ҚАЛИХАННЫҢ БҰҚТЫРМАСЫ
04.04.2020
1771
0

(Қалихан Ысқақтың «Бұқтырма сарыны» повесіндегі көркемдік-идеялық ізденістер)

Жазушы Қалихан Ысқақ көзі тірі болса, ертең 85 жасқа толар еді. 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында өмірге келген қазақ прозасының қара нары жазушылықты, сыншылықты, драматургия мен аударма саласын тең ұстады. Қаламгердің «Қоңыр күз еді» атты алғашқы хикаяты 28 жасында жарық көрді. Соңына мол мұра қалдырған Қалихан Ысқақтың туындылары орыс, тәжік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, украин, шешен, болгар, чех, словян тілдеріне аударылды. Кино саласында Қалекеңнің сценарийі бойынша «Сарша тамыз», «Ұшы-қиырсыз жол», «Күзет бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты көркем фильмдер экранға шықты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, танымал жазушы Қалихан Ысқақ 2014 жылы 13 тамызда көз жұмды.

Жазушы Қалихан Ысқақ көзі тірі болса, ертең 85 жасқа толар еді. 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында өмірге келген қазақ прозасының қара нары жазушылықты, сыншылықты, драматургия мен аударма саласын тең ұстады. Қаламгердің «Қоңыр күз еді» атты алғашқы хикаяты 28 жасында жарық көрді. Соңына мол мұра қалдырған Қалихан Ысқақтың туындылары орыс, тәжік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, украин, шешен, болгар, чех, словян тілдеріне аударылды. Кино саласында Қалекеңнің сценарийі бойынша «Сарша тамыз», «Ұшы-қиырсыз жол», «Күзет бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты көркем фильмдер экранға шықты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, танымал жазушы Қалихан Ысқақ 2014 жылы 13 тамызда көз жұмды. Қалихан Ысқақ шығармашы­лығы дегенде, әуелі көз алдымызға сұлу ырғақты, көркем сөзбен кестеленген Алтай табиғаты, оны мекен еткен халықтың қилы тарихы келеді. Екінші рет бажайлап, зер салғанда тағдыры өзгеше, дүниеге көзқарасы, өмір салты, ойлары, тұлғасы қайталанбастай етіп дараланған образдар галереясы ашылады.

«Бұқтырма сарыны» атты фило­софия­лық астары қа­лың шығармадағы Жөгер шал образы – қазақ әдебие­тінде аналогы жоқ образдардың бірі. Жазушы шығармасына көптің бірін емес, болмыс-бітімі, ой-өрісі елден бөлектеу, тағдыры қиын жанды таңдап алған. Рас, әу баста Жөгер көптеген жөгерлерден айырмасы жоқ, өз кезеңінің типтік өкілі еді. Ол дүние-мүлік, мал жиып, отбасын асырап күн көрмек болды. Алайда жазушы кейіпкері о баста ғана типтік қасиеттерімен танылса, кейінгі тағдыры, өмір сүру қалпы, ой-пікірі, әлемге көзқарасы арқылы тұлғасын қайталанбастай етіп ерекшелеген. Тарихи кезеңнің, қиын заманның, толқымалы әлеуметтік ортаның, қарапайым еңбекші жанның психологиялық ахуалы қаламгер үшін басты шығармашылық нысанға айналады.

Осынау мінезі де – оқшау, әрекеттері де – біртүрлі Қалихан кейіпкерінің ой қисынын саяси-әлеуметтік өзгерістер контексінде және экзистенциализм философиясы аясында қарастырсақ, түсінуге де болатындай. «…Болмысында күрескерлік рух жоқ жандардың ашық күн, бейбіт шақта да оп-оңай адасатынына, салы суға кетіп аяқ астынан күйреп, күйзелетініне шал образы куә», – дейді Жөгер шал бейнесі туралы С.Әшімбаев өзінің «Ізденіс бағдарын барлағанда» атты мақаласында. Қ.Ысқақ 1968 жылы жазған осы шығармасында жөгерлерге билік құрған жалпы социалистік қоғамдық формацияға қарсылығын ашық көрсететін күрескерлік рух дарыта алмауы бүгінгі күн биігінен түсінікті. Тек емеурін, астармен қоғамда осындай да әрекетшіл адамдар бар екенін мегзеп, шынайы көрсете алған.

Күрескерлік рухтың алғашқы бастамасы қалыптасқан жағдайға, үйреншікті тәртіпке деген қарсылық, наразылық. А.Камю өзінің «Бүлікшіл адам» ұғымын талқылауда оны «жоқ» дегенді айта алатын адам деп түсіндіріп, «күрескерлік рух «теория жүзіндегі теңдік іс-жүзіндегі ғаламат теңсіздіктерді жасырып тұрған қоғамда» өзін еркіндікке жібереді», – дейді. Расымен, Совет одағы құрылған алғашқы жылдары көптеген әлеуметтік әділетсіздіктер, күштеп ұжымдастыру халыққа көп зардабын тартқызғаны тарихтан мәлім. Бұған көндігіп, жаңа құрылымға икемделгендер де бар. Ал Жөгердің бір емес, үш рет бар тірнектеп жиған дүниесінің талан-таражға түсіп, одан айрылып қалуы, сондықтан бір емес, үш рет үдере көшуі, оның үлкен наразылығының белгісі. Жөгер – жаңа қоғамға өкпелі, одан көңілі қалған тип. «Советке деген іштегі мұздай қатқан беріштің алғашқы байланған сәті осы кез. Сол беріш күн өткен сайын ұлғая түспесе, кеміген жоқ», – дейді автор. Оның іші билікке деген қыжыл мен запыранға толы. Құла түзге көшуі – оның қоғамнан жырақтауы. Өз ойындағы барлық әділетсіздіктерге жол берген қоғамды жатсынуы.

Қалихан Ысқақ шығармасындағы жатсынудың төркіні қазақ әдебиетінде 1970-1980 жылдардағы шығармаларда көрініс тапқан жатсынулардан бөлектеу. Егер Оралхан Бөкеев пен Дулат Исабеков шығармаларында адам жанында болып жатқан психологиялық жатсыну жақсы көрініс тапқан болса, Қ.Ысқақ өзінің Жөгер шалы арқылы жатсынудың әлеуметтік, саяси төркініне көз жіберіп, әлеуметтік жатсыну мәселесін алға тартады. Яғни жазушы тұлғаның жан дүниесінде болып жатқан өзгерістердің қоғамдағы әлеуметтік, саяси өзгерістермен байланысы бар екенін тайсалмай бейнелейді.

Реалист жазушының өмір заңдылықтары тұрғысынан бейнелеп отырған әлеуметтік жағдаяттардың соңын алдын-ала болжап қойғаны байқалады. Себебі қантөгіспен, төңкеріспен, зорлықпен орнаған талай тоталитарлық жүйенің ақыры күйреп тынғанына кәрі тарих куә.

Жөгер өзгелер мен өзінің арасындағы қатынастың жібін үзе отырып, өзінің тіршілігі үшін қажет байланыстардан ғана емес, өзінің қоғамдық болмысынан да бас тартуына тура келді. Мұнан күрделі адами қарым-қатынастарда «жеке меншік» үшін астыртын күрес қоғамнан жырақтаудың пәрменді күшіне айналғанын көреміз. Яғни адам характерінің өзгеруі – басқа түскен тарихи жағдаяттың салдары. Бір жағынан, қалауына жете алмайтың, екінші жағынан, қолында барды қанағат етпейтін, көндігуге де мойынсұнбайтын адам драмасы оның бойындағы рухани бастау­лардың өлуіне себепші болғанын көреміз.

Сағат ағамыз айтқан «ашық күн», «бейбіт шақ» дегеннің өзі әркімге әрқалай ұғылатынын көруге болады, жазушы кейіпкері мұның өзіне де күмәнмен қарайды. Себебі Жөгер үшін бүкіл әлем – жау. «Ал Жөгерге салса, анау теңізі де, мынау күре жолы да Құдай Тағаланың тек өзінің басына ғана жіберген қырсығы мен зауалы», – дейді автор. Осы жағынан келгенде шығарманың көркемдік әлемі экзистенциализм философиясымен қабысады. Яғни мына үрейлі әлемнің жаулығы, кейіпкердің тағдыр алдындағы шарасыздығы, оның ғаламдық жалғыздығы, қоғамды, адамдарды жатсынуы секілді экзистенциализм ағымының көптеген модустарын шығармадан көреміз.

Мына жау әлемде жалғыз қалған адамның пешенесіне жазылған оқиғаларды суреттеу арқылы экзистенциалисттер адам тағдырының міндетті түрде орындалатынына, одан қашып кету мүмкін еместігіне сенген. Шығармада тағдыр ұғымына да үлкен мән берілетіні сондықтан. «Қайда қашса да, алдынан Қорқыттың көріндей кес-кестеген қу тағдыры Жөгерді қуалап әкеліп… қамады». Оның ырқына көндігуден басқа амал жоқ. З.Серікқалиевтің «Жөгерді – өз тағдырының құлы» деп атауы орынды шыққан.

Кейіпкер бұл дүниедегі барлық заттарға жатсына, жауыға қарайды. Жөгер­дің ұнататынынан жеккөретіні көп. Жақтыра­тынынан жақтырмайтыны көп.

Трагедиялық пафос – экзистенциализм эстетикасының басты категорияларының бірі екендігі белгілі. Адамның қоғамнан жырақтауы, тұлғаның екіге жарылуы, адамның өзін-өзі жатсынуы, әрине бұл құбылыстар әрқашан трагедияға толы болады. Жөгер трагедиясы – бүкіл әлемді, қоғамды, айналасын жатсынуы ғана емес, өз отбасын да жатсынып, жау көруі. Отбасын жатсынудың салдарынан онда болуы тиіс жақын қарым-қатынастар ыдырап, шаңырағы күйреді. Ол тек саяси жүйеге наразылық танытып, қоғамда қалыптасқан нормаларға ғана қарсы шыққан жоқ, оның қиқарлық философиясы адамгершілік нормаларына да қарсы әрекеттер жасатқызды. «… Ол орнынан атып тұрды да жүкті әйелді тура кіндіктің басынан ыңқита бір тепті. Агафияның «ах» деуге шамасы келмей қалды. Демі таусылып, талма ауруы ұстаған адамдай қол-аяғы дірілдеп, көзі аларып, еденге ұшып түсті».

Жөгердің адамгершіліктен аттап, қателіктер жасауына оның шынайы өмірдің деректерін қабылдағысы келмеуі де себеп. Агафия тек өкімет үшін жұмыс істейін деп кеткен жоқ қой. Ол шалының шаруасына көмек болсын деген ниетпен жұмысқа шыққан. Жөгер Агафияның осы ойын бағалай алған жоқ.

Жалпы, Жөгердің өкіметке деген өкпесі ешнәрсені дұрыс бағамдап шешуге мүмкіндік бермейді. Ұлын соғысқа жіберу, жібермеу мәселесін ойланғанда да: «…мені өкімет, мен өкіметті асырап отырғам жоқ. Өкіметтің мендегі, менің өкіметтегі хақым қанша? Баламды майданға жібермей қойсам, маған не істейді?», «…Советке бола мұның ұлы соғысқа неге барады? Шейіт боп кетсе ше? Сонда ненің құны үшін, кім үшін оққа ұшпақ?» – деп шолақ ойлап, ұлын тайгаға қашырып, жабайы етеді. Ақыры қолдан қашқын жасаған сол ұлының кісі өлтіріп, күнә жасауына да себепші болды. Әрі ойлап, бері ойлап, бәленбай жыл қашқын боламын деп жабайыланып кеткен ұлына «милицияға барып, беріл» деген ой айтады. Осы үшін әкелі-балалы екеуі қанға бөгіп төбелескен. Яғни өкіметке деген наразылықпен істеген әрекеті әрқашан Жөгердің өзіне бас қайғы боп шығып отырды.

Мұнда кейіпкер автор белгілеген симпатиялар мен антипа­тиялардың шекарасынан тыс деуге болады, мұнда жазушының өзі оқырманмен бірге адам жанының күрделі қалтарыс-бұлтарыстарын қойма ақтарғандай бірге ақтарып, жұмбағын бірге шешкісі келетіндей. Тағдырдың жазуымен осындай күйді басынан кешкен Жөгердің жасаған әрекеттерін түсіндіргісі келмейді, керісінше түсінгісі келетіндей, оның жасаған әрекеттеріне түрткі болған, осылай істеуге итермелеген жағдайды ашып, тағдырын алақанға салып көрсетіп, оқырманның өзіне осы жайтты сезінуіне мәжбүр етеді. Автор Жөгерді қоғамдық әділетсіздіктің құрбаны деп пафосты суреттемесе де, осы бір жанның өмірінің бақытсыз өтуіне биліктің де бір ықпалы болғанын астарлап көрсеткен.

Бір қарағанда Жөгер шалдың өмірі мәнсіз өтті. Өз әрекетімен, үкіметке қырсығуымен Жөгер кімге, нені дәлелдеді? Ешкімге, ештеңені де дәлелдей алған жоқ. Ақыры өзі де, отбасы да бақытсыз болып өмірден өтті. Оның зая кеткен ғұмыры – трагедия. Билікпен ашық күреске түспей, өз өмірін құрту арқылы наразылығын танытуы – абсурд. Сыншы З.Серікқалиевтің «Ақ жол кітабында» Жөгер шалды: «Бар ғұмыры ұсақ, күйкі тірліктен аспаған, жер бетінде ізі қалмаған, жыбырлап өскен адамның өткен жолына оқушының қиналысынан гөрі аянышы басым», – деп бағалауы сондықтан.

Өзі қол жеткізе алмаған бостан­дыққа тек барлығы кетіп, аралары да қашып, немересі де кетіп тынған соң, яғни әлеуметтік байланыстардың барлығы үзілгеннен кейін қол жеткіз­гендей болады. «Өзін-өзі ғұмыр бойы азапқа салып, тәмам жұртпен атысып-шабысып, біреуге қан жұтқызып, біреуге қиянат жасап, өткерген тиянақсыз өмір елестері де бүгінде көңілден біржола өшкен. Туғаннан да, туыстан да «күнәһарлығы көп» былайғы дүниеден де безіп шығып, ес білгелі бері аңсаған бас бостандығына енді ғана қолы жеткендей рахатқа батты», – дейді шығарма соңында. Яғни Жөгердің өмірбақи армандаған арманы – қоғамнан, жеке өміріне киліге берген өкіметтен азаттық.

Экзистенциализм эстетикасында мына әлем соншалықты жау болса да, мына әлем трагедияға толы болса да, әдетте авторлық позициядан адам тұлғасы, оның өзіндік пікірі, өзіндік ерекшелігі (самобытийность), бостандығы үшін ашық болмаса да, күрес нышанын көруге болады. Жөгер ашық күресе алмады. Дегенмен бұл да Сизифтің біз үшін зая боп көрінетін, өзі үшін қажет болған өзінің еңбегі секілді, Жөгер үшін де осындай бос жөгершілдік қажет екенін жазушы көрсете алған. Мейлі, индивидуалды бүлікшілдік мақсатына жетпесе де, әлемнің тағдырын шеше алмаса да, осындай кішігірім істер – адам тағдырын құрайтын, әрекетке жетелеп отыратын мотивтер.

Повесть сюжеті контрастілі екі желі бойынша дамытылып, суреттеледі. Бірі – жастықтың жарқын, үмітке толы желісі. Ол немересі Дуня мен Аянның қарым-қатынасы, таныстық-білістік, бірін-бірі ұнату хикаясы болса, екіншісі – Жөгер шалдың, яғни өткенге көз жіберіп отырған кәріліктің өкінішке толы, болбыр желісі. Сюжеттің екі желісі контрастілі болғанымен, жазушы категорияларды, заттарды, құбылыстарды, оқиғаларды тура қарама-қарсы қойып суреттеп мифке айналдырмайды. Жақсылық пен зұлымдықтың арасындағы айқын күрес те жоқ.

Шығарма табиғатын тану үшін ондағы образдар философиясына үңілген жөн. Мұндағы Жөгер мен Аян образдарының философиясы контрастілі болып келеді. Жөгер өткенін тәрк етіп, қоғамнан жерініп, айналасын құрметтемесе, Аян болса – өткенін, тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, адами құндылықтарды рухани байлық ретінде тани алған жан. Оған оның Абай өлеңдерінің тереңіне бойлап, Тәттімбеттің күйлерін тебірене тыңдауы дәлел. Аянның Дуняның ендігі тағдыры үшін өзін жауапты сезініп, оны алып кетуі де оның азаматтық болмысын танытады.

Шығармадағы көркем уақыт өмір шындығын бейнелеудің бір құралы болған. Егер Жөгер шалдың ауыр естеліктерінде уақыт тоқтап қалатын секілді болса, Аян мен Дуня арасында уақыт зырылдап тез өтеді. Уақиғаны баяндау жылдам, ойнақы ырғақпен дамиды. Жастардың арасындағы диалогтан 1965-1970 жылдар арасындағы өмір шындығы сол қалпында көрінеді. Сол кездері сән болған музыка, сол кездері танымал болған әртістер, сол кездегі әйгілі журналдар – барлығы шынайы бейнеленеді. Бірақ ол өмір шындықтары ерекше назарға түспей-ақ, жанамалай, жорта көрсетіледі. Бұл бір жағынан жазушының «көркем шығарма – зерттеу емес, информациядан аулақ болуы керек» деп бір сұхбатында айтқан ұстанымын байқатады.

Повестегі интерьер де тек кейіп­кердің өмірлік ортасын, әлеуметтік жағдайын ғана көрсетіп тұрған жоқ, ол жалпы шығарманың көңіл-күйін байқатады. «Жапан түзде, жарбайған жетім үй», «керексіз қараң қалған ескі жұрттай… шағын шаруа», «бұрыштағы жесір тал», «мешел қара монша», «қуықтай бөлме», «уілдеген пеш», «жалғыз терезе» яғни бар заттық әлем жалғыздық поэтикасына бағынған.

Автор ерлігі – 1968 жылдың өзінде Совет үкіметіне қарсы адамның тағдырын суреттей алуымен ғана емес, шығарма астарынан ұлттық идеяны да көрсете алуы. Ол сюжеттің жалпы даму желісінен, шығарма шешімінен көрінетін – елдік мұрат. Кержақ шалдың ұлы Федордың жер бетінде табытының да қалмауы, әуелі қызы Настя, содан кейін немере қызы Дуняның қашып кетуі, кержақтың осы жерге, яғни қазақ жеріне тамырын жая алмауын, көктеп-көгере алмауын көрсетеді. Себебі оның жалпы табиғаты, діні, ділі осы өлкеге жат. Қарапайым қазақы психологияда: «байлық қолдан таяр – мұз, бала артта қалған – із, дүниенің қызығы – сіз бенен біз». Яғни Жөгердің артынан із қалған жоқ. «Ой да – бір тұңғиық, кешсең өте алмайсың, ұстасаң уысыңда тұрмайды, әйтеуір лыпып аққан ағын су. Өзінің із-тозсыз ғұмырындай» деген жолдар бар шығармада. Шығарма атауын автордың «Бұқтырма сарыны» атауының мәні осыда болар. «Ал Жөгер шалдың тағдырында қандай сарындар (мотивы) басым болды?» деген сұрақ «Жалпы, адам баласын алға жылжыту үшін қандай өмірлік сарындар басым болуы керек?» деген күрделі философиялық мәселелерге ұласады.

Іштей бөлектену, сырттай бөліну, ортадан жеріну, пікірден айну, ойдан қайту, кектену, амалсыз қалу секілді рухани-тұлғалық мәселелер сарынына жазушының ерекше назар аударуы тегін емес.

Автор елеусіз детальдар арқылы да кержақтың менмендік психологиясын ұтымды көрсетеді. «Қақпа жыртиып қана ашылды; Саңылаудан мыжырайған жабағы беттің жармысы, жалғыз көз, қызылшақа кепештің жармысы ғана көрінді.

– Не керек саған?

– Күрек, балта керек.

Сарпылдаған башпақ тықыры ауланы ұзақ қыдырып, не заматта қақпа алдына қайтып оралды.

Бір теңге деді шал күрегін ұсынып. Сосын балтасын көрсетіп, – бір теңге, – деді тағы да.

Ол тінтікілеп жүріп Аянның алақа­нынан тек күмісті ғана теріп алды, қолжуғышқа барып сабындап жуды, көйлегінің етегімен сүртті де, бастырмада ілулі тұрған көне аяққапқа тастай салды.

…Аян сипалап жүріп күрек пен балтаны тауып алды да, шалдың аяғына былш еткізіп, тастай салды.

– Сен-ақ малдан, – деді шал. – Маған енді қажеті жоқ.

–  Жеркенесің ғой?.. Әлде тағы да үш сом жеті тиын берейін бе?». Осы елеусіз деталь арқылы автор кержақтың жалпы ұлтты жатсынуын шебер көрсете алған. Өзі сол ұлттың жерін мекен ете отырып, шаңыраққа қарамастан ол жерде өз тәртібімен өмір сүргісі келеді. Жергілікті ұлтқа менсінбей, жоғарыдан қарайды. Ол ұстаған затты енді қайтып ұстауға жиіркенеді. Алтай кержақтарының осындай дәстүрлі мінезі болғандығын Оралхан Бөкеевтің «Қар қызы» шығармасынан да көрініс тапқан. Кержақ Қоңқай шалдың «Нұржан су ішкен кесені енді қайтып пайдалануға болмайды» дегендей, көзінше лақтырып жіберетін эпизоды бар. Мейлі ол өз дәстүрлері делік, бірақ соншалықты жиіркенсе, қонақ кеткен соң да лақтырып жіберуге болады ғой. Автор кержақтардың затты көрсетіп лақтыруы арқылы келесі ұлтты көзінше төмендетіп, қорлап, намысына тиюдің құралы екенін байқатады.

Шығарма соңы Жөгер шалдың денесі әйелінің зираты басында қалып, көмусіз аяқталуының да өзіндік мәні бар. Қазақ «көптен кеткен көмусіз қалар» дейді. Аян өз ойында Жөгер шал туралы «жұрттан бір уыс топырақтан басқа не тілейді?» деп ойлаған. Әрине, ол қазақы түсінік бойынша ойлап тұр. Автор көпті жатсынған Жөгерге көптен бір уыс топырақ та бұйырмай кеткенін тұжырып алып отыр. Автордың бір сұхбатында айтқан «Талайға мекен болған Алтайдың баурайында қашып-пысып келген талай пенде тұрақ тапқан. Алайда тектілік танытпасаң, құрып бітетін жерің де осы Алтай», – деген туған жерін қасиет көретін, қастерлейтін ойы осы шығармаға арқау болғанының айғағы.

Еркінгүл СҰЛТАНОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір