ЖЫРЫНЫҢ ЖАНАРЫ БАР ЖАҚҰТТАЙЫН
20.04.2020
1646
1

(ақын Мақпал Мысаның поэзиясы жайлы)

Тағы да алдым қолыма сиқырлы кітапты. Тағы да  ынтықтырған, ынтызар қылған сұлу әлемнің есігін аштым. Айқара ашқан сайын сол бір сұлулығы жанды рахаттандыратын, рухани шөл қандыратын нұрлы әлемнің ғажабы арта түсті. Қолымдағы жыр жинағы емес, сазды қобдиша дерсіз. Саз әуені төгілген, өрнегі аппақ арайдан өрілген, мыңның ішінен дара  көрінген бұл әлемнің аты – ақын Мақпал Мысаның поэзиялық кеңістігі.

Иә, Мақпалды сүйем, кіршіксіз ақ маржанмен әдіптелген жырын сүйем. Ақынның биіктен өзгеше тіл қататын азаматтық үнін сүйем. Алуан түрлі бояумен мың құбылған бейнелі тілін сүйем. Ендігі сөздің мәйегі – Алты Алаштың аяулы ақын қызы Мақпал Мысаның әдеби әлемінің ерекшеліктері жайында болмақ.

Біріншіден, Мақпал есімі – өткен мен бүгінді сәтті сабақтастырып тұрған қасиет. Бұлай деуімнің басты себебі: Мақпал ұлт тарихының тұңғиығын қанып ішіп, бабалар үнін бүгінгі қазаққа мейлінше жеткізе білген бірегей ақын. Қазіргі қазақтың рухын көтеруге қажеттіні дөп басқан ару ақын жырларының күнге шағылысқан ақ найзадай асқақ келетіні де содан. Өзімен үзеңгілес ақындардан қара үзіп, дара шауып, кең көлемді «Шоған абыз» атты тарихи поэма жазуы – осы қасиетінің айқын көрінісі. Өнегелі өткенсіз күлім қаққан келешектің аулы алыс екенін бек аңдаған ұлтжанды ақынның таңдай қақтырар бір қыры – осы.

Ақынның жеке үнін, азаматтық ұстанымын дүйім жұртқа жеткізуші күш –оның тілі. Осы тұста Ғабит Мүсіреповтің «Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз» деген даналық сөзі ойға  оралады. Бұл ғажап ұлағат Мақпал тіліне қатысты да айтылғандай әсер қалдырады. Мақпалдың жырларында қарабайыр кісіні ақынжанды тұлғаға айналдырар құдірет бар. Оның тілі ұлттық бояумен бедерленген, өзіндік тың табиғатта түрленген. Ұлт поэзиясына Мақпал тың тіркестермен, соны суреттермен келді. Ешкімді қайталаған жоқ, сол себептен де қалың оқырмандарымен тез қауышты.  Кестелі тіл ұлттық дүниетаныммен айшықталып тұр. «Бақытының бұрымын өзі өрген» ақын бұлтты шәйі орамалға теңеп, «жырын рухының шырақшысы» деп, ұлттық пәлсапамен тым терең  бағамдайды. «Қазақтың қара өлеңін құдірет тұтқан» Мұқағалидың ізін қуған ақын Мақпалдың және бір қыры – осы.

Ұлттық табиғат пен оюлы текеметтей мың түрленген тілі Мақпалдың әдебиет әлемінде еркін  қалықтауына серпін беріп тұрған қос қанаты тәрізді. Поэзия көгінде қырандай  қалықтауының тағы бір таңғажайып сыры – жырларының жанары бар. Тек Мақпалға ғана тән бұл ерекшелік оның жырларының өміршеңдігіне кепіл болып тұрғандай. Жақұттайын жанары жалт-жұлт еткен жырлар өзгелердің көрмегенін көріп, басқалардың байқамағанын тыңнан таразылай алады. Жанары бар жырдың еш «адаспасы» анық, қалаған нысанасына дөп тиері хақ. Өз поэзиясындағы «жанар» философиясы жайлы ақынның өз өлеңін сөйлетейік. «Қыз бұрымы» өлеңінде ақын былай деп толғайды:
…Жырымның жанса жанары,
Жан-дүниемнің әлемі –
Қыз бұрымындай  салалы,
Қыз бұрымындай әдемі…

   Асыл жырға бақ болып бұйырған бұл жанар «кірпік айқастыруды» бір білмейді. Ақынының өз сөзімен айтқанда,
«…Менің жырым кірпіктерін ілмейтін
Рухымның шырақшысы, жарқыным!»

    Яғни, ақын жырының жанары қалғуды білмейді. Бұл сиқырлы «жыр жанары» өзгенің көзін де көре біледі. Мақпалдың поэзиялық пайымында табиғат пен қоғамдағы әр құбылыстың «көзі» бар. Атап айтқанда, «жарты әлемнің жанары бар» һәм «жанының жасқа толы жанары бар». Жақұтты жанарға ие болғандығы – ақынның ешқашан қайталанбас соны табиғатының текті өрнегі. Аталған үш қасиеттен нәр алған Мақпал жырлары поэзия шыңынан «мен мұндалап» айрықша көрініп тұр.

    …Қолымдағы ақынның «Аспантаудың көктемі» жыр жинағының әр бетінен жақұт жанарлы жырлар құс болып қалықтап ұша жөнелді. Бұл сұңғыла көзі бар өлеңдердің тілі де бар екен. Ендеше, сол жырлардың лебізіне құлақ түрелік.
  «Менің құсым» өлеңі күз бен көктем мезгілдерін егіздете суреттеуден басталып, махаббат жайына ойысады.

«…Мен – шағала, шалқыған айдыны бар,
Сен – аппақ құс, қалқыған көгінде өлең…»
  «Сүйем, күйем» деген жылтыр сөз еш араласпаған махаббат әнінің ең биік нотасында қанат қаққан Мақпалдың әдеби құсы шырқау көкте қалықтап жүр. Қонар жері шың екені белгілі.

   Ал, қарағаймен сырласқан ақын қызды көргеніңіз бар ма? Туған табиғатымен етене жақын Мақпал қарағайға да мөлдір сыр төге біледі. «Қайнарбұлақ басындағы қарағай» өлеңінде  махаббат лирикасы мен табиғат лирикасы өте нәзік астасқан. Ақынның «нұрлы мұңы» бағзы біреулер зарлай толғайтындай оқырманын белгісіз шыңырауға сүйрелейтін күйрек мұң емес. Бұл – жүрекке нәзік тебіреніс сыйлайтын жібек мұң. Әрі ұлттық нақыштағы теңеулер мен тіркестер өлеңдегі түнгі көріністі аса айшықтап жіберген. Мақпалдың бейнелеуінде «Шолпанның шолпысы», «жұлдыздардың сырғалары» сыңғырлап тұр. Айдың жалғыздығына өзінің жалғыздығын үндестірген ақын қыздың «қарашығы қара өлеңге толып тұр». Қарағайға тіл қатқан ақын қыздың өршіл рухы, сонымен қатар мақпалдай ескен қоңыр мұңы оқырманның көз алдында сұлу көріністерді тірілтіп, сезім иірімдерін ойнатады. Ақынның өзі айтқан «нұрлы мұңы» «Жалғыз тамшы» өлеңінде де терең сипатталған. Ғашықтық халін Мақпал тым нәзік береді. Ақынның ғашығына деген сағынышы «күннің арайынан алқа таққан». Бір ауыз бейнелі сөзбен махаббат күшін жеткізе білген талант құдіретіне не дерсіз?!Жігіт үшін сүйген қызы «көңілінің көктемі», ал аруға ғашығы «жанардағы жалғыз тамшы» болумен тәмамдалған махаббат хикаясы мұңды-ақ. Өлеңнің бүкіл болмысынан нағыз қазақ қызының ынтық күйі бек аңғарылады. Махаббаты жалғыз тамшы болып жанарында үйіріліп қалған лирикалық кейіпкер  періште күйде елес береді.

«Тойланбаса, тойланбасын, нетейін,
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін» – деп аһ ұрған Мұқағали жыры көпшілікке аян. Ал ақындардың, жалпы өнер адамдарының «тірліктен той күтуі» – өзгеше, пәлсапасы терең, бірақ заңды құбылыс. Көзі тірісінде әдебиеттен ойып тұрып орын алғанын көруді қай ақын қаламасын?! Төлеген Айбергенов «Бір тойым бар» өлеңінде өзі тұрғызған поэзия қамалының іргесі берік боларын болжаған:

«…Кім білсін, талай күнгі арманым ед,
Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның»

    Төлеген ақынның «тойы мәңгілік тарқамағаны» бүгінгі ұрпаққа мәлім. Дәл осы «той күту» пәлсапасы хақындағы «Жалғыз желкен» өлеңімен Мақпал аға буынмен поэзия әлемінде сапарлас екенін анық көрсетті.
«…Менің күткен тірліктен бір тойымның –
Көтерілген бұл желкен байрағы ма?!»

   «Көк теңіздің бетіне ағараңдап жиі-жиі шығатын» Мақпалдың жыр желкенінің байрағы мәңгілікке көтерілгеніне сенімім кәміл. «Мақпал тойының» базары бір тарқамасы, ажары еш қашпасы сөзсіз.

    «Жырларымның көзінен арай  көрдім» деп Мақпал өзі жырлағандай, оның поэзиясында қара өлеңнің киесі бар, әр сөзінде ұлттық бояудың иісі бар. Қазақ деген текті сөздің иесі барда Мақпалдың жанарлы жырларының мәңгілік ғұмыр көшімен сырғи берері ақиқат.

Айзат РАҚЫШ

   

 

 

 

 

     

        

   

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.04.2020 | 18:48

❤❤❤🌹🌹🌹🇰🇿🇰🇿🇰🇿

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір