«1+1…»
26.02.2020
810
0

– Кешіріңіз, менің мына сауалыма жауап бере аласыз ба: «1+1»? Әрі қарай қалай жалғастырар едіңіз?

Бұл орайда реалистер жауабын «2» деп қысқа қайырарына еш шүбәм жоқ. Аса діндар адам «Бұлай айту – күнә. Жаратушы – Жалғыз. Оған серік қосуға болмайды» деген сарында уағыз айта жөнелуі де ғажап емес. Ал нағыз романтик «1+1 дегеніңіз – Махаббат!» деп поэтикалық шабытпен арқалана жауап берер-ау. Жұмыртқадан жүн қырқатын пысықайлар болса «1+1 – капитал» деп сарт еткізбесіне кім кепіл. Француз режиссерлері Оливье Накаш пен Эрик Толеданоның трагикомедия жанрындағы «1+1» фильмін көргеннен кейін, анығын айтқанда, көре отырып, кинотуындының атауы ретінде алынған, былайғы уақытта еш мән бермейтін қарапайым «арифметикалық амалға» өз жауабымды іздей бастадым.

  «1+1» фильмінің басты кейіпкерлері – оқыс оқиға салдарынан сал ауруына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылған, орта жастан асыңқыраған бай ақсүйек Филипп (рөлде Франсуа Клюзе) және оның күтушісі – кедейлер кварталында туып-өскен қара нәсілді Дрисс атты жігіт (рөлде Омар Си; осы рөлі үшін ұлттық «Сезар» сыйлығын жеңіп алған).

 Ә дегеннен-ақ екеуі мүлде екі бөлек әлемнің адамы екенін танисыз. Филипп – өнерді, әдебиетті, классикалық шығармаларды сүйетін, білімді, мәдениетті, парасатты, байсалды, дегдар жан. Ал Дрисс ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге дағдыланған, тер төгіп еңбек етуді ұнатпайды. Кітап бетін ашуға құлықсыз. Көше әндерін, ырғақты әуендерді жақсы көреді. Дөрекі мінезді. Тіпті, ұрлық жасағаны үшін жарты жыл түрмеде жазасын да өтеген.

Өздігінен жүріп-тұру, ішіп-жеу, қимыл-қозғалыс жасау мүмкіндігінен айырылған, айналасындағылардың мүсіркей қарауынан қажыған, көп адамның ортасында іштей жалғыздық зардабын тартқан Филипп пен бойында күш-жігері тасқындап тұрған Дрисс бір-бірімен тіл табысып қана қоймай, аз уақыттың ішінде ажырамас серіктерге айналады.

…Түн. Алаңсыз ұйқы құшағындағы Дрисс дыбысқабылдағыш арқылы көрші бөлмедегі Филипптің тыныс алуы ауырлап жатқанын естиді. Ұшып түрегеліп, сырқатқа көмек беруге жүгіреді. Ешнәрсе сұрамастан, қолынан келген ем-домын жасайды. «Бәрі жақсы болады. Мен жаныңдамын» деген сөздерімен дем беріп тұрады. Содан жағдайы дұрысталып, қайта ұйықтап кеткен Филиппті кірпік ілмей күзетумен болады. Тағы бір ауа жетпей қиналғанында оны далаға алып шығып, таза ауада серуендетеді. Сонда Филипп те «түнгі Парижді араламағалы көп болыпты-ау» деп дүр сілкініп сала береді.

Мен жан дүниеме ерекше әсер еткен осы көріністен кейін «1+1» дегеніміз не екенін білдім.

Жалпы, фильм өмірде болған шынайы оқиғаға негізделіп түсірілген. Филипптің прототипі – Филипп Поццо ди Борги атты текті әулеттен шыққан ауқатты француз ақсүйегі. Ал Дрисс Бассаридің прототипі – Абдель Селлу алжирлік араб отбасында туғанымен бала жасынан Парижде өскен. Әке-шешесі оны төрт жасында баласыз туыстарына беріпті.

Филипптің «Екінші мүмкіндік» дейтін өмірбаяндық кітабының желісімен түсірілген фильм жарыққа шыққаннан кейін Абдель де досына арнап «Сен менің өмірімді өзгерттің» атты кітабын жазады.

Фильмде Филипптің ықпалымен Дрисстің өнерге қызығушылығы оянады. Қолына қылқалам алып, сурет те сала бастайды. Дөрекілігінен арылады. Өз-өзін табады. Өмірі жаңа арнаға түседі.

Ал Дрисс арқылы Филипптің өмірге деген құштарлығы қайта оянады. Жүзіне күлкі жүгіреді. Тіпті, өзінің осынау мүшкіл халінен арланып, хат жазысумен ғана шектеліп, кездесуге бата алмай жүрген бір бикешпен бетпе-бет әңгімелесудің сәті түседі. Оның сондағы Дрисске деген шынайы ризашылығын жасыра алмай, қуаныш пен үміттен алабұртқан жүзін көрсеңіз…

Әлем бойынша үздік кинотуындылар қатарына енген бұл фильмнен әр  көрермен өзінше ой түйері анық. Ал мен «1+1» дегеніміз – Өмір деген тұжырымға келдім. Өзгеге Өмір сыйлау.

Екі достың да кітабын оқып отырып мұндай жағдай тек кинода ғана болмайтынына көз жеткіздім. Өмірде де Филипп пен Абдельдің бір-біріне деген ықпалы күшті болған. Мәселен, Абдель Филипптің арқасында кітап оқи бастайды. Заңға құрметпен қарауды, әйелдерді сыйлауды үйренеді. Ол кітабында былай дейді: «Қандай қиын жағдайда да ішкі рухын жоғалтпаған осы бір адаммен кезіккеннен кейін бізді жұмыс пен адамгершілік борыштан да маңызды нәрсе байланыстыратынын сездім. Ол менің өмірге көзімді ашты. Поццомен өткізген жылдарым мен үшін оқумен өткен жиырма жылға тең. Біз әңгіме етпейтін тақырып жоқ».  

Бүгінде Абдель Селлу Парижде, ал Филипп Поццо денсаулық жағдайына байланысты Мароккода тұрады. Екеуі де отбасылы. Филипп – екі баланың, жеке кәсібін дөңгелентіп отырған Абдель – үш баланың әкесі.       

Ең бастысы, екеуі бір-бірімен әлі күнге дейін дос. Жиі кездесіп те тұрады екен.

Ғаріп жанға шынайы жанашырлықпен қамқорлық жасау, өмірге деген үмітін жандандыру – қазаққа да тән адамшылық қасиет. Ыдырыс – Дрисстің дәл қазір жаныңызда жүргені анық. Бәлкім, ол сізбен көрші тұратын шығар. Немесе көрген кезде аман-саулық сұрасудан әрі аспайтын бір танысыңыз ба екен… Шіркін-ай, сондай үлкен жүректі жандарды көре білетін, кино кейіпкерлеріне айналдыра білетін режиссер болса, қанеки.

…Аялдамадан «Жаным, ты не поверишь» дейтін  кезекті қазіргі заманғы қазақ комедиясының афишасын көріп, «қазақ киносының өмірлік маңызды тақырыптарға жуық арада бет бұрарына, әй, сенбеймін…» деп күбірлей сөйлеп, жылдам басып кете бардым…

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір