Исраил САПАРБАЙ. САМАРҚАННЫҢ КӨКТАСЫ
20.03.2020
934
0

Ақын Исраил Сапарбай

Иә, көктас…Самарқанның дегеніміз болмаса, ол –  Гур-Эмирде. Бұл – жалпы атау. Самарқан елкезбелер (туристер) көп келетін шаһар болғандықтан ауызекі осылай аталып кеткен. Әйтпегенде, шын аты – «Әмір Темір көрханасы» немесе қабырханасы. Ішкі-сыртқы өрнегі мен бояуы, сыр-сипаты жағынан әлемде теңдесі жоқ ғажайып ғимарат. Таңдау талғамынан Тәж Махалды тілге алсақ, ол да Әмір Темір ұрпағының ұлы қолтаңбасы.

Тарихшылар оны біледі. «Бабырнаманы» оқысаңыз, сіз де біле түсесіз. Бұл енді басқа әңгіме. Бізді қызықтыратыны, өзге емес, Сайыпқыранның басындағы әлгі көктас, немесе нефрит. Ол мұнда қайдан келді, түпкі төркіні аспанда ма, жерде ме? Біреулер оны әйгілі Менделеев тізбесіндегі көп элементтің бір құрамы, енді біреулер сонау галактикадан басы гәңгіп келген метеорит деп топшылайды. Бірақ нақты дәйегі  әлі күнге анық-қанық емес. Анығы – Самарқанда, ұлы әміршінің қабірінде, қанығы – аса қадірлі де қасиетті тас. Қасиетті болмаса… жыл он екі айда бір келетін Наурызда, нақтырақ айтсақ, осы айдың 21-22-сі күндері аралығында Құранды жадқа білетін қадірменді Қари түн ұйқысын төрт бөліп қалғымай, мызғымай таң атқанша көктастан көз алмай отыра ма? Әрине, құр қарап отырмайды: қолындағы кескір кездікпен тәбәрік тасты шұқып отырады. Күн мен түннің аралығында, анығын айтсақ, қас-қағым сәттің жүзден, не мыңнан бір бөлігінде әлгі тас майдай еріп, балдай балқуы тиіс! Қариыңыз оны байқамай  қалғып кетер болса – Құдайдың анық ұрғаны! Мың жерден жадыгер болса да, қарабеттің қамытын киіп, қалың топтың ішінен бір-ақ шығады. Қас масқараға айналып, ханның да, халықтың да қаһарына ұшырайды. Бір адамның кесірі мыңға, мың адамның қарғысы хаққа жетеді. Ал Хақ жазасы… Құдай қалғып-мүлгуден сақтасын… Күн мен Түннің қас-қағым сәттегі дәл табысар, қауышар меймана мезгіл-мезетінде  тас екеш тас та еріп, балқиды екен!!! Анау-мынау емес, Самарқанның көктасы. Әлдене емес, Әмір Темірдің басындағы тас. Әлгі «қалғу-мүлгу» машақатының жалғыз қариға ғана емес, пенде баласына қаншалықты намақұл екенін осыдан-ақ сезіне алсаңыз керек… Бұл – бір. Екіншісі, аталмыш тастың тарихында. Ендеше, әл-қадарымызша, өткен-кеткен кез-кезеңдердің соңына із салып, сонарына ой жүгіртіп көрелік…

                                     х х х

Жаһан жаулаушысының басына қойылған көктастың (нефрит) азды-көпті өз тарихы бар. Ол әуелгіде  Қытай императорының сәулетті сарайында сакральды құндылық санатында айрықша орында сақтаулы тұрған. Әрине, алтын сарайда не жоқ… Алайда сансыз жорықтарының бірінде Шыңғысханның көзіне алдымен осы киелі тас түскен. Көктастың император сарайынан өзге жұртқа көшіп-қонуының бір себебі: Шыңғысханның кемеңгерлігі мен кемел көрегендігінде жатса керек. Айтса айтқандай, көп ұзамай төрткүл дүние төрт ұлының  ұланғайыр төрт ұлысына айналды! Оның ішінде Жошы ұлысы бізге едәуір етене, әрі таныс. Ал екінші ұлы Шағатайдың еншісіне әйгілі Мауараннахрдан бастап сол кездегі Түркістанның аумақ, аймағы түгелімен кірді. Әкеден қалған ұлы аманат пен қағидат – «Яссы» төрт ұлының да тілі мен ділінен, жады мен жанынан бір сәт те қағаберіс қалған жоқ. Ағасымен (Жошымен) арадағы ішкі ілкім-шатысты сыртқа шығарудың шырмауығына қаншама іліксе де, бәрібір, Шағатайдың шатағы мен шама-шарқы  Атазаңнан асып кете алған жоқ. Керісінше, ел билеуде, ел ішінде билік жүргізуде оны әл-қадарынша өз игілігіне пайдалана білді. Немересі Хулагу да дәл осы жолмен жүрді. Ақыл-парасаты, жауынгерлік білім-білігі арқасында Хорезмді, батыс Түркістанды және Ауғанстанды өз иелігіне қаратып алды. Ал оның мұрагері Кебек хан 1309 жылы өз астанасын Нахшебке көшіріп, атақ-даңқы мен сән-салтанатын сәулетті Сараймен айшықтады. Айрықшасы сол, өз тағын ұлы атасы Қытайдан алдырған нефритпен әрлеп-әспеттеді. Бұл хан сарайы ресми түрде «Қаршы» деп аталды. Естеріңізге сала кетейік, бұл қала қазір көршіміз Өзбекстандағы бір облыстың көрнекті орталығы.

Зәуі замананың керуен көші қашанда таулы-тастақты, шөлді-шөлейтті, белді-белесті, мұзды-мұхитты, жазық-жапанды жайғады десек қателеспейтін шығармыз.Түгі қисаймаған түйе, жүгі аумаған керуен жоқ. «Ит үреді, керуен көшеді» дейді мұны қазақ. Уақыттың жел-дауылы жемірген қалалар қаншама… Қазып қалсаң – қаңқа шығады. Ойып алсаң – оймақ шығады. Келместің кебін киген сол сәнді сарайлардан да қазір сау-тамтық қалмаған есебі. Шөккен нардай қоңырайған қорымдар мен таз-тақыр төбелер келген-кеткенге төрден орын берер халде емес. Бар жиғанын бауырына басып үнсіз, тілсіз жатыр… Ал Шыңғысхан ұрпағының қаншама жылғы билігі Орталық Азиядағы Әмір Темір әмірлігінің екпінінен азды, тозды, күйреді десек, бұл да өмірдің ащы шындығы. Оған себеп, әрине, ұрық-шырықтың бірікпеске бекіп, әр саққа, әр жаққа ыдырап, бытырап, шашырап кеткендігі. Аспантаудың да айбынынан айрылып қара жамылатын (бұлт) кезі көп… Анық-қанық аксиома – тұтас әлем тек бір ғана Алланың дәргейінде.  Нешеме басы алтын, бауыры жалқын айдаһар болса да жұмыр жерді жұғанасына дейін қалдырмай ешкім де жұтып қоя алмақ емес. Есесіне жұтылып жатқандар қаншама. Бұрнағы Зұлқарнайын, одан кейінгі Еділ патша, бергідегі Шыңғысхан, кешегі Әмір Темірдің ащылы-тұщылы ақиқаты осыны қапысыз алға тартады…

Айта кеткеніміз абзал, Әмір Темір әлгі нефрит тасын әуелден естіген, білген. Сол себепті Қаршыны өзіне қаратып, асыл тасты Самарқанға алдырмақ ниетте болған. Амал не, қарулы, жарақты жасақтарын жібергенімен қасиетті тас Сарайда болмай шыққан. Болмақты алдын ала сезе білу де сұңғылалық – хан ұрпағы Әмір әулетінің алдын орап кетті десек, бұл жерде қателесе қоймаспыз. Шыңғыс ұрпақтары оны құпия түрде жасырын сақтап келген. Әмір Темір өлімінен кейін олар Қаршыны қайтадан иеленіп, онымен қоймай, Мауараннахрдың біраз бөлігін өздеріне қайтадан қаратып алды. Алма кезек дүние деп осыны айт: арадан әудем жыл өткенде, яғни 1425 жылы Әмір Темірдің немересі, өздеріңізге белгілі Ұлықбек Қаршыны қайтып алды. Нефриттің қадірі мен қасиетіне қанық Ұлы Жұлдызшы оны Самарқанға әкеліп атасы Темірдің басына қоймақ ниетте болды. Солай етті де!

Ұлықбектің бұл жорығы хақында «Рафзад-ас-Сафа» шежіресінде былай делінеді: «…Ұлықбектің кезекті бір жеңісті жорығынан кейін, яғни Джаттағы  көтерілісті басып, Самарқанға қайта оралғанда оған: «Сеченхан (дұрысы Шешенхан. – И.С.) иелік ететін Қаршыда алтынмен апталған, күміспен күптелген ғажайып Тұғыртақ бар екен» деген хош хабар жетеді. Бұл, енді… анық та қанық біз ауызға алып отырған Асылтастың өзі болатын! Қытай императоры да қайта қайтарып алмаққа нешеме рет елшілерін жіберіп, сый-сияпаттарын үстеп әжептәуір-ақ әрекеттенген көрінеді. Бірақ нәтиже шықпаған. Ұлықбектің ғана жолы болған. «Жолы болды» деуіміз жәй ғана, әйтпегенде, жүк салмағы, жол ұзақтығы, көлденең қауіп-қатер, бәрінен де бұрын «киелі тастың» кірпияз һәм құлыпсыз-кілтсіз құпия да астарлы машақаты аз болмаған…».     

   

Самарқанд қаласы

                                           х х х

1736 жылы Иран патшалығын қолына алған Надиршах айнала төңірегіндегі мемлекеттердің бірінен соң бірін өз билігіне қарата бастады. Өзін «Ұлы жеңімпазбын» деп жариялаған ол, тіпті Шыңғысхан ұрпақтары тамыр жайған, бірақ әлсіреген, таусылуға айналған ұлт-ұлыстарды уысында ұстап, іле Индияны, Хорезмді, Бұхар хандығын қанға бөктіріп, Самарқанды талан-таражға ұшыратты. Әрине, оның ашқарақ көзі мен тойымсыз, тобасыз пейілінен Әмір Темірдің басындағы қабыртас та қалыс қалған жоқ. Тонау, қанау, қанқақсату жаулап алушылардың әуелгі әдеті емес пе, көп ұзамай Гури-Эмирдегі көктас Мешхедке көшірілді. Сән-сәулетті Сарай, оның ішіндегі киелі тас шынымен де әлемнің кезекті «жаулаушысын» шалқытты, балқытты, шадыман шаққа бөледі! Осындай бір сәнді де сәулетті сәтте Әмір Темірдің аруағы мен рухы кешірсін дей отырып,  ол ішінен «Фатиха» сүресін ауызға алды. Соңынан аса бір мақтанышпен көкірегін кере созып былай деді: «Міне, бүгіннен бастап мынау дөңгеленген дүние үрген шардай менің он саусағымда шыр айналатын болады. Ешкім де көктастан өзіне қабыр орнатып көрген емес! Демек, бұл заттан біз күні ертең болаттан садақ, алтыннан семсер құйып, қалағанымызша мына нефриттің парша-паршасын шығарып, бірін еденге төсеп, бірін қабырғаға қалайтын боламыз!..»

«Мың асқанға – бір тосқан»: лепіріп, көпіріп, көпсігенімен  Надиршахтың да  көкірегінде бір түйткіл көрінбей бұғып жататын.  Сол, міне, шықты. Бірінші себеп – нефрит жайындағы ақиқатқа бергісіз  аңыз, әфсана. Көзге көрінбейтін, елге еленбейтін қорқынышты да үркінішті елес. Кірпияз да кіді кие. Екінші себеп – үйде де, түзде де мазасынан айрылуы, екі күннің бірінде түнемелге түс көріп, ұйқысынан шошып ояна беруі. Бастапқыдағы астамшыл ой, патшагөй пиғыл ендігі сәтте сабасына түсіп қана қоймай сабырын сарқып, санасын сан саққа жүгірте бастауы. Жағымсыз жағдай осылай жалғаса берсе, не болмағы тағы беймәлім. Бәрінен де бұрын кезекті бір түннің мезетсіз бір сәтінде түсіне Сайид Бараканың (Береке) енуі. Оның кім екені, әрине, оған бұрыннан мәлім. Оның рухани келбет-кескіні хақындағы әңгіме аз емес. Соның бірі Иран билеушісінің құлағына да әлдеқашан жетіп үлгерген. Айта кетсек артық болмас. Әмір Темірдің айтулы айқас-шайқастарының бірінде жау жасағы үстем алып, қарсы жақты, яғни Темір ләшкерін тықсыра бастайды. Айлалы жаудың бұл әрекеті екінші жақты берекетсіздікке апармағы айдан анық. Шешуші сәт шалт қимылды, әбжіл әрекетті қажет етеді. Жүзінде жұмбақ, көзінде сұрақ тұнған ұлы Әмірші жанындағы піріне жалт қарайды. Аржағы түсінікті… Имам Береке атынан түсе қалып жерден бір уыс топырақты қарпып, іштей әлденелерді күбірлеп заматында оны жау тарапына шашып жібереді. Құдайдың құдіреті деген осы шығар… ыдырай бастаған ләшкерлер есін қайта жиып, артынша биік белесті алып, қарсы жақ қашып, қарасын батыруға мәжбүр болады…

Қос-қосынан қорқынышқа тап болған Надиршах ертесіне Сарайға игі жақсыларын шақыртып, мәмілелі мәжілістен соң киелі тасты иесіне қайтаруға мәжбүр болады. Бұл енді лажсыздың айла-амалы немесе берекесіздіктің бейопа бейнеті.  Содан ба екен, кім біліпті, қайтар жолда Темірдің Қабыртасы арбадан ауытқи құлап төрт бөлшекке ыдырайды. Әупірімдеп әкелінген дүние айтулы шеберлердің қолынан өтіп, өзінің рухты, киелі орнына қайта қонады. Ал Надиршах көп ұзамай жорық жолында өзінің немересі Алиқұл Мырзаның қастандық әрекетінен қазаға ұшырайды. «Әсіре жеңімпаздың» ноқалай әрекетін былайғы жұрт әр саққа жүгіртіп ала кеткені өзінен өзі түсінікті. «Ажалды бала молаға қарай жүгіреді» деген сөз бекерден бекер айтылмаса керек-ті… Тегінде, ұлық болсын, кішік болсын, өткен-кеткен о дүниелік адамның мәңгілік ұйқысын мезгілсіз бұзу түбінде жақсылыққа апара қоймасы анық. Бәндәуи тірлікте бұған мысал жеткілікті… Соның бірін тағы да алға салуға, қаперге алуға  тура келеді.

                                      х х х

1941 жылдың маусымында Сталиннің тікелей тапсырмасымен Мәскеуден бір топ адам Самарқанға шұғыл сапар шекті.  Әрине, жәй меймандар емес, айтулы ғалымдар: бірі тарихшы, бірі антрополог, бірі мүсінші дегендей… Мақсаттары –Әмір Темір қабырын ашу. Ашып қана қоймай, сүйегін әкетіп арнайы зерттеуден өткізу. Бұл идея кімнің ойына келді? Неліктен кеше емес, бүгін? Мәселенің астар-сыры тек «мұртты көсемге» ғана аян. Және ол  жария емес, барынша құпия. Біздің білуімізше, «Гури-Эмирде» ұлы әміршінің немересі Махмұд Сұлтан, пірі Сайид Береке және Әмір Темірдің өзі жатыр.

Осы жерде аздап болса да Махмұд Сұлтан жайында айта кеткеніміз жөн болар. Ол – әміршінің тұңғыш ұлы – Жаһангир Мырзаның баласы, Әмір Темірдің ең сүйікті немересі. «Ең сүйікті» болатыны – тұла бойы тумысынан атасына ұқсас. Ойы да, бойы да, кескіні де, келбеті де. Содан да болар, Жаһангир Мырза жорықта жүріп беймезгіл қаза тапқан соң, Темір немересі – Махмұдты мұрагерім деп жариялаған. Оны ерекше бақылауда ұстап, назарына алып, тіпті қиян-кескі шабыс-шайқастарға көп салмаған. Тек атақты «Анкара жорығына» ғана өзімен бірге ала жүрген. Ондағы ойы – атасының соғысу стратегиясы мен тактикасын, яғни жорық пен майдандағы алапат айқас-шайқастардың амал, тәсілдерін өз көзімен көрсін дегені. Көрді, бірақ ұзамай атасының қалауымен Самарқанға қайта оралуы тиіс болды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер» деген осы емес пе, амал не, 29 жастағы қыршын жігіт ұзақ жолда келе жатып өз ажалынан дүние салды. Бұл тосын қаза, қайғы, қасірет қанша қайыспайын, майыспайын десе де,  Әмір Темірдің қабырғасын қақырата сөгіп кеткені анық. Ал имам Береке жайын жоғарыда айттық-ау деймін. Дегенмен бұған қоса пірі ретінде ұлы Әміршіні толайым-толай имани һәм діни-исламдық жолға түсірген осы ғұлама.

Әлем жаулаушысының қабырын ашып, мүрдесін мүлік құрлы көрмеу, онымен қоймай сүйегін алып кету, айтыңызшы, қай жүрек жұтқанның қолынан келіпті?! Тарих – таразбан, Өмір – шындық, тағдыр – талқы. Кезеңімен, кезегімен келіп жатқан бұл дүние адамзат баласын қай сынаққа салып, қай сұраққа мелдетпеді дейсіз… Солай болды да. Болып та келе жатыр. Бұл орайда Әмір Темір жалғыз емес екен. Адамзат шежіресінің бар болғаны бір парағы аударылып түсем дегенше, тағы бір Дию-дүлей дүние есігін бұза кіріп тақ үстіне талтайды. Тақтың тайғақ, Тәңірдің айғақ екенін сол неме сол сәтте сезіне алды ма екен? Жоқ, мүмкін емес. Өйткені «Жердегі патша көктегі Алланың көлеңкесі» деп көпсітіп жіберген мына өзіміз. Бейдауа пендешіліктің бейшаралық бір башараты осы. Бұған дауа кем. Сатып алған ауруға ем жүрмейді. Сол тақсірет пен қасіретті әлі күнге тартып келеміз – «Күштінің арты диірмен тартады»! Адамзат қауымының бақыт-сағадатын қайдам, қайғы-қасіреті, амал қанша, осылардың қолында. «Мен өзімнің сүйікті пендемнің басына Қиямет-қайымды орнатпаймын, оны өздері жасамаса…» дейді Алла тағала. Иә, меймана мейірім Хақтан, ал пиғыл, пейіл пешенелі пенденің өзінен…  

Сонымен, қабыр қазылды, бассүйек басқасымен бірге басқа жаққа алып кетілді. Жүрек жұтқан деп осыны айт. Профессор һәм антрополог Л.В.Ошаниннің айтуына қарағанда, Әмір Темірдің тұтас денесі ірі, сүйекті, тарамысты көрінеді. Бойы 170-ке жетеқабыл. Бас сүйегі тұтас денесінен ерекшелеу, яғни үлкен де аумақты. Рентгенолог әрі профессор Н.А.Богораздың зерттеуінше, Жаһангердің сүйегінде жарақат көп, маңдай мен шекесінде садақ жебесінің іздері жатыр. Оң аяғы мен оң қол сүйегі әжептәуір сынық. Ал М.М.Герасимовтың еншісінде – бас сүйек. Қиын да күрделі жұмыс. Қауіпті де қатерлі қадам. Өйткені осы еңбек арқылы ұлы да рухты адамның шынға жақын, ақиқаттан алыс емес тұрқы мен тұрпаты бізге және бізден кейінгілерге көрініс беріп жатуы тиіс!

«Ұлы да рухты» дегенімізге әлдебіреулер шүйлігуі мүмкін. Өзі білсін. Бірақ айдалаға оқ атып жүрген біз жоқ. Бірақ Шындық деген бір ел бар. Ақиқат әлемі де көк пен жердің арасындай ғана емес. Діттеген дүниеңе, дәндеген дәрісіңе, іздеген іліміңе дәніккен сайын дәргүмән да дәргайы хал кешетін сәттерің аз болмайды. Бір ғана мысал. Әлгі ғалымдар Темір қабырын аршу алдында мүрде қалыбы алтынмен апталмаса да болат не мыспен күптелген болар деп ойлаған. Алайда олай болмай шықты – бар болғаны ағаштан ғана жасалған табыт екен. Археолог М.Е.Массон былай дейді: «1925 жылғы зерттеу барысында Әмір Темір мүрдесінің қаптаулы сыртқы қабатында парамагниттік өріс бар екенін байқадық…». Шындығына жүгінсек, бұл тиянақты, тыңғылықты зерттеу емес. Зерттеуші ғалымдардың өзін айран-асыр қалдырған құпияның қыр-сыры кейін, біраз жылды араға салып барып ашылды…

Бүгінгі ғылым-білімнің өре-өрісі мен деңгей-дәрежесі, әрине, кешегідей емес. Адам болмысы және оның басқа жаратылыс иелерінен өзгешелігі мен ерекшелігі күн санап, жыл санап ашылып та айқындалып келе жатқаны рас. Әрине, бұл зерделі зерттеулердің нәтижесі. Неге адамдардың дүниетанымы әрқилы? Неге біреу данышпан да, біреу ғұлама? Неге біреу аруақты да, біреу рухты? Неге біреу ақын да, біреу батыр?.. Сөйтсек, бәрі де Алла  Тағаланың адамзат бойына дарытқан әрқалай сыр-сипаттағы қадыр-қасиетіне байланысты екен. Күдік-күмәнсіз бұл шындыққа мойын ұсынудың өзі адамгершілік ілкі қасиет.

Ал Темірде аталмыш қасиеттердің дені болған. Соның ішіндегі ең елеулісі – айрықша магиялық күш-қуат! Бейқысап биоэнергиялық өріс. Там-тұм болса да биоэнергиялық өріс бәрімізде де бар, бірақ әркімде әрқалай. Ал Әмір Темірде… Әлгі атынан ат үркетін ғалымдардың түп-тамырды баса алмай, басса да аша алмай айран-асыр күй кешу себебі, міне, осыдан.

Менің қолымда «Проклятие Тимура», «Золотое наследие Самарканда» және «Түркістан» деп аталатын деректі бейнебаяндар бар. Әмір Темірмен толайым «ауырған» кездерден бергі іздеген, тапқан құнды дүниелер. Алғашқысына көпшілік назарын аударғым келіп отыр. «Темірдің қарғысы» деп қазақшалауға да болар еді, бірақ біз қозғап отырған тақырып аясына бұл тар-марлау. Сонда да болса ішіне үңіліп көрелік. Өзбек халқының айтулы деректі киногерлерінің бірі Малик Каюмов соғыстың қиян-кескі шешуші кезеңі – Сталинград майданының да, Әмір Темір қабырханасын ашу сәтінің де тікелей куәгері болған адам. 2003 жылы түсірілген бұл фильмде «Гур-Эмир» көрханасын аршу, әміршінің қаңқасын өзге жәшікке салу әрекеті әрі үрей, әрі асқан ұқыптылық аясында дәлме-дәл көрсетілген. Жауапкершілігі түсінікті. Бұл – анау-мынау емес, Сталиннің тікелей тапсырмасы. Неге үрейлі? Бұл – жат әрі жабайы іске кірісу алдында сол маңайдың аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдары жалынып та, жазғырып та қарсылық білдірген іс. Ақсақалдар мұның түбі жақсылыққа апармайтынын да алға салған. Мұсылманшылықты былай қойғанда, адами салт-сана тұрғысында арулап, айғақтап жер қойнына салған мәйітті қайта аршып алу, айтыңызшы, қай ұғым-танымға сай келіпті? Айтары жоқ, болар іс болды: бұған тарих куә, ел куә. Үрейдің қорқынышқа айналуының тағы бір себебі: қабыр аузын ашар мезетте күтпеген жерден көгілдір түсті тосын бір толқын леп қатысушылардың беті-жүзін шарпып өткендей болған! Бұл не сонда? «Атамзаманғы қабыр қаңқсынан шыға келген қайдағы толқын, қайдағы леп… иіс-қоңыс болмаса?..» дейсіз ғой сіз дүдәмал дүмшелікті алға тартып?.. Сәл аялдай тұрыңыз.

…1941 жылдың 22 маусымы. Екінші дүнижүзілік соғыстың  басталған күні. Анау-мынау емес, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК соғыс! Бас-аяғы 50 миллионнан аса адамды жалмаған ақырзаманға бергісіз алапат қырғын… Астамсыған әсіре-эгоның ең сорақы да тұрпайы түрі. Жоғарыда айтқанымыздай, Ақырзаманның адам қолынан жасаған жантүршігерлік жабайы да хайуандық бір ноқай нұсқасы. Грибоедов айтқан «Ақылдың азабы» емес, керісінше, «Ақылдың азғындауы» десек жарасар мұны. Бір жыл емес, екі жыл емес… Адамзат пешенесінің маңдайына шыжғырып тұрып басқан таңбалы тағдыр дерсің!.. Соғыстың ырғын ортасы. Әйгілі Сталинград майданы. Итырғылжың сәттегі итжығыс… Жоқ, күрес емес, күретамырдың үзілер сәті бұл!!! Адамзаттық алапаттың апогейі!.. Кезінде «Мальтус теориясы» деген кітапты да оқығанбыз. «Адамзат қауымы өсіп-өніп жатқанда азғындау, тозғындау, ақыр аяғында соғыс болмай тұрмайды…» – дейді онда. Коммунистік идеология «жағыңа жылан жұмыртқалағыр!» деп ол сәуегейлікті сәтінде құртқан, жыртқан, құрдымға жіберген…

Енді Малик Каюмовқа қайта оралайық. Қан майданның қара албастысын түсінде емес, өңінде көріп жүрген көсем ойлы жас жауынгер басын оққа  тіге жүріп Жуковқа жолығудың оңтайлы сәтін тапты. Тапты да нанымды, кесімді түрде Темір табытын қайта орнына қою керектігін Сталинге өз аузымен айтуды жылап тұрып өтінді. Және мұны жедел жүзеге асырмаса болмайтынын да ұғынықты ұқтырды. Өйткені таразы басының қай жаққа ауытқыр мезеті бір Алланың ғана дәргейінде еді. Ал Алла дәргейі о бастан жауыздыққа жат, ноқолай іске намақұл… Солай болды да. Айы сөнуге айналып, жұлдызы жылап тұрған Мәскеу түнінің бір уағында айрықша ұшақ қала үстін бір айналып Самарқанға келіп қонды. Арғысы баршаңызға белгілі…

                                                 х х х

…Әр жылдың Наурызында, нақтырақ айтсақ, 21-22-сі күні аралығында Құранды жатқа білетін қадірменді Қари түн ұйқысын төрт бөліп қалғымай-мүлгімей таң атқанша көз алмай отырады. Әрине, құр қарап отырмайды: қолындағы кескір кездікпен тәбәрік тасты шұқып отырады. Күн мен Түннің аралығында, яғни, қас қағым сәттің жүзден, мыңнан бір бөлігінде әлгі тас майдай еріп, балдай балқуы тиіс! Самарқанның көктасы. Әлдекім не әлдене емес, Әмір Темірдің басындағы Көктас!.. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір