Әмбиенің емі
Өзбекшеден аударған
Зәкір АСАБАЕВ.
Күркілдекте біреу пайда болды. Анау-мынау емес, нағыз әмбиенің өзі дерсің. Барлық кеселді емдеп, жазып жібереді-мыс. Сондықтан оны алыс-жақыннан іздеп келушілерде сан жоқ деседі. Ауланың іші-сырты құжынаған машина көрінеді. Тек ақша берсең бітті, көзі ашық «әулиенің» көмегі қолма-қол әзір. Ал енді ол өзі әлемнің ең алыс түкпіріндегі тып-тыныш жатқан осынау мекенге қай жерлерден келді екен? Дұрысы, бұл жөнінде Рәбия тәтейден сұраған мақұл.
Мирмухсин,
өзбек жазушысы
Бір жолы Рәбия тәтей түн жарымында әлденеден елегізіп, шошып оянсын. Біраз уақыт терезеден сыртқа қарап, сұлқ жатты. Ай сәулесіне малынған айнала төңірек сүттей жарық. Әсіресе, жақын маңдағы ескі мешіттің өрмелі қабырғалары мен зәулім теректер көзге ап-айқын көрінеді. Кенет Рәбия тәтейге медресенің өрме қабырғасынан әлдекім жоғары қарай көтеріліп бара жатқан сияқты сезілді. Басын қалт көтерген ол көздерін сүртіп, анықтаңқырап қарап еді, жаңылмапты. Дәл солай. Тірі әруақ тәрізді бірдеңе мешіт күмбезінің ұшар басында ербең қағып, қалтаң-құлтаң етеді.
Рәбия тәтей аузын жыбырлатып, құран оқи бастады. Көздері жұмулы. «Осы құрылысшылардың жүрмейтін жері жоқ, түге. Дүниенің астаң-кестеңін шығармаса қайтер екен? Ауылдың о шеті мен бұ шетіне шейін үй салып, әруақ атаулыны үркітіп, берекені қашырып бітті бетпақтар. Әруақ сорлылар мешітті сағаламағанда қайтсін енді», – дейді өзінше ой түйіп. Көзін ашса, әлгідегі елес ғайып болыпты.
Таңды әрең атырған Рәбия тәтей түндегі көргендерін ертемен мектепке баруға әзірленіп жатқан немересіне айта бастап еді, сүлесоқ тыңдаған ол: «Жейтін не бар?» – деп күңк етті де, тамақтанып болысымен портфелін арқалап кетіп қалды.
Шыдамы таусылған Рәбия есік алдына атып шықты. Өз үйінің есігінен басы қылт еткен көршісі Фатима:
– Рәбия тәтей, неге мұнша ерте тұрдыңыз? – деп дауыстады.
– Бері кел, – деді тәтей оған ымдап. – Медресе жаққа қарашы. Бүгін түнде бар ғой, ә…
Сөйтіп, түндегі оқиға бұл ауылға қас пен көздің арасында тарады да кетті. Қақпалар сықырлап, есіктер тарс бекітіліп, әйел біткен бірінен соң бірі Рәбияның үйіне жүгіріссін. Рәбия көрген-білгендерін бояуын қалыңдатып, майын тамыза баяндаумен әуре.
Әрине, оның сөзіне күмән келтірушілер де болды. Бірақ осы түні әдетте күзет кезінде тірі өлік боп ұйықтап жататын мешіт қарауылы да оқыстан оянып, бас айналардай биік дуал қабырғасымен жоғары қарай өрмелеп бара жатқан елесті ол да өз көзімен көріпті. Ақ киімді жұмбақ елес онан соң жақын маңдағы Күркілдек өзеніне қарай зып беріпті. Қатты қорықса да, соңынан білдірмей еріп отырған қарауыл әлгі елестің өзен үстіне асулы темір арқанмен жүгіріп өткеніне де куә болып, өзі былайырақтағы үлкендеу көпірден тез айналып өтіп, оның кірген үйіне шейін ілесіп барыпты. Сөйтіп, елестің кім екенін анық біліп алыпты. Ол осы ауылға таяуда әлдеқайдан келген Дуадақ-қари деген жеке басты адам-тын. Өзінің есімімен бастап тұла бойы түгел жұмбақ дерліктей біреу. Дуадақ-қари. Шын есімі солай ма, әлде лақап ат па, белгісіз. Бірақ әйтеуір, сырт пошымының кәдімгі денесі үп-үлкен де, басы кішкентай дуадақтан айнымайтыны рас. Қысық көздері аздап қитарлау. Жылтыр бетінде ұзын-ұзын үш қылы бар меңінен бөлек, бір тал сақал, не мұрт жоқ. Бір нүктеден көз алмай, бірнеше сағат үнсіз отырады. Жалпы, оның үнін естігендер сирек.
Қарауыл бұл адам туралы өзіне белгілі тағы да біраз жайларды есіне түсірді. Шамасы, ол егеуқұйрықтар мен тышқандарды жоятын әлдебір мекемеде жұмыс істесе керек. Аздап қаржы жинаған көрінеді. Туған-туысқаннан жұрдай, ата тегін өзі де білмейді.
Түндегі оқиғалар ойынан мүлде шықпай қойған қарауыл тәуекелге бел буды. Күндіз Дуадақ-қаридың үйіне барды. Сөзді әріректен бастап:
– Ұлым, мен өткен түні сенің Күркілдектен қашып өткеніңді көрдім…
– Немене, одан өтуге тыйым салынған ба еді?
– Жоқ, ә! Олай емес қой. Темір арқанның үстімен қорықпастан, құламай өткеніңді айтам да.
– Бәлкім, түсіңізде көрген боларсыз.
– Көрген жалғыз мен емес, адал пендеңіздің айтқанына шәк келтірмеңіз. Сіз туралы бірінші болып хабар таратқан әлгі Рәбия емес, мен боламын. Ғажап оқиғаны бірінші көрген менмін.
Сөйтті де, қарауыл Дуадақ-қаридың қолынан шап беріп ұстай алып, бас бармағын сипалап байқады. Көріпкелдің бас бармағында тырнақ болмайды демеуші ме еді. Әрине, мінекей, дәл солай екен.
– Сіз көріпкелсіз! Қолыңыздан бәрі келеді! – деп айқайлап жіберді қарауыл.
– Ал солай-ақ болсын, – деп міңгірледі Дуадақ-қари. – Одан сізге не пайда?
Қарауыл үстіндегі май-май жұқа шапанын шешті. Иығы мен көкірек тұсына қып-қызыл ұсақ бөртпелер қаптап кетіпті.
– Есекжем дейтін індет көрінеді бұл. Дәрігерлер түк істей алмай отыр. Бұршақ сорпа немесе машаба жедім-ақ, денем сол бойда қыши бастайды. Жаңғақ жесем де солай.
Дуадақ-қари кесеге шай құйды.
– Алыңыз.
Өзі тысқа шығып кетті де, ұзамай күйелештенген ағаш қасықпен аздаған балшық алып қайта келді. Қарауылдың денесінің кей жерлеріне там-тұмдап балшық жағып, әлдене деп күбірледі. Сонан кейін:
– Қайта беріңіз. Алла жар болса, қыс түсе дертіңізден сауығасыз, – деді қарауылға. – Бірақ кімнің арқасында дауаланғаныңызды жұртқа айта жүруді ұмытпаңыз.
Шынында да, мұндай хабар көптің құлағына құстың ұшқанынан да жылдам жетті емес пе?
ІІ
Бірде алыстағы басқа ауылда бір топ әйел бас қоса қалсын. Алтын тістері жалт-жұлт еткен Мехиргүл тым есіріңкіреп:
– Міне, сендердің барлығыңның ештеңеден хабарларың жоқ. Күркілдекте ғажайып тәуіп пайда бопты. Емдемейтін ауруы жоқ дейді. Барушыларда қисап жоқ. Есігінен аттап кіру мұң екен, адамдар дертінен дереу айығады екен, – деді жаңалықты жария етіп.
– Бала таппайтындарды да емдей ме екен? – деді нәзік денелі Дүндікхан сәл қысыла сөйлеп.
– Емдегенде қандай! Адресін менен аласың. Бірақ құр қол баруға болмайтынын есте сақтаңдар. Әмбиеге арнап атағаның болсын!
…Бірнеше он сомдықты орамалға мұқият түйген Дүндікхан Күркілдек қайдасың деп жолға шықты.
Кезек күтушілер көп екен. Әмбие туралы Дүндікханның құлағы небір ғажаптарды естіді. Ол дегеніңіз медресенің ұшар басына құсша ұшып көтеріледі дейді. Өзен үстімен де әрлі-берлі қалықтап ұшып өтеді-мыс. Баяғы дүкеннің қарауылы ол жұмысын біржола тастап, қазір осында әмбиеге қызмет етеді екен. Кезек күтушілерге нан, шай, салқын су сатып, осы аймақтың одан да басқа қаншама адамдары сабылып жүр десейші!
Дүндікхан кілем төселген күңгірттеу бөлменің төр жағында көздерін аспанға қаратып, тәңірге сыйынып отырған Дуадақ-қариды көрді. Ол ұсынған ақшаны маңғаздана алды да, жас әйелге қағазға оралған дәрі-дәрмек берді.
– Кәнеки, қалқатайым, мен сізді жақсылап тексерейін. Мына көрпенің үстіне жалаңаштанып жата қойыңыз…
Шаштары ұйпа-тұйпа болған Дүндікхан әмбие отырған бөлмеден есік алдына ашуға сыймай атылып шықты:
– О, тәуіп болмай, әдірем қалғыр! Жігітіңде желкең үзілгір жексұрын! Осыны да әулие деп!.. Ұятсыз әбілет!..
Қарауыл қарт қалбалақтап оның соңынан ұмтылды:
– Жап аузыңды, сайқал! Әмбиенің емі ұнамаса, үн-түнсіз кете бермейсің бе?
– Кете бермеймін! Айтамын!.. Жұртқа жаямын!..
Қақпаға қарай жұлқына адымдаған Дүндікхан қалтасындағы дәрілерді алды да, лақтырып жіберді…
ІІІ
Әйтсе де, әзірге әмбиеге келушілер көбеймесе, азаяр емес. Жүк машинасының жүргізушісі Омар да бірде науқас әйелін «әулиеге» алып келіп кіргізіп жіберді де, өзі кабинада күтіп отырды. Ұзамай ойбай сала бажылдап, қатты ренжіп отырған әйелінен «әулиенің» қалай «емдемек» болғанын естіп, өз құлағына өзі сенбеді. Кезек күтушілерді жарып өтіп, «әулие» отырған бөлмеге баса-көктеп кіріп барды.
– Сен осылай емдеуші ме едің? Қарғыс атқанның тұқымы!
Дуадақ-қари беті бүлк етпеген қалпы жаймен ғана:
– Күнәһар! Мен қасиетті тұқымнанмын, тіл тигізбе! – деді безірейе.
Омар бұл «әулиені» енді ғана таныды. Есіне түсті. Осыдан екі жыл бұрын жол шетінде далбаңдап бара жатқан кемпірді қағып кетіп, еңбек түзеу колониясында бір жыл отырып шыққаны бар-тын. Сонда ұрлық жасағаны үшін алты жылға сотталған Тоймасов деген біреумен танысқан болатын. Ал ол өзінің түн жарымында төсектен тұрып, ұйқылы көзбен жол тауып жүре беретін аруағы бар екенін айтқан-ды. Егер де мынау темір торлар мен ауыр болат есіктер болмаса, айлы түнде биік дуалдар мен үйлердің басында жүре беру оған түк те емес екен.
Омар әулиенің жағасына жармасты.
– Қолға түстің бе, бәлем! Ендігі кәсібің осылай дегін!
– Есіңді жый, оңбаған! Қарғаймын! Өзіңді де, балаларыңды да түгел қарғаймын! – Сөйтті де Дуадақ-қари түсініксіз бірдеңелерді айта бастады: «…илло Али…»
Әулиенің сандырақтарын жас кезінде әкесінен жиі естіген құран сүрелері деп ойлады ма, қайдам, әйтеуір Омар әулиенің жағасын босатып жіберді.
– Уа, жарандар! – деп айқайлады сонан соң: – Бұған сенбеңдер! Ол ұры! Оны көптен бері милиция іздеп жүр!
Айқай-шуға жұрт лезде жинала қалды. Мән-жайды білісімен, бір-біріне қарамай, әркім өз машинасына ұмтылды. Машиналар қора ішінен шұбатыла сыртқа шығып барады…
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.