ҚАҚПАШЫ ФИЛОСОФ КАМЮ
11.04.2020
1532
1

Мен мораль тұрғысында жеткен жетістіктерім үшін футболға қарыздармын

   (с) Альбер Камю

Біз Камю секілді данышпандардың спортпен əуестенуіне үйренбеген адамдармыз. Ол – философияның  қорқынышсыз елестете алмайтын экзистенциализм деп аталатын ағымының жарқын өкілі. Кейіпкерлері («Бөгде», «Оба», «Сизиф жайлы аңыз») бүкіл əлем өздеріне қарсы сияқты сезілетін саяқ, тұйық боп келеді. Жазушы түнек пен мағынасыздықты шебер суреттей білген. Оны өмірде қатты алаңдататыны «қоғамда қалайша адамдықты сақтап қалуға болады?» мəселесі  емес пе еді? Иə, мұндай адамның  футболға деген қызығушылығы барына сену қиын. Оған көне мифтерді оқу мен мола ішінде серуендеу жарасатын сияқты. Алайда, Камю футболды шын мəнінде қатты құрметтеген.

Камюдің балалық шағы жоғалту мен одан туындайтын азапқа толы болды. Ол 1913 жылы сол кезде Францияның құрамында болған Алжирдің Мондови қаласында дүниеге келген. Əкесі вино сақтайтын жертөленің қарауылы, анасы сауатсыз испан… Əкесі бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жаяу əскер құрамында болып,  1914 жылы қаза табады. Анасы отбасын асырау үшін бастапқыда фабрикада, кейіннен тазалықшы боп жұмыс жасайды. Камю солайша апасының қолында өседі. Ол орнатқан тəртіптің қаталдығы сонша, немересі жалқауланса аяғынан қалың қамшымен сабайды екен. Апасы, əсіресе, футболды ұнатпайды. Ойын баласы болғасын есік алдындағы аулада футбол ойнап, үйге үсті-басы үсті-басы кір-қожалақ, аяқ киімі жыртылып оралады. Бұл үшін апасынан оңбай таяқ жейді. Камю осыдан соң «қимыл-əрекет аз болса, киім де біразға шыдайды», – деген  тұжырымға келіп, қақпашыға айналады.

Өзінің «Алғашқы адам» атты аяқталмай қалған автобиографиялық романында ол: «Жактың мектеп алаңқайындағы не футбол алаңындағы өзгелерден оқ бойы озықтығы оның аздаған ұятты тұстарын тез ұмыттырып жіберетін. Футбол алаңында ол өзін патша сезінуші еді. Бірақ патша болу бақытына көп ұзамай апасы тарапынан тыйым салынады, себеп – мектептегі  алаңқай цементтен құйылған, қатты жер болғандықтан аяқ киім табаны тез тозып үлгереді екен. Апасы онымен қоймай, көзге ерсі көрінетін етік сатып әперіп, ұзаққа шыдау үшін шеберге апарып, табанына шеге қақтырып қояды екен.

Мектепті жақсы тəмамдаған Камю лицейге оқуға түсіп, сонда оқып жүргенде екі маңызды нəрсені тындырады: бірі Ницще, Мальро, Пруст пен Достоевскийлерді оқу болса; екіншісі лицейдің футбол құрамасына қабылданады. Мұның өзі аз жетістік емес. Оны көп ұзамай ата-анасы бақуатты балалар құрметтей бастайды, тіпті қабырға газетіне «Қақпашы Камю ғажайып матч өткізді» деген атпен мақалалар шығады. Бұның бəрі Камюды жазуға жəне алғашқы пьесасын қоюға шабыттандырған. Ол Алжир құрамында ойнап жүріп те көптеген жүлделерді қанжығалайды.

Болашақ философ əрі қарай футбол ойнауды осы тұста доғарады. Он сегіз жасында жазушы қан түкіріп, туберкулез ауруханасына түсіп қалады. Онда бірнеше ай жатқан Камюге дəрігерлер ауыр нəрсемен айналыспауға кеңес береді. Ал жазылғасын Камю өмір бойына дəрігерлердің бақылауында болады.

Мұнымен тоқтап қалғысы келмейттін Камю таныстарымен бірге жүгіруді əдетке айналдырғысы келеді, бірақ мұнысынан түк шықпайды. Бірнеше минут жүгіргесін-ақ тынысы тарыла бастайды. Осылайша футбол ойнауды біржолата тастап, жанкүйер болуға көшеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Paris-Sair газетінде редакторлық етіп жүріп, жексенбі сайын өзінің сүйікті командасы париждік «Расингтің» ойындарына барып тұрады (1930 жылдары Францияның фаворит командаларының бірі болған «Расинг» бүгінде Францияның үшінші лигасында ойнап жүр).

1941 жылы Алжирдің Оран қаласына оралған Камю жекеменшік мектепте француз тілінен сабақ береді. Бұл шаруа аздық етіп, сабақ берумен қоса, мектеп командасын футболға баулиды. Біраз уақ өткесін Парижге қайта келгенде стадионға барып, «Расингке» жанкүйерлік етуді жалғастырады. Бірде командасының ойыны бір келеңсіз жағдайға байланысты кейінге шегеріледі. Оған біраз қапаланады, өзі үшін ғана емес өзгелер үшін де… Оның қойын дəптерінде Этьенн Виллаплан есімді кісі жайлы: «Футбол матчтарына тыйым салынғалы Этьен Виллаплан жексенбі сайын не істерін білмей, зерігеді. Жексенбіні біраз бұрын қалай өткізуші еді, енді қалай өткізіп жүр! Көшеде тастан қақпа жасап ап, тас допты тебеді де «бір де нөл!»  – деп  айқай салады. Артынша «нəлет біздің жүріске…» – деп  опынады. Егер балалар доп ойнап жатса, кірісіп кетеді…», – деп жазғаны бар.

1947 жылы Камю «Бөгде», «Сизиф жайлы аңыз» жəне «Обасын» жарыққа шығарып, үлкен даңққа бөленеді… Дəл сол жылы Жан Поль Сартрмен танысып, бірлесіп лекция оқу үшін іс-сапарлатып, əлемді шарлауға кіріседі. Сапар – басқа  елдердің футболын көруге зор мүмкіндік. Оливье Тоддтың «Альбер Камю. Өмір»  атты кітабында 1949 жылы Бразилияға кеп, кураторға ең алдымен футболға апаруын өтінгені жайлы айтылған. Сондай-ақ, Камю жайлы естеліктерінде достары оның көшеде бос бөтелкені теуіп, соңынан қуып, балаша футбол ойнайтынын баяндайды.

1957 жылы Камю əдебиетке қосқан зор үлесі мен адамзат ар-ожданына жасаған қызметі үшін «Нобель»  премиясының иегері атанады. Көп өтпей, «Парк де Пренске»  сұхбат береді. Матч үстінде. Сұхбат барысында стадиондағы жанкүйерлер шулап кетеді. Сөйтсе алаңда гол салынған екен. Камю сонда сұхбат тақырыбынан ауытқып, салынған голға байланысты ойын айта жөнеледі: «Қақпашыны еш кінəлай алмаймыз. Оның орнына сіз тұрып көріңіз, қақпашы болудың қаншалықты қиын екенін түсінесіз…» –   дейді.

Альбер Камю сүйікті ойыны жайлы бірде бір рет шығарма жазбапты. Бірақ оның айтулы шығармаларында футбол жайлы ішінара айтылып қалады:

«Обада»  Рамбер өз кезінде футболшы болған Конмен пікірлесіп қалады: «Конның əлі де футбол ойнап тұратынын білгенде, Рамбер үшін əңгіме өрбіту оңтайлана түседі. Өзі де футбол ойнаған екен… Əңгіме ауаны Франция чемпионатына ауысады. Англияның профессионалды командалары мен «дубль ве»  тактикасы да сөз болды. Таңғы астың аяғына таман Кон ашылатүсіп, Рамберге «сен» деп сөйлеуге көшті. Кез келген командада ең ыңғайлысы жартылай қорғаушы болу екеніне иландырып бақты. «Түсінші мені, алаңдағы футболды жасайтын жартылай қорғаушылар емес пе? Ал футболда маңазды…» Рамбер өзі үнемі шабуылда ойнаса да, айтылған сөзге келісіп, бас изеуге тура келеді».

«Бөгдесінде»  мынадай фрагмент бар: «Сағат бесте трамвайлар қайта қозғалысқа түсті. Қала сыртындағы стадионнан орала бастаған футбол жанкүйерлері футболшыларды қошаметпен қарсы алуға əзір. Келесі трамвай ойыншылардың өздерін əкелді, оларды сөмкесінен таныдым. Жанкүйерлер команданы жігерлендіру үшін тамақтары жыртылып кетердей айқайлауда. Арасындағы біреуінің «Біз-ді-кі-лер! Біз-ді-кі-лер!» — деген айқайына «Жа-рай-сың-дар!»  – деп  үн қосып қоям».

«Өмір мəні неде?» деген сұраққа жауап іздеген «Құлау»  атты повесінен Камюдің футболға деген махаббатын анық аңғаруға болады. Повесть Жан Батист Кламанс есімді эксадвокаттың монологына құрылған. Шығарманың орта шенінде оны былай сөйлетеді: «Жексенбілік матч өтетін жанкүйерлерге лық толы стадион мен сүйікті театрымда ғана өзімді ештеңеге жазықты емес адамдай сезінем…»

Əрине, кейіпкердің бұл ойы авторының өз ойымен бір арнада тоғысады. Автор өмірден өтерінен бір жыл бұрын берген сұхбатында осы ойды сəл өзгертіп, футбол мен театр оның қалыптастырған университеті екендігін айтады.

«Сизиф жайлы аңызында» Камю экзистенциализмнің маңызды концепсиясы – абсурдты дамыта түседі. Ол бақытқа ұмтылған адамның неліктен үнемі кедергіге тап болатынын, мəселен, өзінің жаны қаламайтын істерді жасауға мəжбүр болатынын түсіндіруге тырысты. Дұрысы жағдайларға мойынсұну, одан да дұрысы мақсатқа ұмтылу, мейлі оған қолың жетпейтін болса да, ұмтыла беру керектігін айтты.

Мүмкін Камюдің футболға қызығу себебі, футболдың да абсурдты əрі əділетсіз болғандығында шығар. Ал ішіне үңілгесін ол өзін тоқтата алмады…

ВАДИМ КОРАБЛЕВ

Орыс тілінен аударған: Нұрғазы Нұркен

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.04.2020 | 23:19

Ислам көзімен қарасақ Камюдің шариғаты адами пәлсапа, құлшылығы футбол болғанға ұқсайды. Ал біздің атеис тжазушыларға әулие сияқты көрініп тұр. Ислами құндылықтармен шығармасына қарасақ адамшылыққа пайда беретін түк те жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір