ИМПЕРИЯНЫҢ ШЫРАҒЫН СӨНДІРУ
13.02.2020
978
0

Қараңғымен салыстырғанда жарыққа көзіміз әбден үйренген, үйренгені соншалық, жарыққа айналып келсе, тіпті, қараңғының өзін «жарық» деп қабылдауға бармыз.

1932 жылы «ұлтшыл» деп атып-шапқанда, 1937 жылы «халық жауы» деп қырғанда, 50-жылдары жерімізде ядролық жарылысты ашық аспан астында жасай бастағанда, 1986 жылы алаңға шыққан жастарды «жаппай тәртіпсіздік жасады» деп қудалағанда, біз нұрлы болашақ – коммунизмге беттеп бара жатқан, жарқын қоғамның өкілі екенімізге шын сенген болатынбыз. Шын сенбесек, Тәуелсіздік келгенде өткен күннің қараңғы болмыс-бітімін танып жеткен болар едік. Бірақ тани алған жоқпыз… Тани алмайтынымыз: ес жинасақ та, төбемізден сәулесін төккен империя шырағының түсін әлі де анық ажырата алмай жатырмыз.

Неміс жазушысы Гюнтер Грасстың (1999 жылғы Нобель сыйлығыньң лауреаты) «Поэзия» деген өлеңі бар. Сонда «Жарықты анық көремін десең, шырақты сөндіріп көр» деген жолдар кездеседі. Басынан небір сұрқылтай заманды өткізіп, дүниежүзілік бірінші, екінші соғыстарға мұрындық болған, кезінде Гитлердің саясатын қолдап, оңбай адасқан ұлтгың зиялысы болғандықтан шығар, Г.Грасс өзгелерге қарағанда мәселенің екінші жағына көбірек назар аударған.

Мәселенің екінші жағына үңілуге бейім мұндай сана орын алмаған жерде көзсіз бірбеткейлік өмір сүреді. Қоғам әділетсіз, мейірімсіз, жалғандықпен тыныстайды. Мұндайда империя шырағын кейде тарих ағынындағы уақыттың өзі өшірсе, кейде оны қаламгерлер өшірген. Кешегі кеңес империясының шырағы 1986 жылы 16-желтоқсанда бір өшті. Өрімдей жастар алаңға шығып, дүниенің жартысына тегеурінін салып тұрған Кеңестер Одағына талап қойған тұста уақыт ештеңеге қарап жатпайтын мінезімен тиекті басқан болатын. Уақыттың бір қасиеті өзін түсіндіріп жатпайды; Оны түсіндіруге қашанда біз ділгерміз. Әне, сондай сәтте ортадан жазушылар суырыльш шығып санадағы империя шырағын сөндірген.

Кеңес Одағына қатысты әдебиеттердің ішінде империя шырағын сөндірген екі топтағы шығарма бар. Оның алдыңғысына А.Солженицынның 1958 жылы жарық көрген «Иван Денисовичтің бір күні» повесі кірсе, соңғысына біз бүгін сөз еткелі отырған жазушы Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» («Қаламгер» баспасы, 2001ж.) романы қатарлы шығармалар кіреді. Бір тақырыпқа жазылған екі шығарманы бұлайша бөліп-жаратынымыз, алдыңғы шығарма империя өмір сүріп тұрғанда жарық көрді. Оның қайталанбас артықшылығы да, әдебиет тарихы тұрғысынан айтқанда өзіндік шектеулігі де, міне, осы ерекшелігінде. Бұған салыстырғанда соңғы шығармалардың бөгенайы өзгешерек. Олар империя құлағаннан кейін өмірге келді, бірақ империяның құлауына ықпал еткен жоғарыдағы шығармаларға қарағанда, одан да күрделі міндет арқалауға тиіс болды. Әділетсіздіктен, қаскөйліктен, жалғандықтан тұратын қоғамның құрдымға кететіні «Иван Денисовичтің бір күні» жарық көрген күндерден-ақ анық бола бастаған. Империяның құлауы тек уакыттың ғана құзырыңда тұрған еді. Солай да, ол қоғамның өз кезегінде өмір сүру құқығына ие болуының өзі көп дүниені білдіреді. 1993 жылы Чехия президенті Вацлав Гавел АКШ-қа сапарлай барып, университеттердің біріңде «Коммунизмнің соңғы сүркейлі елесі» деген тақырыпта сөз сөйледі. Осыған орай АҚШ-тағы рыс ақыны И.Бродский Чехия президентіне жазған ашық хатында: «Коммунизм — адамзатқа айықпас қасірет әкелуге орайластырылған қаскөйлікітің жалпы көрінісі. Бірақ біз соны ұмытпауға тиіспіз: бізге коммунизмді өзге біреу зорлап таңған жоқ, қайта оны өзіміз қабыл алып, төбемізге көтердік. Соңдықтан мұндай зобалаңнан түбірінен арыламыз десек, құрғақ саяси ұрандар көтеруден гөрі, әуелі қараниетілікке орын берген санамызды тазартып алуымыз керек» деп жазды. Ақынның аузынан осы сөздер шыққан кезеңде Кеңес империясы ыдырап, оның орнына жаңа қоғам орнап жатқан болатын. Империя шырағын сөндірген екінші топтағы шығармалар да, міне, осы тұста өмірге жол тартты. Бұл туындылардың ерекшелігі алдыңғылары сияқты көрнеудегі сұмдықтармен емес, кайта көмескідегі — адам санасындағы дертпен күресуге тиіс болды. Содан да, бұл шығармалар алдыңғыларына қарағанда әлдеқайда күрделі болып келді. Біз бұны «Иван Денисовичтің бір күні» мен «Қараөзек» романын салыстырып көрсек, бірден байқаймыз. Алдыңғы шығармада Иван Денисовичтің басынан өткен бір күңдік жағдай баяндалады. Онда жазушы өзі жазбақ ортаны жеріне жете көрсетуді мақсат тұтқан. Кейіпкердің бар болмысын ашу арқылы империяның болмысын ашқан. Жаза-концлагері, ондағы саяси тұтқынның бір күндік өмірінің микроскоп астындағы жәндіктің тіршілігіндей жіті бақылануы империяның алдамшы шұғыласын сөндіріп тындырған. Бұнымен салыстырғанда «Қараөзек» романы артқы көрінісі жағынан әлдеқайда күрделі. Бүл империя күйреген, бірақ қараниеттілік елесі сейілген вакуумның орнына басқаша формада, жаңаша өмір сүре бастаған тұсқа тура келеді.

Роман үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде, бас кейіпкер Хақназардың «Желтоқсан көтерілісіне» қатысуы себепті сотталған алты жылдық өмірі баяндалады. Екінші бөлімде, бостандыкқа шыққан бас кейіпкердің Алматыға оралып, үзіліп қалған студенттік өмірін қайта бастаған шағы сөз етіледі. Үшінші бөлімде 90-жылдардың басында елде ұйтқып өткен әлеуметтік, экономикалық өзгерістер дауылының тасқыны, замана дауылымен қақпақылға түскен адам өмірі бас кейіпкер Хақназардың тіршілігі арқылы баян етілген. Уақиға қуып өтсек, роман, міне, осы жағдайлардан тұрады. Бірақ мәселе бұлай қарапайым емес. Романда жазушы өзгеше жазу мәнерін қолданған. Ол бойынша артық кетуге де, кем қалуға да орын жоқ. Есесіне ішке түйген белгілі бір ойды ғана өз қалпында шығаруға толық мүмкіндік бар. Романның үш бөлімін айнымастай тұтастырып тұрған да жазушының екшеп алған осы бір сөз алысы. Ол бойынша Хақназар — «Желтоқсан көтерілісіне» қатынасқан жігіт, алайда, көтеріліске «қатысамын» деп емес, қайта, көтеріліс болып жатқан алаңға жолай соғып кетіп қатысып, соңынан «қылмыскер» атанып сотталып кете барған азамат. Барлық саяси себеппен қуғындалған адамдар сияқты, әсіресе империяның жазалау саясатының құрығына ілігіп кеткен миллиондаған қарапайым адамдар сияқты Хақназар да үрейленеді, торығады, жапа шегеді, бірақ соған бола өзін жоғалтпайды. Өзінің адамға тән қарапайым қасиетімен — ертеңнен күдер үзбейтін, жақсылық қана күтетін үміткерлігімен өмір сүреді. Романның алғашқы бөлімі біздің алдымызға мынадай екі ұғымды көлденең тартады. Әуелі Хақназар көтерілістің батыры емес, одан қалса, Хақназардың батыр болу ойы да жоқ. Ендеше Хакназар қандай адам? Бұл сұрақ сенің алдыңнан романның бірінші бөлімі аяқталғанда да, екінші, үшінші бөлім аяқталғанда да кездесіп отырады. Бұл сұраққа жауапты шығарманы толық оқып болғанда ғана табасың. Жазушының Хақназары — Кеңес империясы құлардың алды-артыңдағы, жазушы сөзімен айтқанда, «қараөзек шақта» өмір сүрген қазақтың образы. Бұл образға тарихи шындық жасырынған. Онда қай біреулердің сол тұстағы қазақтардың бойынан көргісі келетін биік мұрат та, жалынды саяси сана да жоқ, тек тіршілік үшін ең төменгі қажеттілік — тырбанып өмір сүру бар…

«Қараөзек» романы басынан аяғына дейін өткір мысқыл, әжуамен суарылған. Десе де, ол мысқыл бірден көзге түсе кетпейді. Өйткені әлгі жазу мәнері жазушының ішкі бұлқынысын дым шығармастай етіп бүркеп ұстаған. Шығармадағы бас кейіпкердің есімі — Хақназар. Бұл есім қазақ тарихында ел үшін он екі ұлымен бірге қан майданда қаза тапқан ұлы хан — Хақназар ханмен байланысты. Десе де, біздің заманымыздың Хақназары (мейлі ол Желтоқсан көтерілісіне қатысқан, тарихи орайдың иесі болса да) Ұлы Хақназардың бойынан көзге түсетін, «елім-жерім» деп еңіреп тұрған асқақ қасиетті қайталамайды. Бұл арада рухани кемелділік пен кенде қалушылықтың парқын көрсететін үлкен айырма тұр. Осы бір нәзік айырма ұлттың тарихи кезендегі болмыс-бітімін айқындайды. Т.Элиоттың «ең қатты айқай естіле бермейді» деген сөзі бар. Бұл жерде біз жазушының соған ұқсаған жан айқайын естігендейміз. Ең аяулы жылдарын темір тордың ар жағында өткізген Хақназардың алдынан басқа емес, бір кезде өзін көзін бақырайтып тұрып сатып кеткен курстас-досы шығып жаңа қоғамдағы жақын серіктесіне айналады. Романның осы тұсы тағдыры тайқы болғанымен, белгілі жақтан айтқанда, Хақназардың өмірінде еш өзгеріс болған жоқ деп тұр. Заман қанша жерден жаңарса да, өмірдегі үстемдік орнын өзгертпеген адамдар айналып келіп Хақназар сияқтыларға баяғысындай қожайын болып қала берген. Роман соңында кешегі өткен іс енді бір қырынан қайталанады, баяғы адамдардың қабынған қара ниеті бұл жолы бас кейіпкерді мезгілсіз қазаға ұшыратып барып тынады…

Империя құлағанымен, империяны сүйеп тұрған қолдар жоғалған жоқ. Олар бәз-баяғысындай өмір сүріп жатыр. Себебі, олар біздің санамызда тұр дегісі келетіндей жазушы.

«Қараөзекті» Желтоқсан көтерілісі туралы жазылған роман деп қарамас едім. Айтпақшы, жоғарыдағы Г.Грасстың да «Желтоқсан көтерілісімен» қатысы бар. Кезінде Еуропаның біраз саясаткерлері мен зиялы қауымы Қайрат Рысқұлбековті өлім жазасына кеспеңіз деп Горбачевқа хат жазғаны белгілі. Жаңылмасам, сол хатқа қол қойған 45 адамның ішінде неміс жазушысы, осы Г.Грасстың да есімі бар. Маған, содан ба, Гюнтер Грасс пен Нұржан Қуантайұлының арасында «Желтоқсан көтерілісіне» қатысты сырлы бір байланыс бардай сезіле берді. Мен оны «империя шырағын сөндіріп көруге деген құштарлық» деп түсіндірер едім.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында қазақ прозасындағы реализм жаңа бағытпен толыға бастады. Нұржан Қуантайұлы — осы буынның өкілі. Қазақ прозасының салиқалы дәстүріне мұрагерлік еткен, әу бастан-ақ өз бағытын бірден анықтап алған жазушы ол.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЬІ,

сыншы

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір