Заһар Сұрмерген. Жазғаныңа адвокат болма
15.04.2020
1101
3

Қазіргі жастардың сленгі бойынша бір «жынды хикаят» оқыдым. Шығарманың аты да «Жынды» екен. Жалпы әңгіме де жынданған жас қыз бен бозбала туралы болып шықты. Бұл жерден пәлендей идея немесе өзектілігі ернеуінен асып тұрған ой көре алмадым. Сол сөзімді Әли деген біреу хикаят соңындағы сөйлемімен қостады: «Мен сонау бір жылы қой күтіп тұрған кезде Айгүл тәте жайлы үрейлі әңгімені ойдан шығарып айтып едім…». Бұл жас жазушы Қанат Әбілқайырдың талайды «тамсандырған», бәйгелерден «оза шапқан» туындысы екен.

Көркем әдебиеттің де өз заңдылықтары бар. Әрине, ол қатып қалған қағида емес. Жазушының шеберлігіне байланысты түрленіп отырады. Соның бірі – композиция. Оның да қым-қуыт түрлері жетерлік. Кейбір қаламгерлер алдымен композиция таңдап, сосын сюжетті соған қалыптастыратын көрінеді. Ал енді бірінің композициясы жазу үстінде орнын табады. Қолына қалам ұстаған адамның әдебиет теориясынан хабардар болуы міндетті. Сондықтан оның түр-түсін ажыратып жатқаным артықтау болар.

Мына хикаятта композиция талабының сақталмағаны байқалды. Шығарма үшінші жақты баяндаумен басталады да ең соңында бірінші жаққа оқыс ауысып кетеді. Осы арада оқырман жындылар туралы оқып отырып, өзі де «жынды» болып қалғандай сезінеді. Әли деген қосалқы кейіпкер аяқ-асты осы әңгіменің қожасы болып шыға келді. Үшінші жақты баяндаумен өрбіп отырған шығарманың әр-әр тұсында автордың килігіп кететіні тағы бар.

«Есіне түсіре алмаған елес қыз оның көрпесінің шетін ысырды» дейді. Ысыру деген өзіңнен ары таман итеру ғой. «Үн шығармастан қасына келіп жатты». Ол үн шығаруға тиіс пе еді? Сосын «Нұрлан шыңғырып жіберер еді. Даусы шықпады. Көмейіне қара тасты тығындап, кептеп тастағандай. Беймаза күйде жатып, ұйықтап кеткен секілді еді.». Имитация жасамай, анығын айтса қайтер еді. Өйтпек еді, бүйтпек еді демей. Сосын автор кейіпкер жан-дүниесін ашқан кезде өз атынан сөйлеуі шеберлікке жатпайды. Кейіпкер өзі қиналсын, ал автордың міндеті соны дәлдікпен логикалық талапқа сай шыншыл көрсете алуы нағыз шеберлік болар.

Әңгімеге автор неге киліге береді десем, мүлдем ол емес, килігетін Әли болып шықты. Олай болса, әлқиссадан сөз тізігінін осы Әлидің қолына ұстату керек еді. Әңгімені Әлидің өзі бастап, әңгіме ішінен әңгіме тудырып, ең аяғында сол Әлидің сөзімен қорытындылау керек болатын-ды. Бұны «рамочная композиция» деп атайды.

Хикаятта басты екі кейіпкер бар. Нұрлан мен Айгүл. Ал соның арасында Ғазиз, Нұрәлі аға, оның баласы Қуат және Дидар мен Тұрысбек деген  балалардың аты аталады. Қазіргі кезде баяғы Чеховтың «Қабырғада ілулі тұрған мылтық түбінде бір атылуы тиіс» деген заңдылығы ойнай бермейді» дейді. Ол сол қалпы атылмай қалуы да мүмкін. Ал негізінде шығармада аталған әр детальдің өз рөлі, маңдайына жазылған тағдыры болуы тиіс. Егер ол ортақ идеяға, кейіпкер образын ашуға қызмет етпесе, онда оның қанша қажеті бар? Сілкіп қалсаң, шашылып түсетін қыл-қыбырдың бірі болғаны да. Детальді айтпағанда, адам аттарын тектен-текке атай салу да жауапсыздықтың белгісі. Себебі, олардың кім екенін оқырманның да білуі тиіс. Атын атадың ба, түсін де түстей кет. Демек, олардың жаңағы айтқан ортақ идеяны ашуға қатысы болғаны.  Болмаса, сол ауылдың бір кісісі еді дегендей жұқа бояумен сүйкей салған жөн болар.

Ал басты кейіпкерлерге келетін болсақ, олардың да болмыс-бітімі бұлыңғыр. Нұрлан он бестегі бозбала. Ол елестен шошып «Тайсақтаған жанарына ие болып, тіке қарады». Адам аяғы көк мұзда немесе батпақта тайғақтаушы еді. Ал, адамның көзі өзіне бағынбай тайсақтағаны қызық екен? (Бірақ, өмірде ондай бір кісі бар.) Сосын ер жігітте жанар емес – көз деген болуыш еді, баяғыда… «Елес қыздың көзіне-көзі түйісе қалып еді, шыдатпады.» Бұлар неге сағынады және сүйіп өткендей неге өткен шақта айтылады. «Жаналардың сүйісі» депті. Әңгіме «Жынды» болғанмен оқырман сау ғой. Әркім әрқалай түсінетін шығар. Ары қарай Нұрлан есін жияды. Жаңағы елес енді қорқынышқа айналды. Үстіне мұздай су құйылғандай болып, көрпе астында зәре-құты кетіп жатқан оны тағы нәзік саусақтар сипалай бастайды. Денесіне тиген әр нәрседен дірілдеген байқұс бала оның нәзік саусақ екенін қалай аңғарды екен?

Айгүл – жынданып кетіп, ақыры асылып өлген аруақ. Осы жерде оның неге асылып өлгені беймәлім. Оны сондай қадамға итеріп апарған күшті көре алмадық. Ал жынды болуына   елес түрінде көрінген әжесі себеп сияқты. Қыз бұрын да елес көрді ме екен? Әлде, ақыл-ойына әлденеден салмақ түсіп, алжасты ма? Ондай мотивировканы байқамадық. «Ақ көйлектің» сыры болса, соны да алдын ала суыртпақтап айта кеткен жөн еді. Ол туралы автор тіс жармайды.

«Дәл сол сәттен бастап өмірі өзгеріп сала берді. Содан кейін әкесі мен шешесі қызды қаратпаған бақсы-балгер, тәуіп-құшнаш қалмады. Емшінің бәрі бар бәлені әппақ көйлекке жапты. «Оқытып тастаған» дейді. Соны шешесі тауып алып, қызына кигізген. «Қыз елестен құтыла алмасын сезді» дейді. Егер адам психикасы ауытқитын болса, ол бұрынғыша төңіректі қабылдаудан қалады. Оның өмірі реалға жанаспайтын суретке ие болады. Және жын яки жаман күш иектеген «әруақ» жасампаздыққа емес, жамандыққа жақын тұрар. Осы орайда Нұрланды қорқытып, қылқындыруы иланымды. Мүмкін сол сарында фабуланы өрістету керек пе еді. Ал, автор өзгедей позиция ұстаныпты. Елесті бірде мейірімді, бірде сұмдық еткен. Ол да дұрыс шығар. Тек, мистикаға ден қойған соң, мына пендеуи тірлікке ұқсамайтын, оқырман қиялын табан тимеген көріністермен таныстыру керек еді. Автор қиялы елестің өзін қарабайыр пенделіктен асыра алмады. Елес қуықтай бөлмеден шыға алмайды екен. Шықса бір пәлеге тап болады-мыс. Сонымен елестің қызығушылығы мен деңгейін суреттейтін мына баянға зер салайық: «…Нұрлан мектепке кетісімен, «Тарих ағай» (тарих пәнінің мұғалімі Әленді оқушылар осылай атайтын) бірдеңеден құр қалғандай екі өкпесін қолына алып жетеді осында. Апайдың бұлтарғанына қарамай, түрткілеп ойнаған болады. Апай – он сегіздегі қыз, Тарих ағай жиырма бестегі жігіттей кейіпке енеді. Тарих ағай – мысық, апай – тышқан сияқты. Тарих ағай тығылған болып, апайды бас салады. Құшақтап ернінен сүймек болады. Апай алғашында әйелге тән ұяңдықпен қарсыласады. Бірақ қарсылық ұзаққа созылмайды. Тарих ағайдың дегені болады. Сосын… Қыз одан әрі қарауға шыдамай өзге бөлмеге өтіп кетеді. Тас қабырға қыз үшін бөгет емес. Ар жақтағы дауыс ап-анық естіліп тұрады. Тас қабырға бөгет болмаса, бұның алдында Нұрланның анасымен неге соқтығысып қаламын деп сескенеді. Әйел он сегізге, еркек жиырма бестегі кейіпке еніп, доғарса да болар еді. Жоқ олар ары қарай мысық пен тышқанға айналып кетті. Тарих ағайдың дегені боладысы рас екен. «Апай ернін тістелеп, жылай береді. Сол жыласпен қоса, рахаттанған бір дауыс та үздіге шығады. (Бұны қалай түсінуге болады?)

Елес қыз да өз-өзіне ие бола алмай, өзімен-өзі арпалысады. Өмірінде бір рет, иә, өмірінде бір жігіттің құшағында… Ауыр күрсінді. Әйелге тән қызғаныш сезімі оянғандай. Бір от тұла бойын күйдіріп бара жатыр. Дереу құлағын бітей қойды. Бәрібір естіледі. Өмірінде алғаш рет еркек кіндіктіге, өзіне бес жыл мұғалім болған ұстазына қызыға қарады. Апай түлкі бұлаңға салып жатыр. Тарих ағай бүркіттей шүйлігеді. Жемтігін жәукемдеп жатыр.» 

Әңгіме барысында Нұрланның анасы жарымжан кісі деген ескерту бар. Ал енді ол кісінің қылып жатқан қылапатын қара!? Бұл жерде эротикадан гөрі, ауыр порно басталған сынды. Одан ары жәркемдегеніне қарағанда садомазохизмге ауды. Апайдың «түлкібұлаңға салуын» екі түрлі жоруға болады. Бірі – әңгіме айтып алдаусырату, екіншісі  – еркектің бауырында ләззатты қимыл жасау ма деп топшыладым…  

«Ештеңеден хабары жоқ Нұрлан есіне түсті. Ол алаңсыз сабақта отырған шығар. Осыны ойлап еді, Тарих ағайды да, Нұрланның анасын да жек көріп кетті. Бәрібір. Жек көргенімен, ештеңе өзгермейді. Мына өмір қандай пәк болса, сондай лас екенін аңдады.  Аңдады да, ұзақ жылады.». Рас-ау!.. Бұл өмірді тәрк етіп, қыршын кеткен жас үшін оның қадірі – осы екі ойнассыз да оған мәлім болуы тиіс еді. Ондайлық күйзеліс пен толғаныс ашылмады. Және ақыл-есі ауытқыған адамның психикасы сауларға ұқсамауы тиіс. Ал адамның өлгеннен соңғы келесі өмірі астральдық тәнге ауысады деп жатады… Осындайда психология, астрология, психиатрия деген жарықтықтарға азды кем сүйенген де абзал-ақ.  

Ал қыршын кеткен қыздың аруағын екіқабат қып, бала таптыру нонсенс! Тіпті, діннен алысырақ, мен сияқты «атеистеу» адам үшін де тұрпайы екен!

Бұл хикаяттан байқағаным, орысша айтқанда орынды-орынсыз «жуть нагонять» етуді мақсат еткендей. Алабажақ, логикасыз мозаика. Немесе олақ құрастырылған құрақ көрпе сынды. Оқырманға керегі тосын ой және оны ашатын кейіпкерлердің жан-дүниесі. Ал төңіректегі қосымша рөл атқаратын детальдар да маңызды. Егер Нұрлан мен Айгүлдің ішкі дүниесінің: жетілуі, күресуі, күйреуі туралы баяндайтын психологиялық тебіреністерді көре алғанда; Айгүлдің өмірден өткен соңғы, елес болып – аядай бөлмеден шыға алмай қасірет шегуі, енді оралмас арманды аңсауы басқаша ракурста, пендеуи емес, сиқырға толы болса, ғажап дер ме едік?

«Осылай күндер алға оза берді. Қыз үшін бәрі бұрынғыдай. Тек сабаққа бармайды. Елдер «жынданды» дейді. Жынданған өздері. Туыстары күн аралата жағдай сұрап келіп жатқаны болмаса, дені сау. Киімі бүтін. Көңілі тоқ. Ақыл-есі де орнында. Соңғы үш айда бойындағы көмескі талантының көзі ашылды. Тап-таза бұлақ секілді. Ол бұлақтан күллі адамзат сусындаса да болады.

Шөлі қанады. Өшкені жанып, өлгені тіріледі. Ол талант күннен-күнге шыңдалып жатыр. «Осылай адамды қамап тастап, өнерді өрістетуге болады екен ғой» деп ойлайды.».

Пафосқа толы бұл сөзді кім айтып отыр? Қыздың ойы ма? Егер солай болса, ушыққан сананың қиялы дер едік. Сорақысы алда екен!

«Үш ай уақыттың ішінде қыздың нақышына келтіріп шертетін күйлерінің саны төрт жүз жиырма жетіге жетті. Әжесі жазғызған өлеңдермен үш қалың дәптерді толтырды. Ал әжесінен үйренген әндердің санын есептеген жан жоқ. Үш ай шырқасаң да, тауыса алмайсың. Өзі бұрыннан білетін Қапез бен Шалтабайды былай қойғанда, қазақта әнші мен сал-серіден қисап жоқ екен. Олардың рухтары келіп, қызға бар өнерлерін үйретеді. Әжесі қызықты қиссалар айтады. Кешегі дәстүрлі ән деп жүргендеріміз… Иә, авторлары бар екен. Осының бәрін елге айтқысы келетін болды. Бірақ мына бөлмеден шығуға рұқсат жоқ. Бар білгені мен бар үйренгені осы бөлменің ішінен ұзай алмайды.».

Бұл қыздың тірі кезіндегісі. Елес әжесінің тәлімі. «Не канает ни в борщ, ни в красную армию»! Және қайта оқып отырып байқағаным: Айгүл тірі кезінде-ақ тар бөлмеге қамалған екен ғой. Содан: «Бір күні оңтайлы сәтті пайдаланып, далаға шығып кетті. Өз үйлерінің қоршауларына жапсарластыра малдың тезегін үйіп тастаушы еді. Соның үстіне шықты да, концерт қойды. Мұны тыңдауға келгендердің санын бір ғана Құдай біледі. Айнала елестерге толып кетті. Сол елестердің арасында көршілер де жүр. Қыз азғантай көршілердің өздерінен әлдеқандай рухты елестерді көре алмайтынына өкінді деп бір салады автор. Қызының қылығына ренжіген әкесі оған ұрсып, үйге алып кетеді. Бұнысы үйлесімді. Ақыл-есі ауысқан адамның осылай шалықтап, шалт қимылдар жасауы нанымды. Тек, Қапез бен Шалтабайды былай қойғандағы өнерді бойына сіңіргені күмән тудырады.

Енді кеңістікке қатысты бір суреттемені қаралық: «Ауылдың бас жағында Белтоған атты канал бар. Ал Сүмбе өзені шекараның ішінде. Белтоған каналы сол Сүмбеден бөлініп шығады. Ауылдың оң қапталы – темір қоршау. Тек шекарашылардың рұқсатымен ғана өтуге болады. Ауылдың төмен жағында үлкен қақпа бар. Шекараның ішіне өтетін ауыл адамдары сол қақпадан кіріп, сол қақпадан шығады. Ішке тек құжатпен ғана кіргізеді. Естияр адам болмаса, балалар өз беттерімен ол жаққа бара алмас еді. Ойнайтын жер де тар. Тынысыңды тарылтады. Ауылдың солтүстік-батысы – әйгілі Жабырдың жотасы. Сол жоталар көңілге медет. Амалсыздан балалар Белтоғанды жағалап кететін».

 Бұл, ауызекі әңгіме ме, әлде көркем дүние ме оны оқырман зерделесін.

Шығарма да сирень деген гүлдің аты аталады. Тағы бір қайталанбағанда мүмкін мән де бермес пе едім. Қазағымның қойған өз аттарынан неге жеріді екен деп қапаландым,  Бөртегүл, Жұпаргүл, Мамыргүл, Серігүл деп шұбыртпай-ақ, соның ұнаған бірін ала салса болмады ма? Жайшылықта тіл тазалағын сақтау керек деп қырықпышақ болып жатамыз…

Қанат Әбілхайыр авторлық метфоралардан да құр алақан емес екен. «Қыздың ойына ештеңе кіріп шықпайтын секілді. Жеті атасының үйінде жатқандай пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр.». Қожакең айтпақшы: «Біз тірі кезімізде «Әкесінің үйінде жатқандай» деуші едік!» деп…  

Содан қос қабат қайталанған тағы бір тіркесті ұмыт қалдырғым келмеді. «Нұрлан түстенді», «Айгүл түстенді» деген. Осы орайда мына бір деректі қыстырғанды жөн көрдім: «Түстік – әр адамның түскі тамағы, ол күн сайын бола беретін жай. Ал түстену – қонаққа арналған дастарқан әрі ұлттық салт. Олай болса, түстену қазақ халқының қонақжайлы мінезін көрсетеді.»

Мен де осындай жаймашуақ мінез танытып, талдау-тергеуімді қорлауға апармай доғарсам ба деймін. Айналайын, алтын жастарым! Сендер де кеткен ешқандай есем жоқ! Тіпті, танымаймын да. Менің танығым келетіні таза әдебиет. Жазушылық кәсіпті мақсат еттің бе, қара тереңге баттым дей бер! Әрекідік біреу болмаса, саған ешкім қолын созбайды. Бір ғана ақылым: «жазғаныңа адвокат болма».

Заһар Сұрмерген

        

 

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 28.04.2020 | 20:31

Бәрі дұрыс-ақ. Бірақ, сыншы мырза ТҮСТЕНУді білмегені несі? Әлде, «ӘБЕДТЕНУ» деп жаз дегісі келе ме? «Түстеніп аттанды» деуге болады. Әдеттегідей жол-жөнекей «обед» ішіп кетті деген сөз ғой.

Аноним 07.11.2021 | 17:57

Сүмелек десе сүмелек

Аноним 07.11.2021 | 17:59

жалғыз кәзитті қор қылдыңдар ау иттер ай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір