«Мен екі карантин көргем»
24.04.2020
1092
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің онлайн төрінде бүгін белгілі актер, Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық жасөспірімдер театры директорының орынбасары Ұлан Нүсіпәлі.

 «Қазақ әдебиеті»: Карантин кезіндегі дәстүрлі сұрақ, уақытыңыз қалай өтіп жатыр?

Ұлан Нүсіпәлі: Мен карантинге осымен екінші рет тап болдым. Алғаш әскерге барғанда жолыққам. Екі апта карантинде болдық, бұл бәленің атын сол кезде естіп, көрдім. Ол мүлде бөлек екен, мынау тіпті басқаша. Сонымен араға отыз жыл салып, қайтадан карантинде жатырмын. Бірақ, жатырмын десем де, отырмын десем де артық болар. Біз театрдың штабындамыз, министрліктің тапсырмалары бар, өзіміздің күнделікті жұмыстар бар, соларды үйлестіреміз, алдағы күндерге жоспар жасап, оны талқылаймыз. Әртістеріміз жатпай-тұрмай онлайн форматта кездесулерін өткізіп жатыр. Қысқасы, театрдың рухани тыныс-тіршілігі тоқтаған жоқ. Күні бойы отырмасақ та қолдан келгенше елге қызмет етудеміз. Жұмысқа барып-келуге, қаланың ішінде жүріп-тұруға рұқсат етілген. Ондай кезде маска киіп, сақтық шараларын ұстанып, қоғамдық тәртіпке бағынамыз.

Ал, үйде күн мен түнді ауыстырып алдық. Таңғы намазға тұрам, содан түске таяу таңғы асқа, екінті ауа түскі асқа, түннің бір уақында кешкі асқа отырамыз. Жер үйдің бір жақсысы, қамалып қалмай аулаға шығамыз. Тіршілік біте ме, гүлдерді, ағаштарды суғарамыз, жаңа өскіндерді баптаймыз, түптерін қопсытып, ағаштарды әктеп, жүзімдерді дұрыстап байлап, қурағанын кесіп, көбіне сыртта жүрем. Жаңғақ ағашы бар еді, сол үлкейіп, үйге жақындап кетті. Басқа ағаштар көмірқышқылын жұтып, оттегін шығарса, бұл керсінше, оттегін жұтады да көмірқышқылын шығарады. Соның зияны тие ме дедім де, кесіп тастадым. Енді соны шөлкелеп, бұтап, текшелеп жинап жатырмын. Ошаққа, самауырға таптырмайтын отын. Базарға бармай-ақ, көршіден қызанақ, қияр, баклажан, бұрыш, асқабақтың ұрығын алғам, соларды егіп тастадым. Көкпек тауын білесің, сол жақтан тау жуасын әкеліп отырғызғам, құлпынай екеуі тұтасып, көбейіп қалыпты, соларды көшірдім. Таудың баласы болған соң ба, көбіне қарақат, қырым самырсыны, шыршалар тігіп тастағам. Өзіме жұмыс жетеді. Үйге кірсем, домбыра шертем, баяғы ескі қағаздарды, архивімді ақтарып, соларды саралаймын.

Атың өшкір індет тезірек бітіп, ет жақындарымызбен аман-есен қауышайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір