ТИІМДІ  ҰСЫНЫСТАР АЙТЫЛДЫ
01.04.2020
1011
0

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, профессор, жазушы

Әлем халықтарымен қатар бізде де қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жасаған мәлімдемесі жұрттың еңсесін тіктеуге бағытталғаны құптарлық. Инфляцияның артқанын жасырмаған Президент әлеуметтік көмек, жәрдем мөлшерін 10 пайызға өсіруді тапсырды. Ол үшін мемлекеттен 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді екен. Сондай-ақ  42500 теңге көлеміндегі бұл қаражатты ресми тіркелмей еңбек ететіндерге беретіні өте дұрыс болды. Қазір өз бетімен күн көріп жүргендер саны көп. Осылайша, төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттен ай сайын әлеуметтік көмек алуы қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға серпін береді. Нақты көмекке мұқтаж жандарды тауып қолдаудың маңызы айтарлықтай екендігін атап көрсетті.  Тағы бір мәселе, шағын және орта бизнесті өнім өндіру және оны жеткізу ісіне жұмылдыруды тапсырғаны дәл мерзімін тапқан маңызды нұсқау. Бізде 30 жыл бойы халықты шетел тауарының тұтынушысына айналдырып, алыпсатарлықты ғана өрістетіп келді. Енді ондай инерциядан арылатын уақыт келді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламамен қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсыруы да осы бағытқа жұмсалатын болса керек.
Жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатуды көздеген екен, енді, оған атқарушы үкімет нақты қадам жасаулары керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы мемлекет басшысының меңзегені, Қытайдың сапасыз өнімдерінен бас тартып, отандық ауылшаруашылық өнімдерін, таза тағамдарды қолдау деп түсіндім. «Азаматтарымыздың табыс көзі болуға тиіс. Олар күнін көре алмай құрсауда қамалып отырмауы керек» дегені де көңілге қонады. Айналып келгенде, бөлініп жатқан қаражаттың талан-таражға кетпеуі, жемқорлардың жемсауына түспеуі үшін ашық жариялылықтың болуын тапсыруы ақпарат құралдарына жүктелетін ең маңызды тапсырма деп білемін.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір