Мәдина Омарова. Мистикалық әңгімелер
18.04.2020
5115
5

Жазушы, драматург Мәдина Омарованың әңгімелері сиқырлы сазымен, нәзік иірімдерімен, ойлылығымен, мәтіннің ішкі әуезділігімен өзгеше. Біз бүгін әр жылдары жазылған бір топ мистикалық әңгімелерін ұсынып отырмыз. Басылым беттерінен көп көріне бермейтін қаламгердің бұл әңгімелері оқырманды ойлы мұңға, сырлы әлемге жетелейді.

Патша қызының өлімі

(ертегі)

Бір үлкен патшаның баласы болмапты. Патшайым екеуінің арманы перзент сүю екен. Ғаламат зор елге билігін жүргізіп отырған адамның ақылы да көл-көсір болатыны белгілі. Патша бұл жағдайға бола іштей уайымдағанмен, ел-жұртына сыр білдірмей, қашанда кішіпейіл, мейірімді қалпынан жаңылмайды екен.

Бірақ Патшайым заты әйел болғаннан кейін осалдық танытып, Құдайға жалбарынып, күні-түні бала сұрай береді екен.

Ақыры бір күні патша түс көреді. түсіне ақ сақалды әулие кіріп, аян береді. «Балам, — дейді шал Патшаға, — жұбайың екеуің бір перзентке зар едіңдер, бұл кемдік Құдайдың сендерге жіберген сынағы еді. Сен шыдамдылық танытқанмен, Патшайым күні-түні жалбарынып, перзент сұрап жылап жүр. Сондықтан періштелер аумин деп, Алланың рақымшылығы түсіп, сендер қызды болатын болдыңдар. Бірақ сынақтың аты сынақ, оны ешкім жоя алмайды, дүниеге келетін Қыздың бойына ауыр сырқат бітеді. Сол дерттен тіпті межелі уақытынан бұрын қайтыс болып кетуі де мүмкін. Сондықтан абай болыңдар, балалар, дертін дендетіп алмаңдар». Таңертең оянған Патша: «Апырым-ай, бұл не деген таңғажайып түс еді» деп таң қалады. Патшайымға айтып, екеуі бір қуанады, бір мұңаяды.  Дегенмен, басқа салғанды көрмек болып бел шешеді.

Расымен де сол сәттен тоғыз ай, тоғыз күн өткенде, Патшайым дүниеге қол-аяғы балғадай, періштедей сүйкімді нәрестені алып келеді. Қыз баланың тәбеті өте жақсы, ешбір сырқат белгілері білінбейді. Оны көрген Патша мен Патшайымның, Патшалықтағы бүкіл халықтың қуаныштарында шек жоқ. Себебі ел-жұрты Патшаны және оның отбасын өте жақсы көретін. Себебі Патша әділ және халықтың қамын ойлайтын мейірімді, жомарт жан еді.

Осындай бақытты шаттықта күн артынан күн, жыл артынан жыл өтіп жатты. Патшаның қызы да өсіп, балдырғаннан бүлдіршінге, артынан жеткіншекке айналды. Және ай десе аузы, күн десе көзі бар мінсіз сұлу болып өсті.

Патша кейде қызына мейірлене көз тастап отырып баяғыда көрген түсін есіне алатын. Кемеңгер Билеуші ол түстің жай нәрсе емес екенін білетін, бірақ қызының бойынан тырнақтай ақау таба алмай дал болатын. Қыдыр әулие айтқан қандай дерт ол? Міне, қызының жасы биыл он үшке шығады. Дені-қарны сау, жайқалып өсіп келеді…

Қанша кемеңгер, дана болса да, патша бір нәрсені байқай алмаған еді. Ол қызының бойынан тек тән дертін іздейтін, денсаулығына ғана алаңдайтын,  қызының маңына емші-балгерлерді жинап, тамырын ұстатып, бойындағы бар өзгерісті үнемі қадағалап отыратын. Бірақ ол бір нәрсені көңілден де, көзден де қағыс қалдырған еді. Ол қағыс қалған нәрсе — қызының жан-дүниесі болатын. Патша қызы ерекше қызғаншақ, көрсеқызар болып өсті. Бірақ дүние мен ішім-жемнен таршылық жоқ патша отбасында оның бұл мінезі тіпті байқалмады десе де болады. Себебі ол қалаған  көйлегіне, асыл әшекей мүлігіне сол сәтте иелік ететін. Содан кейін ол өзінен төмен сатыдағы күтушілерін, малайларын, сарай маңындағы дәрігерлер мен қызметшілерін жаны бар, өзі тәрізді адам деп қабылдамайтын. Олардан тітіркене жиреніп, барынша аз қарым-қатынас құруға тырысатын. Бақытсыздыққа қарай, бұл мінезі де ешкімге оғаш көрінбеді. Себебі ол Патша қызы емес пе? Әу бастан жаратылысы бөлек, санаты биік. Тырнақтай болып іріп басталған дімкәстік ұлғая келе бәрібір сыртқа атылады. Бұнда да солай болды.

Бір күні Патша сарайында жантүршіктірер бір оқиға орын алды. Патшаның қызына ән үйрететін кемпір бірде сабаққа алтын білезік тағып келді. Әлдебір көз көріп, ел естімеген асыл тастармен тұтас безендірілген қызылды-жасылды алтын білезік патша қызына сондай қатты ұнаған. Білезіктен шынымен жан-жағына нұр тарап, айналаны ерекше сәулелендіреді екен. «Мұғалима, білезігіңіз неткен әдемі еді, тағып көруге бола ма» деп сұрайды Патша қызы кемпірден. Ән өнерінің шебері, Ұлы ұстаз кейуана ойында ешнәрсе жоқ, білезігін шешіп, Патша қызына ұстатты. Патша қызы білезікті тағып көріп, әрі-бері айналдырып, әбден қызығады. Басында қызыққанымды байқаса, өзі сыйлай салар деп дәмеленген еді, бірақ кемпір білезіктің шешесінен қалған жалғыз көз екенін және оның сиқырлы екенін, егер басқа жанның иелігіне өтсе, оған бақытсыздық әкелетінін айтып түсіндіреді. Кемпірдің білезікті бермейтінін ұққан Қыз шыңғырып жібереді, жүрегіне әлем-тапырық улы КЕК толып, жер тепкілейді. Тұрған жерінде көкпеңбек болып талып қалады. Сабақ бөлмесіне келген күзетшілерге кемпірдің өзін өлтірмек болғанын айтады.

Бұл уақиғаны естіген халық жағасын ұстап, аһ ұрады. Патша мен Патшайым қапыда келген қастықтан аман қалған Қыздарын құшақтап, Құдайға мың да бір тәуба айтады.

Және сол күні-ақ кеш батпай, Ән сабағының шебері, Ұлы ұстаздың басы шабылады… Ал Алтын білезікті Патшаның қызы иеленіп шыға келеді…

…Осы оқиғадан соң көп ұзамай Патша қызының әлдебір белгісіз дерттен көз жұмғанын әңгімелеп жату артық болар… Көрсеқызарлығы мен менмендігі кішкентай арудың түбіне жетіп тынды.

Патша мен Патшайым көп жылады, ақыры күндердің бір күні өз-өздеріне келіп, тағдырдың ауыр сынағына төзімділік танытты. Елдеріне әрі қарай адал қызмет етті.

Дегенмен олар Ару Қыздарының қандай дерттен құрбан болғанын ақыры түсіне алмады…

                                                             ҚАРИЯ

Үлкен қаладағы сәулетті сарайлардың тасасындағы ескі үйде қалтылдап әрең қозғалатын, аппақ жұқа шашы желкесін жапқан қария тұрады. Оның жалғыз сары ала мысығы болатын. Жұмсақ жүнінің мыж-мыжы шығып қашан көрсең де ұйықтап жататын жалқау, семіз мысық. Мияулағанын немесе әлдебір шалт қимыл жасағанын ешкім көрген емес. Еріншек. Олар елеусіз, ескі үйлерінде екеуден-екеу ұзақ тұрды. Таңертең қолына баянын алып кететін қарт түс ауа нан, сүт, кейде тіпті қаймақ алып оралады. Ал, бір күні күтпеген жерден Қария үйге әлдекімді алып келді.

– Міне, мынау біздің үй, сен де еңді осыңда тұрасың. Қорықпа, қорықпа.

Таң қалған Мысық екі көзін бірдей ашып құлақтарын тікірейтіп алды.

– Міне, мынау Мысық.

Түкке түсінбей қарияға қараған ол оның қолындағы кішкентай жап-жасыл тотықұсты енді байқады. Жан-жағына мұқият зер салып қарап алған құс кенет шиқ ете қалған. Содан соң тағы бір рет, содан соң тағы. Өзі әбден сөзшең екен. Нәзік, бейкүнә үнмен үздіксіз шиқылдайды. Әлденеге қайран қалады. Әлденені жақтырмайды. Ұрсады, күледі ішек-сілесі қатып. Әйтеуір күн демей, түн демей сөйлей береді, сөйлей береді…

 Мысық алдымен бұл қай мазағың дегендей Қарияға ұзақ қараған. Оның қалбалақтап біресе жем, біресе су қойып әбігерге түскен кейпін көрген соң мойнын терезеге бұрды. Содан кейін басын бауырына тығып көзін жұмған. «Білгенін істесін». Ал Қария бақытты еді. Түсінен шықпайтын құс бұл. Сөйлейді! Қарияны басқан ізінен қалмай ұшып иығына, төбесіне қонады. Бақытты еді қария.

Осылайша біршама уақыт өтті. Бір күні әдеттегідей түс ауа сүт, нан, жем алып келген Қарияны Үнсіздік қарсы алды. Жүрегі аузына тығылған.

– Тотықұс?! Тотықұс, қайдасың? Мышым, Тотықұс қайда?

Мысық басын да көтерген жоқ.

Ас үй, жуынатын бөлме, дәретхана… Еш жерде жоқ. Кенет қарияның көзі бұрышта шашылып жатқан жасыл қауырсындарға түсті.

– Мысық?

Қалтыраған денесіне ие бола алмаған Қария жерге отыра кеткен.

– Оның не, Мышым? Неге?

Әжім басқан жүзіндегі салаларды қуалап жас ақты көзінен.

– Мышым, оның не?! Оның не? – дей берді қайта-қайта.

Содан соң кенет орнынан тұрды да қатайған дауыспен:

– Сенімен бірге енді тұра алмаймын Шық, үйден! Бар! – деді.

Мысық еппен көтеріліп төсектен секіріп түскен.

– Кет!

Ол ашық жатқан есіктен шыға жөнелді. Артына бұрылған жоқ.

 Осылайша Қария ескі де елеусіз үйде мүлде жалғыз қалды.

                                ЖАРТАС БАСЫНДА

Теңіз жағасында самал еседі. Алып судың мәңгі серігі тұтқын самал. Кейде ерегісіп дауыл көтереді. Ал әдетте бүгінгідей момақан, елеусіз. Осы самал мекенінде долы толқынға кеудесін ұрғызған алып жартас тұратын. Оның үстінде уақыт пен ылғал жеп жапырайған жалғыз лашық бар. Есік-терезесіз, шатыры ортасына түскен төрт қабырға. Осы жерге кеш бата салысымен еркек пен әйел келіп, қараңғы түскенше күбірлесіп сөйлеседі, ары-бері жүріп сабылысады, ал кейде теңіз жаққа телміреді.

– Бүгін де көрінбейді.

– Күн батып бара жатыр.

Әйел лашықтың ішіне үңілді. Үңірейген суық ызғарға қолқа қабар нәжіс иісі араласқан.

– Мынаны қара.

Шашқа қыстыратын темір көбелек. Әйел алақанына салып үрлеп топырақтан тазалады.

– Қандай әдемі. Кім жоғалтты екен. Қарашы.

Иығына төгілген ауыр қара шашына қона қалған көбелек ұша жөнелердей қомданады.

– Әдемі ме?

– Иә.

Еркектің зейіні көкжиекте. Ара-тұра қалың қастары көмкерген қабағының астымен лашық үйге ұзақ көз тастайды.

– Есіңде ме, терезенің тұсында кішкентайдың бесігі тұратын.

– Иә. Ол түні бойы жылайтын. Тым мазасыз еді.

– Ал сен ұйқысыраған дауыспен түні бойы әлдилеп шығатынсың.

Әйел жымиды.

– Ал мұнда үстел болатын.

– Иә…

Еркек жанарын қайтадан теңізге аударды.

– Содан кейін мен сені күте бастадым.

Ол енді әйелдің бетіне қарады.

– Алдымен кішкентай түнде жылағанын қойды, содан соң балалармен балықшы болып ойнайтынды шығарды, содан соң ержетіп, балықшы болды.  Сен сияқты…

– Және мен сияқты бір дауылды күні ол да теңізге кетті.

Әйел қырынан отырған оған тесіліп қарады да:

– Сенің артыңнан… – деді.

      – Содан кейін сен де…

– Иә, содан кейін мен де… Теңізге кеттім…

Әйел жүзін көкжиекке бұрып әкетті.

   – Әлде ол тірі ме екен?  

   – Мүмкін емес, – деді еркек, – мен білемін. Ол жол үстінде. Келе жатыр.

     – Бұл жақта да күн күтумен өтеді екен…

Сол кезде еркек әйелді иығынан құшақтап, бауырына басады.

Осы қос елес жартас басына ымырт үйіріле бастағанда күнде келеді.

СУРЕТШІ

Ғұмырын өнерге арнаған суретшінің әр сәті қимылдан тұратын. Ол тоқтаған емес. Кеудесі салқын әуенге толы, ал жүрегін жалын орап жатыр. Ессіз саусақтары шапшаң қимылдап, бояудан ертегі құрайды. Мұңға оранған сұлу күздің ақтық демі, түн құпиясын шашқан шегіртке шырылы, алыстан шақырған әтеш, күн құрғатып үлгермеген балаң шық – бәрі суретші меншігі, суретші әлемі…

Бірде кеудесін кернеген тәтті қайғыдан қажыған ол ұйықтап кеткен. Түс көрді. Аптап дала, құм. Шексіз белестер. Тыныштық. Өзін-өзі жұтып, үнсіз ыңыранған өлі тыныштық. Мұнда еш нәрсе жоқ еді. Айналасына есі кете жалтақтап, тобығынан құм кешіп келе жатқан суретші төбесінен өткен ыстықтан басының айналғанын сезді. Құрғақ тілі аузына сыймай сыртқа шықты. Тыр жалаңаш әлем аспанмен арбасады. Меңіреу құм патшалығы. Суретші оянған жоқ. Оның ендігі мекені осы болатын.

 КІМ ӨЛДІ ЕКЕН?

 Күн бұзылып келеді. Аспан күңгірттеніп, жерге төне түскен. Ауада ылғал бар. Кенет сырттан аяқ тықыры естілді. Әлдекімдердің күмбірлеген дауыстары шықты. Молда Құран оқып жатыр ма? Шынымен менің жаныма біреу келмек пе? Мен демімді ішіме тартып тың тындадым. Бірен-саран адам жүрісінен басталған дыбыс бірте-бірте ұлғайып, қалың дүмпілге айналды. Біреу дауыс салып жылайтындай. Қанша зейін қойып тыңдасам да, тани алмадым, бөтен үн, бөтен кісілер. Қанша заман өтті? Қанша буын ауысты? Білмеймін.

Сыртта күз болатын. Жерге ызғар араласа бастаған. Бірақ маған бәрібір. Мен тек бұл тобырдың кімді қоюға келгенін білгім келеді. Кім өлді екен?

 СҰЛУЛЫҚ

 Ол әдемі болатын. Ол айнаға қарап тұрып, өзінің бұл өмірге келу себебі туралы ойлайтын. Егер Жаратушы бұған осыншама сұлулық берген болса, оның жөн-жосықсыз, мақсатсыз болуы мүмкін бе? Мүмкін емес тәрізді. Бұл қазынаның әлдебір, дәретке отырып, жуынбаса кірлеп, настанып кететін еркекке, мейлі, ол әлемдегі ең көркем, ең ақылды еркек болсын, кәдімгі пенде еркектің несібесіне берілуі мүмкін емес. Ол айнаға қарап осылай ойлайтын. «Мақұл, – дейтін содан кейін, – тіпті солай-ақ болсын. Бірақ, қалай?» Мүмкін емес тәрізді. Ол сондай-ақ өзінің, осы мінсіз, сұлу денесінің ажалды екендігін білетін. Сондықтан барынша абайлап жүруге тырысатын. Көшеден өткенде, көлікке мінгенде, жаны мұрнының ұшына келетін. Ешқашан, еш жерде түнге қалып көрген емес. Ол адамдардың түрлі хайуандыққа баратынын, аяусыз екендігін білетін. Ол осылайша ұзақ өмір сүрді. Әдемі қартайды. Содан кейін күндердің бір күнінде әдемі өлді. Оның табиғат шебердің қолынан шыққан мүлтіксіз денесіне сызат түскен жоқ.

ЖҰМБАҚ

(пародия)

 Ол телефон соққан кезде мен төсекте телевизор көріп жатқанмын. Түнгі он екілер шамасы болар, бәлкім.

– Сәлем, – деді ол. Дауысы әдеттегіден жай шықты. Тіпті ауырып қалған адамның дауысы тәрізді сәл өзгеріңкіреп шықты. Әлде дұрыс сөйлеуге бар күшін жұмсайтын мас адамдардікі сияқты ма екен? Әйтеуір біртүрлі.

– Сәлем. Жайшылық па? 

– Иә, жай.

Сөзсіз ішіп алған деп ойладым. Удай мас.

– Қай жерде, нені тойлап отырсыңдар?

– Біз… Біз бүгін жол апатына ұшырадық қой. 

– Иә?

Жүрегім су ете қалды.

– Бізің кім?

– Берік, Бақыт, үшеуміз. Трассада. Қатты жүріп… машина аударылып… Машина жолдан көп шығып кетіп… Жақын маңда ешкім жоқ. Ешкім көрген жоқ.

– Айналайын, дұрыстап рет-ретімен айтшы. Енді қазір қайдан звондап тұрсың? 

– Сол жерден. Біреулерді шақыра салшы дейін деп…

– Жақсы. Қай жерде тұрсыңдар?

– Қаладан шыққаннан кейінгі көпірдің маңайы.

– Жақсы, қазір звондаймын. Барлығың амансыңдар ма, әйтеуір?

– Жоқ, жоқ, аман емеспіз.

– Не болды?

– Бәріміз аман емеспіз.

Ол телефон тұтқасын қоя салды. Ал мен жалма-жан орнымнан тұрып, жедел жәрдемге, Құтқару қызметіне телефон шалдым. Содан кейін такси ұстап, өзім де жеттім. Барлығына көп болса бір сағат уақыт кеткен шығар. Олардың үшеуі де қайтыс болып кетіпті. Барлығының өлген уақыты — бүгін таңертең!!!

 КҮЗГІ БІР КЕШТЕ

Күн жауатын сияқты болып тұр. Аспан сұстанып алған. Былтыр сынған қолым қақсай бастады. Жағымсыз күй. Жағымсыздығы соншама құсқың келеді. Таза ауа жұтқым келген. Үстіме жемпірімді жамылып аулаға шықтым. Кішкентай әлдилерін бесікке салып, Нәзира мен Мәрияш отыр екен. Қастарына жақындадым.

– Темекі тартсам ренжімейсіңдер ме?

–Тарта бер, — деді Мәрияш, — бәрібір машинаның түтінін жұтып жатырмыз ғой!

Мен қалтамнан темекі алып тұтатып, түтінін әрі қарай үрледім. Біздің аулада бала көп. У-шу. Азан-қазан. Егер ұзақ отырып, сырттарынан бақсаң, езу тартқызар, тіпті ішек-сілеңді қатырар жайттарға куә боласың. Ал кейде көзіңмен көріп, санаңа жеткен нәрселерден төбе шашың тік тұрады.

– Бүгін Жанна келді ме?

– Жоқ, көрінбеді, – деді Мәрияш, – Кейінгі кездері сол қыздан кәдімгідей қорқатын болдым. Келе жатса, дірілдеп, қол-аяғым суий бастайды.  

– Қойшы, бес жасар бала емес пе.

– Жарайды, біз үйге кірейік, – деп Нәзира орнына тұрды.

– Иә, жақсы, – дедім оған жауырынынан тесіліп. Ол менен күйеуін қызғанатын. Алпамысадай жігіттің сұлтаны бұл секілді көтеремнің тұзағына қалай іліккен? Құпия.

– Титімтайы титімдай ғой. Кеше Асқат екеуі бұталардың арасына кіріп кеткен. Тіпті жоқ болып кеткеннен кейін акырын арттарынан барсам, құшақтасып жатыр. Не істерімді білмей қалдым.

– Жатқаны қалай?

– Кәдімгідей жерде жатыр. Құшақтасып. Біздің бала – сәби ғой. Жанна тура жерге басып алыпты. Иіскеп қояды.

– Содан кейін не істедің?  

– Астарыңнан суық өтеді деп тұрғызып алдым.

Мәрияштың жүзі боп-боз. Менің де есім шығып кетті.

– Енді не істемексің?

– Жаннаның ата-әжесімен сөйлесу керек болды.

– Әке-шешесі жоқ па ол қыздың?

– Шешесі бар. Бірақ өзін ата-әжесі бағып отыр ғой.

– Қызық, – дедім мен, – қызық. Ары-бері жүріп қайтпаймыз ба?

– Жоқ, Асқатты қарап отырмын.

Ол әудем жердегі құмның ортасына жайғасып, үй тұрғызып отырған ұлын меңзеді. Топ-томпақ, еріндерін шүйіріп, өз-өзімен сөйлесіп қояды. Алаңсыз. Орнымнан тұрдым. Жаңбыр жауатын сияқты. Үйдің алдындағы саябақты айналып көшеге шықтым. Аттап басқан сайын жазғы кафе. Толған адам. Мен бір бөлмелі үйде жалғыз тұрамын. Үлкен қалада, миллионнан астам халық тұратын қалада жалғыз болған қандай үрейлі, адамға адам пана бола алмайтын болып тұр ғой сонда.

 Аулаға қайта оралғанымда ешкім калмапты. Жаңбыр себелей бастаған. Тезірек үйге жетуге асықтым. Мысықтың жүрек айнытар нәжісі қолқа қабатын подъезге кіргенімде, көлеңке боп карайған сұлбаны байқап, селк ете түстім.

– Жанна, сен бе?  

Өзім де білмеймін қалай айтқанымды. «Қайдағы Жанна, мисыз» деп ойлап та үлгермедім:

— Мен, – деген жіңішке нәзік дауыс шықты. Қасынан өтіп бара жатып:

– Жайша тұрсың ба? Әжең іздеп жатқан шығар, – дедім түк болмағандай. Өзім әлденеден жанұшыра үрейленіп барамын.

Оны бір-екі рет сыртынан көргенім болмаса, тілдескен емеспіз. Бес жасар баламен не жайында сөйлесесің? Бес жасар балаға қалайша мән бересің? Мәрияштың жаңағы әңгімесі болмаса…

– Іздемейді. Олар қонаққа кеткен.

– Енді үйіңе бара бермейсің бе?

– Кілтімді жоғалтып алдым. Сіздікіне отыра тұрсам  бола ма?

– Мейлің. Жүр.

Тағы да қалай ауызымнан шығып кеткенін білмеймін. Ерік-жігерсіз, жіпке тартылған қуыршақ секілдімін.

Ол елес сияқты жеңіл, дыбыссыз артымнан ерді.

– Су болған жоқсың ба? Далада жаңбыр жауып жатыр ғой.

– Жоқ. 

– Ал мен малмандаймын. Қазір шай ішеміз.

Шай қойып, сүлгімен шашымды сүрте бастадым. Бұрыштағы креслоға жайғасқан Жанна үнсіз.

Алдына барып тізерлеп отырдым да, қолдарын қолыма алдым. Жәудіреп сұраулы кейіппен қадала қалған жанарын тез тайдырып әкетті. Бір өрім қылып жинап қойған шашынан сипап, бұрымынан ұстадым. Жуан бұрым. Ал өзі тым арық. Арықтығы сонша жанының қалай үзіліп кетпей тұрғанына таң қаласың. Денесінің жанында бұрымы шымыр, мығым көрінеді.

– Шыныңды айтшы, не істеп жүрсің?

Басы тіпті төмен түсіп кетті. Құп-қу жүзіне қан жүгірген. Аздан кейін жылай бастайтынын түсіндім. Мейлі, жыласын. 

– Мен Асқатты сүйемін, –деді ол кенет. Содан кейін көзінен жас аға бастады.

– Балапан-ау, ол бес жасар әлди емес пе. Ал сенің жасың нешеде?

– Алтыда.

Дауысы әрең шықты.

– Кішкентайсыңдар ғой.

– Мен оны өзіммен алып кеткім келеді…

– Қайда? Оның мамасы, папасы бар емес пе. Сен алып кетсең, ол жылайды ғой…

– Иә, бірақ…

Шайдың қайнағанын естіп орнымнан тұрдым.

– Жүр, шай ішеміз. Қазір мен киімімді ауыстырып алайын.
Шкафтан құрғақ киімдерімді алып, тез киіне бастадым. Әрбір қимылымды бағып отырған оның көзқарасын сезсем де, мән бермегенсідім.

– Сені ата-әжең іздейді ғой.

– Іздемейді. Олар қонақта.

Екеуіміз ас үйде шам жақпай отырғанбыз. Беті ғана ағараңдайды. Шарап ішесің бе дегім келіп, өз-өзімді әрең тежедім.

– Конфет неге жемейсің?

– Маған болмайды.

– Онда нан мен май же.

Ол басын шайқады.

– Мен Асхатқа хат жаздым.

– Иә, білемін. Мамасы айтқан…

– Сіз оның мамасымен доссыз ба?

– Дос емеспін, бірақ сөйлесіп тұрамыз.

– Ол кісі мен туралы не айтады?

– Білмеймін. Екеуі әлі кішкентай ғой, өскеннен кейін жүргендері жақсы болар еді дейді.

Ол күрсінді.

– Үйлеріңде телефон бар ма? Сағат он болып қалды. Ата-әжең іздейді.

– Иә, – деді ол. – Мен қайтайын.

– Жүр, сені шығарып салайын.

Ол басын шайқады.

– Өзім…

Мен бой берген жоқпын. Екеуіміз сыртқа шықтық. Оның үйі көшенің арғы бетінде екен. Ап-арық, сүйріктей саусақтары менің қолымды сәл қысыңқырап ұстайды. Титімтай тіршілік иесі. Қолын қыстым. Бірақ ол жауап берген жоқ. Сұлық келе жатыр.

– Қай подъезд?

Ол ортаңғысын нұсқады.

– Өзім барамын.

– Жүр, кіргізіп жіберейін.

– Керек емес, тәте.

Дауысының жалынышты шыққаны сонша қолын шалт босатып жібердім. Ол қараңғы үйге сып беріп кіріп кеткен. Оны қайтып кездестірген емеспін.

 Бұл үйде ешқандай Жанна есімді қыздың тұрмайтынын кейін білдім. Жанна есімді кішкентай қыздың өмірде мүлде жоқ екенін білдім содан кейін.

Үлкен қаланың қай жерін мекен етуде ол қазір? Әлі Асқатты жақсы көре ме? Неге келді, қайда кетті? Жалғыздықты серік еткен кіп-кішкентай елес қыз.

 

ПІКІРЛЕР5
Аноним 18.04.2020 | 17:50

Мадина, жарайсыз👏🏼👏🏼👏🏼. Сізді «Ана жүрегі» мен «Коньяк қосылған кофе» кітаптарынан кейін жақсы көріп қалғам. Ерекшесіз. Әңгімелеріңізде бір тылсым бар. Қорқытады. Бірақ сезіндіреді. Көп нәрсені. «Патша қызының өлімі» ойландырды. Мұндағы 2-3әңгімеңізді ғана оқымағам

Аноним 18.04.2020 | 17:53

Сізбен сұхбаттасқым келеді. Шығармаларыңыз ұнайды, бірақ сіздің қандай адам екеніңіз қызық. Дегенмен менің анаммен жастысыз ғой…

Аноним 22.04.2020 | 18:05

Мәдинаның шығармашылығын құрметтеймін. Қазір драма жазып жүргеніңізді білеміз, Қаламыңыз бен қанатыңыз талмасын!

Аноним 25.04.2020 | 17:10

Керемет 👍👍🙏🙏
Мистикалык жанрды онша кабылдай алмасамда , жаныма жакын

Аноним 28.08.2020 | 00:16

Мына әңгімелерде балаңдық бар. Өсу керек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір