Шаяхмет Алжамбай. Тасқын, сел боп ағытылар тиегім…
28.02.2020
807
0

Осы аулада…

Маған ыстық осы аула, осы жерден

Нәрін алып бойыма өсіп ем мен.

Шағын үйдің тәтті еді өз қызығы,

Көкірегімнен қалайша өшірем мен?

 

Көңілің  – күн жайнаған, жанарың – от,

Балалық-ай, шадыман базары көп

Шулап кейде доп қусақ, біздің аула

Кететұғын футбол алаңы боп.

 

Кейде бірін жылатып, жылап бірде,

Шаршамаушы ек ойыннан  ұзақ күнге.

Көрші үйдегі ой тастап қылықты қыз

Осы аулада есейгем бір-ақ күнде.

 

Бозбала шақ көңілге ән қалдырып,

Атушы еді арайлы таңдар күліп.

Қиялдаған ғажайып Алматыға,

Осы ауладан аттанғам арман қуып.

 

Иә, иә, аттанғам осы ауладан,

Бетін сипап әкем де бата арнаған.

Ақ жаулығын көзіне көлегейлеп,

«Ақ жол» тілеп, көзіне жас алды Анам.

 

Бұла шақта биікке самғар көңіл,

Кім болжайды күтерін алдан ненің?

Осы аулада соңымнан қимай, қимай,

Балалығым қол бұлғап қалған менің!

 

Өз ауласын әр адам сүйе білсін

Өзіңе кеп басымды иемін шын.

Қай шетінде ғаламның жүрсем-дағы

Туған аулам, сен менің Киелімсің!

 

Арналар жыр, өзіңе арналар ән,

Ыстық мекен өзіңдей бар ма маған?

Жерге асыққан асығам ғарышкердей

Тұра берші лайым, Аулам, аман!

 

Тау өзені

(Үлкен Алматы өзені жағасында)

 Тау өзені, шалқысын әманда арнаң,

Сені көру әр күні маған да арман.

Аумалы да төкпелі кездері көп, –

Өзен, сен де аумайсың адамдардан.

 

Бірде арудай жаз күлкің жайнап анық,

Бұрым өріп жатасың жайлап ағып.

Бірде ессіз долданып шапшисың кеп,

Ұрынарыңды білместен қайда барып.

 

Төніп жал-жал толқындар атша тулай,

Қаһарыңа мінесің қас батырдай.

Аяу білмес  алапат дүлей күшің

Қой тастарды ойнатар қақпақылдай.

 

Бөгет бермей ондайда тасынасың,

Ашуыңды қайдағы шақырасың.

Жайпап бәрін жолыңда бұйым көрмей

Әзер түсіп сабаңа басыласың.

 

Басыласың момақан қалыпқа еніп.

(Адамдарға машақат тауып беріп).

 Сен де кейде арқалы ақындайсың

Бұрқанатын оқыстан шабыт келіп.

 

Құлазысам, алатын жүрегім нәр, –

Көңіл атты жайнаған кілемім бар.

Сен секілді арнама сыймай кетер,

Менің де асау кейде мінезім бар.

   

Самал ескен, жағасы гүл-жәннатым,

Әлі талай тамсанып, жырлар ақын.

Тербей берші маңайды сарылыңмен,

Аңқаң кеуіп, тек арнаң құрғамасын,

Жағасы гүл-жәннатым.

 

Асқақ үнім, ардағым…

(Димаш Құдайберген Нью-Йоркте ән салғанда)

 Сазды үніңе бүкіл әлем тамсанды,

Міне, бүгін Нью-Йорк қарсы алды.

Сен шырқаған «Дайдидауға» қосылып,

Мың-сан ұлт ән салды!

 

Бір сиқырлы ғаламат бар үніңде,

Тебіренттің Америка түнін де.

Сахнасы «Барклайдың» тербеліп,

Шырқап жатты менің қазақ тілімде!

 

Ана тілім, өгейсіген елімде,

Бұл көңілім құсалы еді менің де.

Мың-сан ұлт бар,  қазағымның тілінде,

Шырқап кетті Америка төрінде!

 

Көкке өрлеген самғауыңнан танбағын!

Орындадың сен халқыңның арманын.

Алматыда қоса шырқап өзіңмен

Жүрегімнен мен жырымды арнадым.

Самға, самға, самға биік самғағын,

Абыройым, асқақ үнім, ардағым!

 

 Қаламыма

Ғаламтормен уланды ма миымыз?

Мониторға шұқшиямыз жиі біз.

Кемпір, шал да, сәбилер де, жастар да

Сиқырланған. Бүгін осы күйіміз.

 

Ауыл да осы, былай қойып қаланы,

Ғашықтар ма, оның да бар амалы.

Іздемейді хат таситын баланы,

SMS-пен ұғыныса салады.

 

Компьютерсіз алға озу жоқ. Ол – рас та,

Ғаламторсыз бара алмаймыз жыраққа.

Бұл сөзімді ұнат мейлің, ұнатпа,

Мен қаламсыз жыр жаза алман бірақ та.

 

Көңіл жүдер басып кейде нала-мұң,

Кейде бір шат күйін кешем баланың.

Сонда менің серігім боп айнымас

Ақ қағазға жыр төгесің, қаламым.

 

Сені қалай ұмытамыз, киелім?

Көкірекке көрікті ойлар түйемін.

Шабыт кернеп өзіңді алсам қолыма,

Тасқын сел боп ағытылар тиегім.

 

Әзәзілдер, аулақ кеткін  жолымнан,

Жүрегімді тербей берсін көңілді ән.

Ақ қағазға төгетұғын маржан-жыр

Тек, қаламым, түсе көрме қолымнан!

 

Армысың, арайлы, ақ таңым!

 Армысың, арайлы ақ таңым!

Армысың, арайлы аспаным!

Келдің де қара түн пердесін

Ойланбай ысырып тастадың.

Жалын жас, кәрі  де қаусаған,

Өзіңді, Жарық Күн, аңсаған.

Өткен түн мәңгілік түнекке

Үзіліп кетті екен қанша адам?

 

Үмітпен көрем деп таңды алда

Қанша жан кетті екен арманда?

Тіршілік атаулы мәз болар

Ақ таңым,нұрыңа малғанда

 

Аңсатқан Күн-Ана көрінді,

Алтын нұр бөлмеме төгілді.

Алатау мезетте жадырап

Бар алап күйге енді көңілді.

 

Жылуға бөлеген, Жарық Күн!

Шуақ шаш, бәрін де қарық қыл.

Жырлаудан мен сені тынбайын

Жанымды нұрыңа малып тұр!

 

Жыр майданның «Баукесі»

                                           (Бауыржан Жақыпқа)

 Көрмейміз бір тұрсақ та қалада әсем,

Әй, Бауке, жүрсің бе сен, аман-есен?

Бүгінгі жамырасқан жыр-бәйгеде,

Кім таласар өзіңді «Дара» десем.

 

Қаншалықты білмеймін сыйым, бағам,

Алпыс бесім кеп қалды биыл маған.

Сені алғаш көргенде  «су жаңа едің»,

Жігіттікпен енді асқан жиырмадан.

«Сымбат та бар, бой да бар, арқалы ақын», –

деп Есенқұл жиі айтып, тамсанатын.

Есте, бір күн бас қосып үшеуіміз,

Шөлмектің де босаттық қаншамасын.

 

Қайран Есен!.. Ойлайық Жұмақта деп,

Жыр оқысып сол күні «суаттап» ек.

Сен жас едің, жүзіңе жүз қыз ғашық,

Кірбің де жоқ қабақта, сызат та жоқ.

Жас едің-ау, енді асқан жиырмадан,

Уақытты-ай, зымырап, құйындаған!

Бүгін менің  жүзімнен шимайды оқы

Қолтаңбасы жылдардың шиырлаған.

 

Заман жаңа, бұл күнде өмір жаңа,

Қоғам толы ақынға, тобырға да.

Нәрсіз жырды әу бастан жақтырмайтын,

Жыр-майданның «Баукесі» өзің ғана!

 

            Жарық Дүние…

 Тәтті өмір мен Жер-ұям, жылы мекен

Жаратқан, берген шексіз сыйың екен

Адамдық көз, адамдық сезімменен

Жарық Дүние, мен сені сүйіп өтем!

 

«Сұм дүние, опасыз жалған!» – дейді,

«Өкіндіріп түбінде алдар», – дейді.

Жо-жоқ, Өмір, құштармын әр сәтіңе,

Сан рет сан соқтырсын арман мейлі.

 

Зымыраумен Уақыт алға асады,

Түн түріліп, қайтадан таң да атады.

Қалайша жалған дейсің Керуеніңді

Көркіменен Ұрпағың жалғаса әрі?

 

Аңғалдығым сан рет құлатса  да,

Жандар зұлым нақақтан жылатса да,

Жібек желің сүртеді көз жасымды

Шуағыңнан нәр алам қуаттана.

 

 Мәз балаша бір жүйрік тай мінгенге,

Төрт мүше аман, денім сау, баймын мен де.

Жарық Дүние, бәріне ризамын

Бере көрме тек қана қайғыңды Елге!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір