Досханның имитациясы
29.04.2020
1287
4

Баяғыда Қожакең үйіне қонақ шақырып, қонағының алдына бір астау ботқа қойыпты-мыс. «Қожеке, сіз палау жеуге шақырған едіңіз ғой?» – деп аңтарылған қонағына ол: «Бетіндегі ботқаны тауыссаңдар, астынан палау да шығады», – деп үміттендірген екен. Досхан Жылқыбайдың «Матрица» деген әңгімесін атауына қарап, «палау» жейтін болдым-ау деген үмітпен бастап кетіп едім, Қожакеңнің қонағының кебін киген секілдімін. «Матрица»   жаңаны тануға деген ынтаны оятатын интеллектуалды дүние болар деп, әр сөзіне мән беріп, түсінбеген сайын өзімнің дүниетанымымды қор санап, он үшінші бетіне де жеттім. Түсінбегеннің көкесі енді басталды. Бұрын мән бермеген тақырып болған соң, танымымды толықтыруға тура келді.

«Матрица дегеніміз не? Ма́трица (лат. Matrix – «негізгі себеп»). Матрица – адамның күллі тұрмыс-тіршілігі мен мінез-құлқын қалыптастыратын санадағы шаблондық жиынтық болып табылады екен. Демек, шаблондар: тәрбие, білім алу және БАҚ арқылы ақпарат ретінде тарайды.  

Матрицаның негізгі міндеті — көпшілікті басқару, ал оның бақылау тетіктері — ақша мен бұқралық ақпарат құралдары. Сондай-ақ «матрица» сөзін «әлеуметтік бағдарламалау» сөзімен де алмастыруға болады дейді.

Соңғы кезде біз реалды әлемде емес, компьютерлік модельде өмір сүріп жатырмыз деген болжам тым өріс алып бара жатқандай. Осы орайда бұл болжамның  қаншалықты негізі бар және ол мүмкін бе деген сауал да туындайды.

Оксфорд университетінің профессоры Ник Бостром бұл сұраққа өз бетінше жауап беруге тырысып, «Реалды емес, модельденген Ғаламда өмір сүрудің 20% мүмкіндігі бар» деген күтпеген тұжырымға келіпті. Бірақ технологияның қазіргі деңгейімен бұндайға қол жеткізу әзірше мүмкін емес екен. Десекте, теориялық тұрғыдан қарағанда болашақтың ісі сияқты. Біздің ақыл-ой, санамызды «қатты дискі» арқылы іске қосып, виртуалды әлемге ендіруге болатын көрінеді. Сонымен қатар, келешекте адамдар сан жетпес виртуалды әлемді модельдей алатын әлеуетке ие болатын сынды. Немесе әркім өз миындағы жасанды әлемінің реалиінде  өмір сүре бастайды. Ал, ол әлемді кім немен толтыратыны өз еркінде: құдайды іздей ме, махаббатты толғай ма, жақсылықты жасампаз етем ме… Тек бір ғана нәрсе аян көрінді, ол — матрицаның усынан шыға алмайтының. Өзіңнің ойың яки ісің деп, өзіңе телігеннің барлығы — сол қитұрқы, шайтаннан да айлакер матрицаның алдын ала жобалаған бағдарламасы болып шыға беретіні.

Егер біз жасанды матрицада өмір сүретін болсақ, онда біздің міндетіміз — одан шығу. Демек, ақиқатты ашып, танығымыз келсе, казірге дейінгі ұғым-түсініктерді түгелімен «төңкеріп», бәріне жаңаша қарауға тырысуымыз керек. Біздің өміріміз матрица ма, жоқ па деген сұраққа да ешкім жауап бере алмайды. Ал матрицаның шеңберінен сытылуға санаң мен түйсігің пісіп-жетті-ау деген шақта, осыған дейінгі құндылықтарыңның барлығынан бас тартуың керек екен. Сонда біз қандай әлемге аттанбақшымыз?»

Он үш бет бойы оқырманын шатастырған Досхан Жылқыбайдың есіне  негізгі тақырып енді түскендей. Сахнаға оның фракталды көшірмелері шыға бастады. Бірін машина қағып өлтірді. Екіншісі көпірден құлап мерт болды. Үшінішісі дамбаға қарай құстай ұшты. Ол да өлуге асығып бара жатыр. Ал Досжан деген басты кейіпкерді осындай шалт қимылға қандай әсер мәжбүр етті? Осы тұсы екіұдай боп қалды. Матрицаның иісі шықпай тұрғанда-ақ, ол мойнындағы несиеден қажып, мынау жалғанның жүдеу тұрмысы жүйкесін жеп қойған біреу еді. Ертеңінен үміті өшкен, жан азабын арақпен жазған, посталкогольдік амнезияға ұшыраған маскүнем болатын. Ол ары қарай тағдыр тауқыметіне төтеп бере алмайтынын түсініп, өмірін қиюды ұйғарды. Ал, іс жүзінде оны, өзінің әріптестері «суперкомпа» арқылы өлім тілеуді миына баяғыда құйып қойған болып шықты. Автор не үшін оқырманын адастырғысы келді екен? Ол маған жұмбақ.

Дамбаға жете берген кезде сол жерде қайқайып шылым шегіп тұрған өзінің үшінші көшірмесін көреді де, екуінің арасында ұзын-сонар диалог басталды. Бір қарағанда кісі қызығатын ойлар бар сияқты. Тек, осының барлығы жасанды түрде құрастырылғаны секем алдырады. Алдындағы он үш беттік езбеден гөрі,  осы «матрица» әңгіменің басында тұрғанда – шынымен бір интеллектуалдық шығармаға жолығар ма едік. Әңгіме басындағы компьютер, смартфон, банктердің қоңырауы, Пи саны сияқты детальдар соны емексітті де…  

Аты аталғанмен заты ашылмаған кейіпкерлер. Ақымақ басшыларының аяқ-асты ғажап ғалымға айналуы. Олардың Досжаннан жасырып жасап жатқан экспериметтері. Дамбаның басында тұрып Досжанның бәрін біле қоятыны.

 «– Бірақ миды да бас қауашағымызды ашып, қолымызбен ұстап, көзімізбен көре аламыз. Яғни ол да біздің миымызға электронды берілетін сигнал ғана, – деп Досжан қысқа түйіндеді.

– Сонда біз кімбіз? Біз неден тұрамыз?

– Егер қысқа қайырар болсақ, жан мен рухтан ғана тұрамыз. Өзге ештеңе жоқ.

– Ал бізге мына әлемді ғажайып етіп көрсетіп, өз тәнімізді, айналаны сезінуге беріліп жатқан сигнал – Тәңірден демексің ғой, – деп Екінші Досжан тағы да сынағысы келген адамша көз қырын ғана тастады бұған.

– Әлбетте. Адамдар өлмейді. Тек адам рухы Тәңір матрицасының бір фазасынан екінші фазасына ауысады. Бұл дүниеде көрген ғажайыптардан асқан ғажайып күтіп тұр ол жақта. Біз оны «о дүние» дейміз. Жұмақ дейміз, тозақ дейміз. Бірақ оны ешкім толық сипаттап бере алмайды. Өйткені ол жақта мүлде басқа өлшем. Біздің санамызға сіңген үш өлшемді әлемді ұмытасың. Санамызға төрт өлшемді, бес, тіпті мың өлшемді көре алатын, сезіне алатын мүмкіндік берілмек.

– Сен сонда мұғжизалардың барлығын дүниенің матрица екенімен түсіндірмекпісің?

– Иә, Құдай кереметтерінің барлығының ғылыми негізі бар. Бірақ оны бүгінгі дәстүрлі ғылыммен түсіндіру мүмкін емес. Ал матрицада өмір сүреміз десек, жауабы оңай… Біз қазір сол Тәңір ғажайыптарының ең төменгі сатысындамыз» деп біраз көсілген соң: « – Осы теорияға шын сенесің бе?

– Иә. Өйткені матрицада өмір сүруге болатынына екеуміз-ақ дәлелміз. Біз дәл қазір тәңірлік матрица ішінен жасалған жасанды компьютерлік матрицадамыз…

– Жасанды? – деп Екінші Досжан аңтарыла қалды.

– Иә. Жасанды және өте сапасыз матрицада.

– Сонда жасанды матрицадағы біз кімбіз?

– Мен – Тәңірмін!

– Мен де?.. Екінші Досжанның көзіндегі сыншылығы кетіп, жалпақтауға ұқсай бастады.

– Жоқ, сен қолдан жасалған менің көшірмем ғанасың. Тағдырымның тұйықталған нүктесі де емессің. Сен, мына қоршаған әлем, қала, адамдар барлығы – біздің зерттеу ұйымының қолдан жасаған матрицасы ғана. Ал оны мен білемін. Сондықтан, Тәңірлік кейпім бар».

Әңгіме аяғындағы: «– Сонымен, эксперимент діттегеніне жеткен жоқ.

– Бәрі дұрыс келе жатыр еді, басеке, – деп жұтынып алған Сәдуақас, сөзін әрі сабақтады: – Тек тым асығыстық жасадық. Жүйе дайын емес еді.

– Жә, оны қойшы. Досжан өзінің «тағдырлас» көшірмесімен дамбадан секіруі тиіс еді. Өз-өзіне қол жұмсауы керек еді…

– Иә, басеке. Біз алғашқы сәттен бастап-ақ оның санасына өз-өзіне қол жұмсау туралы және басқа да сигналдарды үзбей жіберіп отырдық. Сол сигналдардың барлығын орындап келді де, соңғы сәтте оның миы сигналды қабылдамай қойды. Неге екені өзімізге де түсініксіз. Компьютер қателесті дейін десек, сигналдар архивінде бәрі айна қатесіз көрініп тұр. Бейне бір матрицадағы Досжан мен компьютер арасында тылсым күш тұрған секілді, – деп Сәдуақас тағы да кібіртіктеп түсіндіріп бақты.

– Адам миы мен компьютер арасындағы тылсым күш? Ол не тағы? – деп бастық ойлана қалды да қазақы қария көрген көкірегі күкіртше лап етіп: «Астапралда! Астапралда!» – деп маңдайындағы терін сүртті.

– «Не» емес, «кім?» шығар. Иә, кім?..» деген диалог Досжанның Тәңірге айналғанын куәландыратын деталь деп түсіндім.

Егер жоғарыдағы көшірме мен тұпнұсқаны тау басында тәжікелестірмей, осы «матрица» негізінде фабула ойластырғанда шынымен шытырман әңгіме туар ма еді…

Сөз тану, сөйлем құрау жағына келсек, қазіргі жастардың бәрінде бар  кемшілік Досханға да тән.  «Бойын бұл ауырлықтан сілкіп алып», «Дыбыссыз режимде безек қаққан смартфонға қанша хабарлама келгенін қара санымен санап келеді. Ұйқыдан оянғандағы жүрегінде ұйыған қорқыныштың өзегі енді оң жақ аяғына ауысқандай…» пәле қуып неғылам, тере берсең жетерлік. Бір сыншы айтыпты: «Драма – екі адамның әңгімесінен емес, қым-қуыт шытырманды интрига мен конфликтен тұрады» деп. Соның сөзін қайталаудан өзге амалым қалмады. Әңгіме – имитация емес, әңгіме сияқты болуы керек қой.

Заһар СҰРМЕРГЕН

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 30.04.2020 | 09:28

мақар шақар сұммерген шыға кепті гой жылтыңдап. Ойпырай жылпос неме екен.

Аноним 30.04.2020 | 10:26

Мына былшылбай тағы оттап шығыпты ғой сұмырай мерген.

Аноним 30.04.2020 | 10:27

Сандырақтаған мына былшылбай тағы оттап шығыпты ғой сұмырай мерген.

Аноним 03.05.2020 | 12:25

Сауатты сын оқимын ба дегем. Сын – имитация емес, сын сияқты болуы керек қой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір