Қажыбек Айдархан. Жел өз тәпсірін оқиды…
20.02.2020
728
0

Қажыбек Айдархан (ҚХР)

  1. КӨШЕЛЕР

Құлазулы көше сызынан
Мен түгіл
Шам сәулесі де тоңады.
Етегімді қымтандым шаншыған ызғырыққа  қамсау болардай.
Доңғалақ үні миымда дөңгелеп,
Әлем ұршықша айналады.
Менің қантамырларым ғана қозғалыстан
тоқтағандай,
басқа біреудің денесін көтеріп,
жүрген сыңайлы
құр сүлдем ілбіп жылжиды!
Кімнің елесін іздеймін
ізсіз көше сапарынан?!
Жалғыз тал сезімнің арайы ма еді,

әлде тұлпар тұяғынан көтерілер дауыл ма…

Алмас қылыштың жүзіндегі кек пе,
жоқ, оралмаған қарлығаш қанатындағы  сағыныш па…
Не еді сонша аңсаттырған,
Жусанның аңқыған нұры ма жоғалған?..
Жүрексіз тастардан қашалған көшелер,
сүркейлі, суық көшелер,
мейірімнің тәнін таптаған,
Аққудың сұңқылын қара бояумен бояған,
Бозінгеннің жусауын қызыл шыңдардан құлатқан!
Қоңыр шуақтың кейісін тамсана жұтқан
бұл көшелер мені алып қашады,
Дала рухының киелі бесігінен…
Әрбір адам өзінен оңашаланып
иен өмірге мойын ұсынған,
Тірлік үскірігі
Сана кеңістігіне көк мұз сірейді!

  1. КОФЕХАНА

Қиғаш төгілген күлгін сәулені
                               уақыт кеспей ағады.
Жүрегімді шеңгелдеп сорады,
Мұңлы ару жамалы!..
Қоштасу сөзіндегі соңғы үміт
                               кофе иісіне қонады.
Қанатсыз көз жасы әйнек үстелге
                             шашырап тамады…
Көңіл лықсып,
Қасірет ындыны толтырған
                               мұңмен өзек ашиды.
Жанның гүлі сарғайып солып барады,
Ара – қиял асығыс шырынын тасиды.
Көкірек бокалы шытынап сынардай…
                                               күрсініс
Сезімнің самайын ағартты!
Тамырдан үріккен іңкәрлік
аяқ ізімен әкетті
Көктем – Жаннатты!
Алқызыл бақытты жауыздықпен отағандаймын,
Өзім махаббатпен өсіріп.
Иығымды ақырын қомдадым,
Өзге бір жолды жүруге бекініп…

  1. КҮЗГІ КӨҢІЛ

Жел өз тәпсірін оқиды,
Күздің бұлтын көтере алмай ауырлап.
Мұң менің жүрегімді мекендеп,
Өз шаттығының биіне басады.
Сары қурай ызыңы;
Жетім құлынның кісінеуімен тағдырлас
Сәулесіз мезгілдің ызғары
Қоңыр дөңдерде мекендеп,
Жусанның тамырына енеді…
«Ажал түбі бәріңмен қауышады» деп
Өлім сызын сездіргендей,
Мазасыздық ішіндегі тыныштық
                                                іш тартады.
Дұға үніндегі шуақ
жылытады құлпытастың бауырын!
Жас қабірдің топырағы
Мөлдір әлемнің құшағында
Бақи мен Пәниді бөліп тұр.
Тыңдашы түйсігіңмен,
Пенделік күрсіністі елемей,
дыбыстан басталып, дыбыстан аяқталатын
тіршіліктің мұғжизасын.

  1. ЖЫЛҚЫНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Мөп-мөлдір мұз түйіршік көрдім
Жол шетіндегі бұтаққа ілінген.

Жанын тыныштыққа бөлеп ұйып тұрғандай,

Мыңқ етпей ағылған дүрілге.
Ұзақ үңілдім, бұл не?
Көз жасы кәдімгі.
Бірақ адамның запыран жақұты еместей,
Сындырардай бүгілткен осынау қайыңды.
Таныдым,

Бабамның бақыты –
жылқының көз жасы екенін!
Қайсыбір тамырды аңсайды-ау,
іздейді-ау, мұздай боп
ып-ыстық мекенін.
Даңғаза-дуылға ермеген,
Тап-таза ғарыштық қуатқа шөлдеген,
Бармақтай көк меруертке айналған
осы бір жалғыз тал тамшыда,
тұяқтың дүбірі байыздап,
Мүлгиді дыбыссыз сыбырлар.
Аялап келді оны иіскегім,
Салмақпен қайысқан қабырғам!
Марғабыл қасқасы айналып дастанға,
Қабанбай қубасы қайтқанда аспанға,
Солардың көзінен құлаған мәрмәрі
Түркінің рухын өзек қып,
Басып ап тұп-тұнық бауырына
Әлпештеп жол алған сияқты,
Уақыттың таусылмас таңына…
Екшеуін кешіріп қараңғы-жарықтың,
Тартысын елемей мезгіл мен тамұқтың!
Шеңберлеп нүктедей рухымды
Әкепті-ау бүгінге алып бұл!
Кеңістік бетінде мызғыған тынығып,
Қайтемін аңсарлы өзектің шырынын?..
Үгілмей тұрғанда жалғауым керек қой
Ертеңге ғұмырын!
Иә, енді мен оған ең сұлу арудың
Миятын ұя етем –
Бұйырсын қайтадан сол қыздан туылу!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір