Мағауин шыңы
20.02.2020
2898
2

«Өткен өмірді тірілту, бүгінгі күнді әйгілеу – қазақтың қасиеті мен қасіретін айғақты таңбаға түсіру. Сенің еншің. Тағдыр, талайың. Парызыңды өтеп қана қоймайсың, өзің де асқаралы биікке шығасың».

Мұхтар Мағауин

Ол мұны айтқанда жас еді. Небәрі жиырма жаста.

Қатпар-қатпар уақыт пен кеңістік шексіздігіндегі түйдек ойлары Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа жөңкіле ағылып, сайын сахарада еркін көсіле жүріп, тарау-тарау тарқатылғанымен, тазы уақыт шалдырмайды, мәңгілікке ешкімді қалдырмайды.

Тежеусіз уақыттың серігі – тынымсыз сағат тырсылы. Мағауин тудырған шығармалар ақ қағаздың бетін шиырлаған жоқ, есті оқырманның жүрек көзін ашып, шымырлатты. Ой дариясын тасытып, құдіретті қара сияның күшін өзінің тарихын танытуға, рас, кейде таныстыруға жүгіндірді. Оятты. Тірілтті. Жазды. Көзбен жүгіріп өтпек болғандарды да аямады. Мән мен мазмұнның тереңіне түсіп кетерлік өзгеше тұрпатты шығармалар шоғырын маздатты.

«Қас қаламгер өзі үшін ғана жазады. Ең алдымен өзі үшін. Алма ағашы неге гүлдейді, жеміс шықсын, оны біреу жесін деп емес, тіршілігін жалғау үшін. Гете «Мариенбадтық элегиясын» кім үшін жазды? Өзі үшін. Жазбаса… құсадан өлетін еді. «Жазу – физиологиялық құбылыс. Тәннің емес, жанның, рухтың, ой мен сезімнің ми қатпарларында қорытылып, тазарып шыққан көрінісі» деген қаламгер сөзі бар. Анығы – «Шипалы Арасан» шығармасында. Арысы мен берісі – қадау-қадау нақты сөз, тегіс, жұмыр. Айналасы бір ғана азат жолмен қаламгерлік азаттықтың алтын қақпасын ашқан. Ұлтым үшін, елім үшін жаздым демеген. Көзімнің қарасы – қазақты тану, ағы – ғажапты тану емес, өткенге қарыз – бүгінге парыз деп азаптану да емес. Мұратын мойындаған қаламгер болмысы – осы. Өзі үшін жазды, тәбәрікке тарту етті.

Ұлттық әдебиет деген бір дара жол бар. Оның жолаушыларын Тәңірдің өзі таңдаған. Аса мейірлі кейіппен, маңдайынан иіскеп, арқасынан қағатын болар. Үзеңгіге аяқ тіреген «ұлы жазушыларға» қосақталып, өміріне өңгеріп берілген атаулы мұраты болады. Мұратқа жетер мұрсат та берген. Тіпті ұзақ, не күрмеуге келмес тым қысқа ғұмыр. Жебейтін Жаратушының желейтіні болар, «ұлы» болған соң мұратына жетпегені болмас. Тағдырына жүгініп, қылғанына үңілсең, тегін келіп, текке кетпегені. Заңғарлығы – заңдылық. Мұхтар Мағауин бейнесі де осы қалыпқа сай. Жігіт Мұхтар парызын пайымдап, мұратына бекінгенде өр кеуде жиырмада болатын.

«Алпыстың аршысына мініп, Ұлы Абайдың жасына жеттім», – деген өзі. «Көре сала жүгіретін әуесқой жазарман емеспін», – деген де өзі. Одан бері тағы жиырма. Тәңірі таңдаулы ұлдың Прага кешінде, көлік кептелісінде тұрып сұраған тілегін қабыл алды. Куәміз. Көк пен жер куәгер. Аласапырандай өте шыққан алпыс, жорға ғұмыр жетпіс, тал түстегі күннің ең биік межесіне өре тартқан – сексен.

Атаның найзасы, бабаның болат қылышынан қалған ерлік – ұрпаққа мақтан тұтар дерек һәм дәйек. Елі ұмытпаса – жыр, ері дәріптесе – дастан. Жазушы Мұхтардың әрбір тарихи туындысы өткенін өшірмей, тірнектеп теріп, кемеліне келтіріп бәдіздеген тарих. Тасқа ғана емес, ұлттық санаға деу ләзім. Тапсаң – тәубә, сақтасаң – сый, қадіріне жетсең – қасиет.

Толстой жазды, Бальзак жазды. Мағауин де жазды. Алыптардың алыптығын айқындайтын аты мен заты емес. Ойдан шимайға, шимайдан суырылып шығып, шығарманың шарасына сыйған төл туындылардың өзі. Таласқа тартып тұрар оқырманның талғамына тура түссе – табындырады, іздетеді. Заттанған бейнеге хаттанған болмыс жақын. Өлі кітаптағы қаламгер құдіретіне тірінің тартылысы осы болар. Әркімнің өз хикаясы бар. Мен де оқырманмын. Қойнына кітап құшақтаған бала болдық. Жазушының түйдей құрдасы, марқұм атам Өміртай жинақтаған кітап толы сөрелердегі томдықтардың ішіне үңіле-үңіле, қаламгердің атына ғана емес, ғасырлар жырлаған алдаспанына, кейде кездік, кейде қылыш, бірде жүйрік, бірде Шері, ағы мен қарасы аралас кейіпкерлеріне де құрмет қылдым. Қаламгерлікті ғана емес, қалам ұшынан құйылып жатқан өзгеше сыпатты сөйлемдегі әр сөздің жақындығын, кейіпкер келбетінің келістігін, жолдардың жат еместігін мойындау. Ол мендегі мойындауға мұқтаж емес. Керісінше, менің Мағауин өлшеміне сыйдырған өткеніме ілтипат жасауым парыз, өзімді, болмысымды тануға жетелеген жазушы өнеріне бас ию – ар-ұжданыма қарыз.

Ұлттық әдебиетімізде аты қалған қаламгер, жазарман көп. Бәрінің әдеби қоржынға қосқан үлесі, өзіндік үлгісі бар. Қалам ұстағанның барлығы жазушы, ал жазушының бәрі Мағауин емес. Еуропаның, әлемнің алыптары тұтас дәуірдің дүрмегін бір әулеттің тағдырына таңып беріп, заманның келбетін кестелеу деген жол тапқан. Иілгіштігі жоқ, ғасырлар бойы аяры мен зорлығы алты құрлықтан асқан азапты көрген, қамыттағы қазақтың қисынын келтіру қаламгерге қиын соққанын сеземін. Жазды. Жеткізді. Аянбады, аямады. Ғұмырдың әр белесі – бір құрбандық. Қалай айтсақ та Алаштың бағын асырған қаламгеріміз қымбат.

Қаламгердің жолдасы – ой, жүгінері – уақыт. Уақытқа жандының бәрі тәуелді. Тырсылдап тұрып тағатты һәм тағдырды тәмам етпек. Өмірдің кеңдігін, уақыттың кеңістігін кеміріп келеді. Үлгеру керек. Сом-сом бейнелерді том-том кітаптарға салды, бірге жанын да салды. Шытырманға толы қия жолдары көп, сол қия жолдар тудырған қайсар рухқа толы туындыларды тиісінше бағалау, қадіріне жету аз. Қия кескен, қыңыр, татымы жоқ сын бар да, алғаусыз, шынайы сынға сараңдық басым. Әлде аярлық. Үндемей қаламыз ба, үлгермей жүрміз бе? Жөн-жоралғысымен лайықты құрметті көрсете алдық па? Шырылдап айтар бір кем дүние осы.

Бүгінгі елім – кәделі, ерлерім – еңселі. Езгінің есігінде теперіш көрмей, шуақты, сәулелі ертеңге еніп келеміз. Меншіктегі мәдениеттен, тамырдағы тарихтан, елдік дәстүрден айрылмадық. Дәуірлердің дүрбелеңі мен ғасырлардың ғазалынан сүрінбедік. Қазақтың қазақтығын сақтаған қай құрал, қай қару?! Мағауиннің болат қаламынан тамған өзіндік үлесі бар айшықты таңба. Кешегі кеудені басқан кер заманда қазақ рухының қайтпас қайқы қылышы – алдаспаны болды, жебеген өзі. Басқа заманда Тәңірі таңдап, басқа кейіпте Мағауиннің бағына бұйырды. Аманатын нық ұстады, қиялай шауып, қағаз бетінде қапысыз сілтеді. Әңгіме, антология, роман, хамса кейпіндегі мұралар қазақтың еншісінде қалды. Жазары бітпесе, Жамбыл жәкемнің жасын көргей. Өрлей асса, торқалы той – қуаныш, жұртына – жұбаныш.

Өзі құрмет тұтқан қаламгерлері жөніндегі ойынан «өзінің бүгінгі болмысын» ашар орамы, орайы келері осы теңеу – әлемдік әдебиеттегі дара шың – Мағауин шыңы.

Амалбек ӨМІРТАЙ,
Түркістан

ПІКІРЛЕР2
Аноним 31.03.2020 | 19:25

Казак халкынын оте корнекти тулгасы орны ерекше каламгер атамыз!Мангилик казак халкынын жадынан ошпестей из калдырган дара тулга иегери!

Аноним 25.06.2020 | 00:32

Қазақтың ұлы перзенті
Мұхтар Мағауин қайраткерлігі мойындалған жазушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір