Нұрдәулет Ақыш. Амалсыз байыған момақан
26.02.2020
1339
2

Нұрдәулет Ақыш

– Әне,  нағыз еркек!

Бұны айтқан – баяғы қушыкеш Еділдің үйіндегі Ақмарал. Ерденнің іскерлігіне шын көңілден сүйсіне отырып, күйеуінің күйбеңі таусылмас көңілсіз тірлігін бетіне басқаны. Өзі табыскерлігіне соншалықты ырза болатын Ерденді тек сырттай мадақтаумен ғана қанағаттанып қалмай, дос-жарандар бас қосқан отырыста мақтауын тағы жеткізіп жатыр.

– Еркек болғасын, осы Ердекеңдей болу керек, – деді көмекейіндегі күлкүлді кері қайтарып көрмеген Ақмарал. – «Заман қиын болып кетті» дейсіңдер. «Күнкөріс ауырлап барады», –  деп жылайсыңдар. Мына Ердекеңе қарасам бар ғой, коммунизм қайта келе жатқан сияқты.

Дастарқан басындағы әңгіменің ауаны күтпеген жерден осылайша үй иесі Ерденнің тіршілігіне қарай ойысты. Осында отырған туған-туыс, жора-жолдасының көкейіне біраздан бері оралып жүрген әңгіме, өзара күңкіл бұрын-соңды дәл осылай сыртқа тепсі­ніп шыға қоймайтын. Өз сұрақтарына өздері қайтаратын жауаптары да құр жорамал, дәлелсіз долбардан аса алмай, тайғанақтап жатушы еді. Бәрінің ескі жындарын қозғап жіберген – аңқылдаған ақ көңіл Ақмаралдың ортаға лақтырып тастаған жаңағы жалғыз ауыз сөзі.

Балабақша тәрбиешісі жаңа бір қызықты ойын шығарса, бөбектердің барлығы ойындарын да, ойыншықтарын да тастай салып, солай қарай тұра ұмтылатыны бар ғой. Бұл жолғы жағдай да нақ сондай көріністі еске түсірді. Манадан бері айтылып отырған көлденең әңгіме, бұралқы сөз, жан қажайтын қалжың, барқырай шырқалған ән… енді бәрі бір жаққа ысырылып қалып, ортақ әңгіме өзен иіріміндей иіріп, өз оппасына қарай ұйыта бастады.

Кәллаларда әрқилы болжамды балалатып өргізген көкейкесті сұрау жалғыз-ақ еді. Қалың жұрт тарыға бастаған мына қиын-қыстау заманда (ресми орындар «Өтпелі кезең» деп атап жүрген) өз орталарындағы баяғы момақан Ерден аяқ астынан қалай байып кеткен?

 – Иә, осыны мен де сұрай алмай жүр едім, – деді үсті-басы алтынға малынса да, өңі ескілеу көрінетін қазақи пішінді бір әйел. – Шынында да, кейбір отбасылар бір үзім нанға  зар. Ал сондай кезде Ердекеңнің мұрты жылтырап, майлана түскендей.

– Немене, көре алмай отырсыңдар ма? – деп қалды денесі ауырлау болғанымен, аузы жеңілдеу Бибка. Әзілдеп айтқан түр көрсеткенімен, сөзінің ар жағынан шындық ұшы да қылтиып көрініп тұрғандай. – Сендердің күйеулерің біздің Ердекең сияқты деловой болса, мен «қой» деген жоқпын.

Мұндайда іркіліп тұратын Еділ ме:

– Ердекеңді деловой дейсің бе? – деп сөз қыстырып жіберді. – Деловойды тапқан екенсіңдер. Қой аузынан шөп алмас момақан емес пе, біздің Ердекең.  

Сонымен ортаға көкпар болып түскен – бәрінің көкейіндегі ортақ сұрақ, оның үстіне, бойды шалқытып әкетіп бара жатқан шараптың қызуы тағы бар.

– Иә, иә, Еділ дұрыс айтады. Біздің Ердекеңді деловой десеңдер бар ғой, мен мұрнымды кесіп берейін.

– Сенің пұштиып қалған мұрның кімнің шікірәсі? Ішінде қатқан маңқасы да жоқ. Бергің келсе, ана талшыбықтай бұратылған жеңешемді бер.

– Әй, сендер, сөзді бұра бермеңдерші. Мен осы отырғандардың ішіндегі ең деловой деп Еділді айтар едім. Бірақ соның өзінің жүрісі мынау – әйелдер секілді қытайдың ала дорбасын арқалап.

– Қой енді, біздің жігіттердің бәрі деловой. Айтшы, қане, деловой емес деп. Іштеріндегі ең жуасы, тынышы да, осы бізді қонақ қылып отырған Ердекең ғана.

       – Мәссаған, керек болса. Қалай, ә, сонда? Ең жуасымыз – ең байымыз. Сонда бұл қандай парадокс, түсініп көр, енді.

– Ал сонда білгіш болсаңдар, айтыңдаршы, біздің Ердекең қалай байыды екен?

Әлгінде ғана бір-біріне сөз бермей, шешенсіп отырғандардың  бір сәт тына қалғаны осы кезде. Кейінгі айтылған сұраққа «Қалай байығанын мен білемін» деп жауап бергісі келіп, суырылып шыға қойған ешкім болмады.

– Онда мен айтайын. Бұны білсе, бір-ақ адам біледі, – деді тағы да бүйректен сирақ шығарып жүретін Еділ.

– Кім сонда?

– Құдай қосқан қосағы Бибкадан артық кім білуші еді?

– Ә-ә, солай екен-ау, – десті отырғандардың біразы.

– Әй, бар ғой, осы! – деді қызып алған қонақтардың бірі білгішсіне сөйлеп. – Сендердің айтып отырғандарыңның бәрі далбаса. Қалай байығанын осы Бекеңнің өзі айтсын.

Мына ұрымтал ұсынысқа жұрттың аузы ашылып, аңқайды да қалды.     

– Шынында да, – десті көпшілік. – Қалай байығанын сол байыған адамның өзінен артық кім білмек?

– Оу, шынында да, бұл Ерденнің өзінен қалмайтын әңгіме ғой. Аузын ашса, көмейі көрінетін ақкөңіл емес пе біздің Ердекең.

– Көмейі емес, көтені, – деп, қолақпандай етіп қойып қалған, әрине, Еділ.

Өзін мақтаған сөздерге әлдекімдер құсап, танауы едірейіп, айқұлақтана қалатын адамың Ерден емес. Баланыкіндей кішкене аузын қаумалай жапқан сирек мұртын көтере жымиды да, дастарқан маңына отсыздау көздерін бір жүгіртіп қойды. Кісіге тік қарамайтын, қараса да, тайсақтап, жанарын тез тайдырып әкететін өзінің ежелгі әдеті.

Қонақтар сөзді қалай құйқылжытқанымен,  келіншегі Бибканың да сыр ашар сыңайы байқалмайды. Кішірек көздері майлы қабақтың тасасында сығыла түсіп, етті беті шырайланып алған.

– Әй, жолдастар, көреалмаушылықты қойсаңдаршы. Біздің Ердекең жуас болса да, ісіне мығым. Күйеулеріңді жөндеп ала алмай жүрген өздерің.

– «Жуастан жуан шығады» деген осы, – деп, Еділ орайын тауып, бір қағытып қойды.

– Ал, Ердеке, құлағымыз – сенің аузыңда, – деп түйінді сөзді айтқан – қонақтардың ең ересегі. Тамағын кенеп алған Ерден:

– Сендер қызықсыңдар… Шынында да, менде қайдағы пысықтық? Мен әшейін… амалсыз… байыдым ғой, – деді әлдекімге тәуелді сияқты көрінген әлжуаздау дауыспен.

– Ой, шикін-ай!.. Сен де айтады екенсің. Адам амалсыз баюшы ма еді? Олай болса, біз де амалсыз байысақшы осы.

– Әй, Еділ… Мен сен сияқты сөзге әлгі не… емеспін ғой. Мен енді… Өзі қалай болып еді? Сол қалпы айтып берейінші соны.

Қызып алғандықтан, қызбалана сөйлеп, дәудірлеп отырған қонақтардың ауыздары осы сәтте барып бір-ақ тынши қалды. Тек ауыз ғана емес, бұйырғанын солай қарай тасымалдап жатқан қол қимылы да саябырсыпты. Болған жағдайды көз алдарына елестетіп әкеткен – Ерденннің жасықтау жіңішке дауысымен міңгірлей айтқан әңгімесі.

…Үлгере алмай жатты. Қашанғысындай қағаз үстіндегі қапылыс. Үшінші тоқсанның бітпей жатқан есеп-қисабы баяғы. Алдындағы қағазға үңіле түскен сайын, ұш жағы жоғары-төмен ойнақ салған қаламының жүрісі де ретсіз.

Кенеттен есік тықылдағандай болды. Нақ осы уақытқа, түскі үзіліс кезіне тән емес оқшау дыбыс.

– Иә, – деді бұл естілер-естілмес жұмсақ дауыспен. Сылбыр ашылған есік аузынан алдымен бір жігіттің, одан кейін екіншісінің сұлбасы көрінді. Түрлері қарадүрсіндеу, киімдері олпы-солпы қыр қазақтарының қалпы. «Өзі үлгере алмай жатқанда қарашы мыналарды» деген ойдың тежеусіз келуі – табиғи.

– Аға, – деді сәлемдесу ишарасынан кейін әлгі екеудің безеу беттісі. – Бір қарындасты пропискаға тұрғызу керек болып тұр…

– Тұра берсін, оған менің қатысым қанша? – деді шаршаңқы жүзіне әлі ызғар жинап үлгере алмай қалған Ерден.

– Сол… сол шаруа… сіздің қолыңызда екен ғой.

– Қалайша менің қолымда?

– Сол…  Біліп келіп отырмыз. Алдымен сіз қол қойсаңыз, қалғандары да қол қоятын көрінеді…

Қағаз салынған папкадан өзге ауыр затты ұстап көрмеген ол екі қолын бірдей сілтей берді. «Жұмысым көп. Менен аулақ жүріңдер!» дегенді айтқысы келгені… Бірақ оған болмастан, безеріп тұрып алған – безеу беттісі:

– Аға, біз білдік… Тек бас тартпаңызшы. Қалада пропискасыз жұмысқа алмайды. Білесіз ғой… – деп, тақымдап қояр емес. Оған қасындағы қайыс қара қосанжарласып, айтар өтініштерін бірінен кейін бірі бастырмалата түсті.

Мұрнына су жетпей, шаншылып отырған Ерденнің дәл қазіргі мақсаты біреу-ақ: мына «мәмбеттердің» сөздеріне құлақ асып отыра бермей, реті келсе, қуып шығу. Соның қисынын енді ойластыра  берген мезетте безеу бет жан-жағына сақтана жалтақтап қарап алды да:

– Аға, біз түсінбейді ғой дейсіз бе? Түсінеміз, – деді, не де болса төтесінен тартып.  – «Құрғақ қасық ауыз жыртады» деген. Бір құнажынның жарты етін алып келдік…

Ұрты салбырап, алдындағы жұмысын әрең еңсеріп отырған орынбасарды еріксіз елең еткізген де осы сөз болды. «Құнажынның жарты еті» дейді. Дүкендерде ет жоқ кезде.  Базарда  бағасы аспандап тұрған уақытта…

– Жігіттер! – деді Ерден басын көтеріп. – Шыға тұрыңдаршы, мен ойланып алайын.

Жарыса түрегеліскен екеу есікке қарай жылжыды. Көздерінде – «болып-ақ қалар» деген үміт ұшқыны.

Бірақ аналарға уәде бергендей Ерден ойланған жоқ. Есік сырт  етіп жабыла салысымен, ешқандай да ойланбастан, қос қолдап жармаса кеткені – алдындағы қоңыр телефон.

– Алло, алло! Бибка… мен ғой… Иә, мен… мында білеулер келіп, құнажынның жарты етін беріп тұр… Иә, тегін, тегін… Тек мен олардың бір жұмысын бітіруім керек екен.

Дәліздегі екеудің көзі – өздері жаңа ғана сыртынан жапқан емен есікте, есік сыртындағы «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бастығының орынбасары Дүрімбетов Ерден»  деген жазуда. «Қашан шақырар екен?»

 Орынбасар шақырған жоқ, өзі шықты. Иығына жылы күрткесін іліп алыпты, сөзге сараңдау кісі ме, немене, айтқаны бір-ақ ауыз сөз:

 – Қайда? Көрейінші.

Үшеуі ескі «Москвичтің» капоты шалқая ашылған жүк салғышына үңіліп, біраз тұрды.

– Семіз бе?

– Иә, иә, қоңды. Қарамайсыз ба, мына қабырғасының қалыңдығын…

Түскі ас жайына қалған. Қайтадан кабине­тіне кірген Ерденнің жармасқаны – тағы да жаңағы қоңыр телефон. Әркімге айтып жүріп, бір машина шақыртты. Өзінікі емес, бөтен кісінікін шақыртқандағы ойы: «Кім біледі, біреу-міреу  көрсетіп жіберсе, шатысатындай болсын. Басқа көлік, менің шаруам қанша?»

Осы оқиғадан кейін бір аптаға жетер-жетпес уақыт өткен. Кезекті жұмыс күні де тынымсыз жылжыған сағат тықылымен бірге жұтылуға таяу. Есік қағылған соң:

– Да! – деп қалып еді, екпіндей басып, екі жігіттің кіріп келгені. Қазақтар емес сияқты: үсті-бастары жып-жинақы, басқан қадамдары – сенімді, қысық көздерінде – от ұшқыны.

Ерденнің алдына отырып алып, ай-шай жоқ екпіндетіп сөйлей жөнелгені: «Жатақхананың астында жертөле бар екен. Сол жерден 40 шаршы метрлік бір орын керек болып тұрғаны. Жігіттер сол жерге ағаш жабдықтарын оңдайтын шеберхана ашпақшы. Шағын ғана өндіріс орны, керек-жарақтарының барлығы сол жерге сыйып кеткелі тұр».

–   Ал оған менің қатысым қанша?

– Жертөлені жалға беру үшін сіздің қолыңыз керек екен.

– А-а, солай ма? Мен алдымен ақылда­сайын, сосын көрерміз…

Тайғақтау жауапты естіген екі жігіт бір-біріне қарасты. Сосын біреуі орынбасарға қарай орындығын жылжытып, итіне ілгерілей түсті де:

– Біздер, кәрістер – істің адамдарымыз. Айтсақ, орындаймыз, бір істі бастасақ, аяғына дейін шығарамыз. Сондықтан, агашка, былқылдатпай, ашығын айтыңыз. Біз құр қол емеспіз, сізге сияпатымыз дайын.

Өткен жолғы жарты құнажынның етінің дәмі таңдайында тұрған Ерден өзінің ботасын көрген інгендей лезде иіп бара жатқанын аңғар­ды.

– Әй, ондай болмайды ғой, жігіттер. Бұл – мемлекеттік мекеме, мен – мемлекеттік қызметкермін.

– Білеміз, білеміз, ағай. Сіздерде жалаң жалақыдан басқа не бар дейсіз? Жүріңізші, есік алдына шығып сөйлесейік.

Онсыз да өз кабинетінде өзі үркектеп, төрт қабырғаның іші тарылып бара жатқандай сезінген Ерден баптана қимылдап, орнынан көтеріле берді.

Бұл жолы райжилкомхоздың сыртқы қоршауына жанаса тұрған – жарты құнажынның етін тиеген ескі «Москвич» емес, түр-тұлғасы бөтендеу шетелдік автомобиль. КСРО азаматтарының көздері әбден үйреніп кеткен «Волга», «Жигули», «Москвич» тәрізді біркелкі автокөліктердің арасына шетелдік жеңіл машиналардың енді ғана сыналап еніп жатқан уақыты. Мынау да – сондай тосын тұрпаттты төрт дөңгелектілердің бірі екен.

Жаңағы иномарканың арт жағына таяй бергенде көзіне түскені –  жүк салғыштың жартылай ашық капотын шірей итеріп жатқан бір картон қорап. Кәріс жігіт асықпай ашып, көрсете бастаған.

– Сендер, осылай тұра тұрыңдар! – деді де, Ерден қайтадан кеңсесіне қарай  тұра ұмтылды.

Содан шыңылтыр аяздың өтінде екі жігіттің біраз күтулеріне тура келген.

– Мынаның, – деді сосын кәрістердің бірі, – пойыздан қалған адамдай кеңсесіне қарай жүгіргені жаман.

– Несі жаман болушы еді? Біреумен ақылдасқысы келген болар.

– Байқайықшы өзі. Милицияға ма, КГБ-ға ма, бір жерге звондап жүрмесін. «Маған пара ұсынып жатыр» деп…

Мығым тұрған алғашқысын орнынан қозғап жіберген де – күдік түтінін бықсытқан осынау сөз. Ішке қарай қалай тез жүгіріп кірсе, оның қайтадан сыртқа атып шығуы да  соншалықты тез болады.

– Қане, оталдыр машинаңды!.. Зыттық, тез!

– Е, не болды?

– Мына калбитің, шынында да, біреуге звондап жатыр. Табанымызды жалтыратайық.

Бұлар сол қалпы безіп жоғалар ма еді, қайтер еді, егер сыры беймәлім иномарка сол сәтте  от алмай қалмаса. Сонан қозғалтқышты әрең дегенде дүрілдетіп алған соң, ышқына келіп, енді отыра бергендеріңде:

– Тоқтаңдар! – деген әлжуаздау дауыс шықты арттарынан. – Қайда барасыңдар?

– Сен қайда звондадың? – деді манағы күдік­шіл жігіт қара көзілдірігімен қысық көздерін қалқалай қалып. – КГБ-ға емес пе?

– Ойбай, онда нем бар? Әйеліме, әрине.

– Әйелің КГБ-да істей ме, немене?

– Қайдағыны шығармаңдаршы, ей, жігіттер. Жай ақылдаспаймын ба?

– Оған не айттың сөйтіп?

– Сендердің айтқан сөздеріңді. «Осылай да осылай, бір жігіттер түрлі түсті теледидар ұсынып тұр еңбегіме», деп.

– Әйелің не деді?

– Қандай әйел сыйлықтан бас тартушы еді? Тек күдіктеніп тұр ол.

– Не нәрсеге күдіктенеді?

– «О заман да бұ заман теледидарды алыстан қалай қосуға болады? Ондайды кім көрген?», – дейді…

– Әрине, бұндай нәрсені көрмеген кісі сенбеуі мүмкін. Бір жерге апарып, құрып, көрсетейік. Біздер, кәрістер, істі таза істейміз…

Ерден қайтадан кеңсесіне қарай құлдыраң­дады. Бұл жолы кәріс жігіті де қалыспай бірге ілескен. Шамасы, мына түрі түксиіңкі, мұртты қазақтың кеңседе қазір не істейтінін өз көзімен көрмек.

«Онда, – депті телефонның ар жағындағы көрінбес ақылшы, – бір оңаша үйге апарып, теледидарды тексеру керек».

Бұл Ерден деген жігітіңіз – өзі жұмыстан сылтаусыз шыға алмайтын, жүктелген тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындап отыра беретін момақан да тиянақты қызметкер. Сондықтан алыстан қосылатын чудо-телевизорды жаңағы көрінбес билік иесінің өзі тексермек. Ерденнің тосатыны – соның «иә» не «жоқ» деген хабары ғана.

Теледидарды тексеру жұмысының бастал­ғаны  – жұмыс уақыты біткеннен кейін ғана.

Ерденнің үйіндегі қожабике есті адам ғой. Аспаннан түскендей ғажабы мол теледидарды бірден үйге қарай ала жөнелмей, сіңлісінің үйіне жіберді. Бар тамашасын алдымен осы жерде тексеріп алмақ. «Пара» деп біреу-міреу көрсетіп жатса да, аулақта, басқа жерде тұрған затты айғақ деп айта алмайды.

Шынында да, міне, қызық.

Қолға ұстауға ыңғайлы бір қалақтай заттың бетіндегі түймелерді басып қалсаң, анадай жерде өз бетінше тұрған теледидардың  беті де бірге жыпылықтайды екен. Сөйтіп, қол тигізбей-ақ, тіпті жақындамай-ақ, теледидарды іске қосып, қалаған арнаңа аударып ала бересің.

Мұндай кереметті бұрын кім көрген?

Мұндай батпан құйрыққа ең алдымен мәз болғандар – сіңлісінің бала-шағасы. Осындай ғажабы мол көгілдір экранның Ерден үйінің босағасынан сығалағаны – тек бірер ай өткеннен кейін. Күдік келтірер ештеңенің ыңғайы байқалмаған соң ғана қожабике солай тәуекел етіпті. Босағадан сығалады дегенше «төр менікінің» кері болды. «Чудо-телевизор» Ердекең үйінің сәнін келтіріп, әлі күнге сол өзіне лайықты құрметті орында «мені көр» дегендей шірене талтайып тұр.

Бұл кезде «Райжилкомхоздың» да тынысы тарылып, күндері санаулы болып келе жатты. «Ойбай, мемлекеттік мекемелердің бәрі мемлекет меншігінен алынады екен, кооператив болады екен» деген секілді небір алыпқашпа сөздерден құлақ сарсылады. «Жекешелендіруді жеделдетейік» деп адамның дегбірін алатын ұшқыр ұранның да көтерілгені осы кездерде.

Адам түсініп болмайтын бір алақұйын заман. Әйтеуір әзірше «Райжилкомхоздың» тарай қоймағанына шүкір. Шүкіршілікті көбірек айтатындардың бірі – Ерденнің үйіндегі қожабикесі Бибка.

Олай деудің себебі де осал емес. Қол қысқа, өрісі тар қарапайым халық әрлі-берлі сеңдей соғылысуда. Біреулері бір үзім нан табу үшін  жандарын жалдап, бейнет шегіп жатса, бағзы біреулер тиісті де, тиісті емес те сыбағаларын үзіп-жұлып, қармап қалудың қамында.

Кеңсе алдына кесе-көлденеңдеп келіп, Ерденді төңіректеушілер де осы соңғылардың  тобынан.

Қыс басындағы құнажынның жарты еті бойға құт болса, пультпен басқарылатын түрлі-түсті теледидар үйге құт. Шаруалары тынып жатса, шамалары жеткенше сый-сияпат беруге ұмтылушылар өз алдына бір бөлек кезек.

Біреуді жатақханаға бір жылға жібергені үшін түскені – радиотелефон болса, келесі прописканың құны енді жарты құнажын емес, ортан қолдай бір сиыр. Сөйтіп, түсім жағы қызып жатқан өнімді күндердің бірінде Ерденнің алақанына келіп, алақандай үш көк қағаз да қыстырыла қалды.

Тек құдіреті күшті «рубльге» ғана бағынып, шетелдік валютаны түсінде де көрмеген қарапайым жұртшылық үшін шытырлаған көк қағаздың әсері қандай екенін тәптіштеп  жатудың қажеті шамалы болар. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады». Бұл кезде көлденең түсімнің («пара» деп айтуға ауыздары барған емес) үйге келе бастағанына еті үйреніп қалған Бибка енді  бұғып, сақтанып, қорқа беруді де қояйын деген.

Кеңсеге келген кезекті бір ұсыныстың үстінде қашанғысындай «ақылдасып алайын»  деп, Ерден дереу үйге звондай қоймай ма… Сондай жағдайда байқағаны – баяғыдай алақ-жұлақ алаңдап, қарадай шошынатын Бибкаң өзінше өжеттеніп алыпты. Аузынан шығатын шешім де жалғыз-ақ:

– Әкеле берсеңші үйге!

– Әй, Бибка, КРУ-дің, КГБ-ның бар екенін ұмыттың ба? – деді Ерден келесі бір жолы «Үйге әкеле бер» дегенді естігеннен кейін.

– Ерик, сен қызықсың. Қазір КГБ-ың қайда, милицияң қайда, кімді кім біліп жатыр осы. Сен оны айтасың, әне, Виктор Ивановичтер үй тұрғызып алыпты әуелі.

– Е,  тұрғызса тұрғыза берсін. Оған не күйгенім бар?

– Үйі екі этажды екен.

– «Екі этажды» дейді?! Қой, қайдағыны айтпа, жеке адамдарға екі этажды үй салуға болмайды. Мен де білем ғой… – Ерденнің олай дейтіні – қалалық атқару комитеті бәленінші жылы жекелерге екі этажды үй салуға тыйым салған. Ұмытпаса, сол заңды әлі ешкім өзгерте қоймаса керек.

– Е, білесің, – деді Бибка да жеңістік бере қоймай. – Ол Совет өкіметінің заманы. Ал қазір… басқа заман. Тәуелсіздік алғанымызға бірнеше жыл болып кетті  емес пе? Е-е, сені де білдей қызметкер дейді ғой.

Қазір алыс-беріс параның да түрі өзгерген. Бұрынғыдай құнажынның жарты еті немесе екі қап картоп деген сияқты нәрселер енді араға жүруге қауқарсыз. Биекеңдер тіпті теледидар, тоңазытқыш тәріздес тұрмыстық техникаларды да былай ысырып тастап, бірыңғай көк қағаздармен ғана сөйлесуге шыққан.

Енді Ерденнің басын даң қылған бір нәрсе – Виктор Ивановичтың екі қабатты үй салуға қайтіп рұқсат алғандығы.

«Бақсам, бақа екен» демекші, біреуді біреу біліп болмайтын мынау алас-күлес  уақытта кешегі Совет заңдары ептеп  белінен майыса  бастапты.  Қалалық атқару комитетінің екі этаж туралы шешімін ешкім өзгертпесе де, Виктор Иванович тәуекелге басқан көрінеді. Даңғарадай зәулім үйдің екінші қабатын бастап жібергені рас екен.

Ол ғана емес, қаланың әр тұсынан биік үй салуға белсене қам жасап жатқан басқа да адамдар бар болып шықты. Осыдан кейін-ақ маза қашты Ерденнен. Бір ретін тауып, осылардың кейбірін өз көзімен көріп қайтты да, үйіне біртүрлі тұнжыраңқы күйде оралды.

– Жұртқа қарағанда, сен бірінші білуің керек емес пе осыны? – деді Бибка басқа сабап, көзге шұқи сөйлейтін әдетімен. – Іс басында жүрген адамсың. Қолыңда аз да болса билік  бар, керек кезде қимылдап қалу керек қой.

– Е, мен немене, ай қарап жүр ме екем? Бұйыртқан бірдемесін мен де әкеп жатырмын ғой.

Ар жағында дәлелді уәж тұрған сөзге сәл басылыңқырап қалған Бибка ойын жинақтап алып, қайта көтерілді.

– Кім білсін, ертең не болып кетерін? «Құдай осылай беріп тұрған кезде, аузыңды ашып, қарап  қалма» деп жатқаным ғой. Белден басып жатқан жұртты көріп тұрсың.

– Ерден-ау, сен өзің тартыншақсың, – деді Бибка сәлден кейін бұл әңгімеге қайта айналып соғып. – Үстіңе үйіліп келіп жатқан пайдадан қашасың. Кішкене батылдау болсаң, нең кетеді.

– Осы әкеп жатқаным аз деп отырсың ба сонда? Бала-шағаның нәпақасы ғой, Алла бұйыртып жегізсін де.

Тағы да дәлелді сөздер. Бұл әңгімені осымен де доғара тұруға болатын сияқты еді. Бірақ күйеуінің көзін бір нәрсеге жетізіп барып бір-ақ тоқтамаса, Бибка болар ма?

 – Ай, Ерик, Совет кезінде өсе алмай қалғаның да, осындай бостығың ғой. Ылғи «зам» болып келе жатқаның өтірік пе? Неге олай? Өйткені өзге жұртқа қарағанда, ылғи да бір қадам кем жүресің. Кем жүретін себебің – бір қадам кем ойлайсың. Өзің де көріп келдің ғой Виктор Ивановичтың үйін.

– Көрдім. Онда тұрған не бар? Ертең бір-ақ күнде құлата салуы мүмкін. «Рұқсат алдым» дейді. Қалалық атқару комитетінің шешімі өзгермепті. Сонда күллі еңбегі,  несі… шығыны босқа кетпей ме? Қанша материалы тағы бар. Оны былай қойғанда, сол Виктор Ивановичіңнің өзін нетіп… қамап тастаса қайтесің.

– Ой, сен де қайдағыны айтады екенсің? Кім құлатады? Ешкім де құлатпайды. Тәуелсіз мемлекетпіз. Совет өкіметі құлаған соң, бәрі өзгеріп жатыр емес пе?! Тіпті сен айтып отырған «атқару комитеті» дегеннің өзі жоқ қой қазір. Қалалақ әкімшілік болып кетті емес пе оның. Айттым ғой «өмірден қалып қойғансың» деп.

– Сонда сен… сонда сен… – деген кезде Ерденнің сәл қиғаштау біткен кішірек көздері әйелінің еркін жатқан етті бетіне аялдай қалды. – Маған да нет деп отырсың ба?

Өзі қақпақылдап әкеле жатқан әңгімеге күйеуінің көзін осылайша әрең дегенде жеткізгені. «Тугодум ғой. Бірден түсіне қоюға бұның логикасы қайдан жетсін?» деп ойлады түсіндірем деп шаршаңқырап қалған Бибка. Сонда да іштей сабыр сақтауға тырысып-ақ отыр.

– Е, несі бар? Екі этажды үй салсақ, біз кімнен кембіз?

– Үй салайық. Бірақ әлгі екі қабатты дегеніңді… білмеймін.

Ерденнің басына баяғыдан-ақ орнығып алған – жолдастары айтып, миына құйып қойған «Үйде отырған қатын не білуші еді?» деген сөз баяғы. Сөйте тұрып, әрбір қадамды аттар алдында ең алдымен ақылдасып алатын адамы – тағы сол.

Күйеуінің көзін ашуға шебер болғанына қарап, бәзбіреулер Бибканы іс үстінде жүрген әйел деп ойлап қалуы әбден ықтимал. Ал шынтуайтына келгенде, оның жұмыспен ара қатынасы тиіп-қашты ғана. Осы уақытқа шейін әртүрлі ұсақ-түйек қызметтің басын щалған болып келеді. Тіпті сол қызмет дегеніңді істемей-ақ қояр еді, өтіп кеткен Совет өкіметінің кәмелетке толған әр азаматты жұмысқа тартатын заңы болмаса.

Енді тәуелсіздік кезеңінен бері жаны кіріп, рахаттанып қалғандай. «Жұмысқа шық» деп, ешкім қоқаңдай алмайды. Қайдан қоқаңдасын мемлекеттік жұмыс орындары бықпырт тигендей болып үсті-үстіне қысқарып жатса.

Соны пайдаланып, бір мекемеге барып жүрген сыңай танытады, бірақ танау қанайтындай жүктеме жоқтың қасы. Жарты ставка деп  рәсімдетіп қойған, әйтпесе сол мекеменің есігін аптасына, әрі кетсе, екі-үш рет қана ашқан болады.

«Қай жерде жұмыс істейсің?» деген жат­тан­ды сауалға  қайыратын жауабы да ылғи қалтасында: «Басқарушымын». «Нені басқарасың?» «Ерикті»

Еділ деген қушыкеш жолдасының шығарып жүрген сөзі ғой: «Бибканың басқарып жүргені Ерик екен», – деп. Содан реті келсе болғаны, Бибка өзінің Ерденді басқаратынын айтып қалуға әуес.

«Жаманның айтқаны келмейді, сандырақ­тағаны келеді» деген. Ал бірақ Бибканы «жаман» деп айтуға кімнің аузы бармақ? Ешкімнің де, әрине. Соған қарамастан, неге екені белгісіз, әйтеуір осы әйелдің айтқаны келіп-ақ жүр.

Виктор Иванович екі қабатты биік үйін шапшаңдатып тұрғызып-ақ тастады. Ондай зәулім сарайды «коттедж» деп атайтынын да алдымен біліп жүрген – баяғы құлағы түрік Бибка.

Тек ол ғана емес, қос қабатты жеке меншік үйлер қаланың әр тұсынан-ақ бой көтере бастапты.

– Ал, енді осынша үйді құлатып көрсін өкімет. Сол тұрғызып жатқандар сонда ақымақ па екен?

– Иә, ойлану керек болды, – деді де, қойды Ерден.

Тағы да Бибканың айтқаны айдай келді. «Райжилкомхоздың» соңғы  тынысы да та­қап қалған екен. Айлық жоқ, шыққан шығындардың орнын жабу да мүмкін болмай бара жатыр. Өзі өлшеулі штат, қысқартудан қысқарту. «Есің барда еліңді тап» қағидасын қатты ұнататын жігіт қой, Ерден бір күні тұрғын үй басқармасының төрағасы болып шыға келді.

«Дау-дамайы, айқай-шуы көп шағын мекемеге несіне барды екен?» деген сұрақтар да төбе қылтитпай қалған жоқ. Тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін бұл орынның былайғы жұрт біле бермейтін пайдалы жақтары да бар екен. Біреуді біреу біліп болмайтын аласапыранда тек көзін таба білсең болғаны. Бибка тәрізді ақылгөйі мығым Ерден сөйтіп көзін таба білді. Қайтіп тапты, қалай тапты, ол жағын өзі ғана біледі.  Ондай-ондай құпияны сыртқа шығара беретін Ердекең соншалықты ақымақ бола қоймас. Өзіне қарасты тұрғын аймақты жіті зерттеп, аз уақыттың ішінде ненің не екенін зердесіне тоқып үлгерген еді. Ең бастысы, параны араластырмай-ақ тағы бір нәпақаның төбесі көріне бастапты.

Тұрғын үй басқармасында істеп жүрген аз ғана уақыттың ішінде екі-үш пәтерді өз жағына қарай қаратып та үлгерген еді. Біреулер тіркеуден шығып, Ресейге көшіп жатты. Баспанасы болғанымен, қамқоршысыз қалған жалғызілікті қарт адамдар да бар екен. «Берейін десе, Құдай форточкадан да береді» деп жатады ғой. 

Қағаз жұмысының құйтұрқыларын жетік меңгерген жігітке кейбір пәтерлерді өз жағына қарай бейімдеп алу соншалықты қиын түсе қойған жоқ. Ресейге кететін еркектен қолхат алып қалған. «Құрғақ қасық ауыз жыртпасын» деп, өлшеулі тиын-тебенін алақанына қыстырды.

Ал жалғызбасты өлмелі кемпірден өз атына өсиет жаздырып алу да бәлендей маңдай тер төгуді қажет ете қоймады. Соның арқасында кемпірдің екі бөлмелі үйі еріксіз Ерденнің иелігіне көшіп алды.

Жұмысында айқай-шу молайып, машақат қабындап тұр. Ең қиыны – істен шыққан құбырларды, дымданып, сылағы түскен қабырғаларды жөндету. Үй төбесінің шатырлары да бұл шаруашылықтың шатқаяқтай бастағанынан хабардар етіп әлек.

 Осылайша жұмыс қызу жүріп жатқан кезде тұрғын үй басқармасына да тықыр таянды. Сол баяғы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бастан кешкен белгілі сценарий. «Тұрғын үй басқарамасы енді пәтер иеленушілердің кооперативі болады екен» деген әңгіменің құлағы қылтиды.

Өтпелі кезеңнің баяғы тәртіпсіз өктемдігі.

Кетеуі кете бастаған жерде аузы аңқайып отыра беретін ақымағың Ерден емес, әрине.

Аңысын аңдып байқаған соң, ол бұл жерден де табанын жалтыратты. Бірақ бұл кезде Бибка арман қылып, қайта-қайта қақсай беретін екі қабатты үйдің іргетасы құйылып та қойған болатын.

– Біздің Ерекең бірдемені бастасын демеңіз, – деді Бибка рахаттана күліп. – Бастаса болды, қолға алған ісін аяқтамай тынбайды. Бұл жолы да сөйтті. Сондай өлермендігінің арқасында ғой, бұл коттеджге кіріп алғанымыз.

Момын жігіттің аяқ астынан байып кетуінің ұзын-ырғасы, міне, осындай болып шықты.

Әңгіме де бітті, сол екі қабатты коттедждің кең холлында манадан дуылдасып отырған қоныстой қонақтары да бір сәт үндемей қалысты. Бәрінің көз алдында – амалсыз байыған жуас Ерденнің жарқын тіршілігі.

– «Құдайдың берген несібесі екен», – деді де, Еділ рюмкасын жоғары көтерді. – Біздің Ердекеңнің несібесі үшін түгел алып қояйық  енді…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.04.2020 | 14:56

басқаша айтқанда, кейіпкер «герой нашего времени» ғой.

Аноним 11.07.2020 | 04:19

30 жыл бұрынғы «герой нашего времени». бұрыннан қалып қалған бір әңгіме де

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір