Шәмшінің шығар шыңы
17.02.2020
249
2

«Бунтарь»

«Бір ауылдан түлеп ұшқан жас­тар едік» дегендей, біздің курс­тастарымыз­дың қай-қайсысы да өз алдына жеке бір тұлға. Олардың арасында республика, облыс, аудан көлемінде есімдері мен істері жалпақ жұртқа кең танылған азаматтар аз емес. Сағатбек Медеубеков, Шәмші Паттеев, Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбай, Еркін Қыдыр, Асқар Ахметов, Жүсіпбек Қорғасбек, Баян Бекетова, Нұрлан Берғазиев, Гүлзира Молдажаппарова, Әлисұлтан Құланбаев, Қарашаш Тоқсанбай, Әлімжан Жарылқағанов, Батырбек Садықанов, Ғалым Омарханов, Бейбіт Құсанбек, Серғазы Мұхтарбек, Жұмағали Арғынбаев, Үмітхан Алтаева, Александр Тасболатов, Сүндетолла Әбілов, Сейдәлі Әбдіқадыров, Сейіт Омаров, Жаңабек Шағатай, Төлеш Асанов, Абдолла Дастанов, Дүйсен Молдақұлов, Рымтай Сағымбекова, Қасым Ағабеков, Айгүл Мақатаева, Ботагөз Жанпейісова, Әбен Жасыбаев, Бейсен Бұйрабаев, Бақыт Досымов, Бейсенғазы Ұлықбеков, Ләззат Молдашева, Таңсұлу Мейірманова, Мәриям Мыңбаева, Жанарбек Туғанбаев, Бекен Мұстафин сияқты азаматтармен студенттік шағымызды бірге өткіздік.

Шәмші бірінші курстың алғашқы семестрінде өзінің талапшылдығымен көзге түскен еді. Екі-үш ұстаздың сабақ беру тәсілі біздің көңілімізден шықпады. Наразылық хаты әзірленіп, ол ректордың атына жолданды. «Осылай да осылай, біз мына мұғалімдердің дәріс бергенін қаламаймыз» деген тұрғыдағы хатымызды оқыған декан Темірбек Қожаекеев ағай «кілең оқымыстылар» жиналған курсты жақсылап тұрып, бір сілкіп алған. Сол кездегі ректорымыз, академик Өмірбек Жолдасбеков ерекше тұлға еді. Еліміздегі ең жетекші оқу ордасының Алматының дәл төріндегі тұтас бір қалашыққа айналуына сіңірген еңбегі өте зор. Темірдей Темірбек Қожакеевке сол кезде өзінің дәлелді уәждерімен ашық қарсы шығып, сөз сөйлеген тек Шәмші Паттеев болатын. Кейін деканымыз оқу бітіргенше, Шәмшіні көрсе: «Пах, данышпаным», «әй, оқымысты» деп талай рет сын тезіне алып жүрді.

Осы бір албырт кезең туралы Бейбіт Сапаралы досымыз «ізденімпаз, жаңалыққа құмарту, өмірдің әр саласын шұқшия зерттеу, қоғамдық жаттанды пікірлерге төзе алмау, ұлтжандылық, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, өнер мен ғылымға басыбайлы ден қою, міне, осы айтылғанның барлығы да біздің қатарластарға тән мінез еді. Біздің буынның өзгеше мықты болуын студенттік шақтарда өз бетімізше ілім ізденіп, ақиқатты табуға ұмтылып, рухани тоқыраумен күресіп, ұлт тәуелсіздігіне құлаш ұрып, жаңаша жаңғыруға түбегейлі бет бұрумен тікелей байланыстырар едік», — деп жазды өз естелігінде.

«Оқымысты»

Мектеп бітірісімен оқуға қабылданған топ «молодойлар», еңбек етіп, әскерге барып келгеннен кейін оқуға түскендер «старшойлар» қатарына жатады. Көбіне кітапханаға барғыштаймыз. Жатақхана қасындағы ашық алаңда футбол ойнаймыз. Арасында тау жаққа серуендеп те қоямыз. Бір-біріміздің туған ауылымызға демалыс кезінде баруды дағды қылдық. Қызу тартысқа құрылған әдеби-шығармашылық кештердің қақ ортасында жүреміз. КазГУ-дегі қаптаған шаралардан қалмаймыз. Емтиханға дайындаламыз.

Шәмші кітапханаға көп бармайды. Конспект жазбайды. Емтиханға да жанын салып дайындалып жатқанын көрмейміз. Бірақ барлық емтиханнан еш сүрінбей өте шығады. Білмейтін нәрсесі жоқ. «Апыр-ау, бұл қай уақытта оқып үлгереді?», «Мұның бәрін қайдан біледі?» деп аң-таң боламыз. Бес жыл оқығанда Шәкең бір дәптерді ғана ұстап жүрді, барлық пәнге арналған осы бір «әмбебап дәптер» толық толтырылған да жоқ-ау, сірә!..

Қожакеевтің «әй, оқымысты» дейтіні рас, Шәмшінің білмейтін нәрсесі жоқ еді. Тарих десең тарихтан, саясат десең саясаттан таң атқанша төгілтіп айта беретін. Ешқашан қағазға, не басқа бір жазып алған дәптерге сүйеніп көрген емес. Бәрі – басында!

Қазіргі қазақ журналистикасында Қара­тау­дың басындағы қарғалдақтай Қарашаш Тоқсанбай деген дос-әріптесім бар. Аз жазады. Аз жазса да, саз жазады. Сол Қарашаш Шәкең туралы қалам сілтегенде еріксіз елтисіз. «Қазақта біз білетін екі Шәмші бар. Бірі – қасиетті Отырардың, ал екіншісі – киелі Түркістанның перзенті. Бұл екеуі бірге оқыған курстас достары үшін ежелден егіз ұғым болып кеткендей. Студент шағымызда композитор Шәмшінің әндерін тыңдап өссек, староста Шәмшінің білімі мен терең парасатын ғибрат тұтып есейдік. Бір Шәмші арқылы әнді сүйсек, екінші Шәмші арқылы пәнді сүйдік. Ән мен пәннің арасында өмірдің өрнектері жалғасып жатты. Ол ешқашан лекцияда конспект жазған адам емес. Көп оқитын. Сол студент кездің өзінде-ақ арамыздағы рухани азығы ең мол азамат еді. Саяси экономия мен философия пәндері бойынша оқытқан ұстаздармен өзінің терезесін тең ұстап тұрып сөйлейтін. Капитализм мен социалистік қоғамның артықшылықтары мен кемшіліктерін қаузай бастағанда, ойының түбіне жете алмай, өкпеміз қабынатын. Алаш арыстарының азаттық аңсаған арман-мүддесін кеңестік дәуірдің қылышынан қаны тамып тұрған сексенінші жылдар басында ол ашық айтып қалатын. Қазақтың осы бақытын Шәмші оқып жүрген жас шағында-ақ аңсап, өзін бір күннің мақсатымен күн кешпейтін, жер мен елдің жоғын жырлайтын азамат ретінде қалыптастырды. Алаштың азаттық жайындағы аңсарлы айдынын осы Шәмшілердің ойлары кейін кеңіте түскен шығар деген ой туады. Осынша мол білімді ол қайдан, қашан оқып үлгерген деген сұрақ көкейде қалған күйі университетті бітірген түлектер республиканың түкпір-түкпіріне тарыдай тарап кете барғанбыз» деген Қарашаш пікірінің астына бірден біз де қол қоюға әзірміз.

«Реставратор»

Біз журфакта оқып жүргенде түркістандық Гүлнар Шәмшиева ақындығымен танымал болды. Бір курс жоғары оқитын Мұратбек Дүйсембековтің тырнақалды туындылары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрды. Ол сатирик-ақын болатын. 1983 жылы КазГУ-дың журналистика факультетін бітірген соң, «Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан», «Түркістан» газеттері мен «Жаңа фильм» журналында, сондай-ақ облыстық телеарнаның меншікті тілшісі боп қызмет етті. Кейін Қожа Ахмет Йасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті редакциялық баспа бөлімінің меңгерушісі әрі университет президентінің референті қызметін атқарды. Өкінішке қарай, ғұмыр жолы қысқа болды…

Шәмші қолға диплом алғасын Түркістанға тартты. Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи мавзолейінің түбінде «Күлтөбе» деген қалашықтың орны жатыр. Шәмшінің бала кезінде күнде ойнап өскен жері. Кейін мавзолейде реставратор болып жұмыс істеді. Алғашқы еңбек жолы сонда басталды.

Арада біраз жыл өткен соң Шәмші Алматыға қоныс аударып, «Өнер» баспасында жұмыс істеді. Мұнда да өнер саласының шынайы реставраторы бола білді.

Қай жылдары Ғалым Доскен басқарып тұрғанда «Қазақстан» арнасында «Күлтөбе» деген хабар болды. Баяғы «Күлтөбенің басында күнде жиын» дейтін сөздің көгілдір экрандағы сәулесі. Сол хабарға Шәмші де қатысып тұрды. Ойлы сөз айтатын.

«Кәсіпкер»

Қазақтың көбісі не істерін білмей жүрген тоқсаныншы жылдардың басында Шәкең коммерциямен айналысты. Оның ұйымдастыруымен шығармашыл жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылған «Алдаспан» қоры қаншама адамға қамқорлық жасады. Әсіресе, әдебиет әлеміне енді ғана қанат қаққан жас ақын-жазушыларға үлкен көмек көрсетті. Күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары көзден бұл-бұл ұшқан қиын кездерге қарамастан, баспанасыз жүрген азаматтардың үйлі-күйлі болуына қол ұшын берді.

Шәкең журналистикаға оралмай, сол бағытымен кете бергенде, бұл күндері «Форбстың» тізіміне кіретін шіріген бай адам болуы да мүмкін еді.

Өмір жолы, тағдыр деген бар. Сол кәсіп­керлікпен айналысып, күреп ақша тауып жүрген кезеңде де Шәкең руханият қоржы­нын толтыруды қаперінен шығарған жоқ.

Жаңабек Шағатай екеуі бір дорба ақша жоғалтты…Қазір сол бір дорба ақша жоғалған жерде Алматыға танымал құрылыс базары тұр…

«Лауреат»

Осыдан бір-екі жыл бұрын Ақордада, сол уақыттағы Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова 28 маусым — Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай Елбасының өкімімен Президент сыйлығымен марапатталғандарға аталған сыйлықтарын табыс етті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің ең алғашқы кезеңінен бастап отандық бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуы мен дамуына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мемлекет деңгейіндегі жүйелі шаралардың нәтижесінде, тәуелсіз еліміздің мүддесі мен баянды болашағына қызмет ететін ұлттық баспасөзіміз қалыптасты. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан журналистикасы қоғамдағы татулық пен бірліктің ұйытқысы, биік парасат пен адамгершілік құндылықтарды халыққа жеткізуші қуатты құралға айналды. БАҚ мемлекетіміздің іргесі берік, келешегі кемел болуына, ең бастысы, ел дамуының маңызды құжаттарының бірі «Қазақстан – 2050» стратегиясының лайықты іске асырылуына атсалысып келеді. Отандық журналистика саласы заманға сай ақпараттық технологияны, интернет әлемін игеру арқылы жаңа белеске көтерілді. Осылайша, өзінің бәсекеге қабілеттігін арттырып, мемлекетімізді әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына қосу мақсатын орындауға сүбелі үлесін қосуда. Бұл істе кәсіби деңгейінің биіктігі мен терең білімімен және мол тәжірибесімен ерекшеленген сіздердің қызметтеріңіздің маңызы зор. Мемлекетіміз отандық ақпарат құралдары саласын дамыту жолындағы осы еңбектеріңізді жоғары бағалайды» деген Мемхатшы «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшиддин Паттеев пен «Казахстанская правда» республикалық газеті саясат бөлімінің редакторы Владимир Курятовқа лауреаттық белгі тапсырды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов мырза «Жұрт сүйіп оқитын «Түр­кістан» халықаралық саяси апталығы Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың басшылық етуімен сол жылы жарық көрді емес пе? Міне, содан менің бір көкейге түйген нәрсем – Шәмші редакторлық еткен кезде басылым өзінің баяғы Қалағаң басқарып тұрған кездегі бедел-биігінен төмендеп кеткен жоқ. Қайта керісінше, тәуелсіз елдің дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген батыл да байыпты мақалалар басып, апталық елдік, мемлекеттік мәселелерді тереңнен қау­зап жазатын нағыз шығармашылық ұжымға айналды» деген пікір білдірген болатын.

Бұл күнде Шәмші Паттеев «Қазақ газет­тері» ЖШС-ның директоры. Білімді. Білгір. Білікті.

«Айтқыш»

Біздің Шәмші – қазақы қалжыңның қайталанбас ірі тұлғасы Қалағаң – Қалтай Мұхамеджановтың мектебінен өткен азамат. Ұстаз ұлағаты Шәкеңнің айтқыштық қасиетінен де байқалады.

Газет-журнал – қоғамға керек. Адамға керек. Қалай десек те, бізде кітап, газет оқу мәдениеті қалыптасты. Шерхан Мұртаза басқарып тұрған кезде «Жұлдыз» журналы 300 мыңмен таралды. Шалғайда, иен даладағы кең жайлауда жатқан кез келген қойшының қонышында жүрді сол журнал. Осыдан қазақ жаман болды ма? Кез келген малшы әуелі қазақ әдебиетінен, сосын совет әдебиетінен, сосын әлем әдебиетінен хабардар болды. Рухани азықтан ат үстінде жүрсе де ажыраған жоқ. Оқыған халықтың санасы сергек болады. Қазір қалай? «Кітапты компьютерден де оқуға болады» дейді кейбіреулер. Оқуға болады. Бірақ жанарың талады. Ай сайын интернетке белгілі мөлшерде қаржы төлеуге тура келеді.

Талай рет пікірталас болды осыған қатысты. Ақпараттық технология жағынан әлемнің алдына түсіп кеткен Жапония мен Оңтүстік Корея неге өз газеттерін жауып тастамайды?

Менің Шәмші досым айтады: «Алдымен солар жапсын, сосын барып, біз жабайық», – деп.

Бірнеше жыл бұрын Шәкең аздап сырқат­танып қалған-ды. Хал сұраған достардың бірі «Сіз арам ас ішпедіңіз, тура жолдан тайма­дыңыз, ал денсаулық қалыпты болу үшін ара-тұра ұрттап тұрған артық болмайды» депті. Сонда Шәмші жұлып алғандай: — Мұны кім айтты? – депті. «Бір доктор айтты» деген жауапты естіген Шәкең:

Онда сіз басқа докторға қаралыңыз! – депті…

Жинастырса, «Шәкең айтты» деген осындай сөз де бір кітап болып қалатын шығар…

Аз айтайық, көп айтайық, Шәмші Паттеев – дара тұлға. Алған асуы аз емес. Алдағы Шәмшінің шығар шыңы – биік.

Нұртөре Жүсіп

ПІКІРЛЕР2
Аноним 21.02.2020 | 12:58

Жорналыстар әдебиеттің құлағын шулатуды қоймайды.

Аноним 21.02.2020 | 12:59

Мақалаңды қатырып алсаңшы әдебиетте нең бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір