ЖАБЫРҚАУ ЖАНДАРДЫҢ ЖОҚТАУШЫСЫ
13.02.2020
787
0

Өткен жылдан бастау алған «Талғам-таразы» айдары бүгінде көпшілік оқырманның жылы лебізіне ие болып үлгерді. Қаламгерлеріміз өзінің сүйікті жазушысы жөнінде зор қызығушылықпен ой қозғап келеді. Бірінің жалықпай оқитыны – қазақ ақын-жазушысы болса, енді бірінің таңдауы шетел әдебиетінің алыптарына түсіп жатады. Әркім өз талғам-таразысына салып безбендейді. Әйтсе де, қас таланттың қашанда орны бөлек, шоқтығы биік. Олай деуге себеп: айдар ашылғалы төрт-бес «оқырман» қазақ әдебиетінің Кербұғысы – Оралхан Бөкей жөнінде тебіреніпті. Иә, Оралхан шығармаларын бір оқыған адамның енді қайтып «ұйқысы келмейді», «қайдасың, қасқа құлыным…» деп елең қағып, «мынау аппақ дүниеден» сыр бағады да жүреді…

Нұрдәулет АҚЫШ

Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы

Менің ұнатып оқитын жазушыларым­ның бірі Оралхан Бөкей еді десем, базбір жандарға күлкілі көрінуі де ғажап емес. Өйткені оның шығармашылығын өз деңгейінде қабылдай алмайтындар арамызда әлі де ұшырасады. Осынау дарын иесінің есімін заманында әрқайсымыз өзімізше қабылдап, өзімізше аялағымыз келетін.

Оралхан Бөкеев есімін өткен ғасыр­дың алпысыншы жылдары алғаш рет баршамызға жар салып таныс­тыр­ған – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті. Қазіргідей емес, газет-журналдың түрлері аз, теледидарға тел­міріп отырудың мүмкіндігі шектеулі сол замандарда зарығып тосатынымыз мерзімді баспасөз еді. Сол мерзімді бас­пасөздің беделдісі «Лениншіл жас» газетінің бетінен, алдында айтқанымдай, Оралхан Бөкеев есімін алғаш рет кездестірдім.

Жазған дүниесін оқи бастағаннан-ақ, өзгеше сөз саптасымен тартып ала жөнелгені әлі есімде.

Қазақы қара сөздің қадірін құлынның жонындай құлпыртқан құнарлы тіл, өз машығымен айтқанда, мынау аппақ дүниеге деген шексіз іңкәрлік, балаққа жармасып, ілгері бастырмайтын жада­ғай күйкі тіршіліктің күрмеуіне алданбай, айналаға қолға түспес әлдебір ас­қақ­тықпен қарауға мәжбүр ететін ла­пыл­даған романтика, кейіпкердің ішкі әлемінен, тіпті өзегінің өзінен суырылып шығып жататын нәзік сезімдер құйылысы, осының барлығы бірігіп келіп, жалғыз қаламның кестелі іздеріне айналып жататын. Ал қалам иесі – өз дәуіріндегі сөз өнеріне өзіндік өрнек салып, алымы жеткенше әспеттеуге тырысқан сол Орекең еді.

Жекелеген шығармалары ғылыми айналысқа түсіп, зерттеу нысанына айналғанымен, жазушының қазақ әде­бие­тіндегі алатын орны бүгінгі таңда да әлі толық айқындала қойған жоқ.

«Ал адамдар күліп бастап өмірін, кетерінде жылай да алмай қалады» дейді ғажайып лирик ақынымыз Тұманбай Молдағалиев. Оралхан Бөкей болса, сол күліп басталған өмірдің есейген шақтарда да жылаумен өтетін кездері болатынын жырлады. Арманына жетіп барып, өмірден өтетін адам некен-саяқ. Прозашы Оралхан арманына же­те алмай жүрген сол бір жабырқау жан­дар­дың жоқтаушысы, тіпті оптимист пенделердің де бойында ұшырасып жататын күйзелісті сәттерінің, жекелеген жанның жан әлемінің жыршысы болды. Ол осы ойларын қазақтың қара сөзінің көркемдік кеңістігінде иін қандыра, илеуін келістіре отырып, қарымы сынбастан, қаламы талмастан, жеткізе білді.

Ендеше ең алдымен адам жан әле­мін кестелі сөздермен, келісімді де үйлесімді құйылыстармен оқырманына тебіренте ой салған, сөз толқынымен тербете білген Оралхан Бөкейдің есімі әдебиеттанушы қауымның аузынан сирек айтылуын, кейінгі ұрпақтың көңіл көкжиегінен көріне бермеуін әдебиетіміздің тарихындағы қалыпты норма деуге болмайды.

Талантына тәнті болған қалың оқыр­ман­ның бірі ретінде менің де жастайымнан өз Оралхан Бөкеевім қалыптасты. Тіпті оның шығармаларының басым бөлігін әлі күнге сүйсініп, тамсанып оқи­мын. Тебіреніске толы беттеріне аялай көз жүгіртіп, шама-шарқымның келгенінше ішкі әлеміне ене түскім, жазушы позициясын жете түсініп баққым келеді. Бәлкім, тіпті толық түсіне де ал­май жүрген шығармын.

Солардың ішінен әсіресе «Іңкәр», «Қам­шыгер», «Ұйқым келмейді», «Жұл­дыз жауған түндер-ай», «Ардақ», «Бура», «Қар қызы», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Ән салады шағылдар», «Мұзтау», «Жылымық», «Ел мен жер», «Сарыарқаның жаңбыры», «Түйелер маңып барады», «Мынау аппақ дүние» сияқты әңгіме, повесть, эсселерін қайта­лап оқудан жалықпаймын. Сыншылар аузынан жиі айтылатын «Қасқыр ұлыған түн», «Өз отыңды өшірме», «Ауыл хикаялары» атты әңгімелер шоғыры, «Жасын», «Шайтанкөпір», «Кербұғылардың» да көркемдік деңгейі осал емес, құнарлы тілмен жазылған, айтар ойлары астарлы шығармалар.

Қазақ әдебиетінің көкжиегінде жарқ етіп пайда бола кеткен Оралхан жұлдызы енді ғана қалам ұстауға талпыныс жасап жүргендердің біразына эстетикалық шапағатын шашып, әсер етіп, өзіндік мектепке айналды. Сол бір еліктеу дәуіріндегі жас қаламгерлердің бірқыдыруы Оралхан Бөкеевтің оқшау стиліне, қаламының қарқынына еліктеді. Өзім білетіндердің ішінде Ермек Әзімбаев, Әлібек Асқаров, Әуез Бейсебаев, Нұржан Мұраталиев және т.б. сол кездегі қатарлас жастар көркем проза табалдырығын «Оралхан Бөкеев синдромымен» ауырып аттағандар еді.

Драматизмге қаныққан пьесалары жөнінде айтатын әңгіме бір бөлек. Бірақ менің өз басыма басымырақ әсер ететіндері – алдыңғы айтылғандары. Не­ге олай десеңіз, оларда жалаң идея айтатын жабайы реализмнен гөрі сезім құбылыстары тереңірек бейнелен­ген­дік­тен, тілінің көркемдігі айқынырақ айшықталғаннан болар… Солай да шығар-ау.

Біз сияқты артынан ерген біраз жа­зу­шыға әсер еткенімен, жоғарыда айтқанымдай, өз кезінде оның шы­ғар­­машылығын қабылдай алмайтын қаламгерлер де болды. Ондай топта­ғылардың айтатын уәжі – «Шығар­малары жылауық. Кейіпкері бұрышты айнала беріп жылап жатады». Немесе «Публицистика сияқты бірдеңе…».

Бірақ сол жылауық туындылардың логикалық, әлеуметтік әрі психоло­гиялық дәлелдерінің мығым болып келе­тіндігіне, рухани әлеміміздің өзінен саяси айқындылық талап етілетін Кеңес өкіметі тұсында да адамның жылауға құқығы бар екендігіне, ең бастысы, туындысының көркемдік деңгейі жоғары екендігіне ондай қаламгерлер назар аудара бермейді. «Осындай Совет адамы» деген девизді сүйекке сіңіріп өскен саналы қауымның өзі кейіпкер бойындағы сезімталдылықты, босаңдықты, пендеші­лік әлсіздікті қабылдай алмайтын болса керек. Әлде талантты күндеу ме, кім білсін?

Бүгінгі жастар арасында да қазақ әдебиетінде өзіндік өрнек қалдырып кеткен осынау оқшау тұлғаның шығар­ма­шылық әлемін пір тұтып, лапылдаған романтикасынан үлгі алушылар да ұшырасады. Шығармалары қазақтың құнарлы тілімен бәдізделген, олардың мазмұны адам баласын, туған жұртын жан жүрегімен сүюге жетелеген О.Бөкейдің көркемдік тәлімін жас ұрпақтың бойына сіңіре жүрсек, артық болмас еді-ау!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір