Айбек Ережеп. 19-20 (микропоэма)
21.04.2020
1609
9

«Covid-19» індетінің әлемге таралуы жаһандық сананы жаратылыс жөнінде ойлануға мәжбүрлеуде. Ресейде індет хақында өлеңдер антологиясы жарық көрсе, Еуропаның заманауи қаламгерлері әр тұстан қалам сілтеп жүргенін байқауға болады. Назарларыңызға ақын Айбек Ережептің ғалам дертіне айналған түйткілді мәселеге азаматтық үн қосқан «19-20» атты микропоэмасын ұсынамыз.

Айбек Ережеп

1.
Ғазірейіл таң қала қарады оған,
алып қалсам деді ме одан аман,
желді жұмсап Сүлеймен ол кісіні,
Үндістанға жеткізді сол арадан.
Ажал жетпес көрінген алыс бір ел,
тінтіп, іздеп кезбей-ақ ғарышты кең,
дәптеріне жазулы мекен-жаймен,
жан алушы түсті оның дәл үстінен.

2.
Топ-тобымен жиылып құзғын-қарға,
— келіп едік ертерек сіз мұндарға,
деп жұтынып қарайды,
— аңғал адам,
түсерсің бір тұзақты біздің қолға!
Бәрі армандап сырқаттың тұр өлгенін,
елестетіп жол жарға тірелгенін.
Көзін ойып,
тұмсығын көкке созып,
жемсауына сүңгітіп жібергенін.
Қабыл болып қарғысты бұл арманы,
көп күттірмей басынан күн аунады,
көрдіңдер ме, құзғынның балапаны,
етке тойып сол күні қуанғанын.
Алайда оған тарамай жеп құмары,
дүниеге көз тігіп көп қырағы,
қанаттарын жасырып қара түнге,
жер-әлемді аралап кетті бәрі!

3.
Әлем бүгін сүйінші сөз күтуде,
жарай ме екен жаңалық сергітуге.
өліктердің есімін ғана жазып,
қаламсаптың сиясы тез бітуде.

Кімнің бүгін түйіні шешіледі,
қызыл қалам тоқтамай көсіледі.
жаңа есімді ажалдың жазбасынан,
дәптеріне дәрігер көшіреді.

Бірін таппай жердегі қаймананың,
күн жанарын қадайды, ай жанарын.
сәби жүрек шарасыз, қызғанады,
әткеншекке жел мініп ойнағанын.

Үнсіз әлем, үнсіз шәр көрге тең боп,
ажал барлап келеді әр мекеннен,
есіктердің ішінен құлыпталған,
ашық қалған біреуі бар ма екен деп.

Шырақ ұстап жүргендер адасқаны,
төндіргенде үрей-мұң қара аспанын,
шошып кетті тірілер, көрді дағы,
өлілердің табытқа таласқанын.

Жансыз тәндер бас қосқан мәйітхана,
мәңгілікке болмайды лайық пана.
қоштаспадық қол алып, нәсіліңді, —
арғы бетке кеткендер айыптама.

Бәріне ортақ менде де сол-ақ кінә,
күн батты ма, айырмас таң атты ма,
адамзатқа қастандық қылам ба деп,
өзімді-өзім қамадым абақтыға.

4.
Шолып шығып адамы жоқ қаланы,
ешнәрсеге көңілім тоқтамады.
тек, алаңда қазанға көзім түсті,
қызыл өңеш астында от жанады.
тасып жатыр су қайнап сақырлаған,
қайнаған су ішінде отырды адам.
ақылынан адасқан біреу ме екен,
оған айттым: Бұл неткен батыл қадам!
бұл ісіңде қандай мән, өнеге тұр?
қазаннан түс,
шаруаңды шегере тұр.
жауабынан әлгінің түсінгенім,
өзін-өзі пісіріп жегелі отыр!…

5.
Көрсетпеген жасырып көктемде өңін,
бір күн созар қуаныш көктен қолын.
еркіндігін шектемей балалардың,
ойнағанын көре алу неткен керім!

Айбек ЕРЕЖЕП

ПІКІРЛЕР9
Аноним 21.04.2020 | 22:47

Мағыналы! Сәтті шыққан туынды!
Тек алға, Айеке!✊✊

Аноним 21.04.2020 | 23:01

«сәби жүрек шарасыз, қызғанады,
әткеншекке жел мініп ойнағанын» !!!

Аноним 21.04.2020 | 23:16

Бір тәңір бүкілімізді сақтасын!
Бұл жалғанда …….!

Аноним 22.04.2020 | 01:11

Жазар көбейсін !

Аноним 22.04.2020 | 06:50

Керемет туынды. Жазар көбейсін.

Аноним 24.04.2020 | 15:56

Мыкты Айеке!

Аноним 27.04.2020 | 22:43

Керемет шабытың жана берсин Айбек бауырым аман бол нағыз ақын .

Аноним 28.04.2020 | 21:12

Айбек, бір жарқ жұрқ идея бас көтереді…

Концовкасы-баланың өзі ойнамағаны, желдің ойнағаны иә?…

Аноним 07.07.2020 | 07:44

тереңнен қазылған қазба байлық секілді,мәнді,мағыналы керемет!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір