ҚҰБЫЛА ҚУЫС
«Қазақ әдебиеті» газетінің тұрақты авторы, белгілі этнограф ғалым Тәттігүл Қартаева қазақ даласындағы тарихи орындар, ескі қорғандар, көне құдықтар туралы сүбелі дүниелер жазды. Бүгін Ұлы даладағы михрабтар тарихынан сыр шертпек.
Михраб /мағүріп – араб тілінен аударғанда «қуыс», ойықша», «ғибадатхана» деген мағына береді, қазақы ортада «құбыла қуыс» деп танылған. Михраб мешіттің ажырамас бөліктерінің бірі, ғибадатқа келген жамағатқа құбыланың бағытын көрсетіп тұратын орын. Михраб маңдайша, оны ұстап тұратын екі жақтық ұстыннан және олардың арасын жалғайтын қуыс, ойық кеңістіктен тұрады. Михрабтың қайсы үлгісі болса да жоғары бөлігі күмбезденіп немесе арка іспетті доғалданып бітеді. Исламдық сәулет өнерінде михраб салудың осы үлгісі сан ғасырдан бері қолданылып келеді.
Қазақ даласында қолданыста болған михрабтың шығыс елдері михрабтарынан ерекшелігі жергілікті материалды қолданып салуы мен ою-өрнегінде. Шығыстық михрабтарда өсімдік типтес ою-өрнектер безендірілсе, дала мешіттерінде зооморфты өрнектер басым болды. Доңызтаудағы Тасқабақта Жұмағали ишан (1860-1906) шикі кірпіштен салдырған мешіттің михрабының ерекшелігі ішкі ойығының төбесі тұйықталып, кесектен қырынан қалау арқылы шығарылған. Михрабтың бұл түрінде исламдық дәстүр мен қазақтың дәстүрлі құрылыс өнерінің мәнері астасып жатыр.

Доңызтау. Тасқабақ. Жұмағазы ишан мешітінің михрабы.
Халық арасында Жақсы Ақсай, Жаман Ақсай атауымен белгілі байырғы көктеу, күздеулік қоныс орындары Доңызтаудың Солтүстік Үстіртке көтерілетін шатқалдарында орналасқан. Халық арасында сақталған дерек бойынша Жақсы Ақсай мешіті 19 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Нұржан ишанға тиесілі болған.

Доңызтау. Төменгі (Жақсы Ақсай) мешітінің жалпы көрінісі.

Доңызтау. Төменгі (Жақсы Ақсай) мешіті михрабының сақталған бөлігі.
Жаман Ақсай мешітінің құрылысы күрделі, михрабы екі бөлменің қосылатын тұсына келіп, ойығы ішіне кірген адам еркін сыйып отыратындай терең жасалған.


Доңызтау. Жоғарғы (Жаман Ақсай) мешітінің жалпы көрінісі.
Доңызтау, Солтүстік Үстірт үстіндегі тастан тұрғызылған Изенағаш мешіті михрабының түбі ішіне қарай тереңдеп, жоғарғы жағы тарыла отырып күмбезденуі исламдық сәулет өнерінің ерекше далалық стилін айғақтайды.

Доңызтау. Изенағаш мешіті.

Изенағаш мешіті михрабы.
Көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен ауыл мешіттерінің барлығы далалық медресе, мектептің қызметін қоса атқарған. Қазіргі таңда жойылу қаупін кешіп, ен далада мен мұндалап қалған бұл мешіт-медреселердің күмбездері құлап, ортасына түссе де, михрабтары жақсы сақталып, далалық өркениетінің сырын ашып тұрғандай. Имам саптың алдында тұрып, осы михрабты бетке ұстап жамағат намазына жетекшілік етеді. Имам-молдалар осы михрабтың алдында отырып, «еті сенікі, сүйегі менікі» деп берген оқушыларына сауат аштырды. Олардың «дала мұғалімі» ретіндегі ролі қазақ қоғамы үшін қашанда биік болды. Арнайы салынған мешіт медреселер қазақтың барлық ауылында бірдей бола бермеген. Көшпелі ауылдарда молдалар бірге көшіп, молданың үйі мешіт мектептің ролін атқарды. Қыстауда молда отырған тоқал там, қоржын тамның қабырғасынан құран кітап қоятын ойық жасалап, ол әрі михрабтың ролін атқарды. Жайлауда молданың киіз үйі немесе арнайы тігілген киіз үй мектеп мешіттің қызметін атқарған ауылдар жиі кездесті.
Қазақ үшін қағаз қашан да сауда-саттықпен келген дүние ғой. Қалалық жәрмеңкелерден алыс ауылдарда қағаз тапшы болса, түйе мен жылқының жауырын сүйектерін қолдарына ұстап жазу тақтасы етті. Таспен қышқа қашап жазып, жерге сызып жазып та сауат ашу, білім алуды мақсат тұтты.

Жауырын тақта.
Михраб бейітке де салынды. Бейіттегі қызметі де бір. Зиярат етіп келушілерге құбыла бағытын көрсетіп тұру үшін арнайы ойық жасалған.
Михраб бейнесінің жайнамазға түсірілуі ертеден келе жатқан шығыстық, исламдық дәстүр саналады.
Тәттігүл Қартаева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф
ПІКІРЛЕР7