!
Ол телефонмен пәтерде болған адам сенгісіз оқиғаны айтып жатқан жұбайының сөздерінен түк түсіне алмаған соң, оны әрең тоқтатты. Сосын, балаларды алып, таксимен маған келіңдер деп кеңес берді. Ал өзі бұл жерді тастап шығуға тәуекел ете алмады: жеп отырған наны, қалай деп болады. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартатын әдеті емес пе?! Ең бастысы, өздері аман көрінеді.
Мазасы кеткен Халық Қонаев пен Қабанбай батыр көшесінің қилысында әйелін күтіп тұрды. Енді ой ойлаудан басқа не істесін.
Ол жұбайы үшінші балаға аяғы ауырлап қалған соң, шалғай саяжайдағы времянкасында су мен жол қатынасының қыстағы қиындығын ойлап қатты сасқан еді. Бірақ бәрі сәтімен бола кетті. Бұған өте қамқор қызметтес бір апайы «Таулы қыраттағы» қазір өмірде жоқ, бұрыңғы ІІҚ генералының үш қабатты коттеджіне топ еткізді. Генералдың мұрагерлері, қанша дегенмен генералдың балалары ғой, бір ақпейіл жандар екен. Олар Халыққа «пәтерақы деген нәрсені сөздік қорыңнан алып таста, тек үйді қарап отырсаң болды» деді. Мұндай сөздерді мына заманда естудің өте ғажап екенін ойлаған ол қожайынмен айтысып жатпады. Ал «үйді күзету» деген бұның мамандығы емес пе? Әлбетте, үй иелеріне қарыздар болып қалмайын деп, оның көп жылдан бері тазаланбаған ауласын, қаулап кеткен шөбін, ұзарып өскен ағаштарын оншақты күнде қыздың жиған жүгіндей ғып қойды.
Манағы әйелі айтқан оқиға осы үйде болып отыр.
– Түсінсем бұйырмасын! Есік жабық, бірақ іште біреу жүр дейді? Қайдан кірген сонда?.. Шайтан шығар?.. – деп ойлаған ол бұл сөзінен өзі түршігіп кетті. Ойлаудың өзі сұмдық қой!
Араға жарты сағат салмай, балаларды сүйреп жеткен келіншегінің түрін көріп Халық тіпті шошып отыр. Қарны үшкірейіп, көзі ісіп, қимылы әбігер боп қалған әйелі, әуелі айы күні болмай… иә, бәрі де мүмкін еді ғой.
Содан балалары мен әйелін жұмысына алып кеп, тар бөлмеде тамаша болды да қалды. Фоедегі былғары диван екі ұлға төсек болуға жарайды екен. Ал Айша күзетшілер қисаятын қысқа төсекке аяғын бүгіп жатса, сиятын болып шықты. Халық күзетші болғандықтан, «қалшиып тұрам» деді. Бұдан кейін қалай жатады.
Әуелі аз-мұз жүрек жалғап алу керек екен. Жұмыстан шығып, балаларды балабақшадан алған әйелі тамақтанбақ тұрсын, қашып келді. Бірақ екі ұлдың ойларында түк жоқ. Бала емес пе, мектептің ішін азан-қазан қылды. Әкесін осындай үлкен жерге бастық екен деп ойлаған болулары керек, жүгіріп-жүгіріп әбден шаршаған соң пысылдап ұйықтап қалды.
Оңашада Халыққа келіншегі үйде болған жайтты қарынын құшақтап отырып, былайша мәлім етті.
– Күндегіше қақпаның құлпын ашып, үйге келдік. Сыртқы есікті аштық, ішкісі де жабық қой, оны да аштым. Содан залға кірдім, ойымда түк жоқ.
– Содан?
– Содан, қарасам қақпаға қараған терезенің пердесі біртүрлі боп тұр.
– Қалай?
– Қалай десем екен, біреу тартқылағандай. Байқаймын терезе саталақ-саталақ. Айнаның алдындағы шкатулкам шашылып жатыр.
– Қайда?
– Қайда болушы еді, жерде, бір жартысы айнаның алдында. Ал айнаның беті қан-жоса!..
– Астапыралла! Ол не қылған қан екен, ә?! Жә, оның қан екенін сен қалай білдің?
– Қанды білмей не бопты, қан қып-қызыл болады емес пе?
– Рас-ақ!
– Сосын жан-жағыма қарадым. Каминнің жанындағы үстелдің үстіндегі қағаздар шашылып жатыр. Және қабырғада ілулі тұрған генералдың суреті қисайып қапты.
– Мәссаған, генералды қисайтыпты дейсің бе? Апырай, ә! Ол өзі дандайсыған екен… Көреміз ертең… Кіммен ойнап жүргенін…
– Айтпақшы, сен кеше бір кітап оқып жатыр едің ғой? Соны қайда қойып ең? – деп сұрады Айша.
– Диванның қырына қойғам.
– Ендеше, ол да жерде жатыр.
– Қой, мүмкін емес, Достоевский жерде жатпайды.
– Аты қандай еді?
– «Қылмыс пен жаза» ғой.
– Иә, сол… мұқабасында сондай жазу болған сияқты.
– Нақұрыс екен, ә?!
– Содан алды-артымызға қарамай қаштық, – деді келіншегі бұған болған жай осымен бітті дегендей. – Бірақ есіктерді жауып кеттік.
– Анаң қара! Есікті жауып кеттің бе? Демек, анау үйде қамалып отыр десеңші? Жәрәйсің!..
Ертеңінде Айша жұмысқа кетті. Балаларды балабақшаға апарып сап, Халық «Таулы қыратқа» аттанды. Енді, әйелі құсап бұл да есіктерді ашуы керек. Қақпаның алдына кеп қараса, екінші қабаттың терезесі сынған екен. Бұрын соған назар аудармапты. Тіпті, есінде жоқ. Ал асүйдің астындағы гараждың есігі де ашық сияқты. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей өзінің үрейленіп тұрғанын, ұят та болса сезді. Амал қанша, кіру керек. Айшаның айтқаны рас екен. Сарайдан балтаны алды. Сақтықта қорлық жоқ. Асүй жақтан бір әлсіздеу тықыр естіледі. – Ай, жексұрын, саған ещө, банкет керек екен ғой. Қазір басыңды қырқам – деп күбірледі ол балтасын сығымдай ұстап, асүйге жақындап кеп.
Біреу «қарқ» еткендей болды. Бұл дыбыс оған адамның кекіргені сияқты естілді. Халықтың қаны қайнап кетті. – Ещө, есікті ашып қойыпты. Кекіртем мен сені… кеңірдегіңді жұлып алам… басынған екенсің… өлтірем!..
Рас айқайлады ма, жоқ па, Халық оны білген жоқ, асүйге кіріп келді. «Қолында қан тілеген қара балта!». Анау отыр екен. Аштық пен қорқыныштан дір-дір қағып, не болса соған соғылғандықтан, қанат құйрығы сынып, әбден әлсіреген ұрлықшы газ балонының үстіне қонақтап апты. Ол арғы тегі мақтаншақтығымен әйгілі болған баяғы ақымақ қарғаның әлде шөбересі, әлде шөпшегі болуы керек, енді міне, ұры сықпытын да әшкерелеп қойды. Сумақай неме, өре тұрмақ төренің табағынан әсем кесіліп, үлбіреп қана орын алатын ірімшікті іздейтін жерді тапқан екен. Әлімсақтан, көрінгенге күлкі боп жүретін құс баласының судан шыққан атжалман құсап, қушия қуыстанып отырған мына түрі тек жарқанаттан сәл ілгері демесең, ойын балаларының ләңгісі құрлы құны қалмапты. «Ұрыдан – қары, қарыдан – бәрі туады» дейді. Кімнен туғанын өзі де білмейтіні сияқты, тұрпаты тексізденген күйкі денесі оның қалайда біздің жаққа кірме екенін әйгілеп тұр. Бәрі құрысын деп, балтадан ұялып Халық отыр.
Мәлім болды: асүйдің форточкасынан тамақ іздеп кіріп кеткен ол бейшара қайта шыға алмай қалған екен. Құдай берем десе, форточкадан да береді, бірақ бұл құстарға емес, оны ақымақ қарға қайдан білсін. Кірмейтін жерден кіріп, адам өлтіре жаздаған жоқ па? Бір отбасын бір түн әуреге салған сымпыс қарға бостандыққа шықты. Қарғаны қалай қаралайсың, өзі қара ғой. Бірақ бойды алған үрей бәрібір кісіні буып тұрады екен. Не болса содан шошып мазасы кеткен Айша: – Бұл үйде тұрмаймын! – деп кесіп айтты сол күні күйеуіне. Халықтың да жайы белгілі. Олар классикалық әлем әдебиетінің жүз томдығы, қазақ-орыс жазушыларының ең таңдаулы шығармалары, әр саладағы танымдық кітаптар, ғылыми еңбектер мен энциклопедиялар, анықтамалықтар, ішкі істер органының қызыл мұқабалы генералды құттықтаған бумалары… қабырға тіреп, бейне бір мұрағат сияқты болып тұрған көрікті мекеннен көшуге тура келді. Халық сол сәтте жұрттың байлықты күндейтінін құп көрмеді. Байлықты жек көретін адам бар ма, өзі?! Оны қолы жетпегендер ғана ағаш атқа мінгізеді. Осынау іші де, сырты да байлыққа малынған мұражай үйді енді кездестіру әсте мүмкін емес екенін біле тұрса да, олар басқа пәтерге көшті. Жасасын, көшпенді қазақ! Саған қандай мақтау айтсақ та артық етпейді, өйткені көшіп жүріп көп қазынадан айырылдық, көп нәрсені сақтай алмадық, жоғалтқанымыз да ұшан-теңіз…
Ойға шомып тұрған күйеуіне: «Балаларымды қарға-құзғынға шоқыта алмаймын!» – деп Айша өз тарапынан біраз құрбандық жасады. Іштегі нәресте жеті айдан асқандықтан, жұмысынан декрет алмақ. Екі ұлды балабақшадан шығармақ. Нәтижесінде, осыларға кететін ақшаны пәтерге төлемек.
– Қарсылық бар ма?!
– …
«Ит жейде»
Жылы да жайлы, ваннасы бар, от жақпайтын, ең бастысы дәретханасы ішінде орналасқан 5-ықшам аудандағы пәтерде үшінші баланың дүниеге келуін күтіп, олар тұрып жатты.
Бір күні Халыққа «Алматы қаласының жер қатынастары басқармасынан» хабарлама хат келді. Алматы қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтің қаулысы…
Халық осыдан жарты жыл бұрын бюджетте істейтін, үй-жайы жоқ жас отбасыларға, қалада тұрақты тіркеуі болса, жер беріледі деп құжат жинаған Астанадағы аса айқай-шулы оқиғаға байланысты бірнеше күн қырғын кезекке тұрып, әкімнің атына өтініш бергенін есіне түсірді. Соған жауап келген тәрізді. Хатты ол Медеу ауданының почтасынан өте толқып барып алды. Ашып оқыды. Алайда, көңіл су сепкендей басылды. Сосын оны жұбайына берді, басқа не істейді енді? Хабарламаны Айшаның жүзіне қуанған, күдер үзген және күлген сияқты әр түрлі сезімдерді ұялатып отырып, оқып шыққанын өзі байқатпай бақылап отырды.
– Жарайды, жауап жазғанына да шүкір! – деді келіншегі амалсыз, сосын отырып-отырып былай деп қосып қойды: – Мына хатты сақтап қой, анау-мынау емес әкімнен кепті, ол кім көрінгенге жауап жазбайды, оған дәлел осы құжат. Бірақ үмітсіз шайтан ғана, енді ипотекаға документ өткізіп көрелік, болса болар, болмаса оны да көреміз, – деп салихалы ақыл айтқан Айшаға бұл да өз тарапынан: – Ендеше, осы ойды (Алматыдан үй алу деген) сен де миыңның бір жеріне сақтап қой! Ал қиялдауға әбден болады… – деп кеңес берді.
Сөйтіп, сөз тамам болғанымен, жарық дүниеге шыққысы келген нәресте әлсін-әлсін белгі бере бастады. Халық сол күні күзеттен шаршап келсе де, ұйықтап оянып, мазасы кетті. Өйткені, Айша түн ортасы болса да әлі көз ілмей, екі ұлдың титімдей-титімдей ит жейделерін сақтап қойған жерінен шығарып, дүниеге келмек сәбиге арнап, үтіктеп жүргенін көріп жатты. Ол ойлап жатыр: сәбидің ит жейделері ұлдыкі, қыздыкі деп бөліне ме, осы!? Айшадан сұрағысы келді, бірақ сұрамады.
– Сағат қанша болды, жатсаңшы, – деді оның өзгеше күйбеңдеп кеткеніне ақыры шыдамай.
– Сен ұйықта, жұмыстан келдің ғой, сағат түнгі төрт… Мен бүгіннен қалмайтын сияқтымын, – деді Айша.
– Қой ей, дұрыстап айтсаңшы!
– А, иә, туатын секілдімін.
– Тусаң ту!
Таңғы жетілерде Айша күйеуін оятты.
– Жедел жәрдем… Шақырайық!
– Белгі берді ме?
– Иә, екі үш мәрте толғатқандай болдым.
– Ұйықтамадың-ау!
– Жоқ, қорқам!
– Сен қорықпа жаным, біз бармыз: бақандай үш еркек! Күйеуі күлді. Айша қинала езу тартты. Халық жедел жәрдем шақырып, мекен-жайды айтты да телефон тұтқасын іліп қойды. Сосын, балаларды тұрғызып, киіндіре бастады, ал олар ұйықтап отыр.
– Қажеті қанша, өзім бара берейін. Онда дәрігерлер бар ғой, – деді жұбайы ұлдарын аяп кетіп.
– Жоқ, біз де барамыз. Чемпионат болайын деп жатыр ғой? Барамыз, футбол жанкүйері құрлы жоқпыз ба? Ал сен өмірге адам әкелмексің!.. – деді Халық лепіріп. «Футбол жанкүйері» деген сөзді тауып кеттім, ә, деп ішінен ойлап қойды.
– Жақсы! Сендерді мен де тастап кете алмаймын!
Атына сай жедел жәрдем жетіп келді. Дәрігер екі-үш сұрақ берген соң, баланың үнін естігендей болды. Айша оларды көп күттірген жоқ. Тек сол сәтте апасы телефонмен хабарласып, жүрегі дүрсілдеп отырғанын айтып… соған Айша жылап алды. «Ана деген, әне, осындай ғой!» деп.
Халық ұлдарды жетелеп ап, әйелінің соңынан ерді. Ол мына екеуі туғанда соншама қорықпап еді. Неге екені белгісіз, осы жолы қатты қорқып жүр. Қанша дегенмен баланың жайын біліп қапты. Олардың күлкісі, былдырлап шығатын тілі, аяқтарын басқаны… көз алдына келді, ал тұмауратып қалғанда туындайтын әбігершілікті, тіптен ұмыту мүмкін бе?!
Келіншегін кезекші дәрігер креслоға шығарып тексерген соң, оны шұғыл жатқызуды бұйырды. Жеңіл тәпішке мен халатты ғана алуға рұқсат еткен соң барлық мәселе белгілі болғанын ұққан күйеуі Айшаның қалтасына ақша сала бастады. – Көрімдік қой, бұл, – деп ақталды әйеліне. Ол түсінді.
Енді өздерінің ешкімге керегі жоқ боп қалғандарын сезген әкелі-балалы үш «жігіт» перзентхананың ауласында
серуендеуді ұйғарды. Балалар қуанып кетті. Халық ой ойлады. Ұлдарды ертіп асханадан «тамақтанып» алды. Адам сезімін сынаққа салғандай сағат та секундтап, минуттап өте ақырын алға қарай ауыр жылжиды… Әлден уақта қалта телефон шыр ете қалды. Мұндай кезде оның шырылдағаны жүрекке жайсыз естіледі екен. Акушерка «сүйіншілеп!» жатыр. Халықтың көзінен ыстық жас ыршып-ыршып кетті.
– Рахмет тәте, сүйінші болады… – деді Халық қуаныштан саңқ-саңқ етіп. – Ал кім екенін сұрамайсың ба? – деді дәрігер бұны жорта кінәлап.
– Келіншегім қалай, жеңіл босанды ма? – деді ол оған жауап бермей.
– Бәрі жақсы, інім…
– Енді айтыңыз, кім ол!
– Қыз!
– Міне, сыйлық!
– Сыйлықты кімге беретініңізді ұмытпаңыз, – деді акушерка Халыққа риясыз қалжыңдап.
– Әрине, сізге… Сосын, әйеліме, басқадай қалай болушы еді?!
«Біздің Алматыда екі үйіміз бар…»
Халық мамыр айында времянкасына көшті. Алда жадыраған жаз келе жатыр ғой.
Қызылшақа қыз әжептәуір ширап қалды. Кісінің бетіне бажайлап тұрып қарайды, тіптен күлетінін қайтерсің! Қыздар пысық болады екен.
– Иә, осылар үшін өмір сүру керек, – деп ойлады ол. – Енді ешқайда көшпеймін. Осы жерде өсіп-өнеміз. Алматы айдан алыс емес. Жетер енді…
Ал Айша: «…төртінші баламды өз үйімде туам!» деп мәлімдеді.
– Тәнтімін! Бұл қазақ аспанына алтын әріппен жазып қоятын сөз. Сенің қайсарлығың ұнайды маған. Барақ, тым ақылды сөз айту саған жараспайды, – деді Халық әйеліне.
– Неге?
– Ақылды болсаң… қиын. Қай-қайдағыны ойлайсың. Жүрекке салмақ түседі. Ақылсыздау болған қорқынышты емес, ал ажарсыз болу – сол жаман, әсіресе, әйелге.
– Сен тегі, Достоевскийді оқып-оқып ап, әдеби сөйлейтін болыпсың ғой, жазушы боп кетіп жүрме? – деп Айша күліп қойды.
– Болсам болам, өмірді көріп қана қоймай, оны көңілге түйіп жүрсең, күндердің күнінде ол сені жазушы қылады. Мәселенки, «Қылмыс пен жаза» жазушының өзі көрген нәрсесі. Раскольников оның өзі, ал ана кемпір шын мәнінде Ресей, жазушы айтпақшы Ресеюшка. Ресей-ана балаларының мұқтаждығын шексіз пайдаланып отыр. Кемпір – Ресей-ана, Раскольников – халық. Раскольниковтер революцияны қалай жасады. Ресейді өлтірді.
Халық келіншегі тыңдап тұр ма, жоқ па, онда жұмысы жоқ, соғып отыр. Өзім шешен екенмін-ау деп ойлап қояды.
– Айша, байқайсың ба, мынадай тақырыпқа майталман сияқтымын ғой. Бейне аққан судай. Тс-с, тоқта, сөйлеме! Адам сөйлеп жатыр!.. Жалпы, осындай әңгімені, бәйбіше, қалай болса солай айтуға болмайды. Кофемен отырып айту керек. Мен кофе ішіп отырып деп тұрғам жоқ, сезесің бе, бәйбіше? Кофемен отыру дегеніміз, былай – мен креслода аяғымды аяғымның үстіне қойып, сосын сәл артқа жатыңқырап, бір қолымды, оңы ма солы ма бәрібір, алдымды нұсқай ауада сілтеп, келесісін иекке ме, самайға ма тіреп отырам. Ал кофенің жатағандау үстелде жіп-жіңішке буы ауаға көтеріліп жатады. Есіңде болсын бәйбіше, кофе кішкене тостаққа құйылуы керек, қырлы стақан немесе сыраның саптаяғы емес. Ол да коньяк сияқты. Мәдениетті адам коньякті стаканның түбіне қасқалдақтың қанындай ғып қана құяды дейді. Орталау, тіпті қызыл икра сияқты боп тұрса да болады. Және астында табақшасы, оның қасында кішкентай қасығы қыздай боп қисайып жатсын. Ондай кофені ішпейді…
– Паһ, айттың-ау, шалеке, сен «бәйбіше» деген сөзді қашаннан бері қолданатын болғансың және бір емес үш рет айттың. Ал анау «қыздай қисайып жатсын» дегенің не сөз? Онан да баққа бар, топырақты қопсыт, маңырама! – деді Айша, – ал кофеңмен отырасың, оны дайындап қоямын! – деп шәйнекке су құя бастады.
– Рас айттың, бә… мынауың өмірге өте жақын сөз екен. Осы жексенбі картопияның ұрығын себе берем, өйткені мерзімі дәл кеп тұр.
Сонымен бірге, Халықты мына мәселе де ойландырып жүрген. Үй ішіне дәретхана орнату керек дейтін. Су ғой, жарайды, сыртта-ақ бола берсін, тек тоқтап қалмаса болды. Үлкен ұл есейіп қалды, оны сөзінен байқап жүр. Ол горшокқа отыруға ұялатын бопты. Бір жаманы, әбден түн ортасында түзге шығам деп қиғылықты салады. Жазда ештеңе емес, қыста қиын ғой. Оның әжетханада отырып, қай-қайдағы сұрақты жаудыратыны Халыққа ұнамайды. Тоңып, күтіп тұрып, сұраққа жауап беру, құрысын тегі…
– Әке, самолеттер неге түнде ұшады? – дейді ұлы аспанда бағдаршамдарын жалт-жалт жағып ұшып бара жатқан оларды көрсетіп.
– Балам, олар күндіз де ұшады, бірақ түндегідей жарығы көрінбейді.
– Ал олардың туалеті бола ма?
– Әрине, болады.
– Далада ма?
– Жоғ-а, ішінде.
– Қалай?
– Солай балам, арнайы кабинасы бар. Біз тұрған пәтердегі сияқты.
– Әке, сіз оған отырып көріп пе едіңіз?
– Самолетке ме, отырып көргем: бір рет, онда да бала кезімде.
– Қандай болады?
– Онша емес… Қорқасың… Құсасың…
– Әке, біздің үй неге кішкентай?
– Балам, ол алыстан солай көрінеді.
– Әке, біздің қалада екі үйіміз бар ғой, ә?
– Һм… иә!..
– Оған қашан көшеміз?
– Кейі-і-н, сен жігіт болғанда барамыз, өйткені олар сондай үлкен. Ал бізге мына үй ыңғайлы…
– Әке…
– Балам, әжетханада не болса соны айта берме? Болдың ба, тұр енді!
– Әке…
– Балам, мен де саған бір сұрақ қояйыншы, сен неге қараңғы түскенде және әбден кешке, қалай десем екен, а, иә… кіш еткің келеді, ылғи?
– Әке, мен бұрын да түнде баратынмын, өйткені біздің Алматыдағы үйімізде туалет ішінде еді ғой…
– Е-е-е…
Халық «біздің үйіміз» деп отырған баласының балалық сеніміне селкеу түсірмеу керек екен деп ойлады. Сенім және үмітпен де өмір сүруге болады.
«Ібіліс қой, мынау!»
Бір күні апақ-сапақта «баланың бауы берік болсын» айтып, бұларға Артем досы келді. Аты сондай болғанымен өзі қазақ. Оған шын атын айтсаң, жатып кеп ренжиді. Сондықтан достары оны Артықбай демейді, Артем атайды. Ол өте іскер жігіт. Қолынан келмейтін іс жоқ және істемейтін кәсібі де аз, нағыз уақытында туған, ал ой-пікірлері тіпті ғажап. «Кісі өлтіретін» сөздері де бар. Бәрін бетке және жылатып айтады. Ең бастысы – Артықбайдың асқазаны ауырмайды.
Ол ішті-жеді. Содан, әдеттегідей қызу әңгіме басталды. Көп нәрсе айтылып жатқан. Әлден уақта Халық онымен қызыл танау боп айтысып қалды. Көңілсіз отырыстағы үміт пен сенімнің тас-талқанын шығарған ол сөздердің Артемдікі дегендерін оқырманға сол күйінде жеткізсек.
«…біздің қазақтар басында баспанасы жоқ, тіпті балаларына спальный манежді қойып, коляска да алмаған, сөйте тұра тудыруларын қоймайды. Түсінбеймін… Өздері тақыр кедей, онымен қоймай туады. Демография дейді! Ол кімге керек? Мемлекетке дейсің бе? Бос сөз. А-а, ұрпақ деңіз, түсінікті, қартайғанда оларға ақыл айту ғой? Жоқ досым, сен әлі бабаларша өмір сүреді екенсің! Құрметке бөленгің келеді. Өзің оларды пәтерде жүріп тудырасың. Сосын, өзіңнен өткен кедейшілікке қалдырасың. Сөйте тұрып, барлық ақсақалдарша, оларға: «біз пәтерде жүргенбіз, жетімбұрышты жағалағанбыз, аз ақшаға өмір сүргенбіз, ал сендер не көріп жүрсіңдер, түк те. Төзіңдер, шыдаңдар, бас көтермеңдер» деп өсиет айтуды жалғастыру ма? Оны олар айтпаса да қазақ жастарының кешегілері де, бүгінгілері де көріп отыр. Әлі де көре бермек. Қашанғы соны бетке басамыз. Айтты-айтпады, өзінің өткен өмір жолын балаларына мұраға қалдыруға тырысатын тиран әкелерге қашан шектеу қойылады? Өзара қарыздар сезім жойылса деймін. Осыған қарсы болатын нақұрыстар бар, мысалы мына сен секілді. Кешір, кешір… Ал ұрсаң – арыз жазып жіберемін. Сотталасың… Ойлашы өзің, әкелер деген мына сен сияқты, түптеп келгенде балаларына жағдай жасауға мүлдем қауқарсыз. Бәрі тек сөз жүзінде. Сосын, бізде кредитпен қанайтын банктер, полиция мен жедел жәрдем, жерлеу бюросы… жеткілікті және осылардың жұмыстары жолға қойылған. Халық аман болса, нотариустер мен жол полициясының жұмыстары ешқашан тоқтамайды. Мен саған ащы бір ақиқатты айтайын, қазірден бастап қарттар үйіне жазылып қоюдың артықтығы жоқ. Бізде бәрі ұзақ мерзімге жоспарланған ғой. Қалай деп болады. Оған кезегің жеткенше өліп те кетуің мүмкін. Қартайғанда жалғыз күн қараусыз қалу – көр деп аталады. Ал қыста туалет сыртта болса, өйткен «өз үйің» құрысын, ондай үйден пансионат жақсы, ал онда бәрі бар… Мына заманда… Ал сен бұның мүлде шындық емес екеніне күмәнің бар ма? Қандай дәлелің бар, т.т.с.с…».
– Ібіліс қой мынау! Екі кештің арасында солар ғана жүреді дейтін…– деп ойлады Халық оған жауап бермей. Басы айналып барады. Ол жан-жағынан бірдеңе іздеді.
Халық наразы боп жатыр. – Бәрін көріп-біліп отырған енем де мұндай сөздерді айтқан емес. Не пәле бұл? Мен бәріне шыдаймын, бірақ мынадай сөзге емес! Сұмдық сөз ғой мынау?! Кең дүниені тарылтып жүрген мына адам – бас-сирағын бүктеп-бүктеп өз қарнына сала салса, сыйып кететінін білмей ме? Ал мен бай бола алмадым, сондықтан қарыным қабысып қалған, бірақ бұл ішіме ештеңе сыймайды деген сөз емес қой?! Мынау маған не қылмадың дейді? Айша деймін, Ай-ша-а, мен сенен сұрап тұрмын. Мынаған жауап беріңдерші?! Үйден қусаңдаршы мынаны!? – деп.
Халық жалғыз қалды. Ол күбірлеп отыр. – Жаратқан Алла, жабырқау жаныма жылу бер, мың бір пәле, жүз бір қатерден сақта, сенің шапағатың шексіз ғой! Бұлар біз емеспіз! Мына сөздер де!
Бисми-илаһи-ар-рахмани-ар рахим! Лә-иләһә-иллә-Аллаһ. Мұхаммад-расул-Аллаһ!