Карантинде сіз не оқыдыңыз? Не жаздыңыз?
04.04.2020
1513
0

Шар ғалам үрейленіп, үйге қамалып қалған осы сәтте еркіндікті, даланы, ең маңыздысы, адамдарды сағынады екенсің. Еркіндіктің шексіз екеніне иланатын кезің де осындай қысылтаяң кез екен. Қазір әлемде болып жатқан мына аты жаман вирус күн сайын өршіп барады. Оның бірденбір дәрісі үйде отырып, сақтану екені де құлаққа сіңісті болып кетті. Үнемі ізденісте жүретін шығармашық топ осы мүмкіндікті жақсы меңгеріп те жатқан болар. Сол шығармашыл адамдар «Не істеп жатыр екен? Қандай кітап оқыды екен? Не жазды екен?» деген сауал қойып едік. Жауабы төмендегідей болды. 

 

Дандай Ысқақ, әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы

Абай мен Ақселеу туралы көлемді мақалалар жаздым

Әлем өзгеріп жатыр, күні ертең не боларын білмейміз. Өмірі болмаған жағдайлар қазір орын алып жатыр. Осы жағдайға байланысты жұмысты үйде істеп жатқан жайымыз бар. Осы карантин кезінде уақытты босқа өлтірмей, шығармашылық жұмыспен айналысып жатырмын. Атап айтқанда, «Тілдің магиясы» деген кітап жазудамын. Сонымен бірге  бұрын оқымаған кітаптарды оқып, оқығандарын қайта қарап, өзіме керектісін алудамын. Абайдың өлеңдері мен аудармаларын қайта шолып, көлемі отыз беттен тұратын зерттеу мақаласын жаздым. Тағы бірі, бұрын Акселеу Сейдімбекпен жатақханада бірге тұрып, жақын жүрген едім. Сол кісі туралы да бір көлемді дүние жазып, соңғы нүктесін қойдым. Бұдан өзге өз зерттеу тақырыбым бойынша, қазақ әдебиетінің басқа халық әдебиетімен байланысы туралы ізденіп, көлемі отыз баспа табақтан тұратын жинақ құрастырдым. Бір сөзбен айтқанда, уақыт жоғалтып жатқан жоқпын.

 

 Сәуле ДОСЖАН, жазушы

«Үзілмеген үміт» деген романымды жалғастырудамын

Баяғыда әжеміз «Алла қаһарланса, бәрін бір қауызға сыйдырып жібереді», – деп отыратын еді. Сол айтқандай, медицина мен технологиялардың әбден дамыған заманында аты жаман бір аурудың емін таппай күллі әлем сарсаңға түсуде. Алпауыт елдер де есі кетіп, шекарасын жауып, аспаннан да, жерден де, судан да байланысты тоқтатты.

Біз де эпидемия жайлаған барлық елдер сияқты әрқайсымыз өз шаңырағымызды паналап, қала мен көше тұрмақ аулаға шыға алмай қалдық. Қаланы да, даланы да үрей биледі. Бәріміз оқшауландық.

Осындай карантин кезінде әркім өз қабілетінің жеткенінше үйінде, әлеуметтік желі арқылы, әзірше айтқанда онлайн байланыста болып жұмысын істеп, шығармашылығымен айналысып, оқуын оқуда.

Мен де өз шығармашылығыммен айналысып жатырмын. «Үзілмеген үміт», – деген романмен жұмыс үстіндемін.

«KazTV» арнасына онлайн сұхбат бердім. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасына және Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың жобасы бойынша инстаграм арқылы тікелей эфирде халықпен жүздесу жасадым.

Инстаграм мен Фейсбуктегі парақшаларыма  «Қызғалдақтың қызы» және «Маймақ қаз» атты ертегілерімді үйде отырған балапандарға өзім оқып салып қойдым. Ата-аналар да, балалар да жылы қабылдады.

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Тамас Айтмұхамбетовтың естелігін оқып, ойланып қалдым

Осы карантин кезінде бекер жатқан жоқпыз, оқуға жоспарлаған кітаптарды оқып жатырмыз. Өзі Ресейдің Астрахань облысында  туса да, туған ұлтына еңбек сіңіріп, кезінде Қазақ ССР Жоғары Сотының төрағасы болған  Тамас Айтмұхамбетовтың естелік кітабын оқыдым. Желтоқсан оқиғасында ұсталған қазақтың қыз-жігіттерін сол кездегі билік аямай темір торға тоғытып жатқанда, соларға қалай қол ұшын бергенін, өрімдей бозбалалардың ату жазасына кесіліп, 20-25 жылға сотталып кетіп жатқанына жаны шыдамай, титтей мүмкінідк болса, олардың жазасын жеңілдетуге қалай күш салғанын, ең соңында айналасындағылардың өзін «ұлтшыл», «бүлікшілердің жазасын жеңілдетуге жанын салып жүр» деп айыптаған орыс ұлтының өкілдерінің судиялары жазған жала арыздарға, күнде қасында жүрген, өзімен қызметтес болған қазақ судиялары да қол қойғанын көріп, іші удай ашығанын айтады. Тіпті қол астында істеген  Малаховтың өзінің орнына Қазақ ССР Жоғары Сотының төрағасы болып таағайындалғанын, өзінің Пәкістанға елші болып кеткенін ашына жазады. Естуімізше, бізде қазір 19 Желтоқсаншылар ұйымы бар екен. Олармен жарыса, өздерін «Желтоқсан оқиғасының батырымыз» деп атап алғандар тіпті көп. Тек ол кісі «сол қиын кезде қазіргі көзі тірі белгілілердің ішінен Мұхтар Шаханов қана менімен жиі хабарласып, тығыз байланыста болды», – деп жазады. Ал   сыйлықтан сыйлықты алып, ақсақал жасына келген  қазіргі жазушыларымыздың бір де-біреуінің Желтоқсан оқиғасы кезінде жастардың тағдырына  араша түскенін көре алмадық.

Міне, осы естелікті оқып, көп шындыққа көз жеткізгендей болдым.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы, жазушы

МЕНДЕ БӘРІ ОНЛАЙН

Кейбір қаламдас достарым телефон арқылы сөйлескенде: «Мынау карантин деген жақсы болды, көптен көкейде жүрген дүниемді жазудамын», – деп қалып жатыр. Әрине, әзілдеп қой. Әзілдесе де осы сөз құлағыма сондай жағымсыз естіледі. Жұмыр жер беті жетіскеннен карантин жариялап жатқан жоқ. Бұның сұмдығы қауіпті вирус қана емес, оның сұмдығы жер бетіндегі сұмдықтарды қолдан жасаушы зұлым адамдардың қап-қара ниеттерінде жатыр. Адамға тосыннан келер қауіп жоқ, адамзат өз өмірінде тек бірімен-бірі айқасып келеді. Мынау вирус сол айқаста қолданатын бір қаруы ғана. Жүзі қылпып тұрған қанжар өздігінен қауіпті емес, қауіп сол қанжарды ұстаған қолда.

Мен «Таң-Шолпан» журналына қайта барған 2017 жылдан бері карантинде отырған сияқтымын. Журналды үйде жасаймын. Оған да үйренесің. Сондықтан карантин мен үшін үйреншікті жағдай. Қазір журналдың  2-ші нөмірін дайындап, корректорға жіберіп жатырмын. Ол оқыған соң, электронды почтама қайта салады. Менде бәрі онлайн. Журнал үшін «Фейсбук» желісінде оқырман конференциясын ұйымдастыруды бұдан үш жыл бұрын-ақ жолға қойғанмын. Уақытымен ұйқыға жатамын, уақытымен тұрамын. Қазпошта «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Адырна» басылымдарын үйге уақытында әкеп тұр. Сондықтан карантин кезінде менің жұмыс кестем айрықша өзгере қойған жоқ. Тек айына бір мәрте бір нысанға барып келетін едім, сол жағы болмаса. Жазсам деген әңгімелерім жетіп жатыр. Жақында «Қаңбақ» деген әңгімем дүниеге келді. Біраз күннен соң қайта қарап, иін қандыра түсу керек.

Ал сырттағы жұмысынан тыйылып, карантинге қамалып қалғандарға айтарым, бір мезгіл қолға кітап ұстаған жөн. Мидың жаттығуы – көркем әдебиет оқу. Қолды, аяқты жаттықтыратының сияқты миды да жаттықтырмаса болмайды. Жаттықтырмаса оның да жұмыс істеу қабілеті нашарлайды. Миды лас ойлардан кітап оқу арқылы ғана тазалай аласың. Тамаша ойлар, тың идеялар миға содан соң ғана келе бастайды.

Мен жер үйде тұрамын. Жазудан, оқудан шаршағанда, «бір мезгіл кетпен-күрек ұстамаса» деп ақын Қадыр ағамыз айтқандай, бақшада жұмыс істеймін. Дәл қазір бақшада жұмыс көп. Жеміс ағаштардың алды гүлдей бастады. Ертең карантин бітеді. Вирус жойылады. Жаз ортасында жеміс піседі. Өмір қандай тамаша!

 

Ерғали БАҚАШ, ақын

ТОЛСТОЙ МЕН ДҮКЕНБАЙ ДОСЖАНДЫ ОҚЫП ЖАТЫРМЫН

Әлемді шарпыған мына аты жаман індеттің елімізге де оңай тиіп тұрмағаны ақиқат. Дәл осы кез елдің елдігін, халықтың халықтығын көрсететін ауыр сынақтарға толы кезең болып тұр. Бұл күннен де аман шығып кетеміз деген ойдамын. Осы карантин кезінде үкіметтің тапсырмасымен қызметкерлердің көбі үйінде отырып, жұмыс істеуде. Шынын айтқанда, бұндай кезде адам үйге де сыймайды екен. Шығармашыл адам болған соң, осындай кезде бірдеңе жазайын десең, қол жүрмейді екен. Бірақ осы уақытты пайдаланып Толстойдың «Крейцер сонатасы» деген әңгіме-повестер жинағы мен белгілі жазушы Дүкенбай Досжанның «Терезенің жарығы» деген таңдамалы әңгімелер жинағын оқып жатырмын.  Дүкенбай ағамыздың бұл жинағына ұлттық бояуы қанық, көркемдігі жоғары әңгімелері топтастырылған екен, бір деммен оқып шықтым. Қазірге менде бары осы.

 

Әсел Сайлауова, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы

Франсуа Озон шығармашылығымен таныстым

 Қәзіргі әлемде боп жатқан ахуал барлығымызды қынжылтатыны рас, бірегей үлкен қалаларда карантин жарияланғанына байланысты, қазір өз туған жерім Атырау қаласындамын. Бірақ бізде де жағдай мәз емес, 20 шақты адам осы вирусты жұқтырды. Үйде отырғаныма осымен 15 күндей боп қалды, өнер адамына бір жерде болу оңай емес арине. Қимыл-қозғалысқа, биге үйреніп қалғаным шығар, күнде жаттығулар міндетті түрде жасаймын, және осы күнге дейін оқылмаған кітаптарымның бетін аштым,   көрмеген фильмдерімді оның ішінде телехикаяны  да көріп жатырмын, керемет «Ертұғырыл» телехикаясын тамашалаудамын, мықты туынды, актерларды тамаша таңдаған, сценарий және саундректе сөз жоқ, кинорежиссер Франсуа Озон шығармашылығымен таныстым, әлі де көрмеген, оқылмаған дүниелер күтіп тұр. Амандықта жүздесейік, әлемде тек тыныштық болғай

Дайындаған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір