Қуандық Түменбай. Коронавирус  көріністері
16.04.2020
1074
4

Асыққан  екеу: мұғалім  мен   дәрігердің  қадірі

     Мұғалімнің  біздегі  жағдайы  белгілі.  Кешке  дейін  аяқтан  сарсылып  сабақ  береді,  сынып  жетекшілігі  тағы  бар,  сайлауда  үгіт  жүргізу  секілді  қоғамдық  жұмыстар  да  шаш- етектен.  Өзара  қырқысу  қоңыр күзде  басталады.  1- қыркүйекте  сағат  бөліскенде  алға  ұмтылған  жаяу  әскердей  ентелеп-едіреңдегендер   көрініс  тапса,  бұл — нан,  мұғалімнің  отбасына  алып  барар  қара  наны.  Сонан  кейін  өзі  болмашы  жалақыға  ауыз  салар  қоғамдық  құрылыстың  сұрамсақ  талабына  да  бағынасың.  Оның  бетін  қайтара  алмайсыз,  қарапайым  мұғалім  бәріне  көнеді.  Мәселен,  ЭКСПО  кезінде  әр  мұғалім  6 мың  теңгеден  12 мың  теңгеге  екі билеттен  сатып  алды.  Алмаса  жұмыстан  шеттетіледі.  Бір  ғажабы,  бұл  жағдай  көбіне  қазақ  мектептерінде  орын  алыпты, орыс  мектептері  бұйрыққа  бас шұлғымай  оқыранып тұрып  алыпты.  Жылап-еңіреп,  мектеп  директорына жұдырық  ала жүгірген  жесір  мұғалімді  де  білеміз   (біздегі  мұғалімдердің  үштен  екісі — әйелдер).  Екі  билет алып, «Шиеттей  бала-шағаммен  бара  алмаймын,  сіз барыңыз,  әйтпесе  ойнасыңызға  берерсіз» деп,  қолхат  жазып,  оқу  ісінің  меңгерушісінің  үстеліне  тастап  кеткен  ашынған   мұғалімді  де  естідік.  Бұл – бұлтартпас  фактілер.  Ал,  осы   қарапайым  кәсіп  иелерінің  бір күнде қадірі  артып  шыға  келді.  Коронавирус  кезінде  қашықтан  оқыту  әдіске  айналғанда мұғалім  еңбегінің  қияметіне  тәк  тұрғандаймыз.  Компьютерге  үңіліп,  үйіне  тығылған  бала- болашақты  уақыттан  кем  қалдырмай білім  беруге  тырысқан  қоғамдағы  ең  жалақысы  аз жалаң  мамандық  иелерінің  иығына  салмақ  түсті.  Теледидар  мен  әлеуметтік  желіні  ашып  қалсаң  көретінің – қашықтан  оқытудың  азабы  мен  жақыннан  оқығанның  өзінде  сабаққа  құлқы  жоқтардың  солақай  әрекеті.  Компьютермен  баға  қою,  компьютермен  тәрбиелеу.  Бетпе-бет  келгенде  Пушкиннің  туған-өлген   жылын  қалта  телефонының  цифрларымен   шатыстырып  жүрген  орыс  мектебіндегі  шәкірт қашықтан  оқытқанда  қандай  жауап  берер екен?  «Ассалаумағалейкум!»  десе,  «Хэллоу»  деген  балаға  не  дерсің.  Бұған  да  мұғалім  күйіп-піседі.  Компьютер  болса,  баға  күтіп  тұр.

    Жапонияда  бірнеше рет  болдым.  Қонақ  боп  келген  жап-жас  жігітке  үлкен-кіші  орындарынан  тұрып,  екі  рет  иіліп  сәлем  берді. «Құдаларың  ба?»  десем,  «Мұғалім  ғой»  дейді.  Мұғалім  мен  дәрігерге   бір  емес,  екі  рет  иілу – олар  үшін   дәстүрлі  құрмет екен.  Біздің  мұғалімдер  жалақыға  да,  сәлемге  де  зәру.

    Вирус  дәрігерлерді  де  аямады.  Олар  сыйақы  дәметкені  былай  тұрсын,  өз  еркімен  жұмыстан  кетіп  жатыр.  Бұл  да  жүректің  арғы  бетіндегі  өкпеден  туған  өкпек  жел,  адамды тұрмыс  билеген  әрекет.

    Аудандық  аурухананың  бір  оташысы  қарт  кісінің  соқыр  ішегін  сылып  тастапты.  Қария  өзіне-өзі  келгесін  әлгі  дәрігерді  таныс  арқылы   үйіне  қонаққа  шақырып  былай депті: «Сенің  нәшәндік  мілитса  мен  сот  секілді  аузың  майлы  емес,  адам  сойып,  күн  көріп  жүрген  бір  тәуір  жігіт  екенсің,  мынау  бергенім» деп,  мәшине  жүк  салғышына  семіз  тоқтыны  салса, «Көке,  күніне  төрт-бес  адам  соямын,  бірақ  мал  соя   алмаймын» деп  тоқтыны  тастап  кетіпті.  «Әбден  адам  сойып  кірпияз  боп қалған  нәлеті  екен  де,  әйтпесе  ет  деген  ұшып  тұр,  ет  түгілі,  нанның  өзі  екі  есе  қымбаттады» деп,  шал  ренжіп  қалыпты.  Шынында,  дәрігер  де  бір  жалақыға  жәутеңдеген  жалаңаяқтың  өзі,  мұғалімнен  артық  жері  жоқ.  Сыйақы  дегеніміз  олар  үшін  түсінде  көрер  ирелеңдеген  айқыш-ұйқыш  сызық.  Біздің  қоғамдағы  ең  көзге  ілінбес қара  жаяу – осы  екі  мамандық  иелері.   Ел  басына  күн  туған  шақта  осы  адамдар  алға  шықты.  Соғыста  да  солай.  Майдандық  оташылар  күніне  40-50  ота  жасайды  екен.  Мемлекеттің  уығын  тіреп  тұрған  бұлар  ешқашан  аянбайды,  бірақ  біз  оларды  қолында  билігі  жоқ  адамдар  деп  көзге  ілмейміз.  «Ұстазым,  менің,  ұстазым»  деп  ән  шырқаймыз,  «Ақ  желеңді  абзал  жан»  деп  айдар  тағамыз,  қызыл  тіл  шырайын   шығарғанмен   қайнаған  өмірде  олар  еңбегіне  сай  жалақы  алмаған  ең  төменгі  эшалондағы  елеусіз  адамдар.       Қолдары  таза,  қоңдары  төмен.  Әйтпесе  анау  оташы  жігіт  жүк  салғышқа  салып  тұрған  семіз  тоқтыны  тастап  кетпес  еді.  Таза  қолды  таң  атпай  спіртпен  жуатындар  да  солар.  Індет  тұсында  амалсыз  қолғап  киген  басқа  қолдардан  бір  әлемтапырық  иіс мүңкіп  тұрды,  оның  аржағында  індетке  дейінгі  бір  бәле  жатыр.  Алып  үйренген  қолдар  кілегей  қолғапқа  әрең  сиып,  дір-дір  етеді.  Ертең  індет  біткен  күні  бас  табаққа тағы  да  бас  салмас  па  екен?                 

     Компьютер   жұмыс  істеп  тұр.  Тәуба!  Байырқап  қарасаң,  бұл  індетің  «бардың  малын  шашып,  жоқтың  артын  ашқан»  бір  мейірімсіз  кезең  болды.  Аллатағала   адамға  жігер  берді.  Ең  алдымызда мұғалім   мен дәрігер  жүр.  Індет  біткесін  не  болар  екен?  Екеуінің  қасынан  сәлем  бермей  сыбай-салтаң  өте  шықпасақ…  Коммунистік  құрылыстан басталған  дәстүр  солай.  Уақыт  бәрін  де  бетімізге  басты,  енді  тәуелсіз  құрылыста кімнің  кімге  керектігін   ұмытып  кетпесек  екен.  Қоғамды  ұстап  тұрған  мұғалім  мен  дәрігер  екеніне  көзіміз  жеткен  жоқ  па?  Өз  басым  осы кезде  дәрігер  Чеховты  да,  жазушы  Чеховты  да  керемет  жақсы  көріп  кеттім. «Алтыншы  палатаның»  азабын  тартқандарды  да  көзімізбен көрдік.  Скальпельмен  де,  қаламмен  де  адамдарды  емдеген  Антон  Павловичке  жапондарша  екі  бүгіліп,  тағзым  етеміз.

    …Көшеде  қызыл  жағалы  тұр.  Жұмысына  асыққан  дәрігерге  сәлем-сауқатсыз  кеп: «Азамат,  тоқтаңыз,  қайда  асығып  барасыз,  үйіңізде  тып-тыныш  отырмайсыз  ба?!»,-деді   Бейімбеттің   охран  бастығындай  едіреңдеп.  Құдай  қызыл  жағалыға  билік  бермесін,   37 қайтып  келмесін.

     Ол  дәрігерді  тоқтатып  тұрғанын  білмейді.  Дәрігер  мен  мұғалім  қашан  да  асығып  жүреді.

ПІКІРЛЕР4
Аноним 20.04.2020 | 01:17

Керемет .Қаламыңыздың сиясы кетпесін . Ойлыға ой салар ой .

Аноним 20.04.2020 | 08:44

Өте әсерлі жазылған. Шығармашылық табыс тілеймін.

Аноним 20.04.2020 | 09:23

Апаи оте керемет жазылган екен.Сызге шыгармашылык табыс тылеимын. 👌👍👍👍

Аноним 20.04.2020 | 21:35

Шынында қазақ қоғамының көрінісі дәл осындай. Өзекті мәселе біз үшін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір